Accessibility links

Қырғызстанда "Нұр" партиясы құрылды. Оның шариғатқа сүйенуі алаңдатады


"Нұр" партиясының басшысы Мыктыбек Арстанбек.
"Нұр" партиясының басшысы Мыктыбек Арстанбек.

Қырғызстанда президент сайлауында төртінші орын алған Мыктыбек Арстанбек сайлау өте сала "Нұр" дейтін партия құрып, алдағы парламент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Саясаткер партиясының "дін мен дәстүрге сүйенетінін", бірақ діни күн тәртібін ұстанбайтынын айтады. Сөйте тұра ол Конституциядан "зайырлы мемлекет" сөзін алып тастап, шариғат заңдарын орнату туралы қоғамдық талқы бастағысы келеді.

"НҰР" ДІНИ ПАРТИЯ МА?

Журналистен саясаткерге айналған Мыктыбек Арстанбек әлеуметтік желіде ислам құндылықтарын насихаттайды, қоғамдық мәлімдемелер жасайды. Бірақ діни адам еместігін айтады.

Жаңа құрған "Нұр" партиясы Қырғызстанда шариғат заңдарын енгізу жөнінде "қоғамдық талқы" бастауды жоспарлайды. Бірақ өзі партияның діни күн тәртібі жоқ дейді.

Қырғыздар арасында Арстанбектің бұл сөздеріне сенбейтіндер көп. Себебі оның партиясы дін мен оның қоғамдағы рөліне ден қоюын жалғастырып отыр.

Жақында Арстанбек осы күдікті күшейтетін мәлімдеме жасады. Халқының көбі мұсылман елдің конституциясынан "зайырлы мемлекет" сөзін алып тастау керек деді.

Саясаткердің бұл сөзі әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Желі қолданушылары "Арстанбек пен оның партиясы ислам басқару жүйесін орнатуды көздемей ме екен?" деп күдік білдірді.

Арстанбек бұл тұжырымды дереу терістеді.

"Біз Қырғызстанды "Ислам мемлекеті" деп атауды ұсынған жоқпыз. Конституцияның жаңа мәтінінде "зайырлы" деген сөз бар, біз соны алып тастауды ұсындық. Бұдан мемлекеттік құрылымның өзгеріп кетпейтінін түсіндірдік. Демократиялық пен унитарлық сол күйі қалады" деді Арстанбек қырғыз баспасөз құралдарына.

Саясаткердің сөзінше, Қырғызстанды "зайырлы мемлекет" деп атау хиджаб киетін әйелдерді алалауға әкелмек.

"Зайырлылыққа сілтеп, орамал таққан оқушы қыздарды мектепке кіргізбейді" дейді ол.

"ДІНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰСТАНАТЫН" ПАРТИЯ

55 жастағы Арстанбек 10 қаңтар күні өткен қырғыз президентінің сайлауына қатысып, төртінші орын алды. Партия құру ниеті барын ол осы сайлаудан екі күн өткен соң барып мәлімдеді.

Мыктыбек Арстанбек қырғыз президенті сайлауының алдындағы теледебатта.
Мыктыбек Арстанбек қырғыз президенті сайлауының алдындағы теледебатта.

Instagram желісінде жарияланған видео үндеуінде Арстанбек "исламды саяси Майданға таратуды және адамдардың оған деген назарын аударуды" көздейтінін айтты.

Қырғыз конституциясы "діни негізде" партия құруға немесе "діни бірлестіктердің саяси мақсат көздеуіне" ашық түрде тыйым салады.

14 қаңтар күні Арстанбек Бішкек қаласында баспасөз мәслихатын өткізіп, партиясының тіркелгенін айтты. Мәслихат кезінде ол партияның "демократия қағидаттарына сүйенетінін" мәлімдеді.

"Біздің партия дінге сүйенеді демейміз, біз оның демократия қағидаттарына сүйенетінін айтамыз. Бірақ біз міндетті түрде діни құндылықтарды ұстанамыз" деді ол.

Арстанбек "Нұрдың" "дін мен дәстүр" құндылықтарына сүйенетін алғашқы қырғыз партиясы екенін айтады.

"Біз шариғат заңдарын ашық қоғамдық талқыға шығарамыз. Сөйтіп не боларын көреміз. Өтсе өтті, өтпесе өтпеді" деді Мыктыбек Арстанбек.

Ол сондай-ақ партияның күн тәртібінде "ешқандай радикализм" жоқ екенін айтты.

Шариғат заңдарына ұқсайтын ережелер мен шектеулер 6 миллион халқы бар Қырғызстанда қолдау таппауы мүмкін. Өйткені онда Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда діншілдік деңгейі төмен. Өйткені бұл елге ислам көршілеріне қарағанда кешірек келді.

Бірақ қырғыз қоғамы діншіл болып барады, исламға әсіресе жастар бет бұра бастады дейтіндер көп.

ШАРИҒАТ ЗАҢДАРЫН ҰСТАНУҒА ШАҚЫРУ

Арстанбек ислам мен оның қоғамдық рөлі мәселесін президент сайлауындағы саяси бағдарламасына да қосқан. Теледебат кезінде ол Қырғызстанда ислам заңдарын енгізуді ұсынып, мұның азаматтардың жауапкершілігін арттыратынын айтты.

Саясаткер Қырғызстанда ислам нормаларына сүйенетін экономикалық реформа жүргізуді ұсынды. "Қырғызстан мұсылман мемлекеті атанбай, дами алмайды" дейді ол.

Ол сондай-ақ Қырғызстандағы "атеизм зұлматынан арылу" қажетін айтып, өзіне дауыс беруге шақырды.

10 қаңтардағы сайлауда дауыс беріп жатқан әжей. Бішкек, Қырғызстан.
10 қаңтардағы сайлауда дауыс беріп жатқан әжей. Бішкек, Қырғызстан.

"Егер мұсылмандар діни өмір бастағысы келсе, бүгін оған мүмкіндік бар... қазіргі таңдау осы өмірге , о дүниеге де әсер етпек" деді ол.

10 қаңтардағы сайлауда Арстанбек 1,7 пайыз дауыс алды. Президенттік додада 80 пайыз дауыспен Садыр Жапаров жеңіске жеткен.

СӨЗ ЕРКІНДІГІ МЕ, ӘЛДЕ АПАТҚА АПАРАР ЖОЛ МА?

Қырғызстанның оңтүстік-батысындағы Жалал-Абад облысының тумасы Арстанбек 1990 жылдары мемлекеттік телеарнаға журналист болып кіріп, содан бері танымал қоғам қайраткеріне айналды.

Мамандығы – жол инженері. Саясаттануды оқып, Бішкектегі түрлі университетте журналистика және теология жөнінен сабақ берген.

2011 жылдан бері Халал индустрияның дамыту жөніндегі комитеттің басшысы. Комитет Қырғызстан мұсылмандар діни басқармасына қарайды.

Сөзге шешен Арстанбек әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Ол онда өзінің діни көзқарастарын, өзге де мәселелер жөніндегі пікірін бөліседі.

Арстанбектің мәлімдемелеріне келгенде қырғыз сарапшылары екіге бөлінеді. Кейбірі оған қолдау білдіріп, пікірі қандай болса да, айту құқығы бар деп санайды. Кейбірі оның діни көзқарастарына алаңдайды.

"Құқық қорғау органдары [Арстанбек мәлімдемелеріне] назар аударып, оған баға беруі керек еді. Егер саясатқа дінді араластырса, Орталық сайлау комиссиясы кандидатты сайлаудан шығарып тастауға тиіс еді. Дінді қолдану – өте нашар тәжірибе" деді Азаттықтың Қырғыз қызметіне құқық және теология жөніндегі қырғыз сарапшысы Нурлан Исмаилов.

ДІНДІ САЯСИ МАҚСАТТА ПАЙДАЛАНУ

Кезінде Қырғызстанның дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссиясын басқарған Орозбек Молдалиев қырғыз саясаткерлері арасында саяси пайдаға кенеліп, танымал болу үшін дінді пайдалану "үрдісі" белең алып барады дейді. Оның сөзінше, дінді саясатқа араластыру қақтығысқа әкелуі мүмкін.

"Бұл – өте қауіпті үрдіс. Діннің саясатқа араласуы әдетте қақтығысқа әкеледі" дейді Молдалиев. "Өзбекстанның Ислам қозғалысы" террористік ұйымға айналып кеткенін ұмытпауымыз керек. Бастапқыда олар да жай ғана дінді насихаттауды көздеді. Бірақ уақыт өте экстремиске айналды.

Дін істері жөніндегі комиссияның өкілі Кубанычбек Абакиров мекемесінің "Нұр" партиясының құрылғаны және Арстанбек мәлімдемелері жөнінде хабардар екенін айтады.

"Егер партия әділет министрлігінің тіркеуінен өтсе, оның жарғысында Конституция мен өзге де заңдарға қайшы келмейтіні жазылуы тиіс. Партия жарғысында мақсаттар мен оларға қол жеткізу жолдары көрсетіледі" дейді Абакиров.

Намаз оқып отырған адамдар. Қырғызстан.
Намаз оқып отырған адамдар. Қырғызстан.

Абакировтың сөзінше, егер партия "көрсетілген мақсаттарын немесе оған қол жеткізу жолдарын өзгертсе, тиісті органдар шара қабылдауы керек".

Бішкектегі баспасөз мәслихаты кезінде Арстанбек пен оның ұжымы "партияның платформасы мен бағдарламасын әзірлеп" партияның қаңтардың соңына белгіленген алғашқы жиынында жариялайтынын айтқан.

Партия қаңтардың соңында жиынын өткізбеді.

Мақала Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің хабары негізінде әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG