Accessibility links

"Несеп анализін алмастырған". Рио чемпионы Рахимов допинг дауына ілінді


Нижат Рахимов Рио олимпиадасында. 2016 жылдың тамызы.
Нижат Рахимов Рио олимпиадасында. 2016 жылдың тамызы.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) 18 қаңтарда ресми сайтында 2016 жылы Рио олимпиадасында алтын медаль алған қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимовтің “допинг ережесін бұзғанын” хабарлап, оны іс аяқталғанша жарыстардан шеттеті.

РАХИМОВКЕ ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ?

IWF сайтындағы ресми мәлімдемеге сай, Халықаралық сынақ агенттігі (ITA) румыниялық Думитру Каптари мен қазақстандық Нижат Рахимовке 2016 жылдың ішінде антидопинг ережесін бұзып, "несеп анализін ауыстырған" деген айып таққан.

Мәліметтегі ақпарат бойынша, бұл ереже бұзу фактісі ITA мен Халықаралық антидопинг агенттігінің (WADA) Халықаралық ауыр атлетика федерациясына (IWF) қатысты жүргізген "Жебе операциясы" ("Operation Arrow") кезінде анықталған. Рахимовке айып тағылғаны ITA сайтында да хабарланды.

IWF мен ITA 18 қаңтарда Рахимовті тағылған айып жайлы хабардар еткенін мәлімдеді. Екі атлет те іс аяқталғанша барлық жарыстан шеттетілді. Халықаралық ауыр федерациясы екі атлеттің 2016 жылы қай уақытта, қай жарыста "допинг ережесін бұзғанын" нақты ашып жазбаған.

Рахимов пен Каптари 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен олимпиада ойындарына 77 келіде қатысқан. Рахимов жұлқа көтеруде 165 келі, серпе көтеруде 214 келі (сол кездегі әлем рекорды), қос жаттығу бойынша 379 келі еңсеріп, олимпиада алтынын алған. Еуропаның 2017 жылғы чемпионы Каптари олимпиадада серпе көтеруде үш мүмкіндігін де көтере алмай, жарыста орынсыз қалған.

Рахимовтің 2016 жылғы Рио олимпиадасында алған алтынынан айырыла ма әлде сақтап қала ма ол жағы белгісіз. Ал британиялық insidethegames.biz сайтының ауыр атлетика шолушысы Брайан Оливер "Рахимовтің айыбы дәлелденсе, Рио олимпиадасының алтынынан айырылуы мүмкін" деп санайды.

- ХОК (Халықаралық олимпиада комитеті) бұл жаңалықты естіп, ашуланатыны анық. Себебі ХОК бұл жағдай олимпиаданың абыройына нұқсан келтірді деген шешімге келуі мүмкін. Егер оның (Рахимовтің – ред.) айыбы дәлелденсе, ХОК алтын медалін алып алар. Себебі ереже бұзу 2016 жылы болған, - дейді Оливер.

Рахимов пен ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының сол кездегі бас бапкері Алексей Ни Рио олимпиадасында. 10 тамыз 2016 жыл.
Рахимов пен ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының сол кездегі бас бапкері Алексей Ни Рио олимпиадасында. 10 тамыз 2016 жыл.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы 19 қаңтарда Рахимовтің ісіне қатысты мәлімдеме жасап, спортшыға тағылған айып туралы хабардар екенін айтты.

"Қазақстан ауыр атлетика федерациясы ITA ұйымына таза тексеру жүргізу үшін қажетті барлық қолдауды білдіреді. Егер қажет болса біздің атлетімізге де құқықтық көмек ұсынады" деп жазылған мәлімдемеде.

ҰОК 18 қаңтарда ресми сайтында Қазақстан ауыр атлетика құрамасы Алматы облысындағы "Ақбұлақ" олимпиадалық орталығында жаттығуға кіріскенін хабарлады. Жаттығу бастаған атлеттер қатарында Рахимов те бар.

Қазақстан Рио олимпиадасында үш алтын, бес күміс, он қола медальмен жалпы есепте 22-орын алған.

НИЖАТ РАХИМОВ КІМ?

27 жастағы Рахимов Әзербайжанның Баку қаласында туған. Алғашында Әзербайжан құрамасының атынан халықаралық жарыстарға қатысып, 2010 жылы Сингапурде өткен жасөспірімдер олимпиадасында чемпион атанған.

Рахимов бұған дейін де допинг дауына ілінген. IWF Рахимовті "рұқсат етілмеген препарат қолданды" деп айыптап, екі жылға – 2013 жылы маусымынан 2015 жылдың маусымына дейін жарыстардан шеттеткен. 2014 жылы Рахимов Әзербайжан ауыр атлетика құрамасының бапкерлерімен жанжалдасып, Қазақстан азаматтығын қабылдады.

Рахимов 2016 жылы Рио олимпиадасына Қазақстан құрамасы атынан қатысып алтын алғанда батыс басылымдары оның жеңісіне күмән келтірген еді.

Риода қола иеленген египеттік Мохаммед Махмуд "допинг тексерістен кейін [медаль иегерлері бойынша] бойынша өзгеріс болуы мүмкін. Допинг шектеуінен оралып, қысқа уақыттың ішінде осындай салмақты көтеру мүмкін емес" деген. Сол кезде Рахимов Азаттыққа Египет атлетінің сөзін жоққа шығарып, "мен тазамын, басқа айтылып жатқан сөздерге сенбеймін" . Бұған қоса, Рахимов батыс басылымдарына "табысқа ең әуелі ұстанған дінім мен қатаң жаттығу кестелері арқасында жеттім" деп айтқан.

Рахимов биылға жоспарланған Токио олимпиадасына қатысуды көздеп жүрген.

ҚАЗАҚСТАН ІЛІНГЕН ДОПИНГ ДАУЛАРЫ

Қазақстан ауыр атлеттері бұған дейін бірнеше мәрте допинг дауына ілініп, олимпиадада алған медальдарын қайтарып берді.

2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиаданың допинг сынамаларын қайта тексерген. Бұл тексеру кезінде 49 ауыр атлеттің анализінен допинг табылған. Олардың басым бөлігі - постсоветтік елдердің, Қытай, Болгария, Түркия атлеттері.

"Қайта тексеру" кезінде Пекин және Лондонда чемпион атанған қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің екі олимпиададағы сынамасынан допинг табылғаны хабарланып, ол екі алтынын қайтарып берген. Пекинде қола медаль алған қазақстандық ауыр атлет Мария Грабовецкая, Лондонда чемпион болған Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедованың да анализдері оң нәтиже беріп, олар да олимпиада медальдарын қайтарған. Пекин мен Лондон олимпиадасына қатысқан Владимир Седов пен Алмас Өтешов те допинг қолданды деп айыпталған.

IWF шешімімен Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға спорттан шеттетілді. Төртеуінің де жазасы 2016 жылдың маусымынан басталып есептелді. 2018 жылы жаза уақыты аяқталған соң Ильин мен Чиншанло спортқа оралған. Бірақ Ильин 2020 жылы Токио олимпиадасы пандемияға байланысты кейінге шегерілген соң спорттан кететінін жариялады. Чиншанло Қазақстан құрамасының сапында алдағы жарыстарға дайындалып жүр.

Олимпиадада алтын алған атлеттер мемлекеттен 250 мың доллар сыйақы, пәтер, автокөлік алған еді. Кейін олар допингпен ұсталған соң жұрт спортшылардан ақшаны қайтарып алуды талап еткен. Бірақ билік допингпен ұсталған спортшылардың сыйақысын қалдырған.

ХОК Қазақстан ауыр атлетика құрамасын допинг ережесін көп бұзғаны үшін жазалап, Токио олимпиадасына апаратын атлеттердің санын сегізден екіге қысқартқан. 2021 жылдың жазына жоспарланған Токио олимпиадасына Қазақстан бір ер, бір әйел атлет ғана апара алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG