Accessibility links

"Орнығып алған соң жақынын тартады". Қазақстаннан АҚШ-қа қоныс аударған заңгердің әңгімесі


Майами әуежайында төлқұжат тексерісінде тұрған адамдар.
Майами әуежайында төлқұжат тексерісінде тұрған адамдар.

Қазақстанның солтүстігіндегі кентте туып-өскен Айя Балтабек үш жарым жыл бұрын ағылшын тілін білмесе де, АҚШ-қа барып, бағын сынап көрген. Қазір ол Нью-Йоркте көші-қон мәселесі бойынша кеңесші болып істейді. Айя Азаттық тілшісіне АҚШ-та қалып қою ниетімен қоныс аударатын қазақстандықтар мен олардың жақын-туыстарын көшіріп алуға талпынысы туралы айтып берді.

32 жастағы Айя Балтабек – Таймс-сквер алаңына жақын маңдағы кеңседе, Манхэттендегі құқық қызметін көрсетумен айналысатын фирмада жұмыс істейді. Ол көші-қон мәселесі бойынша кеңес беріп, отандастарына АҚШ-қа барып, онда қалуға мүмкіндік беретін виза алуға көмектеседі.

БУЛАЕВОДАН НЬЮ-ЙОРККЕ

2016 жылы маусым айында Айя АҚШ-қа виза алып, киім-кешегін жинап, Нью-Йоркке жол тартқан. Солтүстік Қазақстан облысындағы Булаево кентінде туған Айя ел астанасындағы жоғары оқу орнын заңгер мамандығы бойынша бітіріп, жеті жыл мұнай-газ саласында еңбек еткен. Ал 2016 жылы шетелге қоныс аударуды ұйғарған.

Айя Балтабек.
Айя Балтабек.

Айя әуелі біраз уақыт Вирджинияда тұрып, кейін Нью-Йоркке көшкен. Айтуынша, басқа штаттарда көліксіз өмір сүру қиын. Ал Нью-Йоркте баратын жеріңе метромен жетуге мүмкіндік бар. Айя қосымша білім алып, АҚШ-та өте беделді саналатын, бірақ сырттан келгендердің қолы жете бермейтін заңгер мамандығы бойынша жұмысқа тұруға тырысқан.

- Біз сияқты [иммигранттарға] жұмысқа тұру үшін біліміңді дәлелдеуің керек: біздің білім жарамайды. Бірақ барлық мамандық осылай деуге болмайды. IT мамандарына талап аз, өйткені бағдарламау тілі ортақ. Ал заңгерлер мен дәрігерлер бір жылдан бірнеше жылға дейінгі мерзімде қосымша білім алуы керек. Оқу бағасы қымбат. Одан кейін магистратураға түсіп, соңында емтихан тапсырасыз. Одан бөлек, BAR емтиханынан [заңгер куәлігін алуға арналған сынақ] өту керек. Көбі содан құлайды. BAR емтиханын бірінші тапсырған кезде-ақ сүрінбей өткендерге бәрі құрметпен қарайды. Мен үшін BAR ең үлкен кедергі көрінді. Емтихан тапсыруға төрт ай уақыт кетті. Бұл стресс болды. Жадап-жүдеп, ұйқыдан айырылдым. Күнделікті түн жарымға дейін 10 сағат дайындалып жүрдім, - дейді Айя.

Емтихан тапсырғаннан кейін Айя Балтабек мамандығы бойынша жұмысқа қабылданған. Қазір негізінен орыстілді иммигранттармен жұмыс істейді.

АҚШ-ТАН ПАНА ТАБУ ОҢАЙ МА?

Айя жұмыс істейтін компанияға заңгер көмегін сұрайтын қазақстандықтар жиі хабарласады. Олардың арасында босқын мәртебесін алғысы келетіндер де бар. "Бұл көбіне жыныстық азшылық өкілдері" дейді Айя Балтабек.

Айя Балтабек.
Айя Балтабек.

- Көбіне жас, әдемі әрі ақылды, бірақ Қазақстанда өзін жайлы сезінбейтін адамдар хабарласады. Олар АҚШ-қа келіп, жыныстық азшылық өкілі болғаны үшін ғана тұрақты тұруға ықтиярхат алуға болатынын біледі. Содан Қазақстанда өздерін жатсынатынын, қоғам мен отбасының тарапынан қысым көретінін айтады. Бірнеше жас азамат ата-анасына гей екенін ашық айта алмаған. Оларға кейде қоқан-лоқы көрсеткен, - дейді Айя.

Айяның айтуынша, саяси көзқарасы үшін қысымға ұшыраған азаматтарға қарағанда ЛГБТ қауымдастығы өкілдері немесе діни сенімі үшін қудаланған адамдарға босқын мәртебесін алу жеңілірек.

- Біріншіден, саяси босқын мәртебесін сұрайтындар көп. Екіншіден, саяси [қысымды] дәлелдеу қиын, олар [АҚШ миграциялық қызметі өкілдері] біздің адамдардың кейде өтірік айтатынын біледі. Қалай алып қараса да, Қазақстанда жағдай тұрақты – соғыс пен аштық жоқ. Бұл жерде Украина азаматтарына босқын мәртебесін алу әлдеқайда жеңіл. Өйткені ол жақта соғыс болды. [АҚШ миграциялық қызметінің өкілдері] босқын мәртебесін сұраған адамның соғыс аймағынан 500 километр жерде тұрып жатқанына қарамайды, елде соғыс болғаны бәрібір қауіпті деп санайды. Бұл жағынан қарағанда Қазақстан мен Ресейде жағдай тұрақты, - дейді Айя.

Өз елінде саяси көзқарасы үшін қудалауға ұшыраған адам ол туралы айғақ-дәлел ұсынуы керек.

- Адамды ұстаған кезде оған күш қолданса, соны дәлелдейтін әртүрлі медициналық қорытынды анықтамаларын өткізуге болады. Митингіге қатысқан адам наразылық акциясынан фото ұсынғаны жақсы. Одан бөлек, қудалауға қалай ұшырағаны, бұл әрекеттердің қашан басталғаны туралы 30-50 парақтан тұратын хат жазады. Хаттан ол азаматтың өз елінде шынымен еркіндігі шектеліп отырғаны көрінуі керек. Мұндай хат азаматтың босқын мәртебесін алуға берген өтінішіне қосымша қаралады, - дейді заңгер.

Бірақ босқын мәртебесін тек АҚШ-та қалу ниеті үшін сұрайтындар да бар. Мұндайда саяси босқын мәртебесін алуға өтініш беру заңгердің қызмет ақысын төлеу бойынша да тиімді көрінеді.

- Мысалы, кей азаматтар [АҚШ-қа] басқа визамен кіріп, оның талаптарын орындамайды. Виза мерзімі аяқталған соң, "Енді қайтемін?" деп уайымдай бастайды. Осы кезде саяси босқын мәртебесін алуға өтініш береді. Олар бұл қадамға өз елінде қудалау мен қысымға ұшырағаннан емес, кейін қайтқысы келмей, ал АҚШ-та жақсы табыс таба алмаған шарасыздығынан барады, - дейді Айя Балтабек.

Ол АҚШ-қа келген қазақстандықтардың көбі басында саяси босқын мәртебесін алу туралы ойланбайтынын айтады.

- Қазақстандықтар негізінен АҚШ-қа оқу немесе басқа бағдарламалар, көбіне Work and travel (студентке бір айдан төрт айға дейін АҚШ-та заңды жұмыс істеп, саяхаттауға мүмкіндік беретін халықаралық алмасу бағдарламасы - ред.) бойынша келеді, осында жүріп, бұл елде қалуға мүмкіндігі барын түсінеді. Көп адам [АҚШ-қа саяси босқын мәртебесін алуға] өтініш беруге болатынын білмейді. Қазақстанда бұл туралы неге ақпарат таратылмайтыны түсінікті, - дейді Айя.

ИММИГРАНТТАР ЖАҢА МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЛАЙ БЕЙІМДЕЛЕДІ?

Постсоветтік елдерден келген иммигранттардың көбі Нью-Йорктың орыстілді аудандарына – Бруклин мен Брайтонға қоныстанады. Айяның пікірінше, ТМД-дан келген иммигрант ағылшын тілін білмесе, бірақ АҚШ-та қалғысы келсе, бірінші кезде осындай аудандарда тұрса болады. Бірақ заңгер ағылшын тілін бәрібір үйрену керегін ескертеді.

- Жергілікті адамдармен жұмыс істеу үшін ағылшын тілін білу керек. Тілді білмесеңіз, орыстілді ортада жұмыс істейсіз. Онда жалақы мен өсу мүмкіндігі аз, әлеуметтік жағдай бойынша да шектеулерге кезігесіз, - дейді Айя Балтабек.

Ол АҚШ-қа алғаш келген кезде орыстілді ортаға бармай, Вирджинияда Ұлыбританиядан келген иммигранттардың үйінде тұрғанын айтады. Айя сол кезде дұрыс шешім қабылдағанын, мұндай ортада тілді тез меңгеріп, жұмысқа тұрғанын еске алды.

Айя Балтабек.
Айя Балтабек.

Айя Балтабек өз мамандығының АҚШ-тағы беделін заңгердің барлық азаматқа қажет болуымен түсіндіреді.

- Жұмыс бабымен түрмеге барған кездерім де болды – онда бәрі кинодағы сияқты. Түрмеде тұтқынмен тек заңгер ғана кездесе алады. [Тұтқынның] ата-анасында да мұндай құқық жоқ. Заңгер бәріне керек, - дейді ол мақтанышпен.

Айя Балтабек иммигранттар, оның ішінде қазақстандықтар арасында жиі тіркелетін қылмыстар туралы айтып берді.

- Көбіне дүкеннен ұсақ зат ұрлау тіркеледі. Әйелдер күйеуінің немесе өзімен азаматтық некеде тұратын ер адамның әрекетіне шағымданып, полицияға жиі хабарласады. Отбасымен грин-карта бойынша келген адамдар белгілі бір қиындықтарына байланысты ұрысып, төбелесе бастайды. Сырттан келгендердің қылмыстық жағдайға тап болуының негізгі екі себебі осы: ұрлық пен әйелдер шағымы. Олар көбіне АҚШ-қа жаңадан қоныс аударғандар арасында кездеседі, - дейді Айя.

Заңгер дүкеннен зат ұрлағаны немесе отбасында ұрыс-жанжал шығарғаны үшін азаматтарды түрмеге жаппайтынын, бірақ сот процесі болып, бұл жағдай иммигранттың ары қарайғы өміріне әсер етуі мүмкін екенін айтады.

- Жағдайды бақылаудан шығарып алса, кейін басқа мәртебе алуға өтініш беретін кезде қиындықтар болады. Сондықтан бірдеңе бүлдірсең, мәселені шешу керек. Бірақ көбі қолын бір сілтеп, кейін соның зардабын тартып жатады, - дейді Айя.

АЯҚҚА ТҰРҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТУЫС-ЖАҚЫНЫН КӨШІРУГЕ ТЫРЫСАДЫ

Заңгердің айтуынша, АҚШ-та ерсі әрекетімен көзге түскен қазақстандықтар аз. Жұмыста және қоғамдық ортада қазақстандықтар туралы кәсіби этиканы жақсы меңгерген еңбекқор адам деген пікір жиі айтылады.

Айя Балтабек (ортада).
Айя Балтабек (ортада).

- Қазақстандықтар үнемі бір-біріне, туыс-жақынына көмектесіп жүреді. Уақыт өте келе бұл жақындарын [АҚШ-қа] көшіру тенденциясына айналады. Көбіне мұнда 10 жыл бұрын келген, қазір аяққа тұрып үлгерген адамдар жақындарын тартуға тырысады. Олар осы уақытта азаматтық алып үлгереді. Сырттан келгендер әуелі тұрақты тұруға ықтиярхат, кейін азаматтық алуға тырысады, содан кейін жақындарын жанына тартады, - дейді Айя.

АҚШ-та тұрақты тұруға ықтиярхат алып, қазір сол қағазбен жұмыс істеп жүрген Айя азаматтық алып, ағасына заңгер болуға көмектесіп, болашақта оны Америкаға көшіргісі келеді. "Осында бірлесіп құқықтық қызмет көрсететін фирма ашатын шығармыз" дейді жоспары жайлы Айя.

Айя Балтабек АҚШ-қа көшу бойынша тек Манхэттендегі кеңсесінде ғана емес, Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында да кеңес береді. Аайтуынша, грин-карта туралы сұрақ өте жиі қойылады ("Жасыл карта" - АҚШ азаматтығын алмаған адамның тұрақты тұруға құқығы барын растайтын және жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жеке куәлік немесе идентификациялық карта - ред.). Айя АҚШ-қа қоныс аударғысы келетіндерге мынадай кеңес береді:

- Бастысы – АҚШ-қа жетіп алу. Бірінші визаға салмақты қарап, оның талаптарын қатаң орындау керек. Алғашқы сапарыңызға көші-қон ниетінсіз барып, турист екеніңізді көрсету керек. АҚШ-қа жетсеңіз, жарты жұмысты бітірдіңіз деуге болады.

БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН БЕРУ – САЯСИ АКТ

Қазақстан ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегінше, биыл тоғыз айда елден 34 мың адам кеткен. Бұл өткен жылдың осындай уақытымен салыстырғанда сегіз пайызға көп. Қоныс аударғандардың 28,8 мыңы – қала, 5,4 мыңы – ауыл тұрғыны.

Халық көбіне көрші мемлекеттерге қоныс аударғанымен, тұрғылықты мекен ретінде Батыс елдерін таңдайтындар да бар. 2019 жылы қазақстандықтар жиі қоныс аударған шет мемлекеттердің алғашқы бестігіне АҚШ та кіреді. Солтүстік Американың бұл мемлекетіне тоғыз айда Қазақстаннан 190 адам кетіп, оның тек 69-ы елге оралған.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның мәліметінше, Қазақстан азаматтары көшуге әртүрлі әдісті пайдаланады, соның ішінде саяси босқын мәртебесін сұрайтындар да бар.

- Соңғы уақытта Батыс елдерінен босқын мәртебесін алу туралы кеңес сұрайтындар көбейді. Олардың бірқатары – шынымен елде азаматтық белсенділік танытып, қоқан-лоқы көрген азаматтар. Саясатқа араласқан адамның жалғыз мүмкіндігі – босқын мәртебесін алу. Діни көзқарасы үшін арнаулы қызметтің қудалауына ұшыраудан қорқатындар да бар. Бірақ бізге әлеуметтік-экономикалық себептермен Қазақстанда қалғысы келмейтін адамдар да келеді. Олар өмір сүруге қолайлы жер іздейді. Бірақ адамдардың бәрі босқын мәртебесін жақсы түсіне бермейді. Кейбір адамдар басқа мемлекетке мигрант боп барсақ, өз мәселемізбен қалып қоямыз деп ойлайды. Ал босқын мәртебесін алса, белгілі бір кепілдіктерге ие болып, әлеуметтік, ақшалай көмек алады. Сондықтан "қысымға ұшырадық" деп кейде өтірік айтады. Бір рет митингіге шығып, ашық қудалауға ұшырамаса да, қашуға тырысатындар кездеседі. Біз бұл іспен бұрыннан айналысамыз, сондықтан мұндайларды бірден танимыз, - дейді адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро директорының орынбасары, босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарға құқықтық көмек көрсету жобасының жетекшісі Денис Дживага.

Дживаганың айтуынша, кей азаматтардың себепсіз босқын мәртебесін алуға тырысуынан Батыс мемлекеттерінің миграциялық қызметі бюроға Қазақстандағы жағдай туралы шынайы ақпарат беруін сұрап, өтініш жібере бастаған.

- Босқын мәртебесін беру Конвенцияға сәйкес, адамгершілік актісі болғанымен, көп мемлекет, тіпті батыс елдері бұл процесті саяси акт ретінде қарастырады, - дейді адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның өкілі.

Орталық Азия елдерінің азаматтарына АҚШ-қа виза алу оңай емес. АҚШ мемлекеттік департаментінің дерегінше, биыл АҚШ визасын сұраған қазақстандықтардың 42,58 пайызының өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш пайызға көп. Бірақ Орталық Азия елдері арасында Қазақстанмен көрші Өзбекстан мен Қырғызстанда бұл көрсеткіш - 68,06 және 67,75 пайызды құрайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG