Accessibility links

Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери келісімдерді қайта қарауға көшті. Бұл оған не үшін керек?

Коллаж авторы — Тимур Тимаев
Коллаж авторы — Тимур Тимаев

Шілденің аяғында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімдерді қайта қарауды тапсырды. Қолданыстағы келісімдерді Мәскеу Астанамен 2013 жылы, ал Ташкентпен 2016 жылы жасаған. Қазір бұл құжаттар қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізуді, әскери мақсаттағы өнімдер алмасуды және технологиялар беруді реттейді. Алайда келісімдерде нақты не өзгеруі мүмкін және Ресей оларды дәл қазір неге қайта қарап жатыр?

Әзірге Кремльдің Астана және Ташкентпен жасалған әскери-техникалық келісімдердің нақты қай тұстарын қайта қарастырып жатқаны белгісіз. Өзбекстан Қорғаныс министрлігі Азаттық радиосының сауалына жауап бермеді. Ал Қазақстан Қорғаныс министрлігі құжаттар бойынша жұмыс аяқталғанға дейін олардың мазмұнына түсініктеме бермейтінін мәлімдеді.

"Шектеулі түрде таратуға жатпайтын ақпарат жұртқа мемлекеттік органдардың ресми ақпараттық ресурстары арқылы белгіленген тәртіппен жеткізіледі" деді министрлік.

Неге дәл қазір?

Жаңа құжаттарда не болуы мүмкін екенін болжау үшін Ресейдегі қазіргі жағдайға назар аудару қажет. Мәскеу 2022 жылы Киевке қарсы бастаған соғыс енді Ресейдің өз аумағында да жүріп жатыр. Украиналық дрондар елдің түрлі өңірлеріндегі мұнай өңдеу зауыттары мен өнеркәсіп нысандарына тұрақты түрде шабуыл жасауға көшті.

Маркетплейстердің қоймалары өртеніп, азаматтық инфрақұрылым да шабуылға ұшырап жатыр. Бұл Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешені үшін қару өндіру мен оны майданға жеткізу тұрғысынан қосымша қауіп тудырады. Бұған қоса, Ресей Батыс елдерінің қатаң санкциялық қысымына ұшыраған. Бұл шектеулер әскери-өнеркәсіптік кешенге де бағытталған.

Ресей сондай-ақ әлемдік қару-жарақ нарығындағы позициясын жоғалта бастады. Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) мәліметінше, 2021–2025 жылдары Ресейдің қару экспорты алдыңғы бесжылдықпен салыстырғанда 64 пайызға қысқарған. Оның әлемдік экспорттағы үлесі 21 пайыздан 6,8 пайызға дейін төмендеген. Бұл – кейінгі 70 жылдан астам уақыттағы ең төмен көрсеткіш.

Ресей әскері Украинада соғыс жүргізіп жатқан кезде Мәскеу шетелдік қару сатып алушыларынан да айырылып жатыр. Мысалы, негізгі импорттаушылардың бірі саналатын Үндістан сатып алу көлемін қысқартты. Нью-Дели мұны Украинадағы соғыс салдарынан жеткізілімдердің кешігуімен байланыстырған.

Әлемдік қару нарығындағы үлесін жоғалтып жатқан Ресей Қазақстан мен Өзбекстанды өз әскери өнімдері үшін сенімді нарық ретінде қарастыра ала ма? Сарапшылар мұны жоққа шығармайды, бірақ мұнда бірқатар мәселе барын айтады.

Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімдер тек Ресей өнімдерін экспорттауды ғана қарастырмайды. Онда кері бағыт та көзделген. Соғысқа дейін бұл тармақтар көбіне формалды сипатта қарастырылса, қазір жағдай өзгеріп отыр. Сондықтан Мәскеу қару сату нарығын сақтап қалуға ғана емес, көрші елдермен әскери-өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге де мүдделі болуы мүмкін дейді сарапшылар.

Өндірісті Орталық Азияға көшіре ме?

Лондонда орналасқан Central Asia Due Diligence сараптамалық ұйымының жетекшісі Әлішер Илхамовтың пікірінше, Ресей жаңа келісімдер аясында әскери өндірістің бір бөлігін Қазақстан мен Өзбекстанға көшіруі мүмкін. Мұндай қадам өндірісті украиналық шабуылдардан қорғауға мүмкіндік береді.

Оның айтуынша, бұл елдер Совет одағынан салыстырмалы түрде дамыған өнеркәсіптік базаны мұраға алған. Мысалы, Шығыс Қазақстандағы "Семей инжиниринг" кәсіпорны беренді техникаларға қызмет көрсетеді. Оның ішінде Т-72 танктері де бар. Алматыдағы №405 авиациялық жөндеу зауыты Ми-8/Ми-17 тікұшақтарын жөндейді. Ал Өзбекстандағы Шыршық авиациялық жөндеу зауыты Ми-8/Ми-17, Ми-24 тікұшақтары мен Су-25 шабуылдаушы ұшақтарын жөндеп, модернизациялайды.

Сарапшының айтуынша, Ташкент пен Астананы Батыс санкцияларынан қорғау үшін әскери техника өндірісі азаматтық мақсаттағы өнім деп көрсетілуі ықтимал.

Әлішер Илхамов
Әлішер Илхамов

"Бұл бір жағынан қысым болса, екінші жағынан материалдық, экономикалық және қаржылай қызықтыру амалы болуы мүмкін. Екі мемлекетке де инвестиция мен өндірістік тапсырыстар қажет. Қазір Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кәсіпорындары шабуылдарға ұшырап жатыр, соның салдарынан қосылған құн тізбегінің кейбір буындары үзіліп қалды. Сол буындарды қайта қалпына келтіру керек" дейді Илхамов.

Бұл пікірдің кей тұстарын Forecast International зерттеу ұйымының әскери сарапшысы Дерек Бисаччо қуаттайды. Оның ойынша, келісімдерді қайта қарауға Батыс санкциялары әсер еткен. Батыс елдері Ресейдің әскери өнеркәсібімен қатар Ресейге қос мақсаттағы тауарларды тасуға да санкция жариялаған.

Бисаччо Қырғызстанды мысал етеді. Былтыр Мәскеу Бішкекпен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді өзгерткен. Ашық дереккөздерде бұл хаттаманың қысқаша сипаттамасы ғана жарияланды. Онда тараптар әскери өнімдерді жеткізу, жөндеу және модернизациялауға қатысты келісімшарттарды дайындау рәсімдерін жеңілдетуге келіскені айтылған.

Қырғызстан құжатты сәуірде ратификациялап, сол айда Еуропалық одақтың екінші деңгейлі санкцияларына ілікті. Енді бұл елге кейбір цифрлық бағдарламамен басқарылатын станоктар мен радиоэлектрондық жабдықтарды жеткізуге тыйым салынған. Бисаччоның пікірінше, Ресей Қазақстан және Өзбекстанмен де осыған ұқсас тетіктерді қолдануға тырысуы мүмкін.

Дерек Бисаччо
Дерек Бисаччо

"Олар басқа ел аумағында іске қоса алатын кез келген өндіріс Украина үшін әскери операцияларды күрделендіре түседі. Украина кейінгі уақытта батылырақ әрекет ете бастағанымен, Қазақстан аумағына дронмен соққы жасағысы келмейді деп ойлаймын. Бұл өте күрделі эскалация ретінде қабылданар еді. Ресей мұны жақсы түсінеді" дейді Бисаччо.

Егер бұл болжамдар іске асса, Қазақстан мен Өзбекстан екінші деңгейлі санкцияларға тап болып, олардың Батыс елдерімен қарым-қатынасы нашарлауы мүмкін.

Мәскеу әскери өндірісті көшіруді сұраса, Астана мен Ташкент бұған қарсы тұра ала ма? Кремльдің қолын қайтару әсіресе Ақордаға қиын болуы ықтимал. Өйткені Қазақстан мен Ресей Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше. Ал бұл әскери-саяси блокқа (Оған Қазақстан мен Ресейден бөлек Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан кіреді; Армения мүшелікті тоқтатып қойды) мүше елдердің бір-бірінің алдында міндеттемелері бар.

"Әрине, олар өз егемендігін қорғауға және сақтауға ұмтылады. Бірақ Мәскеудің қалауын толықтай елемеуге де ешкімнің батылы жетпейді. Орталық Азия елдері әлемдік сауда нарықтарына тіке шығар жолы болмағандықтан, Ресейге экономикалық тұрғыда тәуелді болып отыр. Бұл шектеу Орталық Азияға инвестиция тартуды да қиындатады және аймақ елдерінің инфрақұрылымдық тұрғыдан Ресеймен байланысын күшейтеді" дейді Илхамов.

"Қызғаныш" және "шу"

Сарапшылардың өзге де болжамдары бар. Мәселен, кейбірінің айтуынша, Мәскеуге Қазақстан мен Өзбекстанның Батыс елдерімен, Түркиямен және Қытаймен әскери ынтымақтастықты күшейтіп жатқаны ұнамауы мүмкін.

Мысалы, Түркия Өзбекстан армиясын жаңғыртуға, кадр даярлауға көмектесіп, оған әскери техникалар, оның ішінде дрондар сатып жатыр. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстан аумағында Anka дрондарын бірлесіп өндіруге келіскен.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, мұнда белгілі бір дәрежеде "қызғаныш" байқалады: Кремльге Орталық Азия елдерінің Мәскеу бақылауынсыз жаңа серіктестермен байланыс орнатуы ұнамауы мүмкін.

"Ресей әлі де көптеген елдерге әскери техника ұсынады. Бұрын жасалған келісімдер тіпті ҰҚШҰ мүшесі емес Өзбекстанға да қару-жарақты тиімді бағамен алуға мүмкіндік береді. Қазір Ресейдің қолында ешқандай артықшылық қалмады деуге және болмайды. Бірақ Ресей Украинадағы соғысқа байланысты өзінің әскери өнеркәсібін ішке бағыттап жатқандықтан, оның орнын басқалар толтырып жатыр" дейді Бисаччо.

Ресейлік дезертирлер мен бұрынғы әскери қызметкерлерінен тұратын "Қош бол, қару!" ("Прощай, Оружие!") қауымдастығының сарапшысы Алексей Альшанскийдің пікірінше, жаңа келісімдерде елеулі өзгерістер бола қоймайды. Ол Ресейдегі әскери өнеркәсіп кешендерінің Қазақстан мен Өзбекстанға көшірілуі екіталай деп санайды. Оның сөзінше, Ресей кешендерді Сібір сияқты алыс жерлерге шоғырландыруы ықтимал.

Алексей Альшанский
Алексей Альшанский

"Әскери келісімдерді қайта жасау немесе оған қайта қол қою төңірегіндегі бұл әңгімелердің барлығы – ақпараттық шу ғана. Владимир Путинге Ресейдің оқшауланбағанын, ресейлік армияның бәріне қажет әрі қызықты екенін көрсету маңызды болып тұр" дейді Альшанский.

Қазақстандық бұрынғы әскери қызметкер, ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметінің отставкадағы подполковнигі Ғалымжан Сәдуақасовтың пікірінше, Мәскеумен келісімдерді қайта қарау Қазақстан мен Өзбекстан үшін тиімдірек болуы мүмкін. Оның айтуынша, бұл екі ел ресейлік технологияның заманауи соғыс талаптарына сай келмей қалғанын ескеріп, басқа елдерді де қарастырғысы келеді.

Ғалымжан Сәдуақасов
Ғалымжан Сәдуақасов

"Олар (Ресей – ред.) технология тұрғысынан қатты қалып жатыр. Иә, Ресейдің гипердыбыстық зымырандар мен бесінші буын авиациясы сияқты көзірлері бар. Бірақ олар бұл технологияларды бізбен бөліспейді, өйткені бұл — олардың жалғыз көзірі. Қазақстан осындай жағдайда қару-жарақ сатып алуды қалай әртараптандыра алады – мәселе сонда. Біз әскери техниканың қосалқы бөлшектері бойынша Ресейге тәуелдіміз. Бірақ қазіргі соғыста танктер мен артиллерия тек қосалқы рөл атқарады. Меніңше, Ресейден қару-жарақ алуды қысқарту бастамасы көбірек біздің елдерден шығып отыр», — дейді бұрынғы әскери қызметкер дейді Сәдуақасов.

Әзірге Мәскеу, Астана және Ташкент келісімдерде нақты нені өзгерткісі келетіні белгісіз. Кей сарапшылар мұны Ресейдің қорғаныс өнеркәсібін сақтап қалу және өңірдегі ықпалын жоғалтпау әрекеті деп бағалайды. Басқалары мұның бәрін жай ғана ақпараттық шу деп санайды.

Алайда келіссөздер қалай аяқталса да, Қазақстан мен Өзбекстан бұрынғы және жаңа серіктестер арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мәжбүр болады.

Айдар
XS
SM
MD
LG