Accessibility links

Екі алтын, екі күміс, екі қола. Қырғыз балуандарының феномені


Айсұлу Тыныбекова күрес түрлерінен екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Айсұлу Тыныбекова күрес түрлерінен екі дүркін әлем чемпионы атанды.

Қырғызстан балуандары Норвегияның Осло қаласында өткен әлем чемпионатында екі алтын, екі күміс, екі қола медаль алып, тарихи нәтиже көрсетті. Әсіресе әйелдер күресінен әлем чемпионатына қатысқан үш балуанның екеуі алтын, біреуі қола медаль иеленді. Қырғыз күресінің мұндай жетістікке жетуіне не себеп болды?

"ҚЫРҒЫЗСТАНДА КҮРЕС МЕКТЕБІ ҚАЛЫПТАСТЫ ДЕУГЕ БОЛАДЫ"

28 жастағы Айсұлу Тыныбекова – тәуелсіз Қырғызстан тарихында олимпиадалық спорт түрлерінен екі дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы. Ол 62 келіде 2019 жылы Нұр-Сұлтандағы әлем біріншілігінде және жақында аяқталған Ослодағы әлем чемпионатында алтын медаль алды.

Бұдан бөлек, Мейірім Жұманазарова 68 келіде Ослода әлем чемпионы атанды. Ал Айпері Медетқызы (76 кг) қола медаль иеленді.

Еркін күрестен Ерназар Ақматаев (70 кг) күміс, Алибек Осмонов (65 кг) қола, грек-рим күресінен Жоламан Шаршенбеков (60 кг) күміс жүлдегер атанды.

Бұған дейін әйелдер арасындағы ірі халықаралық турнирлер мен олимпиада ойындарына Қырғызстаннан тек Айсұлу Тыныбекова қатысып жүретін. Кейінгі кезде әлемдік жарыстарға қатысып жүрген қырғыз қыздары көбейді.

Қырғызстан олимпиадашылар қауымдастығының президенті Шаршен Касенов "бұл – қырғыз балуан қыздарының жетістігінің басы ғана" деп санайды.

- Айсұлу басқа қыздарға жол көрсетті. Басқа қыздар оның артынан еріп келеді. Бірақ бұл олардың ең жоғарғы жетістігі емес. Қыздарымыз Париж олимпиадасында өздерін көрсетеді. Жапония Ослодағы әлем чемпионатына 17-18 жастағы қыздарын жіберді. Бізде де жас балуан қыздар бар. Қырғызстанда әйелдер күресінің мектебі қалыптасты деп айтуға болады. Жақсы мамандар шықты, бапкерлер тәжірибе жинады, - дейді ол.

Ослодағы әлем чемпионатының медалін алған Айсұлу Тыныбекова, Айпері Медетқызы, Мейірім Жұманазарова (солдан оңға қарай).
Ослодағы әлем чемпионатының медалін алған Айсұлу Тыныбекова, Айпері Медетқызы, Мейірім Жұманазарова (солдан оңға қарай).

Биыл тамызда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қырғызстандық Калмира Білімбекқызы күміс, Сезім Жұманазарова (Мейірі Жұманазарованың сіңілісі) қола медаль иеленді.

Айсұлу Тыныбекова бүкіл Қырғызстанды әйелдер күресімен таныстырды. Ал Қырғызстан әйелдер құрамасы негізгі жетістіктеріне 2000 жылдары жете бастады. Мәселен, Яна Панова 1999-2009 жылдары Азия чемпионатында төрт күміс пен бес қола медаль иеленді. Бірақ ол кезде Қырғызстанда күреске қолдау аз еді. Кейбір балуан басқа елге кетуге мәжбүр болды. Мәселен, Қырғызстанның Талас аймағында туған Жұлдыз Эшимова Қазақстан құрамасына ауысып, 2007 жылы Азия чемпионы болды. Әлем чемпионатында күміс (2008, Токио) пен қола (2011, Стамбул) медаль иеленді. Ол sports.kz сайтына берген сұхбатында Қырғызстан спортында қаржылай қолдау жоқтығынан Қазақстанға ауысқанын айтқан.

