Accessibility links

Достияровтың тағы 15 тәулікке қамалғаны хабарланды, Мамай аштық жариялады


Қазақстанның демократиялық партиясын құру жөніндегі ынталы топтың жетекшісі Жанболат Мамай (мегафонмен сөйлеп тұр) мен жақтастары. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.
Қазақстанның демократиялық партиясын құру жөніндегі ынталы топтың жетекшісі Жанболат Мамай (мегафонмен сөйлеп тұр) мен жақтастары. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.

Әкімшілік қамауда жатқан алматылық белсенді Абзал Достияровтың тағы 15 тәулікке қамалғаны туралы айтылды. "Қазақстан демократиялық партиясын" құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай Facebook парақшасында бұл жөнінде жаңа сот өткенін хабарлады.

Оның айтуынша, "қоғамдық орындарда былапыт сөйлеп, жеке тұлғаны қорлағаны" үшін 6 күнге қамалған Абзал Достияров мерзімінен бір күн бұрын бостандыққа шығады деген хабар келген. Бірақ соның артынша жаңа сот болып, белсендіні тағы 15 тәулікке қамау туралы шешім шыққан. Бұл жолы Достияровқа қандай айып тағылғаны белгісіз.

Астана күні әрі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні Алматыда билікке қарсы наразылық шарасын өткізген "Демпартия" өкілдері жеті сағаттай полиция жасағының құрсауында қалған. Кейін сол кеттлингте болған Абзал Достияров пен және бір белсенді Әлімжан Ізбасаров қамауға алынды. Достияров абақтыда аштық жариялағанын хабарлады.

Осы ақпаратты айтқан Жанболат Мамай Достияровтың бостандығын талап ету мақсатында басқа белсенділермен бірге Алматы қалалық полиция департаменті ғимаратының алдында аштық жариялайтындарын мәлімдеді. "Бостандық үшін күресуге" шақырған Мамай жақтастарын осы жерге жиналуға шақырды.

"Қазақстанның демократиялық партиясы" - ресми тіркеуден өтпеген саяси ұйым. Бастамашыл топ өкілдерінің айтуынша, үкімет саясатына қарсы ұйымды билік әдейі тіркемей отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG