Accessibility links

Мұнайдың арзандауын кей сарапшы жақсыға жориды


«Ембімұнайгаз» компаниясының мұнай кеніші. 4 сәуір 2012 жыл.
«Ембімұнайгаз» компаниясының мұнай кеніші. 4 сәуір 2012 жыл.

Батыс басылымдары "Егер мұнай бағасы барреліне 66 доллардан төмендесе, Қазақстан жыл сайын 20 миллиард доллар табыстан қағылады" деп болжайды. Бірақ "Баға 50 доллар болса да, экономика өсімі тоқтамайды" дейтіндер де бар.

Желтоқсанның 2-сі күні EurasiaNet интернет-сайтында жарияланған Джоанна Лиллистің «Қазақстан: Назарбаев дағдарыстан шығу амалын іздейді. Бірақ бұған қанша ақша керек?» деген мақаласында президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Нұрлы жол» стратегиясы мен мұнай бағасы арзандап бара жатқан тұстағы Қазақстанның жағдайы талданған.

Ал сенбі күні Вloomberg агенттігі мұнай бағасы тағы арзандап, бір баррелі 65 доллар болғанын хабарлады.

Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін құрылған мұнай қорынан үш жыл ішінде қосымша мемлекеттік шығындарға тоғыз миллиард доллар бөлінетіні стратегияда баса көрсетілген.

Мұнай бағасының құлдырауы мен биыл Ресеймен арадағы сауда көлемінің қысқаруына байланысты айтылып жатқан пессимистік болжамдарға қарамастан, сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың сөзімен айтқанда, Назарбаев АҚШ президенті Рузвельттің «Жаңа курсы» стилінде «Ұлы депрессиядан» шығу жоспарын ұсынған. Бірақ басылымның жазуынша, кейбір сарапшылар бұл теңеумен келіспейді.

Мақалада бір комментатордың интернетке жазған «Нұрлы жол» большевиктердің 1920 жылдардағы «Жаңа экономикалық саясатын» еске салады» деген сөзі де келтірілген.

ШЫҒЫНДАР МЕН ДЕВАЛЬВАЦИЯ ҚАУПІ

Мақалаға Алматыдағы КІМЕР университетінің экономика профессоры Надим Накваның «Шамамен есептегенде, шығын көлемі Нұрсұлтан Назарбаев жоспарлағаннан асып түсуі мүмкін, ал егер мұнайдың бір баррелі 66 доллардан төмен кемісе, Қазақстанның бір жылдағы шығыны 20 миллиард долларға жуықтауы мүмкін» деген пікірі де қосылған.

Алматыдағы базар. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы базар. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның 2015 жылға арналған бюджеті мұнай бағасы 80 доллар болады деген есеппен бекітілген. Халықаралық валюта қорының хабарлауынша, Қазақстан бюджетінің тепе-теңдігі мұнайдың бір баррелі 65,5 доллардан төмен түспеген жағдайда ғана сақталады. EurasiaNet сайты сарапшылардың «баға 60 доллардан төмен құлдыраған жағдайда Қазақстан экономикасының өсімі тоқтайтынын болжағанын» жазады.

Ұлттық банк «девальвация болмайды» деп талай мәлімдегеніне қарамастан, кейбір сарапшылар девальвация «сөзсіз болатын әрі қажет шара» деп санайды. Мақалада Halyk Finance инвестициялық банкінің сарапта бөлімі жетекшісі Сәбит Хәкімжановтің «теңгені бұрынғы деңгейде ұстаудың орнына, бағам нарық талабына сай реттелуі үшін оны еркіндікке жіберу керек» деген пікірі жарияланған.

Сарапшылардың пікірінше, Назарбаевтың жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асуы жемқорлықты жою мен мемлекеттік қызметті жақсарту жөніндегі ауқымды реформалар жүргізуге де тәуелді болып тұр.

Бірақ экономистер Қазақстанның қаржы жағдайы тәуірлеу (қарызы аз және бюджет тапшылығы төмен), ал бұл дағдарысты еңсеруге жақсы мүмкіндіктер береді деген уәжбен де келіседі.

ОПТИМИСТІК БОЛЖАМ

Желтоқсанның 6-сы күні алматылық «Время» газетінде экономикалық саясат институты директоры Қайырбек Арыстанбековтің оптимистік болжамы жарияланды. «Время» газетіне берген сұхбатында Қайырбек Арыстанбеков «егер экономикалық саясат сапалы жүргізілсе, Қазақстан экономикасы мұнайдың бір баррелі 50 доллар болса да өсетінін» айтқан. Ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты болжамға дереу түзету енгізуді ұсынады.

Ал «Мұнай бағасы қашанға дейін арзан болмақ?» деген сұраққа Арыстанбеков «Балама қуат көздерін нарықтан ығыстырып шығару және жою - ОПЕК картелінің мұнай геосаясатымен қатар жүргізіп келе жатқан шарасы. ОПЕК мұнай бағасын арзандату арқылы балама қуатты өндіруді тиімсіз әрі перспективасыз етуді көздейді» деп жауап қайтарған.

ӘЛЕМДЕГІ БОЛЖАМДАР

Желтоқсанның 4-і күні жариялаған «Өндіру көлемін сақтау туралы ОПЕК шешімінен кейін мұнай бағасына қатысты болжамдар күрт төмендеді» деген мақаласында Ұлыбританияның Reuters агенттігі қарашаның 27-сінде өткен ОПЕК елдері кездесуінен кейін 31 экономист пен сарапшы арасында жүргізілген сауалнама нәтижесін келтірген.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, сауалнамаға сәйкес, 2015 жылы North Sea Brent crude маркалы мұнайдың бір баррелі орташа есеппен 82,50 доллар болады, яғни бұл өткен айдағы болжаммен салыстырғанда 11,20 долларға кем. Ал 2016 жылғы баға 87,40 доллар шамасында болжанған.

Желтоқсанның 1-і күні жарияланған «ОПЕК елдері АҚШ-тағы мұнай дүрбелеңін баса ала ма?» деген мақаласында Американың Foreign Policy журналы сарапшылардың «ОПЕК елдерінің мұнай өндіру көлемін бұрынғы деңгейде қалдыру туралы шешімі АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндірудің тиімділігін төмендету ниетінен туған» деген пікірін келтірген. Бірақ басылым «технология жетілген сайын әрі өзге де геосаяси себептерге байланысты өндіру шығындары қысқара беретінін ескерсек, бұл оңай болмайды» деп жазады.

XS
SM
MD
LG