Қырғызстан күресінің жұлдызы Айсұлу Тыныбекова биыл Токио олимпиадасында күміс медаль иеленіп, бұл жүлдесіне ол қатты өкінген еді. Қырғыз жұрты да одан алтын медаль күткен.

Айсұлудың жүлдесі мен көз жасы. Қырғыз балуаны олимпиадада күміс алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:51 0:00

Егер Токиода Тыныбекова алтын алғанда Қырғызстаннан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы болар еді. Балуан 2024 жылы Токио олимпиадасына қатыспақ.

"ЖАТТЫҒУ МЕТОДИКАМЫЗ МЫҚТЫ"

2011-2016 жылдары күрес федерациясын басқарған Асеин Торогелдиев кезінде ел-жұрт әйел балуандарды түсінбегенін айтады.

- 2010 жылға дейін күрескісі келетін қыздар жоқ болды. Кейін олар басқа спорттан келе бастады. Басында бізге "еркектердің күресінде жүре бермейсіңдер ме" деп сынағандар да болды. Мұндай қате көзқарасқа қарамай жұмыс істей бердік. Біз оларға ерте ме, кеш пе қыздардан чемпион шығарын айтқанбыз. Бірақ уақыт өте келе әйелдерден олимпиада және әлем чемпионатында бәйге аларына ешкім сенбеген. Бізде ғана үміт бар еді, - дейді ол.

Дүниежүзілік күрес ұйымының төрешісі, Қырғыз мемлекеттік спорт академияының ректоры Саитдин Азизбаев балуан қыздардың жетістігіне бапкерлердің еңбегі зор деп біледі.

- Қазір қырғыз қыздары әйелдер күресінен мықты Ресей, Украина, Жапония сынды құрамалардың өкілдерін 10:0 есебімен жеңе алады. Демек, қазір жаттықтыру әдісіміз дүниенің алдыңғы қатарлы методикасына кіреді. Қарсыластарымыз қазір Қырғызстан әдісіне қызыға қарайды, - дейді Азизбаев.

ҚЫРҒЫЗСТАН КҮРЕСКЕ КӨП КӨҢІЛ БӨЛЕДІ

Қырғызстанда басқа спорттарға қарағанда күреске көп қаржы бөлінеді. Қырғызстанның олимпиадада жеті медалінің алтауы осы күрестен алынды. Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт агенттігінің мәліметінше, 2019 жылы әйелдер күресіне 10,8 млн сом (127 мың доллар), 2020 жылы 7,1 млн сом (83 мың доллар), биыл 12,2 млн сом (144 мың доллар) бөлінген.

Грек-рим күресіне 2019 жылы 16,7 млн сом (196 мың доллар), 2020 жылы 11,6 млн сом (136 мың доллар), биыл 18,6 млн сом (219 мың доллар) жұмсалған.

Ал еркін күреске 2019 жылы 13,4 млн сом (158 мың доллар), былтыр 7,5 млн сом (86 мың доллар), биыл 15,9 млн сом (188 мың доллар) берілген.

Спорт комментаторы Кубан Атабеков Қырғызстанға командалық спорт түрлерін де дамыту керек деп санайды.

- Қырғызстан балуандары өздерін әлемге көрсете білді. Күреске қаржы бөлген соң нәтиже көрсете бастадық. Әсіресе, қыздар нәтижеге жете бастады. Бірақ Қырғызстан "күрес державасына айналды" деуге ерте. Себебі Ослодағы әлем чемпионаты Токио олимпиадасынан кейін өтті. Әдетте олимпиадада соң өтетін ірі жарыстарға кейбір мықты спортшылар келмейді. Кейбір елде буын алмасу процесі жүріп жатады не кейбір спортшылардың дайындығы болмайды. Күресті ғана емес командалық спорттарды да дамытатын кез келді. Басқа спорт түрлерін ұмыта бастадық, - дейді спорт комментаторы.

1994 жылдан бері Қырғызстан күрес түрлерінен әлем чемпионатында 14 медаль - үш алтын, үш күміс, сегіз қола медаль алған.

Қазақстан құрамасы Ослодағы әлем чемпионатында бір күміс, бір қола медаль иеленді. Жергілікті сарапшылар бұл нәтижені нашар деп бағалайды. Қазақстандық балуандар күрес түрлерінен әлем біріншілігінде алтын алмағалы 22 жыл болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG