Accessibility links

«Ресейдің түбіне мұнай жетті»


Pussy Riot тобының мүшесі Ресейдің «Роснефть» мемлекеттік мұнай компаниясының басшысы Игорь Сечиннің портретіне мұнай шашып тұр.
Pussy Riot тобының мүшесі Ресейдің «Роснефть» мемлекеттік мұнай компаниясының басшысы Игорь Сечиннің портретіне мұнай шашып тұр.

Жеті күн бойы Ресей телевизиясының хабарларын үзбей көрген америкалық сарапшы мидың екі жақ бөлігінің арасындағы қайшылықты байқағанын айтады.

Мурманск қаласының тумасы, 1991 жылы 18 жасында отбасымен бірге СССР-ден кеткен Виталий Каценельсон қазір Денверде тұрады. АҚШ-тағы ең белгілі қаржы сарапшыларының біріне айналған оның мақалаларын Financial Times газеті жиі жариялайды, ал мамандар жоғары бағалаған «Құндық инвестициялау» («Активное стоимостное инвестирование») атты кітабы жуырда орыс тіліне аударылған.

Виталийдің Ресей телевизиясын көрмегеніне 20 жыл болыпты. Бірақ, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін үгіт-насихат механизімі қалай жұмыс істейтінін әрі неліктен ресейліктердің көбі Путин саясатын қисынсыз қолдайтынын білгісі келген ол жеті күн бойы тек ресейлік «Бірінші арна» («Первый канал») хабарларын қарап, оның нәтижесін «Путин әлемі» атты мақаласында баяндаған. Виталий Каценельсон «Мен интернетті тіпті ең берік деген үгіт-насихат қамалынан шындық өтіп кететін, ешкім тоқтата алмайтын демократиялық күш деп ойлайтынмын. Қателесіппін. Ресей телеарнасын көрген соң адамға Батыс елдері баспасөзі өтірік айтады деген ой келіп, оны мүлде оқығысы келмей қалады. Ең бастысы, Ресей телевизиясының «даусыз фактілеріне» көзсіз сенетінің соншалық, балама ақпарат іздегің келмейді» дейді Виталий Каценельсон.

Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Виталий Каценельсон өзі байқаған жайттар туралы пікірімен бөлісіп, мұнай нарығындағы ахуалға қатысты ойларын айтты.

Азаттық: – «Бірінші арна» хабарларын көп жыл үзілістен кейін көрдіңіз. Ресей телевизиясын көру ауыр сынақ па, әлде қызық іс пе?

Виталий Каценельсон: – Ақпаратты мүлде басқа қырынан көреді екенсің. Қырым бұрын Ресей иелігінде болғандықтан, түбекті аннексиялауды орыстардың байсалдылықпен қабылдағанын әрі Путиннің ісіне үнсіз келіскенін түсінгендей болғанмын. Мен мұны құптамаймын, бірақ орыстардың Путинге қалағанын істеуге мүмкіндік бергені қисынды. Ал Украинадағы жағдай ушыға түскенде мұны түсінуден қалдым. Орыстардың бұған қалай келіскенін түсінбегендіктен, Ресей телевизиясын көре бастап едім, Америка телевизиясынан өзгеше көрініске куә болдым. Америка телевизиясы шығыс Украинада орыс армиясы Украина армиясымен соғысып жатқанын көрсетсе, Ресей телевизиясынан Украинада орыс армиясы жоқ екенін, соғысты Америка бастағанын көреміз. Бір апта бойы Ресей телевизиясын ғана көріп, Американы қарамап едім, орыстардың мүлде басқа ақпарат алып жатқанын түсіндім. Шынымды айтсам, біртіндеп өзім де шүбәлана бастадым.

Виталий Каценельсон.
Виталий Каценельсон.

Мидың оң жақ бөлігі біртіндеп сол жақ бөлігіне бақылау орнатып, теледидардан көрген көріністерді пайымдап, талдауға көмектесетін сүзгілерді жаба бастайды екен. Орыс телевизиясын көрген адам Украинаны нацистер басқарып отыр деген ойға еріксіз келеді. Бір қарағанда саясатқа ешқандай қатысы болмауы тиіс «Адам және заң» бағдарламасын көріп едім, бандерашыларды, олардың соғыс кезінде орыстар мен еврейлерді қалай қырғанын, кейін қалай терактілер жасағанын көрсете бастады. Бағдарлама соңын «қазір Украинаны осындай адамдар басқарып отыр» деп аяқтады. Мұны көріп отырға адамға Украинада фашистер толып жүргендей көрінеді.

Азаттық: – Ресей телевизиясында көбінесе Украина тақырыбы қозғалып, ал Ресейдің өз проблемаларына мән берілмей, ысырылып қалатынын байқаған боларсыз?

Виталий Каценельсон: – Бұл да байқалады. Америкада ондаған телеарна бар, жаңалықтарды солар арқылы біле аламын, ал Ресейде бүкіл БАҚ Кремльдің бақылауында. Негізі, әңгімеміз осы тұстан басталуы тиіс еді. Ресейліктер бүкіл ақпаратты бір көзден, яғни мемлекеттен ғана алады. Мемлекеттің көздеген мақсатына жетуіне көмектесу үшін ақпаратты мемлекет қана таратады, яғни сөз еркіндігі жоқ. Ресей телевизиясы – Кремльден тарайтын тікелей репортаж. Сондықтан көрген дүниенің бәрін сүзгіден өткізіп отыруыңыз керек, тілшілер тексермейтін бүкіл ақпарат бір көзден тарайтынын түсінуге тиіссіз. Мақаламда Ресей телевизиясынан естіп, көрген біраз жайттардың тізімін келтірдім. Мысалы, Украинадағы жағдайды ушықтыру үшін Америка бес миллиард доллар жұмсаған деген дерек. Бұл цифрды қайдан алғандарын түсіне алмадым. АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшілерінің бірі 2013 жылдың желтоқсанында Америка Украинаға бес миллиард доллар бергенін айтқанын интернеттен таптым, бірақ ол соңғы 23 жылдың көлемінде берілген.

Азаттық: – Виталий, меніңше, бизнес-сарапшы ретінде сізді Ресейге қатысты салынған санкция мәселесі де қызықтыруы тиіс. Санкция салу себептері мен оның Ресей экономикасына әсері Ресей телевизиясында қалай түсіндіріледі?

Ресейліктер бүкіл ақпаратты бір көзден, яғни мемлекеттен ғана алады. Мемлекеттің көздеген мақсатына жетуіне көмектесу үшін ақпаратты мемлекет қана таратады, яғни сөз еркіндігі жоқ

Виталий Каценельсон: – Ең қызығы осы. Ресейліктер Украинадағы соғысты америкалықтар мен еуропалықтар бастады, ал санкция салуға Еуропаны Америка күштеп көндірді деп ойлайды. Ресейліктерде «бізді олай басып-жанши алмайсыңдар» деген тұрғыдағы патриотизм сарыны басым. Әлгі санкциялар Путиннің беделіне септесіп жатқандай. Қысқасы, қазір Путин бүкіл елді кепілдікте ұстап отыр. Өйткені Ресейдің «Еуропаның азық-түлігін сатып алудан бас тартамыз» деген мәлімдемесі Еуропа емес, Ресейге көбірек соққы болып тиеді. Америка жұртына қарағанда, азық-түлікке ресейліктер үш есе көп ақша жұмсайды. Еуропа өнімдерін импорттауды тоқтатқан кезде баға мүлде шарықтайды. Бір қызығы, Ресейде тұрмыс қиындаған сайын, жұрт арасында Путинді қолдайтындар азая түсетін сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мен олай болмайды деп ойлаймын. Себебі, бүкіл ақпаратты уысында ұстап отырған Путин соның күшімен бүкіл проблеманы өзіне жолатпай, Америка немесе Европаның біріне аудара салады.

Азаттық: – Мұнай бағасының арзандауы Ресей экономикасын күйрету үшін әдейі ойластырылған қастандықтың нәтижесі деген конспирологиялық теориялар Ресейде кең тараған. Жалпы, мұнай бағасы арзандауының нақты себептері қандай?

Виталий Каценельсон: – Мұның үш себебі бар. Қытай экономикасының өсімі қатты баяулағандықтан, мұнайға сұраныс кеміп барады. Өйткені, мұнай бағасы Қытай экономикасының өсімі арқасында қымбаттаған еді. Кезінде қатты өскен Қытай экономикасының қарқыны қазір баяулады. Екіншіден, Америка мұнайды көбірек өндіре бастаған соң сұраныс азайып, өндірілген мұнай көлемі ұлғайып барады. Үшіншіден, доллар қымбаттап жатыр. Доллар Америкада бәрі тамаша болғандықтан емес, Еуропада Америкаға қарағанда жағдай нашар болған соң өсіп барады. Мұнай бағасын осы үш фактор арзандатып отыр.

Азаттық: – Демек мұнай бағасының құбылуына Украинадағы жағдайдың мүлде қатысы жоқ па?

Виталий Каценельсон: – Жоқ, қатысы жоқ. Ғаламдық нарықта мұнай бағасын айла-қулықпен реттеу өте қиын. Қазір баға экономикалық себептерге ғана байланысты арзандап тұр.

Азаттық: – Бұл ұзаққа созылатын процесс пе, әлде баға Ресейге қатты ұнайтын бұрынғы деңгейіне қайта түсе ме?

Виталий Каценельсон: – Күн сайын жұмысқа келгенде мен мұнай компанияларының акциясын сатып алу керек пе, жоқ па деген шешім қабылдауға тиіспін. Қытайдағы проблемалардың ушығып бара жатқанын көріп, сұраныс азаяды деген қорытынды жасаймын. Ал Америкада мұнай өндіру көлемі ұлғайып бара жатқанын байқаймын. Бұл екі фактор мұнай бағасына тура кері әсер етеді. Сондықтан инвестор ретінде мұнай компанияларының акцияларын сатып алмаймын деп ұйғарамын. Меніңше, қымбаттамас бұрын мұнай бағасы қатты құлдырауы тиіс.

Азаттық: – Санкциялардың Ресей экономикасына әсері туралы не ойлайсыз?

Ресейде тұрмыс билікке Путин келгендіктен емес, Қытай экономикасының шапшаң өсуіне байланысты мұнай, газ, металл бағасы қымбаттағандықтан жақсарды

Виталий Каценельсон: – Меніңше, Ресей экономикасына санкциядан гөрі мұнай бағасы қиындау тиеді. Қазіргі жағдайда тіпті мұнай бағасы да емес, рубльдің басқа валюталарға шаққандағы бағамы маңыздырақ болып тұр. Ресейдің қарыз көлеміне қарасақ, жағдайы тәуір, доллар қоры мол. Бірақ, Ресей компанияларының көбінің доллармен алған үлкен қарыздары бар. Бірер жылдан кейін 150 миллиард доллар қарызды қайта қаржыландыратын уақыт келеді. Егер мұнай бағасы құлдырай берсе, рубль де құнсызданады, ал рубль құлдыраса, компаниялар қарызын қайта қаржыландыра алмайды да, Ресей экономикасы қиындыққа ұшырайды. Менің түсінуімше, санкцияның салдарынан Ресей компанияларына сырт елдерден қарыз алу қиындайды, ал бұл жағдайды ауырлатады. Мен Ресейден кеткен кезде «елде білімді адамдар көп, жариялылық, нарықтық экономика қалыптасып келеді, Ресейдің болашағы жақсы болатын шығар» деп ойлағанмын. Меніңше, Ресейдің түбіне мұнай жетті. Өйткені, мұнайдың қымбат болуы Ресейде басқа салалардың дамуына мүмкіндік бермей келді.

Азаттық: – Виталий, қалай ойлайсыз, қазір айтып отырғаныңыздың тым болмаса бір бөлігін «Бірінші арна» көрермендері түсіне ме, әлде олардың Ресей экономикасында болып жатқан жайттарға қатысты түсінігі мүлде бөлек пе?

Виталий Каценельсон: – Жоқ, түсінбейді. Өйткені олар «билікке Путин келгеннен бері жағдайымыз жақсарды» деп ойлайды. Бұл – рас. Бірақ, олардың тұрмысы билікке Путин келгендіктен емес, Қытай экономикасының шапшаң өсуіне байланысты мұнай, газ, металл бағасы қымбаттағандықтан жақсарды. Бұл – Путиннің емес, Қытайдың арқасы.

Азаттық: – Ал Қытай экономикасына не болып жатыр, мұнай бағасын құлдыратуға себеп болатындай оның өсімі неліктен тым баяулап кетті?

Виталий Каценельсонның «Құндық инвестициялау» атты кітабы.
Виталий Каценельсонның «Құндық инвестициялау» атты кітабы.

Виталий Каценельсон: – Менің айтқанымды капиталистен есту күлкілі көрінер. Бірақ, Қытайда социализм принциптері жеткіліксіз болды, әңгіме сонда. Америкада, тіпті Ресейдің өзінде әлеуметтік тұрғыдан қолдау желісі бар. Америка экономикасы рецессияға ұшыраған кезде жұмысынан айырылған халық жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы алды. Ал Қытайда халық мұндай қолдау көрмейді. Қытай мемлекеті экономикасын үздіксіз өсіре беруге мүдделі болды. Өйткені, экономика өскен кезде жұмыссыздық азаяды. Экономика құлдырап немесе өсімі баяулай бастаса, жұмыссыздық көбейеді. Экономиканың өсімін тоқтатпас үшін Қытай оған дем беруге тырысты. Жалпы, өсім баяулаған кезде құрылыс дүрбелеңі басталады. Қытайда тұрғын үй, кеңсе, инфрақұрылым саласында дүрбелең болды. Бірақ, Қытайда салынған үйлердің көбі қазір бос тұр, өйткені жұрт ақшасын банкке инвестициялауға немесе сақтауға салудың орнына, құрылысқа жұмсады. Мұндай жағдай көпке созыла алмайды. Қазір басталған баяулаудың ақыры жақсылықпен бітпейді. Бұл 2007 жылы Америкада болған проблемаларға ұқсайды. Оларда да біздегі сияқты тұрғын үй құрылысы және басқа салаларында «артық өндіру» (мыльный пузырь) проблемасы бар.

Азаттық: – Яғни Украинадағы, Қырымдағы жағдаймен сәйкестікті мүлде кездейсоқтық деуге болады ғой?

Виталий Каценельсон: – Кездейсоқтық деп есептеуге болады. Ал бір жағынан мұнай бағасының арзандап, Ресей экономикасының өсімі баяулап бара жатқанын байқаған Путин жұрт назарын экономикадан басқа мәселеге аудару үшін Украинаны пайдалануға тырысты деп те айтуға болады. Мүмкін, Путиннің қабілетін асыра бағалап отырған болармын, бірақ бұл да қазір тарап отырған көп теорияның бірі.

(Дмитрий Волчектің мақаласын орысшадан ықшамдап аударған - Айжан Оралғазы.)

XS
SM
MD
LG