Орталық Азия елдері ЖИ хабына айналғысы келіп, ірі деректер орталықтарын салуға бекініп отыр. Әлемдік технология алпауыттарын арзан электр энергиясымен, салық жеңілдіктерімен және тиімді ұсыныстармен қызықтырмақ. Бірақ сарапшылар мұндай үлкен амбициялардың артында қауіп-қатерлер барын айтады.
Орталық Азия үкіметтері жасанды интеллект (ЖИ) жарысынан қалып қоймауға ұмтылып, үлкен межелерді көздеп отыр.
Америкалық NVIDIA және Firebird компаниялары мен "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы Екібастұзда "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" (Data Center Valley) дейтін жобаны бірлесіп іске асырмақ. Қазақстанның бұл жобасы Орталық Азиядағы ең ірі ЖИ инфрақұрылымына айналмақ.
Ташкент те "Цифрлық Өзбекстан – 2030" стратегиясы аясында осындай мақсат көздеп отыр. Ел билігі деректер орталығына инвестиция құямын деушілерге 2040 жылға дейін салық және кедендік жеңілдіктер ұсынады. Ал Тәжікстан қазан айында NVIDIA компаниясының Global AI Nations бағдарламасының қолдауымен аймақтық жасанды интеллект инновациялары хабын құру жоспарын жариялады.
Алайда Орталық Азияның ЖИ саласындағы амбициясына күмәнмен қарайтындар да бар. Олар жобаларды қаржыландырудағы бұлыңғырлықты, электр тапшылығын бастан кешіп отырған елдердің көмір жағатын электр станцияларына тәуелділігін және жемқорлық жайлаған өңірдегі ашықтықтың жоқтығын меңзеп отыр.
Қазақстандық дерек өңдеу алқабы
Астана "Деректерді өңдеу орталығы алқабын" салу үшін NVIDIA және Firebird компанияларымен 10 млрд долларға келісім жасасқанын мәлімдеді. Жобаны қолдаушылар бұл алқап Қазақстанды ЖИ есептеу қуатын экспорттаушы орталыққа айналдырады деп үміттенеді.
Қазан айында NVIDIA компаниясының сол кездегі басшысы Дженсен Хуанг Астанаға сапарында мәлімдеме жасап, бастапқы кезеңнің жоспары бойынша серверлер мен жабдықтардың қуаты 1 гигаватқа жетуі мүмкін екенін айтты. Ал ұзақ мерзімді жоспарда бұл көрсеткішті 5 ГВт-қа дейін жеткізу көзделген.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен бірге жұрт алдында сөйлеген Хуанг елдің әлемдік ЖИ индустриясында маңызды ойыншыға айналу мүмкіндігі зор екенін мәлімдеді.
"Әлем елдері ЖИ экономикасына қалай қосылуға және оны қалай құруға болатынын талқылап жатқанда, Қазақстан бұл іске кірісіп те кетті. Қазақстанның табиғи артықшылығы бар: табиғи ресурсы да, энергиясы да мол. Болашақта энергияны жай ғана экспорттаудың орнына, оны есептеу қуатына айналдырып, зияткерлік өнімді экспорттай аласыздар" деді Хуанг.
Алайда геокеңістік деректерінің сарапшысы Марат Бексұлтанов "Деректерді өңдеу орталықтары алқабын" қаржыландыру мәселесіне күмәнмен қарайды. Ол – Нью-Йоркте орналасқан GeoBox компаниясының басшысы. Бұл компания Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару және ауыл шаруашылығы саласында спутниктік талдау қызметін көрсетеді.
"Ең үлкен мәселе – жобаны негізінен Қазақстан үкіметі қаржыландырып отырғаны. Жеке инвестиция өте аз немесе мүлде жоқ. Оның үстіне, жобаның қызметін пайдалануға ниет білдірген тапсырыс беруші болмай тұрып, оған ақша салынып жатыр. Ең бастысы – бұл жобаның түпкі тұтынушысы кім болатынын әзірге білмейміз" дейді Бексұлтанов.
Дженсен Хуанг Қазақстан энергия ресурстарын есептеу қуатына айналдырып, оны Еуропа нарығына экспорттай алатынын айтты. "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" жобасы Екібастұздағы көмір жағатын ГРЭС-1 электр станциясына жақын орналасқан.
Бексұлтанов мұны жобаның осал тұсы санайды.
"Еуропалық компаниялар – лас энергиядан алынған қуатты сатып алуға ең құлықсыз тұтынушылардың бірі. Олардың көбі сатып алатын қызметтердегі, соның ішінде бұлтты есептеу қызметтеріндегі көміртек ізі жөнінде есеп беруге міндетті. Екібастұз көмірімен жұмыс істейтін деректер орталығынан мұндай із табылады. Еуропаға қызмет экспорттау үшін таза энергия қажет. Ал бұл жобада ондай таза энергия жоқ" дейді GeoBox басшысы.
Қазақстанның ірі деректер орталықтарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ете алатыны да анық емес. Бексұлтановтың айтуынша, Қазақстан қазірдің өзінде өзіне қажетті электр энергиясын толық өндіре алмай отыр.
"2025 жылы Қазақстан 123,1 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіріп, 124,6 миллиард киловатт-сағат тұтынды. Тапшылық Ресейден импорттау арқылы өтелді" дейді ол.
Қазақстан үкіметі "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" жобасына электр энергиясын 20 жыл бойы төмен әрі тұрақты тарифпен беруге уәде берген. Ал жергілікті кәсіпорындар электр қуатын бұдан әлдеқайда жоғары бағаға сатып алады.
Жобаны сынаушылардың пікірінше, электр энергиясын көп тұтынатын тағы бір ірі нысанның іске қосылуы елдің энергетикалық жүйесіне қосымша салмақ түсіреді. Салдарынан бүкіл ел аумағын қамтитын электр жарығының үзілу қаупі артуы мүмкін.
Тағы бір мәселе – ашықтық. Transparency International ұйымының 2025 жылғы жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 182 елдің ішінде 96-орынға жайғасқан.
Бексұлтановтың айтуынша, жұрт шығынды кім көтеретінін білмей отыр. Электр энергиясымен қамтамасыз ету шарты, Firebird компаниясымен жасалған жалдау шарты және электр тарифіне берілетін жеңілдіктің қайдан қаржыландырылатыны туралы құжаттар жарияланбады дейді ол.
"Таза пиар"
ЖИ саласына көңіл бөліп отырған Қазақстан ғана емес. Сауд Арабиясында орналасқан DataVolt компаниясы Өзбекстан астанасы Ташкентте сұйықтықпен салқындатылатын, қуаты 12 мегаваттық деректер орталығын салып жатыр. Компания жобаның кейінгі кезеңдерінде шамамен 3 миллиард доллар инвестиция құйып, орталықтың қуатын 500 мегаватқа дейін жеткізуді жоспарлайды. (ЖИ деректер орталықтарында қуатты салқындату жүйесі қажет. Өйткені ЖИ қолданатын чиптер көп жылу бөледі.)
DataVolt компаниясы Google, Microsoft, Meta және Amazon сияқты технологиялық алпауыттарды өз жобасына тартуды көздеп отыр.
Қырғызстан болса Қытайдың Inspur, Huawei және ZTE компанияларын ынтымақтастыққа шақырып жатыр. Жақында StarOcean Investment компаниясы Қырғызстанның орталық бөлігіндегі Нарын еркін экономикалық аймағында деректер орталықтары мен ЖИ есептеу қуатын дамытуға бағытталған, энергияны көп қажет ететін индустриялық парк салу туралы келісімге қол қойды. Жобаға 200 гектар жер бөлінген.
Тіпті интернет инфрақұрылымы ескірген, саяси жүйесі қатаң авторитарлық Түркіменстан да ЖИ толқынынан қалғысы келмейді. Елдің энергетика министрінің орынбасары Сердар Сапаров жуырда халықаралық компаниялармен деректер орталықтарын салу жөнінде келіссөз жүріп жатқанын айтты.
Сингапурда орналасқан Bitdeer Technologies Group компаниясы Түркіменстанның энергетикалық ресурстарын есептеу қуатына айналдыру жөнінде ұсыныс жасаған.
Елдің энергетикалық жобаларымен таныс, бұрын Түркіменстан үкіметінде қызмет еткен шенеунік Азаттықтың Түркімен қызметіне сұхбат беріп (қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін жарияламауды сұрады), Ашғабаттың деректер орталықтарын салу туралы мәлімдемелерін "таза пиар науқаны" деп атады. Оның сөзінше, Түркіменстанды бұл қадамға аймақтағы бәсеке итермелеп отыр.
"Көрші елдердің бірінде әлдебір жоба болса, біз де олардан қалмауымыз керек. Тіпті оның бәрі құр сөз болып қалса да, қалмауымыз керек" деді бұрынғы шенеунік.
Ол Түркіменстанда мұндай нысандардың жұмысын қамтамасыз ететін инфрақұрылым барына да күмән келтіреді.
"Жылдың басым бөлігінде ауа температурасы жоғары болғандықтан, салқындату жүйесіне кететін шығын айтарлықтай өседі" дейді ол.
Экс-шенеунік Түркіменстанның электр желілері тозып бара жатқанын және оларды жаңғырту үшін "орасан зор инвестиция" қажет екенін айтады. Ол жуырда аймақтың бірқатар бөлігінде болған электр жарығының жаппай өшуін мысалға келтірді.
Су тапшылығы төңірегіндегі дау
АҚШ пен Еуропада деректер орталықтарын салуға қарсы қоғамдық наразылық күшейіп келеді. Бұған электр энергиясы бағасының өсуі, энергетика желілеріне түсетін салмақ және судың көп жұмсалуы түрткі болып отыр. Кей елдер мұндай нысандардың жұмысына қойылатын талаптарды да қатаңдатып жатыр.
БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) жуырда жарияланған сараптамалық баяндамасында Орталық Азия да осындай мәселеге тап болуы мүмкін екені ескертіледі. Өйткені су тапшылығы сезіліп отырған өңірдегі деректер орталықтары электр энергиясы мен суды өте көп тұтынады.
Бұл халықтың, ауыл шаруашылығының және энергетика саласының су ресурстарына қолжетімділігін одан әрі шектеуі мүмкін. Оның үстіне, Орталық Азия елдерінде деректер орталықтары операторларының қанша су тұтынатыны туралы есеп беруін міндеттейтін кешенді талаптар да жоқ.
БҰҰ ЕЭК үкіметтерге деректер орталықтарының операторларынан су тұтыну көлемін ашық жариялауды талап етуді, нысан салатын жерді бекіткенде ондағы су тапшылығын ескеруді және күн мен жел сияқты суды аз қажет ететін жаңартылатын энергия көздеріне басымдық беруді ұсынады.
Азаттыққа берген жазбаша жауабында БҰҰ комиссиясы "мүше елдердің" саяси шешіміне "баға бермейтінін" айтты.
Дегенмен комиссия Орталық Азиядағы кейбір елдер су ресурстары саласындағы ынтымақтастық, қоғамның шешім қабылдауға қатысуы, қоршаған ортаға әсерді бағалау және өнеркәсіптік апаттардың алдын алу жөніндегі экологиялық конвенцияларға қосылғанын атап өтті. Комиссияның мәлімдеуінше, егер аталған жобалар жүзеге асса, осы халықаралық келісімдердің кейбір ережелері оларға қолданылуы мүмкін.
Марат Бексұлтанов болса Орталық Азия үкіметтері миллиардтаған доллар жұмсамас бұрын осындай ұзақ мерзімді шығындарды есепке алып отырғанын білу қажет дейді.
"Орталық Азия – цифрлық Жібек жолына айналуға қолайлы аймақ. Бірақ амбиция мен шынайы мүмкіндіктің арасында тепе-теңдік болуы керек. Қазір жеке инвесторлар нақты міндеттеме алмай тұрып, бюджет қаржысы жұмсалып жатыр. Бұл – баяғы "алдымен салып алайық, сосын тұтынушы өзі келеді" деген тәсіл. Ал егер олар келмесе ше? Онда не болады?" дейді сарапшы.