Accessibility links

Екі көрші кәсіпкерлерін қалай қорғайды?


Қазақ-қырғыз шекарасындағы бақылау-өткізу пунктінде кезекте тұрған жүк көліктері. 12 қазан 2017 жыл
Қазақ-қырғыз шекарасындағы бақылау-өткізу пунктінде кезекте тұрған жүк көліктері. 12 қазан 2017 жыл

Қырғызстан мен Қазақстан көлік блокадасының бір жылдығын кезекті "кішігірім соғыспен" атап өтті.

Қазанның 13-і күні Қырғызстан шектеуді алып тастады. Ал көршісі әлі үнсіз. Қырғызстан көршісінің өзімен шектесетін облыстарда "құс тұмауы патогені жоғары" деген күдікпен шектеу енгізді. Бір аптаға жуық уақытта қырғыз тарабы "Қазақстан қабылдаған шара нәтижесіне" орай шектеуді алып тастады. Яғни, олардың күдігі расталмады.

Бірақ Қазақстан көрші мемлекеттің шектеуін "заңсыздық" деп, Қырғызстаннан ет өнімдерін әкелуге тыйым салды. Ет өнімдерін өндіретін бес қырғызстандық фирмаға шектеу қойылды.

Екі республика да құрамына кіретін Еуразия экономикалық одағында (ЕЭО) мұндай жағдайлар қалай реттеледі? Қырғызстандық экспортшылар қорғалған ба? Қырғызстан ЕЭО-ға кіргелі Қазақстан Қырғызстаннан өнім әкелуге бірнеше рет шектеу қойды. Түрлі уақытта, кейде бір мезетте сүт, ет өнімдері мен жеміс-көкеністерге тыйым салынды.

Мұндай "блокадаға" саяси оқиғалар себеп болып жатады. Ресейлік саясаттанушы, ЕЭО сараптамалық клубының төрағасы Никита Мендковичтің пікірінше, ЕЭО мүшелері шектеу енгізуге құқылы, бірақ оның негізі болуы керек.

- Экспорттаушы мемлекетте індет тараса, әр мемлекет мал өнімдерін әкелуге шектеу қоя алады. Сауда-экономикалық одақ туралы келісімшарттың болуы бұндай тәжірибеге кедергі келтірмейді. Алайда енгізілген шектеу тым көп болса немесе негізсіз болса, мемлекет ЕЭО құрылымында қарастырылған процедура аясында арбитражға жүгінуге құқылы. Егер қазіргі жағдайда Қазақстан немесе Қырғызстан ветеринарлық процедуралар арқылы осындай протекционизм белгілерін көрсе, басқа шара қабылдамай, ресми процедура аясында мүддесін қорғауға ұмтылғаны абзал, - дейді Никита Мендкович.

Тараптар тұрғындарды ойлаған жоқ, мәселе саяси сипатқа ие болды
Эркин Абдразаков.​

Осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша Қырғызстан мен Қазақстан 416,3 миллион долларға сауда жасасты. Қырғызстан 144,9 миллион доллар соманың тауарын экспорттап, 271,4 миллион доллар соманың тауарын импорттады. Екі жақты сауда былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 6,2% азайған. Қырғызстан экспортында ет өнімдерінің қаншалықты үлеске ие екені туралы статистикалық деректер жоқ.

Қаңтар-тамыз айларында Қырғызстанда 2983,6 тонна шұжық өнімдері мен 8763,6 тонна ет және ірі қара мал, шошқа мен қой, т.б. қосымша өнімдері өндірілген. Қырғыз кәсіпкерлері бұл өнімдерді негізінен Қазақстанға экспорттайды.

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекция Қазақстан шектеу қойған бес ет өнімдерін өндірушінің бәрінде қажетті сертификаттар бар екені және ЕЭО реестрінде тіркелгенін айтады.

Экономист Эркин Абдразаковтың пайымдауынша, бұл мәселеде саяси сипат бар.

- Тексерілмеген ақпаратқа сүйеніп, шектеу енгізген біздің ветеринарлық және фитосанитарлық қызмет жөніндегі мемлекеттік инспекция асығыстық жасады. Бұл Ауылшаруашылығы министрлігінің айыбы. Алдымен ақпаратты анықтап алу керек еді. Біз жақтан қателік кетті. Ал Қазақстан біздегі зертханалардың әлсіздігін, талапқа сай келмейтінін тұспалдады. Қазақстан зертханаға 100 миллион доллар бөлуге тиіс еді, бірақ біздікілер олардың ескі жабдық әкелетінін, т.б. айтып, бас тартты. Яғни, әу бастан бәсекелестік байқалды. Тараптар тұрғындарды ойлаған жоқ, мәселе саяси сипатқа ие болды. Екінші жағынан, Қазақстан өз бизнесінің мүддесін, ет өндірушілерін қатты қолдайды. Шекара ашылса да біздегі өндірушілер, әсіресе, жеміс-жидек пен көкөніс өндірушілер ауыр жағдайда қалды, - дейді Эркин Абдразаков.

Қазанның 5-і күні Қазақстан халқына жолдау жасаған Нұрсұлтан Назарбаев ет өнеркәсібі мәселелерін атап өтіп, оларды жылдам шешуді талап етті.

"Біз өзімізді нанмен, етпен, сүтпен, энергиямен қамтамасыз етеміз, Құдайға шүкір, ешкімге тәуелді емеспіз, бірақ басқа тауарлар жағын да экономика министрлігі қарауы керек... Біз – ет өндіретін елміз, ал шұжықты шетелден әкелеміз, себебі дұрыс жұмыс істейтін қайта өңдеу өнеркәсібі жоқ. Ауылшаруашылығы министрлігінен Астана маңына ет өнімдерін супер өңдеуші зауыттар салуды тапсырдым – ең жақсы шұжық пен конфеттер шығарсын. Бізде барлық шикізат бар, бірақ өнімді шетелден әкелеміз және ол үшін валютамен төлейміз" деген Назарбаевтың сөзін kursiv.kz келтіреді.

Азаматтарымыз өзінікі дұрыс екенін мемлекетаралық комиссияда қайтпас қайсарлықпен дәлелдеуі керек
Искендер Шаршеев.​

Қырғызстаннан ет өнімдерін әкелуге тыйым салған кезде қазақстандық шенеуніктер ел президентінен қатаң сөз естіп жатқан еді. Қазақстан президенті кәсіпкерлердің өз мүддесі үшін күресуі керектігін де айтты, Қырғызстан шекараны жапқанда қырғызстандық бизнестің қалай күрескенін мысал етті. Бірақ экономист Искендер Шаршеев қырғызстандық кәсіпкерлердің үнсіз қалатынын, ЕЭО құралдарын қолданбайтынын айтады.

- Құжаттарды көрсетсе ЕЭО келіседі. Бірақ бірден келісе салмайды. Мәселені ЕЭО-ға мүше барлық бес мемлекет деңгейінде көтеру керек. Күш салу керек. Біздегі азаматтар өзінікі дұрыс екенін мемлекетаралық комиссияда қайтпас қайсарлықпен дәлелдеуі керек. Қолдарында құжаттары болуға тиіс. Біздікілер олай істемейді. Беларустар, армяндар, қазақтар мен ресейліктер солай істейді. Олар үкіметаралық комиссияда өз кәсіпкерлерінің құқығын қорғайды, - дейді Искендер Шаршеев.

Бұған қоса Шаршеев Қазақстанның ет өнімдерін әкелуге шектеу қоюының саяси астары бар дейді.

- Бұл жағдайды басынан бастап бақылап отырмын. Бизнес кеңес құрамына кіремін, бизнес-қауымдастықтармен байланысым бар. Олар "індет жүріп жатыр, Қазақстанда құстар жаппай қырылып жатыр" деп хабарлады. Біраз уақыттан соң маған құжаттар тапсырды. Сәлден соң фитосанитарлық қызметке тыйым салды. Ал еліміздегі эпизоотиялық жағдай бірқалыпты. Сол кезде – бір жарым ай бұрын – Қазақстан тарабы шекараны жабады деп ойладық. Себебі әділдік, объективті фактілер, бір-бірінің денсаулығын сақтау, азаматтарды сақтау туралы әңгіме жоқ... Саясат пен ақша ғана маңызды... Саяси тұрғыда көрші мемлекет бізден күштірек, негізгі жүк ағыны соның аумағынан өтеді. Біз оған тәуелдіміз, - дейді Искандер Шаршеев.

Қазақстан өнімдеріне шектеу қойған компаниялар әзірге үнсіз. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, қырғызстандық экспортшылар салалық ведомство мекемелерін басқарып отырған кәсібилігі төмен кадрлардан зиян шегеді. Олар көрші мемлекетпен тең дәрежеде келіссөз жүргізе алмайды деп санайды.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG