Accessibility links

Вячеслав Ким: "Қазақстандықтардың көбі Оңтүстік Кореяда қалғысы келеді"


Сеул көшесіндегі адамдар. Оңтүстік Корея, 27 сәуір 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)
Сеул көшесіндегі адамдар. Оңтүстік Корея, 27 сәуір 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)

Алматылық Вячеслав Ким тарихи отанын жақынырақ тану және ақша табу мақсатымен бір жарым жыл бұрын Оңтүстік Кореяға барған. Азаттыққа берген сұхбатында ол Оңтүстік Кореядағы қазақстандық мигранттардың тұрмыс-тіршілігі туралы айтты.

ЖАЛАҚЫ ЖОҒАРЫ, ТҰРМЫС ҚЫМБАТ

Бұрын Алматыда шаштараз болып істеген Вячеслав Ким – қазір Оңтүстік Кореядағы машина құрастыратын зауыттардың бірінде жұмысшы. Арнаулы білім туралы дипломы мен біліктілігін растайтын құжаты болмағандықтан Оңтүстік Кореяда шаштараз қызметін жалғастыра алмаған. Сондықтан ол Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп барған көптеген қазақстандықтар сияқты зауытқа жұмысқа тұрған. Вячеслав Оңтүстік Кореяда сырттан келгендерге "қол еңбегін талап ететін жұмыс көп" екенін айтады.

– Еңбек визасымен жұмысқа жылдам әрі оңай орналасуға болады. Артық қағазбастылық жоқ. Ең бастысы, дұрыс тіркелген визаң мен алғашқы уақытқа қажетті қаржың болса жеткілікті. H-2 деп аталатын виза – еңбек мигранттарына, ал F-4 визасы – отандастарға беріледі. Отандастарға арналған виза алу үшін кемінде ата-анаңның бірі корей ұлтынан болу керек. Мен әкем де, анам да корей екенін құжат жүзінде дәлелдедім. Отандастар визасы Оңтүстік Кореяда өмір бойы қалуға мүмкіндік береді. Тіпті құжат ауыстыру үшін Қазақстанға барудың да қажеті жоқ. Жаңа төлқұжатты елшілік немесе консулдық арқылы алуға болады. Ең бастысы, заңды бұзбауың керек, - дейді ол.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның кездесуі туралы телеарна хабарын көріп отырған адамдар. Сеул, 12 маусым 2018 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның кездесуі туралы телеарна хабарын көріп отырған адамдар. Сеул, 12 маусым 2018 жыл.

Қазақстанда туып-өскен Вячеслав Ким өз менталитеті Оңтүстік Кореяны қабылдай алмайтынын айтады. Оның сөзінше, бұл ерекшелік күнделікті тұрмыста анық байқалады.

– Әсіресе корей тілі қиынға соқты. Ата-әжемнің қолында өскендіктен корей тілінде сөйлей аламын. Бірақ соңғы 150 жылда корей тіліне жапон, қытай тілдерінен енген кірме сөздер көп. Мәселен, ақша санағанда корейше сөйлеп, сағат сұрағанда қытайша жауап аласыз. Сондықтан өзім білетін корей тілінде сөйлегенде, айтқанымды негізінен қарттар ғана түсінеді, - дейді ол.

Вячеслав корей тілін білгеннің пайдасы барын айтады. "Корей тілін меңгерген қазақстандықтарға кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік бар. Кейбірі жеке бизнесін ашып алған. Кореяда жеке кәсіп бастау салыстырмалы түрде жеңіл" дейді ол.

– Машина құрастыратын зауыттың пластикалық бөлшектер дайындайтын цехына жұмысқа тұрдым. Алатын жалақым қазақстандық межемен жоғары саналады: айына шамамен екі жарым-үш мың доллар табамын. Бірақ мұнда өмір сүру қымбат болғандықтан, тапқанымның көбін күнделікті тұрмыс-тіршілігіме жұмсаймын. Сондықтан Кореяда аса қатты үнемдеген жағдайда ғана ақша жинауға болады, - дейді қазақстандық мигрант.

Сеул маңындағы тоғайда жүрген адамдар. (Фото авторы - Вячеслав Ким.)
Сеул маңындағы тоғайда жүрген адамдар. (Фото авторы - Вячеслав Ким.)

Вячеславтың сөзінше, Оңтүстік Кореяда шағын бір бөлмелі пәтерді (ел астанасы Сеул мен қала орталығынан басқа аудандарда) айына 250-300 долларға (95-130 мың теңге) жалдауға болады. Бұған қыс мезгілінде жылуға төлейтін үстеме ақша (шамамен 40 мың теңге) қосылады. Азық-түлік қымбат: бір келі картопты төрт долларға ( 1500 теңге), бір килограмм етті алты долларға (2300 теңге) сатып аласыз. Шексіз ұялы байланыс қызметі үшін айына 50 доллар (19 мың теңге) төлейсіз.

– Күнделікті тұтынатын заттардың өзіне бір айда мың доллар шамасында ақша кетеді. Қыдырып, дәмханадан тамақтанып өмір сүрген адам бұдан да көп шығындалады. Бірақ үнемі үйден шықпай, ешқайда бармай өмір сүру де қиын ғой. Әрі мұнда брэнд өнімдер мен соңғы үлгідегі ұялы телефондарды Қазақстанмен салыстырғанда арзандау бағаға табуға болады. Сондықтан еңбек мигранттары үйіне ақша жіберуге көп қор жинай қоймайды, – дейді ол.

"ЦОЙДЫ КОРЕЯДА ДА ДӘРІПТЕЙДІ"

Соңғы уақытта Оңтүстік Корея билігі заңсыз мигранттармен күресуге кіріскен. Еңбек етуге рұқсат беретін визасыз жұмыс істейтін шетелдіктердің қатарында қазақстандықтар да бар. Полиция заңсыз жүрген мигранттарды анықтап, Оңтүстік Кореяға екінші рет кіру құқығынан айырып, отанына қайтарады.

Вячеслав Кимнің айтуынша, Кореяда заңсыз мигрант болу аса қиын емес. Өйткені полиция, заң бұзған жағдайда болмаса, көшедегі азаматтардың құжатын себепсіз тексермейді.

– Естуімше, 2008 жылға дейін Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп келген қазақстандықтар аз болыпты. Дағдарыстан кейін бұл елге келушілер саны күрт өскен. Тағы бір білетінім, 2018 жылы қысқы Олимпиада ойындарына (Оңтүстік Кореяда өткен – ред.) келген қазақстандықтардың бір бөлігі осында қалып қойған. Заңсыз мигранттар негізінен ауыр өндірісте жұмыс істейді. Жұмыс визасы бар адамдар көбіне ондай ауыр жұмысқа келіспейді. Сондықтан жұмыс берушілер үлкен айыппұл төлеу қаупіне қарамастан заңсыз мигранттар еңбегіне жүгінеді, - дейді ол.

Вячеслав Ким Оңтүстік Корея халқы Қазақстанды мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен арқылы танитынын айтады. Оның сөзінше, мәнерлеп сырғанау спортын ерекше бағалайтын Оңтүстік Корея жұрты өткен жылы жазда Алматыда кісі қолынан мерт болған Денис Теннің қазасына күйзелген.

Қазақстандық спортшы Денис Тен Пхенчхандағы қысқы олимпиада ойындарында. Оңтүстік Корея, 16 ақпан 2018 жыл.
Қазақстандық спортшы Денис Тен Пхенчхандағы қысқы олимпиада ойындарында. Оңтүстік Корея, 16 ақпан 2018 жыл.

Вячеславтың айтуынша, Оңтүстік Корея халқы басқа елде жүрген отандастарының өмірін бақылап, олардың жетістіктерінен хабардар болып отырады.

– Корейлер ұжымдық бірлікті жоғары қояды. Бірде достарыммен дәмханаға кірдім. Шет тілін естіген дәмханадағы қонақтар қайдан келгенімізді сұрады. Қазақстаннан екенімізді айтқанда, олар "Ә, Виктор Цой! Ұлы музыкант" деді. Мен Цой қазақстандық емес, совет одағы тұсындағы музыкант болғанын түсіндірдім. Бірақ сол кеште Цойды Кореяда да дәріптейтінін біліп қайттым, - дейді ол.

Вячеславтың айтуынша, Оңтүстік Кореяда заң жақсы жұмыс істейді және барлық жерде тәртіп орнаған. Мысалы, тұрмыстық техниканы Skype арқылы несиеге алуға болады. Банк қызметкерімен әңгіме видеоға жазылып, біраз уақыт қорда сақталады. Тауарды поштамен жеткізеді. Тапсырыс беруші үйде болмаса, курьер тауарды жақын дүкенге қалдырып кетеді. Бұл туралы хабарлама ұялы телефонға түседі. Дүкендерде поштамен келген тауар сақталатын арнайы сөрелер бар. Осы сөрелерде тұрған қымбат фотоаппарат, планшет, ноутбуктарға иесі алғанша ешкім тимейді.

– Бірде досым екеуміз мәшинемен келе жатып (Оңтүстік Кореяда қазақстандық жүргізуші куәлігі жарамды – ред.), жолда жергілікті автокөлікке соғылып қалдық. Сақтандыру компаниясы бізге медициналық көмек қажет еместігіне көз жеткізген соң, бұзылған көлікті жөндеу орталығына алып кетті. Уақытша жүргізуге су жаңа Huyndai көлігін сенімхатпен бірге әкеп берді. Осының бәрін жарты сағаттың ішінде реттеді. Халыққа өмір сүруге қолайлы жағдай жасау жағынан Оңтүстік Корея бізден көш бойы озып кеткенін сол кезде түсіндім. Одан бөлек, Кореяда артық бюрократия жоғын байқадым. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамға тыйым-шектеулер жоқ. Тек заң бұзбаса болды, - дейді ол.

Вячеслав Ким Оңтүстік Кореяның даму болашағы жоғары екеніне сенеді. Тілді еркін меңгеріп, бизнес бастауға болады деп есептейді. Бірақ осындай мүмкіндіктерге қарамастан, Вячеслав Қазақстанға оралғысы келетінін айтады.

– Көбінің осы елде қалғысы бар. Бірақ өзім ондайлардың қатарынан емеспін. Оңтүстік Кореяда өмір сүрген жаныма жағады десем, өтірік айтқан боламын. Бірінші кезекте, Қазақстанға деген сағыныш маза бермейді. Қазақстандық менталитетпен тәрбиелендім. Барлық кемшіліктеріне қарамастан туып-өскен елімді жақсы көремін, - дейді Вячеслав Ким.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG