Accessibility links

Норвегиядан қайтарылғандар "жақсы жұмыс іздеп барғандарын" айтады


Ослодағы сот ғимараты алдында тұрған норвегиялық полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Норвегияның көші-қон ережесін бұзған 59 қазақстандықтың бәрі елге депортацияланғанын хабарлады. Қазақстанға оралғандардың кейбірі шетелге "жоғары жалақы іздеп барғанын" айтады. Азаттық тілшісі депортацияланған азаматтардың кейбірімен кездесті.

"Норвегияның көші-қон ережесін бұзғаны" үшін Қазақстанға депортацияланған 25-40 жас арасындағы бір топ азамат қазанның 1-і күні Алматыда өздерін шетелге жіберген компанияның кеңсесі орналасқан бизнес орталықтың алдына жиналды. Аты-жөндерін атауды қаламаған олар компанияға "арадағы мәселені шешуге келгендерін" айтты. Бірақ олар "қандай мәселе екенін" сұраған тілші сауалын жауапсыз қалдырды.

Өздерін шетелге жіберген компанияның кеңсесі орналасқан ғимараттың алдында тұрған адамдар. Алматы, 1 қазан 2019 жыл.
Өздерін шетелге жіберген компанияның кеңсесі орналасқан ғимараттың алдында тұрған адамдар. Алматы, 1 қазан 2019 жыл.

Аты-жөнін құпия сақтауды сұраған қырықтар шамасындағы азамат Норвегиядан депортацияланғандардың ол елде жұмыс істей алмағанын, кейбірі жұмысты күтіп екі айға жуық уақыт қонақүйде жатқанын айтады.

– Шетелге уақытша бардық. Қазақстанда жұмысым болды. Бірақ аз төледі. Норвегияда айлық көбірек болады деген. Бәрінің кредиті, қарызы бар ғой. Проблемаларымызды шешіп алу үшін сонда барып жұмыс істесек пе деген едік. Кейін Қазақстанға қайту ойымыз болған, – дейді ол.

Кейін бір топ адам ғимараттың ішіне кіріп, "шетелден жұмыс тауып беретін" "Ортокласс" компаниясының кеңсесі алдында біраз тұрды.

Қазақстандықтарды шетелге жіберумен айналысатын компания орналасқан ғимаратқа кіріп бара жатқан адам. Алматы, 1 қазан 2019 жыл.
Қазақстандықтарды шетелге жіберумен айналысатын компания орналасқан ғимаратқа кіріп бара жатқан адам. Алматы, 1 қазан 2019 жыл.

Азаттық тілшісі компания кеңсесіне кіргенде аядай кабинет ішінде екі адам – компьютер алдында менеджер және қара форма киген күзетші отырды. Өзін Яна деп таныстырған компания менеджері Азаттық тілшісіне Норвегиядан депортацияланған 67 адамның бәрін "Ортокласс" компаниясы жібергенін растады.

– Олар онда туристік визамен барған. Өз келісімдерімен жібердік. Олар мұны білді. Бірақ азаматтар Норвегияда жұмыс істеген жоқ. Миграция мен органдардың жұмыс істеуге рұқсат беруін күтіп, қонақүйде жатты, – деді ол.

Азаттық тілшісінен соң компания кеңсесіне депортацияланған бір топ адам кірді. Менеджер мен депортацияланғандардың бір тобы Азаттық тілшісіне жиналысқа қатысуға рұқсат еткен жоқ. Көпке созылмаған жиналыстан кейін де жиналғандар сөйлесуге ықылас танытпады. Атын атамаған бір азамат қана оңашада пікір білдірді.

– Бізге компания келісім-шарт берген. Қол қойдық. Ақшамызды қайтару үшін енді бізге басқа бір қағаз беріп жатыр. Сол келісімге қатысты келіспеушілік болып жатыр. Кейбір тұстары көңілімізден шықпады, – деді ол қысқа ғана.

ҚОНАҚҮЙДЕГІ ҰСТАУ

Қыркүйектің 25-інде Ослодағы қонақүйлердің бірінде "көші-қон ережесін бұзған" ондаған қазақстандықтың ұсталғаны туралы хабар тарады. Бұл ақпаратты қыркүйектің 27-сі күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі растады.

Норвегиялық nrk.no сайтының жазуынша, жетпіске жуық азамат Эйдсволл коммунасы Миннесунд ауылындағы бұрын аурухана болып, кейін қонақүй ретінде ашылған ғимаратта ұсталған. Жергілікті полицияға сілтеген сайт "Норвегияда заңсыз тұрған" азаматтардың ең кішісі жиырма жаста, үлкені елуде екенін хабарлаған.

Норвегия полициясының өкілі Ресей шекарасы арқылы ел аумағына келген мигранттарға заң ережесін түсіндіріп тұр. Норвегия, 16 қараша 2015 жыл. Көрнекі сурет.
Норвегия полициясының өкілі Ресей шекарасы арқылы ел аумағына келген мигранттарға заң ережесін түсіндіріп тұр. Норвегия, 16 қараша 2015 жыл. Көрнекі сурет.

67 адам туралы (арасында Ресей мен Қырғызстан азаматтары да бар) қонақүй қызметкері полицияға хабар берген. nrk.no сайтының жазуынша, ондаған адамды қонақүйге түстен кейін төрт такси жеткізген. Басылым сөйлескен қонақүй өкілі "67 адамның бір түнге бөлме жалдауы сирек. Келгендер бөлмелерінде қалды. Күдіктеніп қалдық" дейді. Жергілікті полицияға сілтеген басылым "азаматтар айғай-шусыз ұсталды" деп жазады. Полиция олардың тергелетінін айтқан.

Алматыдағы компания алдына келгендер норвегиялық полицияның тергеуі қалай өткенін сұраған Азаттық тілшісінің сауалына жауап беруден бас тартты.

"ШЕТТЕН ЖҰМЫС ІЗДЕЙТІНДЕРДІҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ"

Қазақстан билігі оқуға не жұмыс істеуге кеткен азаматтарды есепке алмағандықтан, табыс табу үшін уақытша шетел асқандардың ресми статистикасы жоқ. Бірақ басқа елдердің есебінде қазақстандық мигранттар саны көрініп жатады. Мәселен, Ресейдің көші-қон қызметінің жақында жариялаған есебіне қарағанда 2019 жылы қаңтар мен маусым аралығында Ресейге Қазақстанның 100 мыңнан астам азаматы жұмыс іздеп барған. Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы консулдығының дерегінше, сонда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар саны 12 мыңға жеткен. Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров биыл көктемде оның екі мыңға жуығы кері қайтқанын хабарлаған.

Қазақстанды 30 жылдай билеп, биыл наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін еңбек мигранттары туралы бірнеше рет айтқан. Биыл наурыздың 7-сі күні Нұр-Сұлтандағы Ақордада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бір топ әйелді қабылдаған Назарбаев "Құдайға шүкір, тәуелсіздіктің 27 жылында қазақстандықтар басқа елдердің азаматтары ұқсап шетелде қара жұмыс істемеді" деген. Осыған ұқсас пікірді Назарбаев екі жыл бұрын, 2016 жылы шілдеде өзі туралы фильмнің премьерасына барғанда да айтқан. "Әлемнің ешбір елінде бірде-бір қазақстандық жастың мигрант болмағанын, қара жұмыс істемегенін мақтан тұтам. Олар осында (Қазақстанды айтады - ред.) жұмыс істеп жүр. Бұл - үлкен мақтаныш" деген Назарбаев.

Ал 2012 жылы Қарағандыға сапарлап барған сол кездегі президент "Ең болмаса бір қазақстандық шетелде қара жұмыс істеп жүр ме? Айтыңдаршы маған сондай елді. Керісінше, гастарбайтерлер бізге келіп жатыр. Мұны бағалау керек" деген.

Азаттық сөйлескен әлеуметтанушылар – Орталық Азиядағы миграция мәселесі бойынша халықаралық сарапшы Елена Садовская мен Орталық Азияда демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева соңғы жылдары лайықты жұмыс пен жақсы табыс іздеп Қазақстаннан уақытша кететін еңбек мигранттарының саны артып келе жатқанын айтады.

Миграция мәселесі бойынша сарапшы Елена Садовская.
Миграция мәселесі бойынша сарапшы Елена Садовская.

– Елде не боп жатқанын қараңызшы. Сәл болса да саяси өзгеріс басталғаны жақсы, бірақ әлеуметтік ахуал әлі тоқырап тұр. Әлеуметтік лифт жұмыс істемейді. Жұрт өзінің қаржылық мәселесін шешуге барады. Кредитке белшесінен батқандар кетіп жатыр. Мәселен, Оңтүстік Кореяға барады. Онда оларға ешбір әлеуметтік кепілдік берілмесе де, азаматтар ақша табуға, отбасын асыруға үміттенеді, – дейді Садовская.

Сарапшы шетелге жұмыс істеуге кеткендердің көбі – жоғары білімді не арнаулы даярлықтан өткен мамандар екенін айтады. Садовскаяның сөзімен Толғанай Үмбетәлиева да келіседі. Әлеуметтанушы бұрындары еңбек миграциясын зерттегенде Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтарын қарастырғандарын, соңғы уақытта қазақстандықтардың еңбек миграциясын да есепке алып жатқандарын айтты.

Орталық Азияда демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева.
Орталық Азияда демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева.

– Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен салыстырғанда Қазақстаннан кететін жұмысшылар сипаты өзгеше. Бізде еңбек миграциясына орта тап, яғни жоғары білімі бар адамдар бейіл. Олар Қазақстандағы жалақыға разы емес. Білімі мен қабілетіне лайық табыс табуға болатын жер іздейді, – дейді ол.

Үмбетәлиеваның сөзінше, Қазақстандағы "орта тап өкілдерінің өзіне көп шектеу бар".

– Жоғары білімді адамдардың бәрі бірдей жұмысқа тұра алады не әлеуметтік, экономикалық игіліктер оларға қолжетімді дей алмаймыз. Бизнесіңді ашуға кедергі көп. Ертең кәсібіңді, мүлкіңді ешкім тартып алмасына кепілдік жоқ. Осындай факторлар адамдарды жақсы өмір іздеуге мәжбүрлейді, – дейді ол.

Instagram парақшасында "Қазақстан азаматтарын Еуропада ресми түрде жұмысқа тұрғызумен" айналысатынын жазған компания кеңсесі алдында Азаттық тілшісі кезіктірген бір азамат Алматыдағы университеттердің бірінде магистратурада оқитынын айтады. "Қағаздармен мәселе шығып қалар" деп қауіптенетін ол журналиспен ашылып сөйлеспеді.

– Оқуға, жұмыс істеуге бара жатырмын. Қазақстанда қалудың мәні жоқ. Сол жақта оқып, сонда қалғым келеді. Норвегияда қалып қойған таныстарым бар. Қазір ағылшын оқып, тіл тестіне дайындалып жүрмін, – дейді ол.

Ол шетелге кетуге құжаттарын әзірлеп жүрген өзге құрбыларын күтіп тұрғанын айтты.


  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG