Accessibility links

Мәскеу ықпалының әлсірегені ме? Орталық Азия қаруды Ресейден өзге елдерден ала бастады

Әуе шабуылынан қорғайтын үндістандық Akash кешені Еревандағы әскери шеруде. 2026 жылғы мамыр.
Әуе шабуылынан қорғайтын үндістандық Akash кешені Еревандағы әскери шеруде. 2026 жылғы мамыр.

Орталық Азия елдері қару-жарақ мәселесінде Ресейге деген тәуелділікті азайту үшін Үндістан, Қытай, Түркия және Еуропа мемлекеттеріне жиі-жиі жүгіне бастады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай әртараптандыру саяси еркіндік береді, бірақ түрлі тараптың қаруын пайдаланудың өз қиындықтары бар.

Үндістан қорғаныс министрі Раджеш Кумар Сингх қазанның басында мәлімдеме жасап, Тәжікстан мен Түрікменстанға әуе шабуылынан қорғайтын Akash қаруын табыстағанын айтты.

Тәжікстан да, Түркіменстан да қару-жарақ жөнінде мұндай келісімшарт болғанын, қандай қару алынғанын, қашан жеткізілуі керек болғанын және келісім құны қанша екенін айтпады. Бірақ мұндай сауда жасалғаны рас болса, осыған дейін Ресей қару-жарағын сатып алып келген бұл екі ел Мәскеуге балама болатын мемлекеттерді қарастырып жатқанын байқатып отыр.

Үндістан баспасөз құралдары мұның алдында Akash қорғаныс жүйесіне Армения да тапсырыс бергенін хабарлаған. Ол ақпаратқа қарағанда, сомасы 720 млн доллар болатын 15 Akash жүйесіне тапсырыс 2022 жылы жасалған. Алайда Үндістан да, Армения да бұл келісімді растамады. Akash – ұшақтарды, дрондар мен зымырандарды атып түсіруге арналған жылжымалы жерүсті қорғаныс жүйесі.

Совет дәуірінен қалған қарулар

Орталық Азия елдері ондаған жыл бойы Совет және Ресей қаруына тәуелді болып келді. Мәскеу керек-жарақты беріп қана қоймай, ол қаруды қолдануды үйретті, жөндеу жұмыстарын атқарды. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) сияқты одақтар да Ресейдің аймақтағы негізгі қауіпсіздік кепілі ретіндегі орнын нығайтты.

Ослодағы Бейбітшілікті зерттеу институтының (PRIO) зерттеуші профессоры Павел Баев Орталық Азия елдерінің жаңа қару-жарақ сатып алуын Мәскеуге жолданған айқын саяси белгі деп санайды.

"Меніңше, бұл жерде нақты стратегиялық әлеуетті арттырудан гөрі, белгілі бір ұстанымды көрсету мақсаты басым" дейді Баев.

ҰҚШҰ-ға мүше Тәжікстанда Ресейдің әскери базасы бар. Ал Түркіменстан ресми түрде бейтарап ел саналады.

"Екі ел де Мәскеуге режимдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күш қолдану мүмкіндігіне негізделген үстемдігінің аяқталғанын көрсеткісі келеді" дейді Баев.

Ресейдің Тәжікстандағы 201-әскери базасы.
Ресейдің Тәжікстандағы 201-әскери базасы.

Дей тұрғанмен, Орталық Азия елдерінің өзге мемлекеттерге қайрылуының саяси астардан бөлек те себептері бар. Батыс санкциялары мен Украина соққылары Ресейдің қорғаныс индустриясына салмақ түсіріп, бұл ел бұрынғы әскери жабдық экспорттаушысы ретіндегі әлеуетін әлсіретіп алып отыр.

Әлемдік қару-жарақ саудасын зерттейтін Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты (SIPRI) жариялаған деректерге қарағанда, 2016-2020 және 2021-2025 жылдар кезеңдерін салыстырғанда, Ресей қаруы экспортының көлемі 64 пайызға төмендеген. Соның салдарынан Ресейдің әлемдік қару-жарақ экспортындағы үлесі 21 пайыздан 6,8 пайызға дейін қысқарды.

Бірақ Мәскеу соған қарамастан қару-жарақпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімшарттарға әлі де қол қойып жатыр. Қаңтар айында Ресей қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Денис Мантуров Ресей президенті Владимир Путинге қару-жарақ экспорттау жөніндегі қол қойылған келісімшарттар портфелі рекордтық 70 миллиард долларға жеткенін баяндады. 2022 жылға дейін бұл көрсеткіш 55 миллиард доллар шамасында болатын. Алайда Мантуров келтірген сома табысталған қарудың құнын емес, жасалған келісімшарттардың жалпы құнын білдіреді.

Қазақстандық әскери сарапшы, отставкадағы авиация полковнигі Ермек Сейітбатталов әріптес елдер Ресейдің жеткізу тізбегі бұзылғанын түсіне бастады деп отыр.

"Бұл келісімдерге әскери қажеттілік көбірек түрткі болған сыңайлы. Жақын арада Ресей қолданыстағы қару-жарақ пен оқ-дәріні жөндеуге, оларға техникалық қызмет көрсетуге және жауынгерлік әзірлікте ұстауға қажетті қосалқы бөлшектер мен басқа да құрамдас бөлшектерді жеткізе алмайтыны түсінікті болып отыр" дейді ол. "Оның үстіне, қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлері жеткізіледі деп күтудің де қисыны аз. Ал елдің қорғанысын қараусыз қалдыруға болмайды".

Сейітбатталов сондай-ақ мәселе қаруды сатып алумен шектелмейтінін айтады.

"Akash Орталық Азиядағы әскери күштердің арақатынасын өзгертпейді. Өйткені бұл қару – жалпы жүйені толықтыруға арналған құрамдас бөліктердің бірі ғана" дейді ол.

Сарапшының пікірінше, әуе қорғанысы жүйесі тиімді жұмыс істеуі үшін оның айналасында тұтас инфрақұрылым болуы керек. Оған радарлар, қорғалған деректер алмасу арналары және басқару орталығы кіреді.

Экспорттаушы көп болса, мәселе де көп

Қару-жарақты әртүрлі елден алудың өз қиындығы бар. Орталық Азия әскери арсеналында Совет және Ресей қару-жарағынан бөлек Қытай, Түркия, Үндістан және Батыс қарулары артып келеді. Бұл сол қаруларды интеграциялау және оларды бір-бірімен ұштастыра қолдану ісінде қиындық туғызады.

Орталық Азиядағы кейінгі әскери шерулер қару-жарақ көзінің қаншалық әртараптанып жатқанын байқатты. Түркіменстан 27 қыркүйекте Тәуелсіздік күніне арналған әскери шеруде (Ашғабатта өтті) әуе шабуылынан қорғайтын қытайлық FK-2000 жүйесін көрсетті. Осылайша, елдің Қытайда жасалған зымыран жүйелерінен тұратын арсеналы толыға түсті. Шеруге Бразилияда шығарылған A-29 Super Tucano шабуылдаушы ұшағы мен Италияда жасалған Leonardo M-346 оқу-жаттығу ұшақтары да қатысты.

Тәжікстан болса, Қытайда жасалған HQ-17AE әуе қорғанысы жүйесін, сондай-ақ әскери қызметшілерді тасымалдауға және қорғауға арналған қытайлық беренді машиналарды көрсетті. Өзбекстан да 2026 жылғы Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шараларда Қытайда жасалған J-10CE жойғыш ұшақтарын таныстырды. Ал Қырғызстан кейінгі жылдары Түркияның әскери дрондарының бірнеше түрін сатып алды.

Әртүрлі техникалық стандарттар әуел бастан-ақ қиындық туғызады дейді әскери сарапшы Сейітбатталов. Оның айтуынша, әртүрлі жүйелер "біртұтас қорғаныс архитектурасы аясында жұмыс істей алмайды".

"Бірінші мәселе – бұл қару-жарақ пен оқ-дәрінің ортақ стандарттарға сәйкес келмеуі. Сонымен қатар әртүрлі қару-жарақ жүйелерін жоғары деңгейде қолдана алатын әскери мамандарды даярлау да қиындайды" дейді ол.

Сейітбатталов бұған қоса қару-жарақ пен оқ-дәрі қорын жинау және сақтау, қосалқы бөлшектер мен құрал-сайман сатып алу, жөндеу, техниканың қызмет ету мерзімін ұзарту, жаңғырту, техникалық қызмет көрсету және пайдалану кезінде де қиындықтар туындайтынын атап өтті.

Қару-жарақ нарығына Қытайдың кіруі

Егер Ресей Орталық Азияны қару-жарақпен жабдықтаушы мәртебесінен айырылса, оның орнын кім басады?

"Қытай – сөзсіз, маңызды серіктес. Бірақ ол аймақта үстемдік орнатуға ұмтылмайды. Оның мақсаты – тұрақтылықты нығайту. Бұл аймақтағы билік режимдеріне де қолайлы" дейді Павел Баев.

SIPRI деректеріне қарағанда, 2016-2020 және 2021-2025 жылдарды салыстырғанда, Қытайдың қару-жарақ экспорты 11 пайызға артқан. Осы екі кезеңнің кейінгісінде Қытай экспорттаған қарудың 77 пайызы Азия мен Океания елдеріне жеткізілген. Алайда SIPRI жариялаған қысқаша шолуда Орталық Азияға экспортталған қарудың нақты көлемі көрсетілмеген.

Бірақ Баевтың пікірінше, Пекин Мәскеудің орнын баса қоймайды. Оның сөзінше, Орталық Азия бұдан былай бір өндірушіге тәуелді болғысы келмейді.

"Белгісіздік көп. Бірақ бір нәрсе анық болуы мүмкін: Орталық Азия енді бұрынғыдай аймақта "аға мемлекеттің" болғанын қаламайды" дейді ол.

Жеткізу тізбегіндегі қиындықтарға қарамастан, Орталық Азиямен әскери ынтымақтастықтан Ресейдің бас тарта қоюы екіталай. Шілдеде Владимир Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімдерді өзгерту мүмкіндігі жайлы бұйрықтарға қол қойды. Кейбір сарапшылар бұған қарап Мәскеу қорғаныс өнеркәсібінің бір бөлігін Украина соққылары жете алмайтын аумақтарға көшіруге ұмтылып жатқанға ұқсайды деп топшылады.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG