Accessibility links

Ресейдегі қырғыз мигранттарын өз отандастары тонайды


Мәскеуде жұмыс істеп жүрген қырғыз мигранттары. (Көрнекі сурет)
Мәскеуде жұмыс істеп жүрген қырғыз мигранттары. (Көрнекі сурет)

Мәскеуде мигранттардың пәтерлерін тонау қалыпты құбылысқа айналды. Өз отандастарының заттарын, ақшасы мен киім-кешегін ұрлаған адамдардың фотосуреттері әлеуметтік желілерде көп. Жапа шеккендер құжаттарын тексеріп қалады деп қорқып жергілікті полицияға жүгінуден тартынады.

Гүлмираның Мәскеуде отбасымен тұрғанына екінші жыл болған, ұрылар осы уақыт ішінде оның пәтерін екі мәрте тонаған. Жалға алған үш бөлмелі пәтердің бір бөлмесінде оның отбасы тұрады, қалған екі бөлмені отандастарына жалға берген.

Жуырда қырғызстандық ерлі-зайыпты жастар пәтер көруге келген, бірақ Гүлмира қымбат тұратын ұялы телефондарын ұрлап алғанын екеуі кеткеннен кейін байқаған.

- Екеуі пәтер көруге келді. Жігіт «тіс дәрігерімін» деді, ал қыздың не айтқаны тіпті есімде де жоқ. «Үш адам болып тұрамыз, ал заттарымызды көп ұзамай таксист әкеліп береді» деді. Оларға «отыра тұрыңдар» дедім де, өзім ас бөлмеге кіріп кеттім. Сосын біреу телефон соғып қалды да, бөгеліп қалдым. Бөлмеге қайта кірсем, ешкім жоқ екен. Мәскеу қаласында мигранттарға жұмысқа жақын жерден пәтер табу қиын, - дейді ол.

Жігіттермен қоса, жас қыздар да ұрлықпен айналысады, бірақ Ресей астанасында жүрген мигранттар қазір бұған таңданбайды. «Одноклассники» әлеуметтік желісінде пәтер тонаушылардың фотосуреттері мен аты-жөні жарияланған арнайы топ бар. Гүлмира баспана іздеп келетін жастарға сенгісі келетінін айтады.

Ертеректе ондайды естігенім болмаса, өз басыңа түспей мән бермейді екенсің. Жақсы өмір сүріп, ақша тауып, әке-шешелеріне көмектессінші деп ойлап, әлгі екеуін аяп едім.

- Бір рет те күдіктенбеппін. Әлгі қыз әдемі екен, жасы 18-де. Жігіт те келбетті көрінді. Екеуі пәтерден әп-сәтте үш смартфонды ұрлап үлгерді. Ертеректе ондайды естігенім болмаса, өз басыңа түспей мән бермейді екенсің. Жақсы өмір сүріп, ақша тауып, әке-шешелеріне көмектессінші деп ойлап, әлгі екеуін аяп едім, - дейді ол.

Ресейдегі Қырғызстан ІІМ өкілдігі күдіктілердің аты-жөні анықталды, қазір іздеу жарияланды деп хабарлаған.

Шыңғыз Кудаяров Мәскеу мейрамханаларының бірінде жұмыс істейді. Еңбектеніп жинаған ақшасын ұрлап кеткеннен кейін Кудаяровқа ұрылардың Қырғызстанда тұратын әке-шешесін іздеп табуына тура келген, бірақ әзірше ештеңе өндіре алмаған. Ол бәрінен бұрын төлқұжатын қалпына келтіру қиын болғанын айтады.

- Біз бірге тұрғанбыз. 23 жастағы Ұлан деген әлгі жігіт Ош облысының Ноқат ауданынан болатын. Келіншегім екеуміз үйге жіберейік деп 203 мың рубль жинап, ақшаны киімнің арасына тығып қойғанбыз. Ол ақшамен бірге төлқұжат жатқан сөмкені де ұрлап кетіпті. Бір айдан кейін түрлі хабарламалар жазды. Әуелі ол Екатеринбургте, кейін Тулада жүр деп естідік. Қырғызстанға қайтқан кезде әке-шешесіне бардым. Әкесі әуелі полицияға арыз жазбай-ақ қой деп жалынды, сосын «Тауып алыңдар да, қалағаныңды істеңдер» деді.

Ресейде 600 мыңдай қырғызстандық жұмыс істейді, мигранттардың жартысынан көбі Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысында жүр.

Мәскеуде пәтерді жалға беретіндер әдетте бірнеше айдың ақысын алдын ала төлеуді талап етеді, сондықтан отандастар әр адамнан шамамен 4-5 мың рубльден жинайды. Бұдан бөлек, жұмыс бабымен жиі орын ауыстыруға тура келетіндерге тәуліктеп орын беретін қонақүй сияқты пәтерлер бар. Олардың бәрі заңсыз жұмыс істейді. Сондықтан мигранттар арасындағы заң бұзу оқиғалары ашылмай қала береді.

XS
SM
MD
LG