Accessibility links

Қазақстаннан Ресейге: экономикалық белсенді азаматтар елден неге көшеді?


Ресей азаматтығын алған адамға құжат тапсыру рәсімі. Көрнекі сурет.
Ресей азаматтығын алған адамға құжат тапсыру рәсімі. Көрнекі сурет.

Былтыр Қазақстаннан қоныс аударған 45 мыңнан астам адамның басым көпшілігі – орыстар. Зерттеушілер халықтың, әсіресе жастардың көшуіне бұл елде дамуына мүмкіндіктің жоқтығы, жемқорлық, адам құқықтарының бұзылуы, экономикалық жағдайдың нашарлауы мен білім сапасының төмендеуі себеп болып отырғанын айтады.

ЕЛДЕН КЕТКЕНДЕРДІҢ ХИКАЯСЫ

24 жастағы Дарья Морозова алты жыл бұрын Павлодардан Ресейдің Новосибирск қаласына жоғары білім алуға барған. Кейін оқуын магистратурада жалғап, Ресей азаматтығын алған.

Дарья Морозова.
Дарья Морозова.

– Өкінішке қарай, туған қаламда жақсы білім алуға мүмкіндік болмады. Ірі қалалардағы жоғары оқу орнында білім алу үшін көп қаржы төлеу керек. Оның өзінде білім сапасының қандай болары белгісіз. Мұның еш мәні жоғын түсіндім. Емтиханға дайындалып, тегін оқуға түстім, – дейді Дарья.

Дарья оқу бітіргеннен кейін Қазақстанға қайтуды ойлағанын, бірақ Ресейде жақсы жұмыс табылып, сонда қалып қойғанын айтады.

– Ол кезде оқуын бітіріп, Павлодарға оралған таныстарым жұмыссыз отырды. "Олардың өзі талпыныс білдіріп, дұрыс ізденбеген шығар" деп ойлауға да болар еді. Бірақ таныстарыммен сөйлесіп, Павлодарда жұмысқа тұру қиын екенін түсіндім. Ресей азаматтығын оңай алдым. Азаматтық алуға отандастарды елге көшіру бағдарламасы бойынша өтініш бердім. Өскемендегі консулдықтың жұмысына барынша тиянақты қарағанын көріп, таңғалдым, – дейді бұрынғы Қазақстан азаматы.

Қазір Дарья Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының Сібір басқару институтында жұмыс істейді.

Павлодарда дарындылар көп, солардың көбі елден көшіп жатыр.

– Павлодарда дарындылар көп, солардың көбі елден көшіп жатыр. Неге мемлекет әр азаматтың туған жерінде қолжетімді әрі сапалы білім алып, жақсы жұмысқа тұрып, дамуына жағдай жасамайды? Ресейдегі өмірім әлдеқайда жақсы дей алмаймын. Екі қаланы салыстыруға да келмейтін шығар, екеуіндегі тіршілік екі түрлі. Әлі де Павлодарды, Қазақстанды, ашық, жылы жүзді, қонақжай адамдарымызды жақсы көремін, – дейді Дарья Морозова.

37 жастағы Марина Боше күйеуімен бірге Павлодардан 2013 жылы Калининград қаласына көшкен. Отбасы Қазақстаннан кетерде тұңғышының өмірге келуін күтіп жүрген. Марина қоныс аудару жайлы шешім қабылдағанда ең алдымен баласының болашағын ойлағанын айтады.

– Қазақ тілін білмейтінбіз. Сондықтан болашақта тілге байланысты мәселе туатынын білдік. Негізгі себеп сол болды. Тілді білмейтініміз қатты сезілді. Басқа мәселе жоқ. Тілді білмей өмір сүру қиын. Өзім кездестірмесем де, елде "Орыстар кетіңдер, мұнда сендерге ештеңе жоқ!" дейтін кейбір әсіреұлтшылдар барын білемін. Бірақ мұндай көңіл-күй барлық елде бар шығар, - дейді Марина.

Отбасы әуелі Омбыға көшіп, бірнеше ай сонда тұрған. Олар Ресейге көшу бағдарламасы бойынша берілетін ақшадан бас тартқан. Өйткені мемлекеттен көмек алған азамат белгілі бір өңірде бірнеше жыл тұруы шарт. Қазір Марина жедел жәрдемде фельдшер болып істейді. Ата-анасы Павлодарда тұрып жатыр.

Олар бізді сөзімізге қарап бірден таниды.

– Калининградқа келгенімізде "Қазақтардан аяқ алып жүре алмайтын күйге жеттік қой!" дегендер де болды. Бізді мұнда "орыс" емес, "қазақ" деп қабылдайды. Жергілікті тұрғындардың кейбірі "сырттан келгендер нанымызға ортақтасып, орынға таласады" деп ойлайды. Ашық дискриминация, қудалау жоқ. Бірақ бәрібір кейде осындай көңіл-күй байқалады. Өйткені мұнда қазақстандықтар көп. Олардың жағдайы жақсы, табысы бар, демалысқа да шығып, тұрмысын да түзеп үлгереді. Бұл жергілікті тұрғындардың шамына тиетін сияқты. Олар бізді сөзімізге қарап бірден таниды. Мысалы, жедел жәрдемге түскен шақыру бойынша барғанда отбасының Қазақстаннан келгенін бірден түсіне қоямын. Мұнда Қарағанды облысы мен оңтүстік өңірден келгендер көп. Көбі үй салып алған. Жергілікті тұрғындар өз арасында "Қазақстан", "Павлодар" деп атайтын көшелер де бар.

Орал қаласының тұрғыны Виктор Богданов 2009 жылы көрші Ресейдің Самара қаласына көшкен. Сонда жүріп Ресей азаматтығын алған, бірақ бір жарым жылдан кейін Қазақстанға оралған. Қазір 39 жастағы Виктор Қазақстанда тұрғылықты мекенжай анықтамасымен тұрып жатыр. Бір жылдан кейін ол қайтадан Қазақстан азаматтығын алады. Әзірге сауда саласында жеке кәсіппен айналысып жүр.

– Қазақстанда еш мәселе болған жоқ. Қазақ тілін түсінемін. Достарымның арасында әртүрлі ұлт өкілдері көп, оның ішінде қазақтар да бар. Ол кезде жас едім, туыс, таныстарымның сөзіне ердім. Азаматтықты еш қиындықсыз алдым. Өйткені Ресейде әпкем тұрады. Көлік тұрағында кассир болудан бастап, өндірістік компания менеджері қызметіне дейін өстім. Бірақ ол жақта дөрекі қарым-қатынастан басқа ештеңе көрген жоқпын. Жергілікті халық қанша жерден арғы тегіңе дейін орыс, көзің көк, шашың сары болса да, сені бәрібір "қазақ" деп атайды. Шынымды айтсам, ол жақта сырттан келгендерге нашар қарайды. Жалақыңды бермей қояды. Біздің адамдар әлдеқайда жақсы. Елден кетпейінше, мұны түсінген жоқпын, - дейді Ресейдегі өмірінен алған әсерін бөліскен Орал тұрғыны.

СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?

Әртүрлі зерттеу деректеріне қарағанда, былтыр және 2020 жылдың алғашқы үш айында Қазақстаннан Ресейге 45 мыңнан астам адам көшкен. Басым бөлігі - Қазақстанның солтүстігі мен орталық аймағынан қоныс аударған орыстар.

Ranking.kz сараптау сайтының дерегінше, 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстаннан 45,2 мың адам (бұл 2018 жылға қарағанда сегіз пайызға көп) шетелге көшкен. Олардың арасында орыс (32,8 мың адам), неміс (3,2 мың адам) және украин (шамамен үш мың адам) ұлтының өкілдері көп. Қоныс аударғандардың көбі - 39,8 мың адам Ресейге кеткен. Эмигранттардың негізгі бөлігі Шығыс Қазақстан (7,1 мың адам), Қарағанды (5,8 мың адам) мен Қостанай (5,7 мың адам) облыстарынан көшкен.

Мамырдың соңында Finprom.kz талдау порталы 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстаннан 7,3 мың адам көшкені туралы дерек жариялады. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға аз. Зерттеу авторларының пікірінше, көрсеткіштің төмендеуіне COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген карантин шаралары себеп болған.

Есеп авторлары биылғы жылдың алғашқы үш айында басқа елге қоныс аударғандардың 73 пайызы немесе 5,4 мың адам - 16 жастан зейнет жасына дейінгі еңбекке жарамды азаматтар екенін айтады.

Қазақстан азаматтары қоныс аударған елдер арасында Ресей тағы да көш бастап тұр (көшкендердің шамамен 87 пайызы осы елді таңдаған). Алғашқы бестікке Германия (456 адам), Өзбекстан (115), АҚШ (106) пен Беларусь (51) кіреді.

Қазақстаннан кеткендердің көбі (1,2 мың адам) бұрын Шығыс Қазақстан облысында тұрған. Қостанай облысынан 917 адам, Павлодар облысынан - 857, Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облысынан - 830 және 728 адам қоныс аударған.

Ресей ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2020 жылдың бірінші тоқсанында 161 мыңнан астам адамға Ресей азаматтығы берілген, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда екі жарым есе көп.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Экономист, Қазақстан президенті жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан орыстар мен орыс тілінде сөйлейтін азаматтардың елден көшуін Қазақстан тәуелсіздік алған тұста басталған "табиғи" мигарциялық процестің жалғасы деп санайды.

Мұхтар Тайжан.
Мұхтар Тайжан.

– Бұл табиғи, тарихи, демографиялық, миграциялық процестер. 90-жылдары Қазақстаннан ондаған мың неміс, грек, поляк көшіп кетті. Қазір орыс халқында осы процесс жүріп жатыр. Қазақтар да Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Моңғолиядан тарихи отанына оралып жатыр. Әркім өзінің тарихи отанында тұрғысы келеді. Бұдан үлкен мәселе іздеудің қажеті жоқ. Орыс диаспорасы аз тұратын мемлекеттер көп, бірақ олар бұдан интеллектуалды әлеуетін жоғалтқан жоқ. Мысалы, дамыған Жапония мен Оңтүстік Кореяны алайық. Мұндай әлеует белгілі бір ұлтқа байланысты болмайды, – дейді экономист.

2019 жылы Миграция жөніндегі халықаралық ұйым "Орталық Азия елдері жастарының сыртқы миграциясы: тәуекелді саралау және негативті салдарды азайту" деп аталатын зерттеуін жариялаған. Зерттеу шетелде тұратын немесе білім алып жүрген қазақстандық жастар арасында жүргізілген онлайн сауалнамаға негізделген.

Қазақстан-неміс университетінің профессоры және зерттеу авторларының бірі Ирина Черных сауалнамаға қатысушылардың Қазақстаннан кетуіне негізгі себеп ретінде жемқорлық пен өз кәсібіне сұраныстың жоқтығын атағанын айтады.

Сауалнама нәтижесі

"Орталық Азия елдері жастарының сыртқы миграциясы: тәуекелді саралау және негативті салдарды азайту" атты зерттеу қорытындысына сәйкес, жастардың оқу, жұмыс істеу немесе тұрақты өмір сүру үшін Отанынан басқа елге қоныс аударуына мынадай себептер әсер етеді:

  • Барлық деңгейдегі жемқорлық пен бюрократия, шенеуніктердің жауапсыздығы мен жазасыз қалуы, мемлекеттік басқарудың тиімсіз жүргізілуі - 51,3 пайыз;
  • Кәсібі бойынша жұмыс таба алмау, өсіп, дамуына мүмкіндік жоқтығы - 31,3 пайыз;
  • Елдің нашар дамуы, қоғамның бұрынғы мәдениет үлгілеріне еліктеп, ескі дәстүрлерге берік болуы - 27,5 пайыз;
  • Өзінің, балаларының болашағын ойлау - 26,3 пайыз;
  • Жұмыссыздықтың көптігі, жалақының аздығы, әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы - 23,8 пайыз;
  • Медицина мен білім сапасының төмендігі -23,8 пайыз;
  • Адам құқықтарының жиі бұзылуы-21,3 пайыз.

Зерттеу авторлары экономикалық белсенді жастар көп көшетін Орталық Азия елдерінің үкіметі, оның ішінде Қазақстан билігі азаматтардың миграциялық көңіл-күйін анықтайтын негізгі факторларды терең зерттеуі керек деп есептейді.

– "Туған жеріңізге жұмыс істеуге қандай шартпен оралар едіңіз?" деген сұраққа сауалнамаға қатысушылардың көбі "жемқорлық пен непотизмге қарсы нәтижелі күрес жүргізсе, жоғары жалақысы бар жұмыс болса, азаматтардың саяси құқықтары мен еркіндігі қорғалса, азаматтық қоғам институттарын дамытып, саяси жүйе жаңарса, билік өкілдерін шынайы сайлау, тәуелсіз сот жүйесі қалыптасса, білім мен денсаулық сақтау саласын, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын түбегейлі жақсартса, қоғамдық қауіпсіздікті арттырса" деп жауап берді, - дейді Ирина Черных.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG