Accessibility links

15 млн қазақстандықтың жеке дерегі желідегі қара базарға шығарылды деген ақпарат тарады

Ресейлік күш құрылымдарымен байланысы бар Mash Telegram-арнасы хакерлер Қазақстанның 15 миллион азаматының жеке деректерін заңсыз сауда жасалатын қара базарға (даркнет) сатуға қойған деп хабарлады. Сатушы ол деректерді eGov мемлекеттік электрондық қызметтер жүйесін бұзып барып алғанын мәлімдеген. Telegram-арна заңсыз сауда алаңында жарияланған хабарландырудың скриншоттарын жариялаған, соның ішінде төлқұжат үлгілері де көрсетілген.

Сатушы деректер базасын шамамен 32 мың долларға бағалаған. Оның айтуынша, саудаға қойылып отырған деректер базасында азаматтардың төлқұжат мәліметтері, телефон нөмірлері, электрон поштасының мекенжайы, құжаттардың скан-көшірмелері және түрлі сайттарға кіретін кілтсөздер бар.

Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл ақпаратты тексеріп жатқанын мәлімдеді. Министрлік әзірге электрондық үкіметтің ақпарат жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғанын растайтын мәлімет жоғын айтты.

"Жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтеміз. Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды", – деп мәлімдеді министрлік.

Бұған қоса министрлік азаматтарды жеке деректерін қорғаудың цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Атап айтқанда, SMS арқылы келетін растау кодтарын, кілсөздерді және электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) деректерін бөгде адамға бермеуді, күмәнді сілтемелерді баспауды және түрлі сервистер үшін бірдей кілтсөз қолданбауды тағы да қаперге салды.

Қазақстан азаматтарының жеке деректерін хакерлер ұрлап алғаны жөнінде бұған дейін де бірнеше рет айтылған. Былтыр маусым айында хакер форумдарының бірінде Қазақстанның 16 миллионнан астам тұрғынына қатысты мәліметтер базасы интернетке тарап кеткені жайлы хабар жария болған. Сол кезде киберқауіпсіздік сарапшылары деректер мемлекеттік немесе квазимемлекеттік ресурстардың бірінен ұрланған болуы мүмкін деп топшылаған еді.

Айдар
XS
SM
MD
LG