Accessibility links

Орталық Азиядан АҚШ-қа жұмыс іздеп баратын мигранттар аз емес, бірақ нақты саны белгісіз


Орталық Азиядан миллиондаған адам жұмыс іздеп Ресейге аттанады. Бірақ бұл аймақтан АҚШ-қа баратын заңсыз еңбек мигранттарының нақты саны белгісіз. Қырғызстанда дүниеге келген Салтанат Либерт осы мәселені мұқият зерттеп жүрген алғашқы ғалым.

Үш қырғыз әйелі Нью-Йорк қаласындағы пәтерде бір бөлмені жалдап тұрады. Олардың әрқайсысы өз отбасын асырау мақсатында ақша табу үшін АҚШ-қа келгендер.

Ричмонд қаласындағы Вирджиния университетінің профессор көмекшісі Салтанат Либерт осы қырғыз әйелдері сияқты Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Грузиядан келген 50-ге жуық еңбек мигрантының тыныс-тіршілігін соңғы 3 жылдан бері зерттеп жүр.

“Саны өсіп жатқан бұл мигранттар АҚШ-қа әртүрлі жолдармен келеді. Олардың кейбірі туристтік визамен келіп, осында қалып қалады, ал басқалары өзге жолдарды таңдайды. АҚШ-та заңсыз жұмыс істеп жүрген бұл азаматтар туралы статистикалық мәлімет жоқ, тіпті олардың нақты саны жөнінде елшіліктер де білмейді”, - дейді Салтанат Либерт.

АҚШ-та жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттарының саны белгісіз болса да, Либерттің зерттеуінде олардың кім екені туралы және қалай АҚШ-қа келіп қалғандары жөнінде айтылады.

Либерттің айтуынша, бұл жұмысшылардың 75 пайызы жоғары оқу орындарын бітірген, олардың кейбірі өз елдерінде дәрігерлер мен профессорлар болған екен. АҚШ-тағы бұл еңбек мигранттарының көбі орта деңгейлі отбасыларынан шыққан 30-50 жастағы азаматтар дейді Либерт.

Оның айтуынша, Ресейден гөрі АҚШ-қа бару әлдеқайда қиынырақ болғанымен де, АҚШ-та олар көбірек ақша таба алады және мұнда нәсілшілдік негіздегі шабуылдар жиі болмайды.

Либерт зерттеген мигранттардың 70 пайызы АҚШ-қа туристтік визамен келіпті. Ол үшін олар бұл мәселемен айналысатын делдалдарға ақша төлейді. Ал делдалдар өз кезегінде ол соманың бір бөлігін шақыртуға қол қоятын АҚШ азаматтарына береді. Елге келген соң олар бейресми еңбек базарына жұмыс іздеп барады.

Алайда 2001 жылдың 11-ші қыркүек оқиғасынан кейін туристтік визаларды алу өте қиын болып кетті. Салтанат Либерттің айтуынша, осыдан кейін мигранттар басқа жолдарды іздестіре бастаған.

“Кей мигранттар ресми үкіметтік делегацияның құрамында келеді. Мигранттар жемқорлықпен айналысатын үкімет ресмилеріне ақша төлеп, делегацияның мүшесі ретінде жазылады. Мәселен Қаржы министрлігінің делегациясы АҚШ-қа келе жатса, құжаттармен айналысатын бір-екі адам тізімге бірқатар мигранттарды енгізіп, елшіліктен виза беруін сұрайды. Осы әрекет арқылы олар пара алады. Кей жерлерде делегацияның құрамына енгізілуі үшін адамдар 7-10 мың АҚШ долларын төлейді, бұған қоса олар ұшаққа билетін өздері сатып алады. АҚШ консулдығындағылар жұмыс бабымен бара жатқан үкіметтік ресмилер мен әлгі мигранттарды ажырата бермейді”, - дейді Либерт.

Оның айтуынша, кей мигранттар АҚШ-қа бұрынғы қырғыз президентінің жұбайы Майрам Ақаева жетекшілік еткен “Меерим” қайырымдылық ұйымы арқылы барыпты. Олар осы ұйымның әлеуметтік сала бойынша жұмысшылары ретінде шетелге жіберілген екен.

Салтанат Либерттің атап көрсетуінше, кей мигранттар болса АҚШ-қа қауіпті жолдар арқылы барады.

“Кейбіреулері Мексика шекарасынан заңсыз өтеді. Грузиялық мигранттардың делдалдары туристік виза алуға көмектесетін Мексика азаматтарымен жақсы байланыс орнатқан. Олар мигранттарды Мексикада күтіп алады, сосын олар Аризона арқылы АҚШ-қа кіргізіледі. Бұл үдеріс 12 сағатқа созылуы мүмкін, кей жағдайларда тіпті 4 күнге дейін уақыт кетеді. Мигранттардың кейде суы да, тамағы да таусылады, кейде олар аштықтан өліп те кетуі мүмкін. Бір әйел маған “мен өлемін деп ойладым” деді. Ол жүруге шамасы келмепті. Кейін оған жанында жүрген грузин мигранты көмектесіпті”, - дейді Либерт.

Орталық Азия мен Грузиядан келген мигранттардың көбі жоғары білімді болса да, ағылшын тілін жақсы білмегендіктен, олар АҚШ-та жоғары жалақы беретін жұмыс таба алмайды. Ер адамдар әдетте құрылыс жұмыстарымен айналысса, қыз-келіншектер ауырып жатқан қарияларға қарайды.

Қандай жұмыс жасаса да, олар тапқан ақшаларының басым бөлігін үйлеріне жібереді, ал өздері қалғанына өмір сүреді дейді Либерт.

“Мәселен, Қырғызстан мен Тәжікстан туралы айтар болсам, бұл елдерден көптеген азаматтар жұмыс іздеп, шетелге барады. Миграция мәселесі бұл мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік проблемаларын шешіп жатыр десе болады. Себебі мигранттар үйлеріне ақша жіберу арқылы отбасыларына көмектеседі, ал бұл өз кезегінде қоғам наразылығын әлсіретеді. Алайда егер мигранттар ақша аудармайтын болса, үкімет саясатының сәтсіздікке ұшырауына байланысты бұл елдерде наразылық шаралары мен толқулар көбейер еді”, - дейді Либерт.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG