Accessibility links

Қырғызстан күйеуі ұратын әйелдерді қорғайтын заң қабылдамақ


Қырғызстанда күйеуі ұрып-соғатын әйелдердің көбі қоғамдық табалау мен тұрмыстық қиындықтан қорқып, зорлық-зомбылыққа төзуге мәжбүр. Туыстары оны қорғаудың орнына дәстүрге сілтеп, күйеуіне оралуға үгіттейді. Енді Жогорку Кеңеш осы мәселені шешуді көздейтін заң қабылдап отыр. Бірақ бұл заңды депутаттардың бәрі бірдей қолдамаған, ал әйел құқығын қорғаушылар заңның қабылдануын оң қадамға балады, бірақ оның мәселені толық шешпейтінін айтты.

КЕЙІНГІ АЙДА БІР ЫСТЫҚКӨЛ ОБЛЫСЫНДА 3 ӘЙЕЛ ӨЛДІ

Қырғызстанның Ыстықкөл облысында кейінгі бір айдың өзінде отбасында зомбылық көрген үш әйел қайтыс болды. Екеуі өзіне қол жұмсаған, біреуін күйеуі өлтірген.

Қаракөл қаласында шет тілінен сабақ беретін 33 жастағы Аруузат анасының үйіне келіп, сірке суын ішкен. Жан сақтау бөліміне түскен Аруузат 29 желтоқсан күні өмірден өтті. Артында үш баласы қалды.

Отбасындағы зорлық-зомбылықты бейнелейтін сурет.
Отбасындағы зорлық-зомбылықты бейнелейтін сурет.

Ауруханада жатып бір сәтке есін жиған Аруузат WhatsApp желісі арқылы әріптестеріне хат жолдап үлгерген. Онда ол туыстарының өзін ұрып-соғатын күйеуімен татуласуға итермелегенін, сол себепті өмірімен қош айтысуыға бел буғанын жазған.

Аруузат мәтінмен бірге денесіндегі соққының ізін бейнелейтін суреттерді қоса жіберген.

Мұғалімнің әріптестері жағдайдан хабардар болғанын, бірақ оның өзі полицияға жүгінуді қаламағанын айтады.

– Ол бізге ұрып-соғу туралы айтқан. Қашып кетсе, күйеуі геолокация арқылы тауып алып, одан әрі азаптайды екен. Қайбір жолы шыдай алмай үйінен кеткенде, тауып алып үйіне әкелген де, аузына арақ құйып, таңға дейін ұрған... Көмектесейін дегенде, отбасына араласпауымды сұрады. Күйеуінен қорықты, сол үшін милицияға жүгінбеді. Балаларын да тастап кете алмады, – Аруузаттың әріптесі әрі құрбысы Нәзира.

Тек Аруузаттың өлімінен кейін ғана әріптестері полицияға жүгініп, оның отбасында зорлық-зомбылық көргенін айтқан. Ал марқұмның анасы, бауырлары және өзге де туыстары әлі үнсіз.

Қырғызстанда тұрмыстық зомбылыққа үнсіз мойынсұну бұрыннан бар. Адамдар ерлі-зайыптың ажырасуына мейлінше жол бермей, ә йелдерді отбасындағы жағдай қандай болса да, некені сақтап қалуға итермелейді.

Күйеудің топалаңына төзуге шақыратын қоғам тұрғанда отбасындағы зорлық-зомбылық қалыпты жағдай болып қала бермек. Ал бұл Аруузат секілді көптеген әйелдің өліміне әкеліп отыр.

Отбасындағы зорлық-зомбылықты бейнелейтін сурет.
Отбасындағы зорлық-зомбылықты бейнелейтін сурет.

Қырғыз парламенті ақыры тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға күйеуінен таяқ жейтін әйелге қысым көрсетуін тыюды көздейтін түзетулер мен өзгертулер енгізді. Өзгертулер күшіне енсе, некеге тұрғандардың бірі екіншісіне физикалық және психикалық зорлық-зомбылық көрсеткен жағдайда дәстүрге сілтеп мәжбүрлі түрде татуластыруға тыйым салынады.

Құжат жарына қол жұмсаушыларды жазалау шараларын қатайтуды да көздеп отыр.

Депутат Исхак Пирматовтың бастамасымен әзірленген түзетулер мен өзгертулерді қырғыз парламенті 20 қаңтар күні екінші оқылымда мақұлдады.

Қырғызстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық – ең қызу талқыланатын тақырыптардың бірі. Полиция жыл сайын мыңдаған тұрмыстық зомбылық фактісін тіркейді. Құқық қорғау органдарына жүгінбейтіні қаншама.

2020 жылы қырғыз полициясы отбасындағы ұрып-соғу жағдайы бойынша 9025 оқиғаны тіркеген. Бұл – алдыңғы жылғыдан 65 пайызға жоғары көрсеткіш.

Сол тіркелген оқиғалардың ішінен тек 940-ы ғана сотқа жеткен. Қалған жағдайларда зардап шегушілер – олардың көбі әйелдер – шағымын кері қайтарып алған.

"ҚЫЛМЫС ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАУЫ ТИІС"

"Зомбылық көргендер туыстарының қысымынан татуласуға көнетін жағдайлар өте көп. Салдарынан іс сотқа жетпейді, бірақ зардап шегушілер қорғансыз күйі қала береді" деді депутат Наталья Никитенко парламенттегі пікірталаста.

Жогорку Кеңеш депутаты Наталья Никитенко. Бішкек, 25 қараша 2020 жыл.
Жогорку Кеңеш депутаты Наталья Никитенко. Бішкек, 25 қараша 2020 жыл.

"Енді заң жобасы бір тарап екіншісіне зорлық көрсететін жағдайларда татуласуға тыйым салатын жаңа стандарттар енгізіп отыр" деді Никитенко.

Қазіргі заң аясында зардап шегуші шағымын қайтарып алса, полиция істі жаба алады. Ал жаңа заң бойынша зардап шегуші шағымын қайтарып алса да зорлық-зомбылықтың болған-болмағанын тергеуі тиіс.

Никитенконың сөзінше, енді "татуласуды желеу етіп қылмысты жасыруға жол берілмейді".

Кей депутаттар бұл құжатқа қарсы шықты. Олар некенің күрделі әрі сезімтал мәселе екенін, отбасын сақтап қалудың ең дұрыс шешім екенін айтады.

"Отбасында кез келген жағдай болуы мүмкін" деді татуласуға басымдық беретін депутат Камчыбек Жолдошбаев. "Бәлкім бізге басқа шешім керек болар? Мәселен, [ерлі-зайыптының] үлкендерімен ақылдасу не жергілікті кеңестерді араластыру".

Бірақ депутат Пирматов оған қарсы уәж айтып, қылмыскерлер татуласуды желеу етіп жазадан жалтара берсе, зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау мүмкін болмайды деді.

Жогорку Кеңеш депутаты Исхак Пирматов.
Жогорку Кеңеш депутаты Исхак Пирматов.

"Жаза болмаса, қылмыстық әрекет бола береді" деді Пирматов.

Құжат әлі үшінші оқылымда мақұлдануы керек. Одан кейін оған президент Садыр Жапаров қол қоюы тиіс. Заң содан кейін ғана күшіне енеді.

"ЗАРДАП ШЕГУШІЛЕРГЕ КӨМЕК БЕРУ ӘРДАЙЫМ ОҢАЙ БОЛА БЕРМЕЙДІ"

Қаракөлдегі Аруузаттың өлімінен санаулы күн өткенде Ыстықкөл облысы Түп ауданында отбасындағы зорлық-зомбылықтан тағы бір әйел көз жұмды.

Полиция үй шаруасында отырған 40 жастағы Гүлмайрам Такташеваны күйеуі тұншықтырып өлтіргенін растады. Оқиға 9 қаңтар күні Долон ауылында ерлі-зайыптының өз үйінде болған.

"Күйеуі Айбек кейінгі уақытта көп ішетін болып кетті" дейді Такташеваның бауыры. "Гүлмайрам ренжіп, әке-шешеміздің үйіне кеткенде, Айбек жалынып-жалбарынып үйіне қайтарған. Олар татуласты, бірақ көп ұзамай ол [Гүлмайрамды] өлтірді".

Осыдан кейін Такташеваның күйеуі суицид жасады. Ерлі-зайыптының артында төрт бала қалды.

12 қаңтар күні Қаракөлде тағы бір әйел өзіне қол жұмсап көз жұмды. 29 жастағы әйел телеарнада жұмыс істеген. Артында үш баласы қалған. Полиция куәгердің, шағымның болмауынан іс қозғай алмай отырғанын айтады.

Қырғызстандағы әйел құқығын қорғаумен айналысушылар заңды оң қадамға балап отыр. Бірақ отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шегетіндерді қорғау үшін өзге де қадамдар керек дейді. Олар үкіметтен зардап шегушілерге арналған кризис орталықтарын құруды талап етіп отыр. Мұндай орталықтарда зардап шегушілер жарасын жазып, құқықтық кеңес ала алады. Тұрмыстық зомбылыққа тап болғандардың кейбірі баспана мен жұмысқа мұқтаж.

6,5 миллион халқы бар Қырғызстанда бар болғаны 17 ғана кризис орталығы бар.

Қаракөлдегі Оңалту және қолдау орталығының координаторы Марина Личанью зардап шегушілерге көмек көрсетуде көптеген қиындық туатынын айтады.

– Біздің орталыққа жүгінген әйелдердің шамамен 80 пайызы жоғары білім алмаған. Олардың көбі ерте жастан күйеуге шыққан немесе некеге алып қашу арқылы тұрған. Оларға жұмыс табу, ешкімнің қолына қарамай өзін және балаларын асырай алатындай жайлы жағдай жасау қиын. Олар туыстарынан қолдау таба бермейді және қоғамның табалауынан қорқады. Сол себепті көбі ақыр соңында зорлық-зомбылық көрсететін күйеулеріне оралып жатады" дейді Личанью.

Елде күйеуі әйелінен зорлық көрген ондаған жағдай тіркелген.

Қырғыз билігі зардап шеккендерге көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Осы аптада үкімет отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнап жедел желі ашқанын хабарлады. Енді олар 117 нөміріне қоңырау шалып, басынан өткергенді баяндап, көмек сұрай алады.

Фарангиз Наджибулла мақаланы Азаттық радиосы Қырғыз қызметі тілшілерінің дерегіне сүйеніп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG