Accessibility links

Неміс арнасының ауыр атлетикадағы жемқорлық жайлы фильмінде Қазақстан да аталды


Қазақстандық атлет Светлана Подобедова 2012 жылғы Лондон олимпиадасында. Оның есімі ARD телеарнасының деректі фильмінде аталады.

Германияның ARD телеарнасы деректі фильм жариялап, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) басшыларының кейбір атлеттердің допинг сынамаларын әдейі тексермей келгенін мәлімдеді. Телеарна журналистерінің дерегінше, «IWF басшылары біраз елден спортшыларын допингке тексермес үшін ақша алып келген». Деректі фильмде Қазақстан да аталады.

ARD телеарнасы журналистерінің қолына "көптеген ауыр атлеттен допинг сынамалары алынбай келгенін дәлелдейтін құпия құжат" түскен. Осы құжаттар негізінде телеарна "Құпия допинг – ауыр атлеттердің патшасы" (Secret Doping – the Lord of the Lifters) атты деректі фильм түсірген.

Фильмде "IWF президенті венгриялық Томаш Аян бастаған топтың спортшылардың допинг сынамаларын ауыстырып немесе ақша төлеген елдердің атлеттерін допингке тексермей келгені" айтылады.

IWF президенті Томаш Аян 2016 жылғы Рио олимпиадасында.
IWF президенті Томаш Аян 2016 жылғы Рио олимпиадасында.

80 жастағы Аян 1976-2000 жылдары IWF бас хатшысы қызметін атқарған, 2000 жылдан бері IWF президенті болып келген. Деректі фильмнен кейін IWF арнайы комиссиясы Аянды 90 күнге қызметінен шектеп, оған қатысты тергеу бастады.

Томаш Аян фильмде айтылған барлық деректі жоққа шығарады.

ПОДОБЕДОВА "ТЕК БІР РЕТ ДОПИНГ СЫНАҒЫНАН ӨТКЕН"

Деректі фильмде қазақстандық ауыр атлет Светлана Подобедованың (2012 жылғы Лондон олимпиадасында чемпион атанған. Кейін 2016 жылы оның Лондонда тапсырған сынамасынан қайта тексергенде допинг табылып, ол алтынын қайтарып берген) бірнеше жарыста тек бір рет допинг сынамасын тапсырғаны жайлы дерек көрсетіледі.

Фильмде Қазақстаннан бөлек, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Молдова, Таиланд да аталады.

ARD телеарнасының деректі фильмінде қазақстандық атлет Светлана Подобедованың тек бір рет допинг сынамасын тапсырғанын көрсетті.
ARD телеарнасының деректі фильмінде қазақстандық атлет Светлана Подобедованың тек бір рет допинг сынамасын тапсырғанын көрсетті.

Фильм авторларының сөзінше, венгриялық Томаш Аян Венгрия антидопинг агенттігімен бірігіп, кейбір атлеттердің допинг сынамаларын ауыстырып келген я мүлде тексермеген. Фильмде Молдова ауыр атлетика құрамасының дәрігері "допингтен таза несеп я қанның" құны ұлттық жарыстарда 60 доллар, халықаралық жарыстарда 200 доллар тұратынын айтып қалады (журналистер дәрігермен әңгімені жасырын камераға жазып алған).

ARD фильмінде Лондон олимпиадасында қола алған таиландық Сирипуч Гульной "бала кезінде допинг қолданғанын мойындап, препараттар ішкен соң жақ сүйегі үлкейіп, мұрт шыға бастағанын" айтады. Телеарна журналистері Гульнойды да жасырын камераға жазып алған.

Бұдан бөлек, фильмде IWF спортшысы допингпен ұсталған елдерге 5 мың доллардан бастап 500 мың долларға дейін айыппұл салып келгенін, бірақ айыппұлдың біраз бөлігі банк арқылы трансфер жасалмай, Томаш Аянға қолма-қол төленгені айталды. ARD журналистері Аян допинг қолданғандардың ісін "жасырып" я допингпен ұсталған елдерге айыппұл салып, миллиондаған доллар пайда тапқан деп есептейді.

2013 жылы Қазақстанның тоғыз ауыр атлеті допинг қолданды деп айыпталып, IWF бұл елге 500 мың доллар айыппұл салған. Сол кезде ұйым мемлекет айыппұлды төлемесе, алдағы жарыстарға қатыспайды деп шарт қойған.

"Бұл деректі фильм – ауыр атлетика үшін өте ауыр соққы"

Брайан Оливер, Британдық Inside the Games сайтының ауыр атлетика бойынша шолушысы:

– Бұл деректі фильм – ауыр атлетика үшін өте ауыр соққы, бірақ ауыр атлетиканың болашағына оң әсер етуі де мүмкін. Ал допингтегі жемқорлық жайлы айыптаулар дәлелденген жоқ. Телеарнаның көрсеткен дәлелдеріне бірден сене салуға болмайды. Бірақ бұл фильм IWF ауыр атлетика имиджіне кері әсер еткені сөзсіз. Фильмде айтылған деректерді Халықаралық антидопнг агенттігі я IWF бекіткен комиссия не тәуелсіз сарапшылар тексерсе де, біраз уақыт кетеді. IWF-тің қазіргі жарғысы бір адамның ондаған жыл бойы басшылықта отыруына мүмкіндік беріп келді. Бұл күлкілі. Қазіргі басшысы кеткен соң ғана үлкен өзгерістер болады деп ойлаймын. Жағымсыз жаңалықтардан соң ауыр атлетика спорты жайлы жаман ойлайтындар көбейеді. Бірақ бәсекеге, драмаға, тартысқа толы ауыр атлетика олимпиада бағдарламасында қалуға лайықты. Алайда ауыр атлетиканың имиджін көтеруге көп уақыт кетпек. Қанша уақыт кетсе де, ауыр атлетиканы құтқарып қалу керек.

Фильм авторлары өздерінің қолына түскен құпия құжат жайлы Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) де білгенін, бірақ олар қатаң шара қолданбағанын атап өтеді.

ХОК телеарна жариялаған деректі фильмді «өте алаңдатарлық жағдай» деп атады.

ҚАЗАҚСТАН ТАРАБЫ НЕ ДЕЙДІ?

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы мен елдің ұлттық олимпиада комитеті германиялық телеарнаның деректі фильміне қатысты ресми жауап берген жоқ.

Ал Қазақстан спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Азаттық тілшісіне неміс телеарнасына шыққан фильмді көрмеген, бірақ ол жайлы естігенін айтты.

- Бізде [ауыр атлеттеріміз] допинг тексерістен өтпеді деген ақпарат жоқ.
Серік Сәпиев, спорт комитетінің төрағасы.


- Бізде [ауыр атлеттеріміз] допинг тексерістен өтпеді деген ақпарат жоқ. Пекин мен Лондонда алтын алған төрт ауыр атлетіміз допинг қолданды деп айыпталып, медальдарын қайтарып берген соң бізге көп назар аударып жатыр. Менің ойымша, оларда (фильм авторларында) құжаттар болса, оны жариялауға құқығы бар, - деді Сәпиев.

2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиаданың допинг сынамаларын қайта тексерген. Бұл тексеру кезінде 49 ауыр атлеттің анализінен допинг табылған. Олардың басым бөлігі - постсоветтік елдердің, Қытай, Болгария, Түркия атлеттері.

"Қайта тексеру" кезінде Пекин және Лондонда чемпион атанған қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің екі олимпиададағы сынамасынан допинг табылғаны хабарланып, ол екі алтынын қайтарып берген. Пекинде қола медаль алған қазақстандық ауыр атлет Мария Грабовецкая, Лондонда чемпион болған Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедованың да анализдері оң нәтиже беріп, олар да медальдарын қайтарған. Пекин мен Лондон олимпиадасына қатысқан Владимир Седов пен Алмас Өтешов те допинг қолданды деп айыпталған.

IWF шешімімен Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға спорттан шеттетілді. Төртеуінің де жазасы 2016 жылдың маусымынан бастап есептелген. Ильин, Чиншанло, Манезаның жазасы 2018 жылы маусымында аяқталған. Қазір Ильин мен Чиншанло – ұлттық құрама мүшесі.

Бұдан бөлек, ХОК Пекин мен Лондон олимпиадасында допинг ережесін көп бұзған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжанға Токио олимпиадасына тек екі жолдама (бір ер, бір әйел атлет) беріп отыр.

Осы даудан соң Қазақстан үкіметі допинг қолданғандарға жазаны күшейтетін заң қабылданды. Жаңа заңға сай, спортшы допингпен ұсталып, нәтижесі жойылса, үкімет атлетке берілген ақшалай сыйақыны қайтарып алып, ұлттық құрамадан шеттетеді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде қазақ тілінде редактор. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан, Джакартада өткен Азия ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG