Accessibility links

Қазақстан жастарын не мазалайды?


Бәйтерек монументі маңында кетіп бара жатқан жастардың бірі. Астана

Баспана, сапасыз білім, жұмысқа орналасудағы қиындықтар мен непотизм қазақстандық жастар үшін проблемаға айналды. “Күнкөріс қамынаан ұзамаған мемлекетте азаматтық белсенділік деңгейі төмендеген”. Қазақстан жастары ақпараттық қызметінің Прага азаматтық орталығымен бірігіп жүргізген зерттеу қорытындысы осыны көрсетіп отыр.

"ОҚУДЫ ТАСТАДЫМ, РЕСМИ ТҮРДЕ ЖҰМЫСҚА ТҰРМАДЫМ"

25 жастағы оралдық тұрғын Серік Мақатов (өз өтініші бойынша кейіпкердің аты өзгертілді) ресми түрде жұмыс істемейді, арнайы білімі (аяқталмаған заң оқуын есепке алмағанда) жоқ. Бір қызы бар ол бір бөлмелі пәтер сатып алды. Серік отбасын өзі асырап отыр.

- Оқуды тастадым, ары қарай оқудың еш мәні болмады: ақша төлейсің, бірақ институтта берген білімнің шынайы өмірге еш қатысы жоқ, оны тәжірибеде түсіндім. Қылмыстық құқық саласында істейтін таныстарыма қарап ол жақта бәрін заңдық білім емес, тамыр-таныстық пен “келісім” шешетінін ұқтым, - дейді ол.

Бұл жақта (Оралда) да барлық жердегідей тамыр-таныстық етек жайған, жақсы орындардың бәрін иеленіп алған

Оқу оқып жүріп Серік Мақатов музыкамен айналысқан, бұл салада әжептәуір қаржы да тапқан. Институтты тастап кеткен соң музыка негізгі табыс көзіне айналған.

Қазір Серік бір уақытта бірнеше іспен айналысады: кәуап дайындау және жеткізуге маманданған шағын бизнесі бар; гитарадан сабақ береді және қала мейрамханаларында кавер-топпен өнер көрсетеді.

Өзінің айтуынша, музыкалық қызметі үшін салық төлемейді, ал бизнесі әлі айтарлықтай табыс әкелмеді. Сондықтан жас жігіт жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге асықпады. Басқа табыс көзін іздеп, ресми түрде жұмысқа тұруды жоспарламайды.

- Бұл жақта (Оралда) да барлық жердегідей тамыр-таныстық етек жайған, жақсы орындардың бәрін иеленіп алған. Мысалы, досым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, заңгер дипломын алды, бірақ тек сатушы болып қызметке тұрды. Он танысымның тоғызы бұйырған жұмысты істеп жүр: біреу кофе құяды, біреу курьер болды, біреу - сатушы. Әрине, Теңіз бен Қарашығанаққа орналасатындар бар, бірақ денсаулыққа қатты зиян келеді, оны ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың, - дейді Серік Мақатов.

Қазақстанда Серік сияқты оқу оқымайтын және ресми түрде жұмыс істемейтін жастардың саны 400 мыңға жуық, яғни, әр оныншы жас осылай күнелтіп жүр. Бұл цифр солтүстіктегі екі облыс орталығы – Петропавл мен Қостанай халқының санына тең.

ЖАСТАРДЫ НЕ АЛАҢДАТАДЫ? ЗЕРТТЕУ ДЕРЕКТЕРІ

Алматы жастары. Көрнекі сурет
Алматы жастары. Көрнекі сурет

​Қазақстан жастары ақпараттық қызметі (ҚЖАҚ) Прага азаматтық орталығымен бірлесіп жүргізген тәуелсіз зерттеу Қазақстан жастарын көбіне тұрғын үй алудың қиындығы, сапасыз білім, білім беру курстарының қымбаттығы, жұмыссыздық пен жұмысқа орналасу мәселесі қинайтынын анықтады.

Респонденттер кәсіби біліктілігіне қарамастан туыстары мен достарын тартатын непотизм мәселесін де атап өткен.

Сауалнама сонымен бірге қазақстандық жастардың азаматтық белсенділігі төмендегенін көрсеткен, жастар ұйымына сұраныс та азайған.

Зерттеу 14 жастан 25 жасқа дейінгі жастарды қамтыған. Респонденттердің бірі “бағдарламалар аз, бізге ешкім көңіл бөлмейді” десе, енді бірі жастарды дамыту үшін ”пайдалы дүниелер жасау” қажеттігін айтқан.

БИЛІКТІҢ ҚАНДАЙ ЖОСПАРЫ БАР?

Өткен айда Қазақстанның қоғамдық даму министрлігі NEET(Not in Education, Employment or Training – оқу оқымайтын, жұмыс істемейтін және жұмысқа тұруға тырыспайтын жастар) жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын әзірледі. Құжатта жастарды жұмысқа орналастыру және білім беру міндеттері туралы айтылған.

"Нұр Отан" партиясының жастар қанаты "Жас Отанның" жиыны. 16 қараша, 2012 жыл
"Нұр Отан" партиясының жастар қанаты "Жас Отанның" жиыны. 16 қараша, 2012 жыл

Биліктің жоспары бойынша, бағдарлама аясында жастарға болашағы зор бос қызмет орны, оқу орындарына түсу туралы ақпарат беру жұмыстары жүргізіледі, қазақстандық мектептерде мамандық таңдауға көмектесетін кеңес беру орталықтары құрылады.

Билік болашағы бар және сұраныс аз мамандықтарға (болашақтың мамандығы) шолу жасап, жастарды техникалық және кәсіби білім жүйесіне тартады, жас жігіттерді әскерге тарту мәселесін зерттейді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазанның 5-і күнгі жолдауында 2019 жылды “Жастар жылы” деп мәлімдеді, “жастарды және отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясатта басымдыққа ие болуы керек” деді.

ТОҚЫРАУДАН ТУҒАН ЕНЖАРЛЫҚ

Орал тұрғыны Серік Мақатовтың айтуынша, өзі де, таныстары да жастарға қатысты мемлекеттік бағдарлама туралы ештеңе білмейді және оған қызықпайды. Ол мемлекеттің көмегінсіз өз бетімен жол табуға тырысатынын айтады.

- Мен “Болашақ” бағдарламасына ғана қызығушылық таныттым, мектепте оқығанда шетелге ағылшын тілін үйрену үшін барғым келді. Ағылшыннан емтихан тапсырғанда үздік бестікке кірдім, бірақ бағдарламаға ілінбедім, емтиханды менен де нашар тапсырған бала өтіп кетті. Кейін оның бір шенеуніктің баласы екенін білдім. Сонымен мемлекеттік бағдарламаларға жақындамайтын болдым, - дейді Мақатов.

ҚЖАҚ зерттеу нәтижесі бойынша, қазақстандық жас респонденттер “Қандай жастар бағдарламасын білесіз?” деген сұраққа жауап берген кезде “Серпін” (оңтүстік облысының жастарына солтүстік пен орталықта оқуға мүмкіндік беретін студенттік білім бағдарламасы), “3-2-1 StartUp” (трансұлттық корпорация ұсынған) және “Жас Отанды” (әйткенмен бұл “Нұр Отан” партиясының жастар қанаты болып саналады, бағдарлама емес ) атаған.

- Елімізде саяси институттардың жеткілікті дәрежеде жұмыс істемеуінің салдары жастар саясатында да білініп жатыр. Жастар бағдарламасы жастардың қажеттіліктерін ескермей, тек мемлекет міндеттеріне негізделіп құрастырылады. [Бағдарламалардың] сапасы мен мазмұны жұтаң болғандықтан жастар жеке, кәсіби және азаматтық даму тұрғыда бұл бағдарламалардың қандай пайдасы бар екенін нақты білмейді.Не істеу керек? Жаңа буынның қажеттіліктері негізінде бағдарламалар жасау керек және онда жастарды қала және ауыл жастары деп екі категорияға бөліп қарастыру керек. Себебі аймақтағы жастардың қажеттіліктері әлеуметтік-экономикалық деңгейге жақындау. Мұнда бірінші кезекте жастар үшін басты мәселе білім емес - жалақы мен баспана. Әсіресе бұл жас отбасыларға қатысты. Ал қалада көбіне даму мен әлеуметтенуге сұраныс бар, - дейді ҚЖАҚ директоры Ирина Медникова.

Қазақстан жастары ақпараттық қызметінің директоры Ирина Медникова. Алматы, 19 қазан 2018 жыл
Қазақстан жастары ақпараттық қызметінің директоры Ирина Медникова. Алматы, 19 қазан 2018 жыл

Медникованың айтуынша, жастардың енжарлығына Қазақстан қоғамының саяси тоқырауы себеп болып отыр.

  • 16x9 Image

    Пётр ТРОЦЕНКО

    Пётр Троценко - Азаттықтың Алматы бюросының тілшісі. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын "Уральская неделя" басылымында, "Инкар-инфо" интернет радиосында бастаған. 2007-2016 жылдары Алматыдағы, Нұр-Сұлтандағы, Оралдағы, Тараздағы және Ақтөбедегі басылымдарда жұмыс істеген. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG