Accessibility links

Атамбаев пен Өмірқұлов: ескі достардың ерегесі


ҚСДП бұрынғы мүшесі Иса Өмірқұлов және Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев. Қырғызстан, 16 сәуір, 2018 жыл
ҚСДП бұрынғы мүшесі Иса Өмірқұлов және Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев. Қырғызстан, 16 сәуір, 2018 жыл

Иса Өмірқұлов – қырғыз парламентінің бірнеше шақырылымында депутат болған, кезінде "Қырғыз темір жолы" мемлекеттік кәсіпорнын басқарған, Бішкек қаласының мэрі болған. Оған жемқорлық бойынша айыптар да тағылды, тіпті қылмыстық іс те қозғалды. Сарапшылар Иса Өмірқұловтың Алмазбек Атамбаев басқаратын партиядан "жеке себептерге" байланысты қуылғанын айтады.

ӨМІРҚҰЛОВ ПЕН ДОКЕНОВ

Бішкек қалалық кеңесіндегі ҚСДП (Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы - әрі қарай ҚСДП) фракциясының қазіргі депутаты Эрнис Докенов бұған дейін Иса Өмірқұловты қатты сынап келген.

Ол кезде Иса Өмірқұлов Бішкек қаласының мэрі еді. Докенов одан жұмыстан кетуді талап етті. 2005 жылы "Қырғыз темір жолы" кәсіпорнын басқарған Докенов Иса Өмірқұловтың басшылығы кезінде кәсіпорын жағдайы өте нашарлап кеткенін айтты.

Эрнис Докенов
Эрнис Докенов

Қазір Эрнис Докенов пен Иса Өмірқұлов бір партияның мүшесі. Азаттыққа берген сұхбатында ол бұрын Өмірқұловты сынағанын растағанымен, оның бәрі "өткен іс" деп санайды.

- Оны "Қырғыз темір жолын" басқарып тұрғанда сынап, кемшілігін айттым. Ол сынымнан бас тартпаймын. Ал, қазір онда істемейді. Әр сынның уақыты бар. Қарым-қатынасымыз жақсы болды, сынды жақсы қабылдады. Кек сақтаған жоқ. Жұмыста түрлі жағдай болады. Бұрын да бетіне айтқанмын, қазір де солай айтамын. Біреудің сыртынан сынап, өткенді қозғай бергенді ұнатпаймын, - дейді Эрнис Докенов.

Иса Өмірқұлов Құрманбек Бакиев президент болған кезде оппозициялық "Біріккен ұлт" қозғалысының беделді мүшесі болды. 2009 жылы күрделі саяси кезеңде үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Қаржы полициясы "Өмірқұлов 2004 жылы "Қырғыз темір жолының" жетекшісі болғанда қазақстандық кәсіпкер Тәуіржан Байдәулетовтен 60 мың доллар көлемінде пара алған" деп айыптады. Байдәулетов "Нарын - Торугарт" темір жол құрылысын салуға қатысу үшін пара берген-міс. Өмірқұлов бұл істі "саяси қудалау" деп атады, бірақ іс сотқа жетпеді.

Иса Өмірқұловқа қатысты екінші қылмыстық іс 2013 жылы Қырғызстан Қылмыстық кодексінің "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша қозғалды. Бас прокуратура оны 2011 жылы Бішкек мэрі болған кезінде "Дайыр Асанов атындағы Жеңіс саябағының 16 гектар жерін 49 жылға заңсыз жалға берген" деп айыптады. Бірақ Өмірқұлов сотта жеңіп шықты.

Бұған дейін Азаттық тілшісі Бішкек қаласының 11-ықшам ауданындағы 10 гектар жерге қатысты дауды зерттеген болатын. Жогорку Кеңештің бұрынғы депутаты, кәсіпкер Акбөкен Тастанбеков жер иесі екенін, мэрияның оны заңсыз тартып алғанын айтып шағымданған. Оның айтуынша, бұл іске Иса Өмірқұловтың да қатысы бар-мыс.

- Бізге келген қылмыстық топ өкілдері Иса Өмірқұловқа қоңырау шалды. Олардың арасында "саябақ меңгерушісі" деген атпен белгілі Болот Айдарбеков те бар. Сот кезінде топ өкілдері оның шын атын айтудан бас тартты. Олар компанияны беруді талап етті. Компанияның жер телімінен басқа мүлкі жоқ. Бірақ рұқсат қағаз бен қызыл кітап компания атына рәсімделген, - дейді Ақтөбек Тастанбеков.

Ал Иса Өмірқұлов тағылған айыптың бәрін "жала" дейді.

- Мен мұны "күйе жағу" деп есептеймін. Сайлауда менен жеңілгеніне күйініп жүрсе керек, әйтпесе арамызда басқа байланыс жоқ. Ол атаған жігіттерді танымаймын. Танымайтын адамдармен не жайында сөйлеспекпін? Бакасов дегеннің кім екенін де білмеймін, - дейді Иса Өмірқұлов.

"Өнүгүү-Прогресс" фракциясының Жогорку Кеңештегі депутаты Исхак Масалиев Өмірқұлов туралы пікірін былайша жеткізеді.

Исхак Масалиев
Исхак Масалиев

- Танымал тұлға дей алмаймын, қатардағы саясаткердің бірі. Көп нәрсені біледі, түсінеді, сондықтан әрдайым өз орнын табады. Бес рет парламент депутаты болды. Демек, қарапайым адам емес. Қажет кезде қажет жерден табыла біледі. Сайлаушылардың талабын орындай алады. Бір мандатты округтен екі рет сайланды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Демек, аудан оған дауыс берді, жұмысын бағалады. Мұндай нәтижеге жету оңай емес. Партиялық қызметі туралы білмеймін. Өзара қарым-қатынастары күрделі, сайлаушыларға берген уәделерін орындай алмай жатады.

Өткен аптада ҚСДП саяси кеңесінің жиыны өтті, онда Өмірқұловты "партияның негізгі мақсат-міндеттері мен жарғысына қайшы келетін әрекеті үшін партиядан шығару" туралы шешім қабылданды.

Қоғам қайраткері Топчубек Тургуналиев мұны партия жетекшілері арасындағы жеке мәселелермен байланыстырады.

Топчубек Түргуналиев
Топчубек Түргуналиев

- Иса Өмірқұлов парламенте ықпалы бар, жоғары деңгейдегі саясаткер әрі ҚСДП негізін қалаушылардың бірі. "Атамбаевсыз ҚСДП" деген қозғалыс бар екен, олар өздері жиын өткізеді екен. Олардың артында Иса Өмірқұлов тұр деген желеумен өш алды" деп ойлаймын, бірақ ол дәлелденбеген пікір. Бұл жақсы емес. Атамбаев пен Өмірқұловтың арасындағы алауыздық туралы естімеппін. Қалай болғанда да жеке қарым-қатынастан бөлек партиялық байланыс бар. Бұл жағдайда партия мүддесі мен жарғысы емес, жеке қарым-қатынас басты орынға қойылды, - дейді Топчубек Тургуналиев

Иса Өмірқұлов – Жогорку Кеңештің барлық шақырылымының депутаты. Мемлекеттік қызметке 1990 жылы келген. 1991-1994 жылдары Қырғызстанның вице-президенті, бірінші вице-премьердің көмекшісі болды. 1994-1998 жылдары бас көлік инспекторы, 1998-2005 жылдары "Қырғыз темір жолын" басқарды. ​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG