Accessibility links

Кенигсберг қалай Калининградқа айналды? Шығыс Пруссия аннексиясына 75 жыл


Ұрыс аяқталған соң Прегель өзеніндегі уақытша өткелмен Кёнигсберг қаласына оралып жатқан адамдар. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде түсірілген сурет.
Ұрыс аяқталған соң Прегель өзеніндегі уақытша өткелмен Кёнигсберг қаласына оралып жатқан адамдар. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде түсірілген сурет.

Жетпіс бес жыл бұрын, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Совет одағы Германияның Кёнигсберг қаласы мен Шығыс Пруссияның көп бөлігін өзіне қосып алды. Азаттық соғыстан қираған қалаға алғаш болып қоныстанған орыс тұрғындардың кейбірімен сөйлесті.

Балтық теңізі бойындағы Калининград қаласының тұрғыны Мария Таран 1990 жылдардың соңында бір күні ауладағы итінің әлдекімге үргенін естиді. Сыртқа көз салған әйел қақпаның алдында өзінің үйіне қарап тұрған бейтаныс ер адамды көрген.

"Сөйтсем, Германиядан келген неміс екен, – дейді Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері Калининградта тұратын 83 жастағы Мария Таран Азаттыққа. – Ол осы үйде өсіп, ес біле бастаған шағында көшіп кетіпті".

Кенигсберг қаласындағы император бірінші Вильгельмнің ескерткіші маңында тұрған Қызыл армия жауынгерлері. Архивтегі сурет.
Кенигсберг қаласындағы император бірінші Вильгельмнің ескерткіші маңында тұрған Қызыл армия жауынгерлері. Архивтегі сурет.

Таран әлгі адамды үйіне кіргізіп, екеуі әңгімелеседі. Оның сөзінен ұққаны, кейін екі пәтерге бөлінген осы үйді бір кездері неміс дәрігері өзінің отбасына арнап тұрғызыпты.

"Ол тізерлеп, ескі пешті құшақтаған кезде жүрегім езіліп кетті, – дейді Таран. – Үйдің үстіңгі қабатында пәтерден оқшауланған бөлме бар еді, оның қандай мақсатпен салынғанын біле алмай келгенбіз. Ол кісі әлгі бөлменің қызметшіге арнап салынғанын айтты".

75 жыл бұрын, Екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германия жеңілген соң Кёнигсберг қаласы мен айналасындағы аумақтың басым бөлігін Совет одағы өзіне қосып алды. Таран тұратын үйдің шатырындағы кірпішке үйдің сұрапыл соғыс басталған 1939 жылы тұрғызылғаны ойып жазылған.

Кант аралындағы Кенигсберг кафедралды соборының іргесіндегі неміс философы Иммануил Канттың зираты. Калининград облысы, Ресей.
Кант аралындағы Кенигсберг кафедралды соборының іргесіндегі неміс философы Иммануил Канттың зираты. Калининград облысы, Ресей.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда 375 мыңға жуық тұрғыны бар Кёнигсберг Германияның ең ірі 10 қаласының бірі еді. Поляктар, литвандар мен еврейлер қауым болып қоныстанған бұл қала ірі сауда және әскери орталық болған. Мәдени тұрғыдан қалаға философ Иммануил Кант, математик Кристиан Гольдбах, жазушы Эрнст Гофманның қатысы бар. Гольдбах Ұлы Петр патшаға бірнеше жыл тәлім беріп, Ресейдің дипломатиялық корпусында қызмет еткен, Гоффман композитор Петр Чайковскийдің "Щелкунчик" балетіне арқау болған повесть жазған.

1945 жылы соғыс біткен кезде қала қаңырап бос қалды. Қаланың тарихи бөлігі 1944 жылы тамызда британ әуе күштерінің бомбалауынан қираған. Қалған көп бөлігін советтік Қызыл армия Берлинге жойқын жорығы кезінде күйреткен. Соғыс аяқталған шақта қалада 65 мыңға жетер-жетпес тұрғын қалған.

Әйткенмен, совет диктаторы Иосиф Сталин соғыс аяқталмай жатып осы аймаққа көз тіккен. "Орыстарда Балтық теңізінде жыл он екі ай жұмыс істейтін порт жоқ. Сондықтан бізге жыл бойы жұмыс істейтін Кёнигсберг пен Мемель (қазір Литваның Клайпеда қаласы) порттары мен оған шектес Шығыс Пруссия аумағы қажет" деген Сталин 1943 жылы Тегеранда өткен одақтас мемлекеттер конференциясында. Ол "тарихи тұрғыдан бұл аймақтар негізінен славян жерлері" деген уәж айтқан.

Тарихи өлкетану музейіндегі Совет одағы өзіне қосып алғаннан кейін Калининградқа алғашқы қоныстанушылар жайлы экспонаттар. Калининград, Ресей.
Тарихи өлкетану музейіндегі Совет одағы өзіне қосып алғаннан кейін Калининградқа алғашқы қоныстанушылар жайлы экспонаттар. Калининград, Ресей.

Аймақтың бұрынғы тарихы даулы болғандықтан, Сталиннің нені меңзегені белгісіз. Алайда Ресей империясы Жеті жылдық соғыс кезінде бұл қаланы жаулап алып, 1758 жылдан 1762 жылға дейін бақылау орнатқан.

Совет одағының Германия талқандалған соң Жапонияға соғыс ашатынына Сталиннің уәдесін алуды және герман милитаризмін тоқтатуды мақсат еткен одақтастар диктатордың бұл талабына көнген. 1945 жылы 17 қазанда Потсдам конференциясында аймақтың Совет одағына берілетіні ресми түрде бекітілді. Осы жиында одақтастар Польша мен Совет одағының шекарасын сызып, белгіледі. Совет одағы құрамына қосып алған аймақ пен оның орталығына қарт революционер, большевик Михаил Калининнің есімін берді. Үш айдан соң, 1946 жылы маусымда Калинин қайтыс болды.

Калининград облысының Совет одағы құрамындағы аймақ ретіндегі мәртебесі 1975 жылы Хельсинки қорытынды актісінде бекітілді. 1990 жылы жасалған келісімде Германия аймаққа қатысты талабынан бас тартатынын мәлімдеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяталар кезде түсірілген суреттегі Кенигсберг қаласының қираған ғимараттары.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяталар кезде түсірілген суреттегі Кенигсберг қаласының қираған ғимараттары.

Қазірге кезде Ресейдің ең батыс аймағына жататын Калининград облысы көлемі жағынан Балкан түбегіндегі Черногория мемлекетінен сәл үлкен эксклав саналады. 950 мыңға жуық халқы бар аймақ Польша және Литвамен шектеседі. Облыс тұрғындарының 0,8 пайызы – этникалық немістер.

1940 жылдардың соңына қарай аймақтан 100 мыңнан астам этникалық неміс қуылған. Әйткенмен, соғыстан кейінгі кезеңде жергілікті немістер мен Совет одағының өзге бөлігінен келіп қоныстанғандар ауыр жағдайда бірге өмір сүрген еді.

"Қала тас-талқан болып қирап жатты, – деп еске алады 95 жастағы жергілікті тұрғын Хаким Бихтеев. Қызыл армия офицері болған Бихтеев соғыстың соңғы кезеңінде және соғыс бітісімен қаланың әскери әкімшілігінде қызмет атқарған. – 1945 жылы қаңырап қалған ғимараттарды бұзып, кірпішін Ленинград пен Сталинградты қалпына келтіруге жөнелтті".

Хаким Биктеев.
Хаким Биктеев.

"Әсіресе ауылды жерде жағдай қиын болды. Немістер шегінген кезде бөгендерді жарып кетті, егіс алқаптарын су алды. Жарамды егістік жер қалмады десек те болады. Үй-үйді кезіп кеттік, бірақ немістерде азық-түлік болмады. Бізге азық-түлік алатын карта беретін. Біздің өз картамыз, немістердің өз картасы болатын. Бірақ оған алған тамаққа қарын тоймайтын. Әйтеуір аштан өлмейтіндей етіп қана азық беретін" дейді Хаким Бихтеев.

Алғашқы жылдары тұрғындардың көбі маусымдық ауылшаруашылығы жұмыстарын істейтін.

Калининград мемлекеттік техникалық университетінің инженерлік ғылымдар профессоры, 83 жастағы Альберт Бич ол кезеңді ерекше қиын деп санамайды. Ленинград қоршауын бастан өткерген ол аштан өлмес үшін торғай мен қалақайды талғажау еткен кезі болғанын еске алады. Бич мұз қатқан Ладога көлінің үстімен "Өмір өткелі" аталып кеткен жолмен балаларды тасып бара жатқан жүк көлігінің мұз жарылып, суға батып кеткенін көрген.

"Бірақ біз мінген көлік өтіп кетіп, мен аман қалдым" деген ол балалық шағындағы қиын-қыстау заманда "шыңдалғанын" айтады.

Альберт Бич.
Альберт Бич.

Бичтің әпкесі Кёнигсбергті нацистерден азат ету шайқасына қатысып, соғыстан кейін сол жерде тұрақтап қалған. Сібірде тұрып жатқан оның отбасы кейінірек осында көшіп келген.

"Біз келген кезде жаңа қаладан я болмаса немістерден қорыққан жоқпыз, – дейді Альберт Бич Азаттыққа. – Мұнда маған қызық көрінді. Қызыл шатырлы үйлер... Біз ондайды өмірімізде көрген емеспіз. Ақ түсті бөртегүл көп өсетін. Үйіміздің жертөлесінде балаларымен бір неміс әйел тұрды. 1946 жылы жұрттың тротуарды қалай тазалайтынын бірінші рет көрдім. Ол (неміс әйел – ред.) швабра алып, үйдің алдындағы тротуарды жуды. Ресейде ондайды көрмегенмін".

"Адамдар нан алуға кезекте тұратын. Немістер бөлек кезекте, орыстар бөлек кезекте тұрушы еді. Екі жақтың кезегі жақындағанда біз неміс балаларды итермелейтінбіз. Қазір ойыма түссе ұяламын, бірақ біз ол кезде не істеп жатқанымызды білмедік" дейді Альберт Бич.

Кранц (Зеленоградск) қаласында тұратын немістер совет әскери комендантының бұйрығын оқып тұр. 1945 жылы түсірілген сурет.
Кранц (Зеленоградск) қаласында тұратын немістер совет әскери комендантының бұйрығын оқып тұр. 1945 жылы түсірілген сурет.

90 жастағы Тамара Бонадысева Калининградқа 1946 жылдың басында көшіп барған. 16 жастағы қыз мұнда әке-шешесі, төрт бауыры және соғыс кезеңінен әлдеқалай аман шыққан бір сиырмен Минск облысынан келген.

"Біз [Беларусьте] бір колхоздан екіншісіне көшіп жүрдік, – деп есіне алады Тамара Бонадысева. – Әуелде немістермен бәріміз бірге жұмыс істедік. Бізде электр тоғын өндіретін жел диірмені болды. Оның жұмысын бір неміс қарап жүретін. 1948 жылы олардың бәрін Германияға жөнелтті".

Калининград облысына Совет одағынан көшіп барғандар өзімен қоңсы тұрған немістерге "фашист" деп қарауды ондаған жыл өткеннен кейін ғана доғарды. 1980 және 1990 жылдары аймаққа кезінде өздері немесе отбасы тұрған қаланы көруді "аңсаған" немістер автобуспен келіп жүрді.

Ресейдің Калининград облысындағы қираған ескі ғимараттардың бірі.
Ресейдің Калининград облысындағы қираған ескі ғимараттардың бірі.

"Біртүрлі ашық түсті қысқа шалбар мен ебедейсіз куртка киген немістер күрделі кезең болған қайта құру жылдары жергілікті балаларға сағыз бен неміс маркасын (ақшасын – ред.) тарататын, – дейді соғысқа дейін неміс дәрігері салған үйде тұратын Мария Таран. – Ол кезде балалар немістер мінген автобусты бірден танып, бізге хабарлайтын. Сол жылдары немістердің гуманитарлық көмегі Калининград тұрғындарына шынымен де үлкен демеу еді. Бүкіл бала неміс портфелін ұстап, көкшіл джинсін киіп жүретін".

Аймақтағы немістерден қалған мұраның көбі мүлдем жойылып кеткенімен, кейбір ресейліктер пруссиялық сәулет ескерткіштерін сақтап қалуға күш салып жатыр.

2020 жылдың басында "Пруссия мәдени мұрасы" үкіметтік емес ұйымының өкілі Олег Ли Азаттыққа "орасан көп мұра жойылғанын" айтқан еді.

"Аймақтың экономикасы нашар оңтүстік және шығыс бөлігінде ғимараттарды жаппай бұзып, кірпішін алып жатыр. Теңіз жағасындағы қалаларда, әсіресе Калининградта жаңа нысан салу үшін көне ғимараттарды сүріп жатыр, – деген Олег Ли. – Соғыс баяғыда аяқталса да, жыл сайын мұралардан айырылып жатырмыз" дейді ол.

Азаттықтың Орыс қызметінің Север.Реалии сайты тілшісі Евгения Иванованың репортажы бойынша дайындалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG