Accessibility links

Допинг дауына ілінген спортшыға қандай жаза тағайындалмақ?


Допинг қолданғаны анықталған спортшы сыйақыдан айырылмақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

Қазақстан мәжілісі допинг қолданғандарға жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдады. Депутаттар заң жобасын талқылап жатқан сәтте допинг дауына ілініп, олимпиада алтынын қайтарған Қазақстанның екі атлеті Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло Таиландтағы әлем чемпионатына аттанды.

18 қыркүйекте мәжіліс депутаттары "Дене шынықтыру және спорт туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірауыздан мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді. Заң жобасы күшіне енуі үшін алдымен сенат қабылдап, одан кейін президент қол қоюы тиіс.

2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті 2008 және 2012 жылғы олимпиада ойындарында алынған допинг сынамаларын қайта тексерген кезде он шақты қазақстандық спортшының анализдерінен рұқсат етілмеген препарат тапқан. Салдарынан қазақстандық бірнеше атлет олимпиадада алған жүлделерін қайтарып берген. Қазақстан допинг дауына ілінген сәтте жанкүйерлер биліктен олимпиада жүлдегерлеріне берілген ақшалай сыйақыны және пәтерлерді қайтарып алуды талап еткен еді. Үкімет осы шудан кейін заңды күшейтетінін мәлімдеген. Бірақ Қазақстан Пекин мен Лондон ойындарының жүлдесін қайтарып берген спортшылардың сыйақысына тиіспеді.

ЗАҢ ЖОБАСЫНА ЕНГЕН ЖАЗАЛАР

Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі ұсынған заң жобасында спортшыны допинг қолдануға мәжбүрлеген я септескен жаттықтырушы, функционерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оларға 200 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 500 мың теңге, 1300 доллар) көлемінде айыппұл салынады.

Бұдан бөлек заң жобасында мынандай жазалар қарастырылған:

  • Спортшы допингпен ұсталып, нәтижесі жойылса, үкімет атлетке берілген ақшалай сыйақыны қайтарып алады.
  • Спортшы допингпен ұсталса, оған және бапкеріне тағайындалған өмір бойғы материалдық төлем тоқтатылады.
  • Жарыстардан шеттетіледі, ұлттық құрамадан шығарылады және атақтарынан айырылады.
  • Спортшы рұқсат етілмеген препарат қолданса, жарыстарда алған жарақаттары үшін мемлекеттен алатын өтемақысынан айырылады.
  • Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін допингпен ұсталса мемлекет берген тұрғын үйді қайтарып береді.

Қазақстан үкіметі олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиадада алтын алғандарға – үш бөлмелі, күміс алғандарға – екі бөлмелі, қола алғандарға бір бөлмелі пәтер береді. Бұдан бөлек, олимпиада мен паралимпиадада алтын алғандарға – 250 мың доллар, күміске – 150 мың доллар, қолаға 75 мың доллар тағайындалған.

Допинг сынамалары. Көрнекі сурет.
Допинг сынамалары. Көрнекі сурет.

Жаңа заң жобасына сай, енді олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиада жүлдегерлеріне баспана он жыл жалға (спортшының допинг сынамасы да он жыл сақталады) беріледі. Осы уақыт ішінде спортшы мемлекет берген пәтерді жеке меншігіне иелене алмайды. Он жыл ішінде спортшының сынамасынан допинг табылмаса, баспана жүлдегердің немесе оның мұрагерінің меншігіне беріледі.

"ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАУДЫ АЛЫП ТАСТАДЫҚ"

Заң жобасын талқылауға қатысқан мәжіліс депутаты, жеңіл атлетикадан 2000 жылғы Сидней олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигинаның өзі 1996 жылы "допинг қолданды" деп айыпталып, екі жыл спорттан шеттетілген еді. Депутат Шишигина спортшының допинг қабылдауына септескендерге қарастырылған айыппұл аз деп есептейді.

Ольга Шишигина 2000 жылы Сидней олимпиадасында алтын алған сәт.
Ольга Шишигина 2000 жылы Сидней олимпиадасында алтын алған сәт.

– [200 АЕК] айыппұл өте аз. Бапкері мен спортшысы ақшалай сыйақы алады. Заң жобасының алғашқы нұсқасында спортшыға допинг қолдануға септескен бапкерінің үстінен қылмыстық іс қозғау деген болған. Бірақ оны алып тастап, айыппұлмен шектелдік. Жаттықтырушы қайта спортқа жолай алмайды. Ал спортшы допинг қолданса, бірнеше жылға спорттан шеттетіліп, бұл жазаны өтеп болған соң жарысқа орала алады, – дейді Шишигина.

Осы заңды жасауға атсалысқан спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы, бокстан 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев "заң қабылданса, допинг қолданатын спортшылар саны азаяды" деп үміттенеді.

– Олимпиада алдында (2020 жылы Токио ойындарын айтады – ред.) допингтен тазарту үшін осындай заң қабылдадық. 2019 жылы шамамен қазақстандық 30 спортшы [допингпен] ұсталды. Көбі – жас спортшылар. Жас спортшылар допинг жайлы білмейді. Қазір оларға семинарлар өткізіп, рұқсат етілмеген препараттар жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Допинг салдарынан елдің имиджіне нұқсан келеді. Халықаралық спорт ұйымдары елге санкция салады. Мысалы, ережеге сай әр ел олимпиадаға сегіз лицензия жеңіп алуына болады Бірақ допинг дауынан кейін біз [Токио олимпиадасына] тек екі ауыр атлет апарамыз. Қазір ауыр атлетикадан лицензияны төртеуге өсіруге тырысып жатырмыз. Айтпағым, спортшының допинг қолданған әрекеті елге кесір болды, – дейді бұрынғы боксшы.

Ал спорт шолушысы Айдос Рымқұл "бұл заң кеш қабылданды әрі қазіргі нұсқасы сәл шикілеу" деп есептейді.

– Мысалы, Қазақстан атынан жарысқа қатысып, медаль алған легионер спортшы кейін өзінің туған еліне қайтып кетті делік. Қазақстаннан кетіп қалған соң оның сынамасынан допинг табылса, олар қалай жауапқа тартылады? Осы жағын да қарастыру керек деп ойлаймын. Ал жалпы бұл заң спортшылардың допингтен алыс жүруіне септігін тигізеді деп үміттенемін, – дейді ол.

Қазақстан мәжілісі допинг жазасын күшейтетін заң қабылдап жатқанда рұқсат етілмеген препарат қолданды деп айыпталып, олимпиадада алған алтындарын қайтарып берген ауыр атлеттер Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло Таиландтың Паттайя қаласында өтетін әлем чемпионатына аттанды. Екеуі де 2020 жылы Токио олимпиадасына қатысып, "әлем алдында мықтылығын дәлелдемек".

ҚАЗАҚСТАН ДОПИНГ ДАУЫНА ҚАЛАЙ ІЛІНДІ?

2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиаданың допинг сынамаларын қайта тексергенде 49 ауыр атлеттің анализінен допинг табылған. Олардың басым бөлігі - постсоветтік елдердің, Қытай, Болгария, Түркия атлеттері.

"Қайта тексеру" кезінде Пекин және Лондонда чемпион атанған қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің екі олимпиададағы сынамасынан допинг табылғаны хабарланып, ол екі алтынын қайтарып берген. Пекинде қола медаль алған қазақстандық ауыр атлет Мария Грабовецкая, Лондонда чемпион болған Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедованың да анализдері оң нәтиже беріп, олар да медальдарын қайтарған. Пекин мен Лондон олимпиадасына қатысқан Владимир Седов пен Алмас Өтешов те допинг қолданды деп айыпталған.

Илья Ильин Лондон олимпиадасында. 2012 жылдың тамызы.
Илья Ильин Лондон олимпиадасында. 2012 жылдың тамызы.

IWF шешімімен Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға (екі рет допингпен ұсталғаны үшін) спорттан шеттетілді. Алғашқы үшеуінің жазасы 2016 жылдың маусымынан басталып есептеліп, 2018 жылдың жазында аяқталды. Чиншанло мен Ильин спортқа оралды. Ал Манеза спорттан кетті.

Бұдан бөлек, 2018 жылы қыста қазақстандық шаңғышысы Алексей Полторанин Австриядағы әлем чемпионаты кезінде қан допингін қолданбақ болды деп айыпталып, уақытша жарыстан шеттетілген. Халықаралық шаңғы федерациясы мен Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Полторанин ісіне қатысты әлі нақты шешім қабылдаған жоқ.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы тілшісі. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG