Accessibility links

Алматыдағы "комсомолдар форумы" совет кезін еске салды


Алматыдағы комсомолдың 100 жылдығына арналған форум. 20 қазан 2018 жыл
Алматыдағы комсомолдың 100 жылдығына арналған форум. 20 қазан 2018 жыл

“Комсомолдың 100 жылдығына” арналған форумда комсомол жетекшілері советтік жастар ұйымының большевиктік қуғын-сүргінге араласқаны туралы айтпады. Сахнаға құрметті қарауыл саппен әкелген Қазақстан Ленин комсомолының туы мен Ленин орденін қол соғып, түрегеп қарсы алғандар бұл шараны “өткенді еске алу” деп түсіндірді.

"ЕЛБАСЫНА ШЕКСІЗ АЛҒЫС"

Сенбі, қазанның 20-сы түстен кейін Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында Қазақстан комсомолының 100 жылдығына арналған салтанатты форум өтті. Форумның не себептен бұл театрда өтетіні жайлы алдын-ала хабарланған еді. Бұл хабарға қарағанда совет өкіметі кезінде комсомол мен компартияның ірі жиындары осы Абай атындағы Опера және балет театрында өткізіліп келген.

Абай атындағы Опера және балет театрында өткен Қазақстан комсомолының 100 жылдығына арналған форумға қатысушылар. 20 қазан 2018
Абай атындағы Опера және балет театрында өткен Қазақстан комсомолының 100 жылдығына арналған форумға қатысушылар. 20 қазан 2018

​Форумды ашқан парламент мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов "бұл жиынның жүз жылда бір өтетін ғажап жиын" екенін атап өтті. 1970 жылдары Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы қызметін атқарған Қуаныш Сұлтановтың екпіндете сөйлеу мәнері мен шешендігі советтік кезеңдегі комсомол мен компартия жетекшілерін еске түсірді.

Сахнаның безендірілуі, биік төрге ілінген Ленин бейнесі бар советтік комсомол белгісі, оның астындағы "1918-2018" деген жазулар театр залында советтік аура орнатты. Бұлар өмірінің бір кезеңін комсомол ұйымына арнаған жиынға қатысушылардың көздеріне оттай басылғаны байқалып тұрды.

Комсомолдың 100 жылдығын атап өту дұрыс па, бұрыс па?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:18 0:00

​Дегенмен форум Қазақстанның қазіргі гимнмен ашылып, Қуаныш Сұлтанов "осы кездесуге және облыстарда өтетін кездесулерге келісім беріп, қолдау көрсеткен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғысын" білдірді.

"Комсомол саяси ұйым ретінде жұмысын тоқтатқанымен, кезінде сол ұйымның жұмысын адал атқарған мыңдаған адам бармыз» деген Қуаныш Сұлтанов "бұл кездесудің саясатқа қатысы жоқтығын, елдің, қоғамның өз өмірбаянына құрметпен қарау мәдениеті, адами кездесу" екенін айтып өтті.

Қуаныш Сұлтановтың сөзінен үзінді (Facebook қолданушыларының видеосы)

Қуаныш Сұлтановтың сөзіне қарағанда, "Комсомолдың 100 жылдығы" бұрынғы совет елдерінің басқа да өңірлерінде аталатынға ұқсайды. Ол "Комсомолға 100 жыл" халықаралық ұйымдастыру комитетінің тең төрағалары, Бүкілодақтық Ленин комсомолы комитетінің бұрынғы төрағалары, кейін Ресейде түрлі жоғары қызметтерде жүрген бірнеше жоғары лауазымды қызметкерден келген құттықтауды оқып, қазанның 27-сіне Кремльдің Съездер сарайында өтетін жиынға Қазақстандағы "Комсомолға 100 жыл" ұйымдастыру комитетінің атынан құттықтау хат жіберетінін хабарлады.

Кіріспе сөз кезінде Қуаныш Сұлтанов сахнаға шығарылған Қазақстан комсомолының туы мен Ленин ордені Тұңғыш президент архивіне мәңгілік сақтауға берілетінін айтты. Сөйтіп комсомол туы мен орденін 27 жыл сақтап келген Қазақстан Жастар одағының жетекшісі Есенжол Әлияровты сахнаға шығарып алғысын білдірді. Ту мен орденді архивке тапсыру сәті көпшілікті толқытқаны форумға қатысушылардың тік тұрып құрмет көрсеткенінен аңғарылды.

"АЛҒА, КОМСОМОЛ!"

Қуаныш Сұлтановтың сөзінен кейін форум концерттік бағдарламаға ұласты. Концертті жүргізушілер Қазақстан комсомолының өмірден өткен жетекшілері мен көзі тірілерін атап шықты. 1950 жылдары Қазақстан ЛКСМ-ға (Лениндік коммунистік жастар одағы) жетекшілік еткен қариядан бастап комсомол тарағанға дейінгі жетекшілері түгел аталды. Соның ішінде бірнеше жыл бұрын саясаттан кеткенін мәлімдеген Серік Әбдірахманов, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов орнынан тұрғанда залдағылар үдете қол соқты.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов (сол жақта) форум қонақтарымен бірге. Алматы, 20 қазан 2018 жыл
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов (сол жақта) форум қонақтарымен бірге. Алматы, 20 қазан 2018 жыл

Бірғаным Әйтімова, Бақытжан Жұмағұлов, Ғани Қасымов, Есет Қосубаев, мәжілістің қазіргі депутаттары Жамбыл Ахметбеков, Владислав Косарев, Серік Сейдуманов секілді тағы да басқа Қазақстан билігінде танымал ондаған адам көзге шалынды.

Форумға жиналғандар. Алматы, 20 қазан 2018 жыл
Форумға жиналғандар. Алматы, 20 қазан 2018 жыл

Жиналғандардың көбі кезінде жоғары қызметте істеген комсомол жетекшілері екені сезілді. Залдың артқы жағынан қолында аса таяғы, басындағы айыр қалпағы, үстінде ақ шапаны бар Амантай қажы Асылбековтің айғайы анда-санда естіліп тұрды. Соңынан Азаттық тілшісімен кездескен ол бұрын комсомол болғанын айтты.

Алматыдағы "комсомолдар форумына" келген Амантай қажы Асылбеков. 20 қазан 2018
Алматыдағы "комсомолдар форумына" келген Амантай қажы Асылбеков. 20 қазан 2018

​Ұйымдастыру комитетінің концерт бағдарламасын мейлінше комсомолдық рухқа сәйкес құруға тырысқаны ұдайы байқалды. Сахнаға шыққан әншілердің көпшілігі Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты екені баса айтылды. Әнші Әлібек Дінішев комсомол сыйлығын мақтанышпен еске алатынын бірнеше қайталады.

Қазақстанда танымал өнерпаздар, комсомол сыйлығының лауреаттары Жәния Әубәкірова, Айман Мұсаходжаева симфониялық оркестрдің қолдауымен шықты. Әлібек Дінішев, Нағима Есқалиева, Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, "Досмұқасан" және кезінде қыздардан құралған "Айгүл" ансамблі, Опера және балет театрының солистері негізінен орыс тіліндегі комсомол әндерін кезекпе-кезек шырқады.

"Комсомолдар форумында" өнер көрсеткен әншілер
"Комсомолдар форумында" өнер көрсеткен әншілер

"Алға, комсомол" секілді советтік патриоттық рухтағы әндер көпшіліктің делебесін қоздырғандай көрінді. Комсомол ұранымен салынған советтік ірі құрылыстарды атап өткен жүргізушілердің сөзі екпінді әндерге жалғасып, отырғандардың жастық шағын еске түсірді. Советтік жазушы Николай Островскийдің "Құрыш қалай шынықты" романының кейіпкері Павел Корчагин туралы ән де лирикалық шегініске ұқсады.

"КОМСОМОЛДАР ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН ЕДІ"

Шамамен екі сағаттан асқан концерттік бағдарламаға көпшілік разы болды. Бұрын бірге қызмет істеген адамдардың әңгімесі театр фойесінде тұрған комсомол ұйымының шежіресіне арналған көрнекіліктер жанында фотосуретке түсуге жалғасты.

Советтік көрнекіліктер жанында суретке түсіп тұрған қатысушылар
Советтік көрнекіліктер жанында суретке түсіп тұрған қатысушылар

Форумға келушілер осы сәттен бастап екіге бөлінді. Бір бөлігі театрдың екінші қабатындағы фуршетке көтерілсе, қолында арнайы шақырту қағазы жоқтар театрдан шыға бастады.

Ұйымдастырушылар мен Қазақстан ЛКСМ жетекшілерінен форум жайлы пікір сұрау мүмкін болмады. "Советтік идеологияның құралы әрі насихатшысы болған комсомол ұйымына осынша құрмет көрсетуге не себеп?" деген сауалға комсомол қызметкерлері жауап бергісі келмеді. Кейбірі "мерекелік көңіл күйді бұзбайық, той болғаны жақсы" деп кетті.

Қарай отырыңыз: Комсомол ұйымының жүз жылдығын атап өтуге қалай қарайсыз? Тұрғындар пікірі (22 қазан 2018 жыл)

Азаттық тілшісімен сөйлескен мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков кеудесіне комсомол белгісі мен басқа да бірнеше марапат белгілерін тағып, мерекелік көңіл күйде жүргендердің бірі еді. Оның сөзінше "комсомолды бұлайша еске алудың айыбы жоқ. Комсомол компартияның ізбасары болғанымен оның ісіне жауап бермейді"

- Комсомол түгілі қазіргі коммунистік партия болсақ та советтік компартияның ісіне біз де жауап бермейміз. Комсомол ішінде саяси қуғын-сүргіндерге араласқандар жоқ. Әсіресе, 1960 жылдардан бері бұрынғыдай әсіреқызыл науқандар болған жоқ. Комсомол қатарында Отанымызға адал қызмет еткендер көп. Бұл - адал адамдардың жастық шағын еске алу жиыны, - дейді мәжілістегі Қазақстан халықтық коммунистік партия фракциясының мүшесі Жамбыл Ахметбеков.

Жамбыл Ахметбеков
Жамбыл Ахметбеков

Жамбыл Ахметбеков "қазіргі билікте бұрынғы комсомолдар мен коммунистер көп деген" пікірмен келіседі. Оның сөзінше "олардың барлығының партбилеті қалтасында. Олардың ішкі жан дүниесі, жүрегімен коммунист. Бірақ заман ағымына қарай басқаша аталып жүр".

1980 жылдардың ортасында Қазақстан комсомолына жетекшілік еткен Серік Әбдірахманов комсомол кезеңінің соңғы жағын бөле қарайды. “Советтік социализм соңғы жағында адамға бет бұрды. Сол кезде комсомол бейбітшіл күш болды, екпінді құрылысқа қатысты. Біздің жүрегіміздегі комсомол – сол кез" деді ол.

Форумда суретке түсіп тұрған Серік Әбдірахманов (сол жағында)
Форумда суретке түсіп тұрған Серік Әбдірахманов (сол жағында)

Серік Әбдірахманов "советтің соңғы онжылдығындағы билік, соның ішінде комсомол билігі қазіргі биліктен гөрі халыққа, ел мүддесіне жақын болды" деп санайды.

Жиынға қатысқандардың бірі, тарихшы Бейбіт Қойшыбаев "комсомол партияның қолшоқпары болса да комсомол ұйымында адал адамдардың көп болғаны рас. Ол кезде де тамыр-таныстық та, сыбайластық та болды. Бірақ үлкен мағынада алғанда, елдің дамуына әсер етті" деп бағалайды.

Оның айтуынша жиынға қатысушылардың дені түрлі деңгейдегі комсомол ұйымының жетекшілері.

- Еңбек адамдары бірлі-жарым сияқты. Комсомолдың қызығын шенеуніктер көрді. Өйткені комсомолдан кейін, партияға өтіп ел басқарды. Дегенмен, адал қызмет еткендер болды,-дейді ол.

Бейбіт Қойшыбаев жиында негізінен орыс тіліндегі әндер шырқалғанына көңілі толмайтынын білдірді.

-Әлі күнге космополитттік әндер тыңдаймыз. Комсомолға арналған қазақша әндер де көп еді, - дейді ол.

"КОМСОМОЛ ТОЙЫ – "ПОЗОР"

Алматыда "Комсомолдың 100 жылдығына" арналған үлкен форум өтетіні жайлы жұртшылықтың хабарсыз қалғаны байқалады. Әдетте жиі талқыланатын мұндай жайттар бұл жолы форумнан соң ғана сөз болып, таңырқаушылардың және мұндай шараға наразылардың көп болғаны байқалды.

Форум өтпей тұрып Facebook әлеуметтік желісінде пікір қалдырған Марат Тоқашбаев "Комсомол тойы - позор" деп жазды. “22 жыл комсомол мүшесі болдым, оншақты жыл бастауыш комсомол ұйымын да басқардым” деген ол “комсомолдың көк тиын пайдасы болмағанын” айтады.


-Комсомол - партияның қолшоқпары болды. Қазақ жеріндегі ашаршылық, саяси қуғын-сүргінге, қудалауға көз жұма қарады. Халықты біре талады, бірге қанады. Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ жастарына қысым жасаудың машинасына айналды. Қазіргі тілмен айтқанда «топ менеджерлері» болмаса, қарапайым қатардағы комсомол еш жақсылық көрген жоқ, - деп жазды.

"Комсомол – социалды құрылыстың екпінді отряды, партияның сенімді көмекшісі" деген ұран тастаған комсомол ұйымы советтік кезеңдегі барлық саяси науқандарға, саяси қуғын-сүргіндерге белсене қатысқан еді.

1931-33 жылдардағы ашаршылық кезінде комсомол ұйымы "Астық жоспары орындалмаған аудандарда комсомол қатары оппортуншыл, байшыл, оңшылдармен толып отыр" ("Лениншіл жас" №10, 1931 ж.) деп ұран салса, 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде «Халық жауларына қарсы күрес бәсеңдемесін" ("Лениншіл жас" 30 қазан 1937 ж.) деген ұран тастаған болатын.

Алайда, Опера және балет театрында өткен жиында бұл туралы сөз болған жоқ.

1991 жылғы қазан айының 12-сінде Қазақстан комсомолының төтенше және соңғы 18-съезі өтіп, қазақ-совет өкіметі тұсында «коммунистік партияның жауынгер резерві, әрі сенімді көмекшісі» атанған комсомол ұйымы тарап, Қазақстан Жастар одағы боп қайта құрылған.

Қазақстан комсомолының соңғы съезі өтерден бір ай бұрын, яғни қыркүйек айында Бүкілодақтық комсомол ұйымы (ВЛКСМ) тараған. 1991 жылғы қыркүйектің 7-і Қазақстан Коммунистік партиясы да өзін-өзі таратып, съезд үстінде Социалистік партияға айналған болатын.

Қазақстанның бұрынғы комсомолдары Бүкілодақтық Ленин комсомолының 90 жылдығын 2008 жылы Алматыдағы Республика сарайында атап өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG