Accessibility links

Көшкіннен опат болған адамдарды іздеп жатыр


Өзгендегі жер көшкінінен жапа шеккен жұрт. 1 мамыр 2017 жыл.
Өзгендегі жер көшкінінен жапа шеккен жұрт. 1 мамыр 2017 жыл.

Сәуірдің 29-ы күні таңертең Ош облысы Өзген ауданындағы Заргер ауылдық округіне қарасты Аюу ауылында жүрген жер көшкіні астында қалған 24 адам мерт болған деп есептейді. Іздеу жұмыстарына 175 құтқарушы, 100-ге жуық әскери қызметші және осы шамада жергілікті тұрғын – жиыны 400-ге тарта адам жұмылдырылған.

Артықбай Камчиев төрт күннен бері аза тұтып отыр. Трагедия оның жұбайы, екі ұлы мен екі немересінің өмірін қиған. Оның сөзінше, жылқыларды өріске айдап кеткенінде әлі ұйықтап жатқан туыстарынан айырылған.

– Әйелім, балаларым опат болды. Келінім, немерелерім... Келінімнің алты жыл бала көтере алмай көрген баласы. Ал жұбайыммен 30 жыл отасыппын, – дейді ол.

Отағасы ендігі өмірі не болатынын әзірше елестете де алмайды.

– Ешкімге мұндай қайғыны тілемеймін. Енді қалай өмір сүрмекпін? Кіммен, қайда тұрамын, білмеймін. Ертеңгі күнім не болатынын мүлде білмеймін, – дейді ол.​

Өзгендегі топырақ басқан үйдің тұрғындарын іздеп жүрген адамдар.
Өзгендегі топырақ басқан үйдің тұрғындарын іздеп жүрген адамдар.

ІЗДЕУ ҚИЫНДЫҚТАРЫ

Қазір Аюу ауылында опат болғандардың үшеуінің ғана денесі табылған. Сәуірдің 30-ы күні түске таман 12 жастағы Адина Маманова мен екі жасар Мадина Хабибаллаеваның денесі табылған. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, сағат 17.30-да 20 жастағы Гүләйім Назирбаеваның денесі табылған. Қазір топырақ астында қалған өзге адамдарды іздеп жатыр.

Мамандар дерегінше, көшкін көлемі шамамен 200 мың текше метрді құрайды. Ертеректе төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) тас-топырақ аралас көшкін көлемі шамамен 1 миллион текше метр деп хабарлаған. Сондықтан іздеу жұмыстарын тоқтатып, әлгі жерді зират ету ұсыныстары түсіп жатыр. Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы ол ұсынысты қолдап, ұйым мүшелері бұл шариғатқа қайшы емес екенін айтқан.

Сәуірдің 30-ында діни басқарма шұғыл жиын өткізіп, іздеру жұмыстарын тоқтатып, трагедия болған жерді зиратқа айналдыру үшін бөлу туралы пәтуа шығарған. Жиналыста әлгі ұсынысты діни басқарманың 11 мүшесінің бәрі бір ауыздан қолдаған.

Ресми дерекке сәйкес, табиғи апат кезінде жер астында адамдар қалып қойған болса және топырақ басып қалғандарды алып шығу мүмкіндігі жоқ болса, шариғат бойынша әлгі жерді зиратқа айналдыруға болады. Жиында дәлел ретінде діни кітаптар көрсетілді.

Діни басқарма мүшелері өздері шығарған пәтуаны халыққа таныстыру үшін мамырдың 1-і күні Аюу ауылына бармақ.

ВИДЕО: Аюу ауылындағы көшкіннен соң

Аюу ауылындағы көшкін
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:03:46 0:00

Өзген ауданы тұрғыны Мұхтар көшкін жүрген кезде екі баласынан айырылған. Апат жұбайы балаларын ертіп туыстарына қонаққа келген кезде болған. Муктар құтқару жұмыстары баяу жүріп жатқанына қынжылады.

– Үлкен техниканы неге пайдаланбайды, төтенше жағдайлар министрлігінде неге техника жоқ? Екі күнде бар-жоғы үш-төрт машина ғана топырақ шығарды. Мына қарқындарымен қимылдаса, кемі алты ай керек болады. Ондай болса, мен іздеуді тоқтатуға келіспеймін, – дейді ол.

БИЛІКТІҢ ТҰРҒЫНДАРДЫ КӨШІРУ ЖОСПАРЫ

Ауыл тұрғындары арасында қазу жұмыстарын жалғастырып, мерт болғандардың сүйегін шариғат ережелері бойынша жерлеуді талап ететіндер де бар.

Көшкін жүрген күні Аюу ауылында 30 үй тұруға қауіпті жерде орналасқаны айтылып, олар үшін шатырлар тігілген. Бірақ оған тұрғындардың ешқайсысы әлі көшкен жоқ. Жұрттың көбі туыстарының үйінде түнеп жүр.

Өзгендегі жер көшкен маң. 2 мамыр 2017 жыл.
Өзгендегі жер көшкен маң. 2 мамыр 2017 жыл.

Жергілікті тұрғын Маматсабыр Каракозуевтің сөзінше, жер телімін бөлу мәселесін тезірек шешілгені жөн.

– Палаткаларды кеше тікті. Бізді сол жаққа шақырған. Бірақ кеше қар жауды. Менің үйім көшкін жүрген тұстың ар жағында орналасқан. Жол жабық. Бірақ көшу керек, енді жүгімізді ат, есекке тиеп көшуге тура келеді. Кеше көрші-қолаң мен туыстардың үйінде түнеп шықтық. Бірақ жерді тезірек берсе жақсы болар еді. Қыс түскенге дейін үй салып аламыз деп үміттенеміз. Кешегі көшкінді өз көзімізбен көрдік. Бәріміз шошып қалдық. Енді мына жерде тұруға болмайды. Жерді қай жерден берсе, сол жерге жайғасамыз, – дейді ол.

Жергілікті ауыл округі басшысы Дилмухаммед Бокошевтің айтуынша, қауіпті учаскелерден Аюу ауылы тұрғындары ғана емес, округтің бүкіл тұрғынын көшіру жоспарланған.

– Өзген ауданына қарасты Төрткөл округінен 42 гектар жер бөлінді. Қазір әлгі жерді ауыстырып жатырмыз. Заргер ауылдық округінен көшірілетін 394 отбасының тізімін бердік, – дейді ол.

Уақытша шатырда тұрып жатқан Өзген тұрғындары. 2 мамыр 2017 жыл.
Уақытша шатырда тұрып жатқан Өзген тұрғындары. 2 мамыр 2017 жыл.

Ош облыстық төтенше жағдайлар басқармасы басшысы Дайырбек Каримов көшкін жүру қаупі бар аймақтарда тұратын азаматтарды мәжбүрлі түрде көшіру жұмыстары басталғанын айтады.

– Облыстағы қауіпті аймақтарда 1 мың 897 отбасы тұрады. Қазір ертеректе қарыз ақша мен жер телімін алған, бірақ көшуден бас тартқан азаматтардың тізімін тексеріп жатырмыз. Кейін әлгі тізімдер құқық қорғау органдарына жолданады. Бұл жағынан қарқынды жұмыс істеліп жатыр. Сот шешім шығарғаннан кейін мәжбүрлі түрде көшіру мен үйлерді бұзу жұмыстары басталады, – дейді ол.

Сәуірдің 29-ы күні таңертең Өзген ауданындағы Заргер ауылдық округіне қарасты Аюу ауылында көлемі 1 миллион текше метрді құрайтын көшкін жүрген. Кейінірек төтенше жағдайлар министрлігі оның көлемі 200 мың текше метр деп нақтылаған. Министрлік дерегінше, тас-топырақ аралас көшкін ішінде 24 адам болған 7 үйді басып қалған. Құтқару-іздеу жұмыстары басталғанына үшінші күн.

Өзгендегі топырақ басқан үйде қалған адамдарды іздеу шарасы. 2 мамыр 2017 жыл.
Өзгендегі топырақ басқан үйде қалған адамдарды іздеу шарасы. 2 мамыр 2017 жыл.

Апаттың ертеңінде ауыл тұрғындарымен саясаткерлер Адахан Мадумаров, Акматбек Келдибеков пен Камчыбек Ташиев жолығып сөйлескен. Ташиев болған жағдайға тиісті органдардың шенеуніктері кінәлі деп мәлімдеген.

«Ата-Жұрт» партиясы төрағасы әрі бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Камчыбек Ташиев Facebook желісіндегі парақшасында: «Зардап шеккендердің паналайтын жылы орны, ыстық тамағы, киім-кешегі жоқ... Ештеңе жоқ. Мына жерде үнемі көшкін жүреді, бірақ адамдар әлі тұрып жатыр. Халықты қорғау үшін ешқандай шара қолданылмайды. Прокуратураға лауазымды тұлғалардың заң аясындағы жауапкершілігін қарауды тапсыру керек. Стихиялық апаттың көп адамның құрбан болуы лауазымды тұлғалардың салдыр-салақтығының салдары екені даусыз» деп жазды.

Дәл сол күні апат орнына премьер-министр Сооронбай Жээнбеков, парламент төрағасы Чыныбай Турсунбеков бастаған депутаттар, бірінші вице-премьер Мухамметкалый Абулгазиев және төтенше жағдайлар министрі Кубатбек Боронов барған. Олар қайғыға ортақтасып, ауыл тұрғындарына қолдау танытқан. «Біз жер мәселесін шешу мен үй салуға көмектесеміз. Бюджетке өзгерістер енгізіп, тиісті қаражат бөлеміз. Ең бастысы, өз қауіпсіздіктеріңізді ойлаңыздар» деген спикер Чыныбай Турсунбеков.

Өзгендегі апаттан соң. 1 мамыр 2017 жыл.
Өзгендегі апаттан соң. 1 мамыр 2017 жыл.

Апат болған күні президент Алмазбек Атамбаев үкіметке көшкіннен зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетуды тапсырып, халыққа үндеу жолдаған. «Бүгін Қырғызстан халқы тағы ауыр қайғыға тап болды. Өзген ауданындағы шағын ауылдардың бірінде көшкін жүрді. Алдын ала есепке сәйкес, адамдар тұрып жатқан бірнеше үй қалың топырақ пен тастың астында қалған. Бірақ ол жақта тұрып жатқан отандастарымыз екі-үш күн бұрын мамандардың уәжін тыңдамай, көшуден бас тартқаны басымызға түскен мына ауыртпалықты тіпті ауырлата түседі» деген ол үндеуінде.

Төтеншежағдайлар министрлігі дерегінше, ауыл көшкін жүру қаупі бар аймақтар тізіміне ертеректе енгізілген. Ауыл тұрғындарына көшу туралы ұйғарым наурыздың 28-інде табысталған. Бұдан бөлек үш отбасыға көшу үшін 2003 жылы жеңілдікпен несие берілгені хабарланды. Болжам бойынша, топырақ басып қалған төрт үй заңсыз салынған.

1994 жылы Заргер ауылдық округінде көшкіннен 51 адам мерт болған.

Биылғы қыс пен көктемдегі мол жауын-шашынның кесірінен көшкін мен сел қатері елдегі ең басты проблемаға айналды. 1990-2016 жылдары аралығында Қырғызстанда 500 көшкін жүру оқиғасы тіркелген, ал биылғы жылдың басынан бері ғана мұндай 100-ден аса факт тіркелген.

Аюу ауылындағы трагедияға дейін жыл басынан бері көшкін астында тоғыз адам қалып, мерт болды деп хабарланған.

Бұдан бөлек, сәуірдің 18-інен бері Ош және Жалал-Абад облыстарында мыңдаған гектар егіс алқабын су басу қатері төнген.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалы

XS
SM
MD
LG