Accessibility links

"Алтын аз һәм нәтиже ала-құла". 2019 жыл Қазақстан спорты үшін қандай болды?


Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева және балуан Нұрқожа Қайпанов (солдан оңға қарай).
Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева және балуан Нұрқожа Қайпанов (солдан оңға қарай).

2019 жылы Қазақстан қысқы спорттан күтпеген екі жүлде иеленді. Шаңғыдан ел құрамасының көшбасшысы қан допингімен ұсталып, басы дауға қалды. Ал олимпиада бағдарламасына енетін жазғы спорттан өткен әлем чемпионатында Қазақстан бар болғаны бір алтын иеленді. Елде 40-тан астам допингпен ұсталып жатқанда билік "рұқсат етілмеген препарат қолданған спортшыларға жаза күшейтетін" заң қабылдады.

"ДОПИНГ ҚОЛДАНАТЫНДАР" АЗАЙМАЙ ТҰР

2019 жылы ақпанда фристайлдың могул түрінен АҚШ-та өткен әлем чемпионатында қазақстандық Юлия Галышева (2018 жылғы олимпиаданың қола жүлдегері) алтын иеленді. Қазақстан қысқы спорттан араға алты жыл салып әлем біріншілігінде алғаш рет алтын жүлде алды (2013 жылы Денис Кузин конькиден әлем чемпионы атанған). Бұдан бөлек, мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева Азия, Америка, Австралия, Африка спортшылары қатысатын төрт құрлық чемпионатында, әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. Әлемдік жарыста ол төрттік сальхов элементін орындап, халықаралық турнирлерде төрт айналым элемент секірген алғашқы әйел спортшы ретінде тарихқа енді.

Фотогалерея: Галышеваның алтыны мен Тұрсынбаеваның күмісі

Бірақ Қазақстан билігі жаттығуына көп қаржы бөліп, жеке жоба ретінде шетелде жаттыққан шаңғышы Алексей Полторанин әлем чемпионаты алдында Австрия полиция жүргізген рейд кезінде допинг қолданды деп ұсталды. Оған "допингті қан арқылы құйған" деген айып тағылған. Ақпарат құралдары Полтораниннің 4 жылға спорттан шеттетілгенін жазды.

Алексей Полторанин.
Алексей Полторанин.

2019 жылы Қазақстан спортындағы допинг дауы мұнымен аяқталған жоқ. Елдің ұлттық антидопинг агенттігі 2019 жылы 40-тан астам спортшының допингпен ұсталып, спорттан шеттетілгенін хабарлады. 2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Дене шынықтыру және спорт туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойып, допингпен ұсталған спортшыларға жазаны қатайтты. Заңдағы негізгі өзгеріс – допингпен ұсталған спортшы мемлекеттен алған сыйақысын және пәтерін қайтарып беруі тиіс. Қазақстан – олимпиадада жүлде алған спортшыларға мол сыйақы беретін елдердің бірі.

Жазғы спорттан 2019 жылы өткен әлем чемпионаттарында боксшы Бекзат Нұрдәулетов қана алтын медаль иеленді. Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында қазақстандық балуандар алтынсыз қалды – үш күміс, төрт қола. Дзюдодан әлем біріншілігінде тек Елдос Сметов қола жүлде алды. Ал ауыр атлеттер Игор Сон әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Құзға өрмелеуден Ришад Хайруллин әлем біріншілігінде қола жүлде иеленді.

Қазақстан боксшысы Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионатында. Екатеринбург, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан боксшысы Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионатында. Екатеринбург, 20 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстан спортшылары жеңіл атлетикадан, гимнастикадан, жүзуден, велоспорттан өткен әлем біріншіліктерінде медаль ала алмады.

"2019 ЖЫЛ СПОРТ ҮШІН СӘТТІ БОЛА ҚОЙҒАН ЖОҚ"

Азаттық тілшісі сөйлескен спорт сарапшылары 2019 жылдың нәтижесін "орташа, ала-құла" деп бағалайды. Мәселен, спорт шолушысы Мадияр Арыстанбаев балуандар мен боксшылардың 2019 жылдағы нәтижесі төмен болды деп санайды.

- 2019 жыл Қазақстан спорты үшін сәтті бола қойған жоқ. Әсіресе олимпиадалық спорт түрлерінде ауыз толтырып айтар ештеңе табылмай тұр. Жыл басында Полтораниннің допинг дауына ілінуі, дзюдошылардың әлем чемпионатында мардымды жетістікке жете алмауы, балуандардың елде өткен әлем чемпионатында бірде-бір алтынға ие бола алмауы ел спортының қазіргі деңгейін айқындап берді. Тек боксшы Бекзат Нұрдәулетовтің Ресейдегі әлем чемпионатында жеңімпаз атанғаны болмаса, боксшыларымыз да айтарлықтай нәтиже көрсеткен жоқ, - дейді ол.

Ал Қазақстан спортын дамыту дирекциясының бұрынғы баспасөз хатшысы, спорт журналисі Айдос Рымқұл 2019 жылы Қазақстан спортында керемет жаңалық болмады деп есептейді.

- Салыстырмалы түрде орташа, бір керемет жаңалық болмады. Фристайлшы Галышеваның әлем чемпионатындағы алтыны мен мәнерлеп сырғанаушы Тұрсынбаеваның әлем біріншілігіндегі күмісі қысқы спортына серпіліс береді деп ойламаймын. Себебі қысқы спортқа дұрыс жүйелі жұмыс керек. Жастар мен жасөспірімдер спортын дамытқан жөн. Қазір жас шаңғышылардың, жас биатлоншылардың, жас конькишілердің нәтижесі нашар. Қысқы спортта резерв жоқ. Резерв дайындауды қолға алу керек, - дейді ол.

Фристайлдан АҚШ-тың Юта штатында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Юлия Галышева могул жаттығуы бойынша алтын жүлде алды.
Фристайлдан АҚШ-тың Юта штатында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Юлия Галышева могул жаттығуы бойынша алтын жүлде алды.

Халықаралық күрес одағы (United World Wrestling) ұйымдастырған жарыстардың медиа бөлімінде жұмыс істеген маман, күрес түрлерінен өткен жарыстардан хабар таратып жүрген тілші Назерке Сұлтанбектің сөзінше, 2019 жылы балуандарда алтын тым аз болған.

- 2019 жылы [балуандар үшін] нәтижелі болды деп айту қиын. Грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы әлемдік жарыстарда алтын аз болды. Жыл бойы өткен әлем чемпионаттарында бір алтын ғана алыппыз. Грек-рим күресінен Саматбек Ізімғали жасөспірімде арасында әлем чемпионы атанды. Жалғыз алтын – осы. Жастар мен ересектер арасындағы әлем чемпионатында алтын жоқ. 2019 жылы Қазақстан ересектер арасындағы әлем чемпионатын ұйымдастырды. Жанкүйерлер бұл жарысты ұзақ күтті. Қазақстан грек-рим күресінен 20 жылдан бері әлем чемпионатында алтын ала алмай келеді. Ал еркін күрес пен әйелдер күресінен әлем біріншілігінде алтын болмаған. Осы олқылықтың орны тола ма деп еді, болмады, - дейді ол.

Қорлан Жақанша (сары формада) күрес түрлерінен әлем чемпионатының финалында белдесіп жатқан сәт. Нұр-Сұлтан, 15 қыркүйек 2019 жыл.
Қорлан Жақанша (сары формада) күрес түрлерінен әлем чемпионатының финалында белдесіп жатқан сәт. Нұр-Сұлтан, 15 қыркүйек 2019 жыл.

Назерке Сұлтанбек 2019 жылы еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов есімді қазақстандық балуан жақсы нәтиже көрсеткенін айтады. Қайпанов 2019 жылы ересектер арасында алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды. Артынша Азия чемпионы болды. Одан кейін Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында күміс алды.

- Жылдың ірі үш жарысының финалына шығу кез келген балуанның қолынан келе бермейді, - дейді Назерке Сұлтанбек.

Спорт блогері Қанат Байзақов "Юлия Галышева алтыны мен Элизабет Тұрсынбаеваның күмісін 2019 жылдың ең маңызды жетістігі" деп санайды.

- Ал құзға өрмелеуден Токиодағы әлем чемпионатында Ришад Хайбуллиннің қола медаль иеленуі күтпеген жеңіс болды. Бұл спорт олимпиада бағдарламасына енген, алғашқы жүлделері Токио ойындарында сарапқа салынады. Ришадтың үштікке енуіне мүмкіндігі бар, - дейді ол.

"ИЛЬИН МЕН ЧИНШАНЛОҒА ҚИЫН БОЛАДЫ"

Олимпиада ойындарында допинг қолданды деп айыпталып, ойындарда алған алтындарын қайтарып берген қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло 2019 жылы нәтиже көрсете алмады. Екеуі де әлем чемпионатында жүлдесіз қалды (Ильин – 13-орын, Чиншанло 4-орын).

Ильин әлем чемпионы атанған Қытай атлеті Тиан Тяодан 47 келід, Чиншанло әлем чемпионатында алтын алған Қытай спортшысы Ляю Цююньнен 14 келі аз көтерді. Рио олимпиадасында чемпион атанған Нижат Рахимов 2019 жылғы әлем чемпионатында 17-орынмен шектелді.

Зүлфия Чиншанло.
Зүлфия Чиншанло.

Спорт блогері Қанат Байзақов "допинг дауына ілінген Қазақстан құрамасы ауыр соққыдан толық ес жия алмай жатыр" деп санайды.

Ал спорт шолушысы Мадияр Арыстанбаев Ильин мен Чиншанлоның нәтижесі жақсарады дегенге күмәнмен қарайды.

- Ильин Пекин мен Лондон олимпиадасының алтынын қайтарып берген соң Токио ойындарына барып өзін дәлелдегісі келеді. Бірақ оған өте қиын болады. Чиншанло мен Рахимов та Токио олимпиадасында мүмкіндігі аз. Халықаралық олимпиада комитеті допинг қолданған спортшысы көп болғандықтан Қазақстанға Токио олимпиадасына сегіз лицензияның орнына екі жолдама беріп отыр. Сондықтан екі жолдамаға шынымен жүлдеге таласатын ауыр атлеттерді жіберу керек, - дейді ол.

"НӘТИЖЕ ҚАЙДА?"

Спортты ел имиджін көтеру әдісі деп санайтын және жыл сайын қыруар қаржы жұмсайтын Қазақстан билігіне де спортшылардың 2019 жылғы нәтижесі ұнамады.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қазанда жиналыс өткізіп, ауыр атлеттердің, балуандардың, боксшылардың әлем чемпионатындағы нәтижесін сынады.

- Бокстан жалпыкомандалық есепте үшінші орын, ауыр атлетикадан 12-орын, күрестен 14-орын алдық. Боксшылар ғана бір алтын иеленді. Министрлік, ұлттық олимпиада комитеті, федерациялар мен демеушілерден жеткілікті қолдады. Ал нәтиже қайда? Тиісті министрлік дұрыс бақыламай отыр. Спорт – елдің имиджі. Токио олимпиадасында лайықты нәтижеге жету үшін қателіктермен жұмыс істеу керек. Уақыт аз,- деді Сапарбаев.

Қазақстан құрамасы үшін 2020 жылы маңызды жарыс Токио олимпиадасы болмақ. Қазір бұл елде олимпиадаға 25 жолдама бар. Токиодағы дода 24 шілде – 9 тамыз аралығында өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG