Accessibility links

"Бапкер қол көтереді". Спортшының суициді ауыр атлетикадағы тағы бір шуға түрткі болды


Ауыр атлет Альберт Линдер (1996-2021).
Ауыр атлет Альберт Линдер (1996-2021).

Ауыр атлет Альберт Линдер өзіне қол жұмсап көз жұмған соң марқұмның бауыры мен командаластары бұл өлімге бапкерді айыптады. Олар "жаттықтырушылар психологиялық қысым жасайтынын, бопсалайтынын" айтады. Қазақстан ауыр атлетика федерациясы спортшылардың шағымынан соң командада тексеріс бастағанын хабарласа, полиция Альберт Линдердің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғады. Ауыр атлетика айналасындағы даудың анық-қанығы.

"АЛЬБЕРТТІҢ ҚОЛЫ СЫНҒАНДА ДӘРІГЕРГЕ ЕМЕС ШІРКЕУ МЕН МЕШІТКЕ АПАРДЫ"

Допинг дауына ілігіп әбден титықтаған Қазақстан ауыр атлетика құрамасында тағы да шу шықты. Осыдан он шақты күн бұрын ауыр атлетикадан 2017 жылғы Азия чемпионы және жазғы универсиада жеңімпазы Альберт Линдер небәрі 25 жасында өзіне қол жұмсап, қайтыс болды. Оның қазасы қоғамда үлкен талқы туғызды. Альберттің бауыры Семен Линдер (өзі де ауыр атлетикамен айналысқан) наразылық ретінде ағасының және өзінің жарыстарда жеңген медальдарын көміп тастады. Ол Альберттің өліміне оның жеке бапкері Сергей Седовты ашық айыптады.

"Жылдар бойы жаттығу жиындарында жүргенде Альберт күйзеліске ұшырады. Спортты сүйетін, жүрегі кең жігітті сындырды. Соған қарамастан ол Қазақстан құрамасы сапында жаттығуын жалғастырды. Ол бес күн бойы нәр татпай қойды, бірақ жаттыға берді. Сонда да оған ешкім көмек қолын созған жоқ. Ол ашуланып қолын қабырғаға соғып сындырып алғанда оны үйге жалғыз қайтарып жіберген. Мұны істеген оның жеке бапкері әрі ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы. Бапкерсымақ мамандарға қайырылмаған. Ол Альберттің қолы сынғанына қарамастан жаттығуды жалғастыруға көндірген. Медициналық мамандарға апарудың орнына шіркеу мен мешітке сүйреген. Кейін ұлттық құраманың аға бапкері менің ағамның жаттықпайтынын түсінген соң оны мүлде ұмыт қалдырды. Сен жеңіске жеткенде бәріне керексің, ал сені сындырса орныңа басқа адам табады" деп жазды ол Instagram парақшасында.

Семен Линдердің сөзінше, ағасы Альберт өмірінің соңғы сәттерінде құрылыста, көлік жөндейтін орталықтарды жұмыс істеп ақша тауып жүрген.

Альберттің қазасынан кейін қазақстандық басқа ауыр атлеттер де Instagram желісінде түрлі пост жариялап, жаттықтырушылар "психологиялық қысым жасайды", "қол көтереді" деп мәлімдеді. Олар желідегі постарында Қазақстан ауыр атлетика құрамасының аға бапкері Сергей Седов пен Қазақстан ауыр атлетика құрамасының 1994-2016 жылдары бас бапкері болған Алексей Ниді жиі атады.

"БАПКЕРЛЕР АЙЛЫҒЫМЫЗДЫ БӨЛІСУГЕ МӘЖБҮРЛЕДІ"

25 қыркүйекте Семен Линдер және Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бұрынғы мүшелері Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Альберттің өліміне қатысты тағы да мәлімдеме жасады. Бұл жиында Семен Линдер Сергей Седовты Альберттің олимпиадаға бару арманына кедергі келтірді деп айыптай сөйледі.

Марқұм Альберт Линдердің бауыры Семен Линдер (оң жақта) мен ауыр атлет Карина Горичева (сол жақта) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 25 қыркүйек 2021 жыл.
Марқұм Альберт Линдердің бауыры Семен Линдер (оң жақта) мен ауыр атлет Карина Горичева (сол жақта) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 25 қыркүйек 2021 жыл.

"Ол (Сергей Седовты айтады - Ред.) бізді дұрыс жаттықтырмады, Альбертті сындырды, себебі Альберт оның лас талаптарына көнгісі келмеді. Сергей Седов оған "ақымақсың, саған ешкім сенбейді, жолыңды жабамын" дей бастады. Осыдан соң Альберт депрессияға түсті" деді ол.

Сергей Седовтың қол астында жаттыққан Рио олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева баспасөз мәслихатында көзінде жас алып, "бала кезде Сергей Седовтың бізге қол көтерген кезі болды. Біз оған қарсы шығуға қорықтық. Қазір 28 жастамын, шынымды айтсам, одан әлі қорқамын" деді.

Жиынға қатысқан ауыр атлеттер "ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Алексей Ни мен Седовты айлығымыз бен жарыста жеңген сыйақыны бөлісуге мәжбүрледі, көнбесек артымызға түсіп алатын, допингпен қорқытатын" деп мәлімдеді.

1994-2016 жылдары Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері болған Алексей Ни.
1994-2016 жылдары Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері болған Алексей Ни.

Қазақстан ауыр атлетика құрамасында болған Надежда Ногай да Сергей Седовтың кейбір спортшыларға қол көтеріп, психологиялық қысым жасағанына куә болғанын айтады.

"Бұл адамның спорттан аулақ жүргенін қалаймыз, балаларды жаттықтырмаса дейміз. Біз Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бапкерлер құрамын толығымен қайта қаралғанын қалаймыз" деді ол Азаттық тілшісіне.

Алматыдағы баспасөз жиынында атлеттер Сергей Седовтың 2016 жылы біреулермен төбелесіп, үш жылға бас бостандығы шектелгенін еске алды. Олар "істі болған бапкер спортшыларды жаттықтырмауы тиіс" деп санайды.

"БҰРЫН НЕГЕ АУЫЗ АШПАДЫҚ? СЕБЕБІ ҚОРЫҚТЫҚ"

Ауыр атлеттер "құрамадағы былық" жайлы бұрын жариялауға қорыққандарын айтады.

"Ауыр атлетикаға көбіне балалар үйіндегілер, біреудің қарауындағы балалар келеді. Олар ауыр атлетикада жүріп, ақша тапсам деп жоспарлайды. Ауыр атлетикада "байдың балалары" жоқ. Барлығы – қарапайым балалар. Сондықтан олар ақша тауып, отбасына жәрдемдесіп, аяқтан тұрғысы келеді. Қорғансыз балалар басқа түскенге көніп, ұлттық құрамада көндігіп жүре береді" дейді Қазақстан құрамасының бұрынғы мүшесі Мария Грабовецкая.

Надежда Ногай да "Біз бұрын не үшін ауыз ашпадық? Себебі қорықтық. Айтсақ бізді құрамадан қуып жіберетін еді. Құрамадағы ауыр атлеттердің көбі тұрмысы төмен отбасынан шыққан. Біз алып жүрген айлығымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқып жүрдік" деді.

Алматыдағы жиында ауыр атлеттер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға қайырылып, ауыр атлетикадағы жағдайға назар аударуды сұрады.

"ЕЛГЕ ТАЛАЙ МЕДАЛЬ СЫЙЛАҒАН СПОРТШЫНЫ ҰМЫТЫП КЕТТІ"

Осыған дейін Қазақстан ауыр атлетикасындағы шулар мен допинг даулары жайлы бірнеше рет экслюзив мақалалар жариялаған журналист Тимур Байкетаев Қазақстан Альберт Линдердің потенциалын пайдалана алмады деп санайды.

- Альберт Линдердің карьерасы 2018 жылдың маусымында құлдырай бастады. 2018 жылы ауыр атлетика құрамасындағы бапкер Алексей Ни мен тағы бір бапкер Ержас Болтаев (қазір Өзбекстан құрамасында жаттықтырушы – ред.) арасында кикілжің болып, құрамадағы жағдай өте нашарлап кетті. Ауыр атлеттер екіге жарылды. Яғни, ұлттық құрама мен Илья Ильиннің командасы болды. Кейін Халықаралық олимпиада комитеті допинг ережесін көп бұзған соң Қазақстанға Токио олимпиадасына бар-жоғы екі жолдама берді. Бұдан соң Қазақстан ауыр атлетика федерациясы отқа май құйып, Нижат Рахимов, Илья Ильин және Зүлфия Чиншанло үшеуін топтастырып, үшінші команда – Dream team құрды. Олар Токио олимпиадасына дайындала бастады. Осыдан соң федерация басқа талантты атлеттердің жолын кесіп, олимпиадаға осы үшеуі дайындалатынын анық аңғартты. Басқа атлеттер жаттығуын тоқтатуға мәжбүр болды. Альберт Линдер мені сатып кетті деп есептеді. Себебі ол олимпиадаға бармайтынын түсінді. Альберттің олимпиада жүлдесіне таласуға мүмкіндігі мол болды.

- Альберт Линдердің қазасына не үшін бапкерлерді айыптап жатыр?

- Жеке бапкері Линдерді тастамау керек еді. Иә, спортшы спорттан кетем деп шешім қабылдады. Дереу оған бапкерлікке ауысуға көмектесіп жіберу керек еді. Басында балаларды жаттықтырсын. Оған сенім арту керек еді. Ол – спорт шебері. Қазақстанға көп медаль сыйлаған спортшыдан барлығы теріс айналып, оны ұмытып кетті. Нәтижесінде Альберт көлік жөндеу орнында болмашы табысқа жұмыс істеді. Cедов Альбертті спортта қалдырып, жарыстарға қатыстыруға да болар еді. Яғни, оны басқа бапкерге беруі керек еді. Альберттің өзі Ержас Болтаевқа барғысы келген, бірақ кетіп қалуға қорықса керек.

- Спортшылар арасында мұндай жағдай қайталанбас үшін не істеу керек?

- Cпорттағы карьерасын аяқтағысы келетін ауыр атлеттерге көмектесетін механизм жоқ. Күрес пен бокста бұл механизм сәл де болса жұмыс істейді. Балуандар мен боксшыларды спорт мектептеріне жібереді, кейбірі директор болып отыр. Допинг дауынан соң Пекин мен Лондон олимпиадасының медалін қайтырып берген Илья Ильин ғана қазір мемлекеттік қызметте жүр. Ауыр атлет спорттан бизнеске не басқа салаға кетемін десе онда өз таңдауы болмақ. Егер федерация елде ауыр атлетика дамысын десе, ата-аналар балаларын ауыр атлетикаға берсін десе бұл мәселені түбімен шешуі керек. Қазақстанға спорт психологтары қажет. Олар эмоциялық тұрғыда таусылған кезде көмекке келер еді. Бізде ондай мамандар тапшы, себебі университеттерде спорт психологтарын дайындайтын факультеттер жоқ.

АУЫР АТЛЕТИКА ФЕДЕРАЦИЯСЫ ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗБЕК

Азаттық тілшісі Қазақстан құрамасының аға бапкері Сергей Седовтың бұл жағдайға қатысты пікірін білу үшін хабарласқан. Ол "журналиспіз" дегенді естіп телефон тұтқасын қоя салды. Кейін телефонға жауап бермеді. Ал Қазақстан ауыр атлетика құрамасының экс-бапкері Алексей Ниге бірнеше рет қоңырау шалғанымызбен, телефонды көтермеді. Екеуі де ауыр атлеттердің желіде жариялаған постарына, Алматыда ұйымдастырған баспасөз мәслихатына қатысты әзірге пікір білдірмеді.

Седов Альберт Линдер көз жұмған соң бірнеше күн өткенде, 20 қыркүйекте, Ratel.kz сайтына сұхбат беріп, "уақыты келгенде бәрін айтамын" деген.

"Альберттің жеке бапкері ретінде айтарым, ол өте талантты болды. Қазақстан ауыр атлетикасындағы допинг дауынан кейін ол қатты өзгерді. Сол уақытта бәрімізге қиын болған еді. Ол бірнеше рет допинг анализін тапсырды, соңғысы "лас" болды. Осыдан соң ол өзгере бастады. Допинг дауының салдарынан Қазақстан құрамасынан лицензияларды алып алады деген сөз шыққан соң Альберт тіпті өзгерді (Пекин мен Лондон олимпиадасына қатысқан қазақстандық оннан аса атлеттен допинг табылып, Халықаралық олимпиада комитеті Қазақстанға Токио олимпиадасына сегіз жолдаманың орнына екі лицензия ғана берген – Ред.). Үлкен спортта интрига көп, уақыты келгенде бәрін айтамын" деді Седов Ratel.kz сайтына.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы спортшылардың мәлімдемесінен кейін "Бұл істі бақылауға аламыз және әрбір айыптауды тексереміз. Жақында федерация әрбір атлетпен байланысып, ішкі тергеу жүргізеді, тексерістің қорытындысы қосымша хабарланады" деп мәлімдеді.

Ал Талдықорған қаласы полиция департаменті Альберт Линдердің қазасынан соң "Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қазақстан ауыр атлетика құрамасы бұған дейін допинг дауына ілінген. 2016 жылы Рио олимпиадасы алдында Халықаралық олимпиада комитеті Пекин және Лондон ойындарында алынған допинг сынамаларын қайта тексеріп, қазақстандық бірнеше атлеттің анализінен допинг табылғанын хабарлаған. Илья Ильин Пекин мен Лондон олимпиадасының, Қытайдан келген легионерлер Зүлфия Чиншанло мен Мая Манеза, Ресейден келген Светлана Подобедова Лондон олимпиадасының алтынын қайтарып берген. Бұған қоса, тағы бірнеше қазақстандық ауыр атлет допинг дауына ілініп олимпиада жүлдесінен айырылды.

Осы даудан соң ұлттық құраманы 1994 жылдан бері жаттықтырған бас бапкер Алексей Ни отставкаға кеткен. Бірақ сарапшылар мен атлеттер Нидің ұлттық құрамаға әлі ықпалы күшті деп санайды. Ни отставкаға кетсе де ұлттық құрамамен бірге халықаралық жарыстарға барып жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG