Accessibility links

Пәкістанда әртіс әйелдерге қатер көп


Пәкістанда өнер саласында жүрген әйелдерге қастандық жиі жасалады.
Пәкістанда өнер саласында жүрген әйелдерге қастандық жиі жасалады.

Пәкістанның солтүстік-батысындағы Пешавар қаласында әйгілі әнші әйел қастандықтан қаза тапты. Бұл елде «әйелдердің ән салуы исламға қайшы келеді» дейтіндер көп. Сондықтан өнер адамдарына қастандық жиі жасалды.

Пешавар қаласының өнерпаздар қауымы жергілікті әнші Гүл Наздың қазасына қайғырып жатыр. Пуштун тілінде ән айтатын, «Мускан» деген лақап аты бар Гүл Назды маусымның 18-і күні Пешавардағы үйінде біреулер атып кетті. Азаттық радиосына берген сұхбатында полиция офицері Сибғатулла:

"Түнгі сағат ондар шамасында бірнеше адам үйге баса-көктеп кіріп келіп, айқайлап бірдеңе айтқан да, оқ жаудырған" деді.

Гүл Наз көп ұзамай ауруханада қайтыс болды. Әзірге күдіктілердің есімдері аталған жоқ. Жергілікті полиция бөлімшесінің AFP агенттігіне берген ақпаратына қарағанда, Гүл Наз үш мәрте тұрмыс құрған, «оның жеке басына жауыққан кісі көп».

Пәкістанның солтүстік-батыс аймағында тұратын халық ескі салт-ғұрыпты қатты сақтайды, сондықтан мұнда әйел өнерпаздарға қарсы осындай шабуылдар жиі болады.

«ТАЛИБАН» МОЙНЫНА АЛҒАН ҚЫЛМЫСТАР

Пәкістанның «Талибан» өкілдері көп шоғырланған Хайбер-Пахтунхва аймағында «сахнада өнер көрсету - исламға қайшы әрекет» деген ұғым қалыптасқан. Әсіресе әйел адамдардың сахнаға шығуын дінбұзарлық деп атап, өнер адамдарына жиі қастандық жасалады.

Бұл аймақта «Талибан» қозғалысының ән айтуға және би билеуге тыйым салу туралы үкіміне бағынбаған бірнеше әртіс оққа ұшты.

2009 жылы белгілі әнші-композитор Айман Удасты да Пешавардағы пәтерінде атып кетті. Полиция бұл өлімге қарындастарының әншілікпен айналысуына үзілді-кесілді қарсы болған бауырларын кінәлаған. Бірақ оларға ресми айып тағылған жоқ.

Сол жылы Шабана есімді биші қызды біреулер Мингора қаласындағы үйінен сүйреп алып шығып, өлтіріп кетті. Қылмыскерлер оның мәйітін орталық алаңға тастап, үстіне концерттерінің суреті басылған CD-дискілер мен ақша шашып кеткен. Бұл қылмысты «Талибан» өз мойнына алды.
Газала Жавед.
Газала Жавед.
​Оққа ұшқан әртістердің ішіндегі ең танымалы – 24 жастағы Газала Жавед. 2012 жылы Пешавардағы сұлулық салонынан шығып келе жатқан оны әкесімен қоса атып кеткен. Жавед Пәкістанның солтүстік-батысындағы жастар арасында, әлемдегі пуштун тілінде сөйлейтін халықтар арасында өте танымал болған.

Өткен жылы сот оның бұрынғы күйеуі, кәсіпкер Жаһангир Ханды осы қылмысқа кінәлі деп тауып, өлім жазасына кесті, 705 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салды. Алайда Хан әншінің отбасымен келісімге келген соң өлім жазасын орындау кейінге қалдырылды.

Әнші Жавед Ханның өзінен бұрын да әйелі болғаны анықталған соң 2011 жылы онымен ажырасқан еді. Ерлі-зайыпты кезінде Хан оған ән айтуға тыйым салмақ болған.

ӨНЕРПАЗДАРҒА ҚАУІПТІ ҚАЛА

Тағы бір әйгілі әнші Нәзия Икбал 2012 жылы ислам дінінің шарттарына мойынсұнып, музыкалық карьерасын аяқтайтынын айтып, фанаттарын біраз әбігерге түсірген.

Алайда ол біраздан соң қайта ән айта бастады. Өзінің сөзінше, «Талибанның»
Әнші Нәзия Иқбал.
Әнші Нәзия Иқбал.
адамдары балаларыңды өлтірем деп қорқытқан соң ол сондай мәлімдеме жасауға мәжбүр болған.

Былтыр Ноушера қаласындағы үйінде әлдекімдер Бушра есімді жас актрисаның бетіне қышқыл шашып кетті. Кино, теледидар және театр саласында әртістік өнерімен танымал болған 18 жасар қызға ұйықтап жатқан жерінде шабуыл жасалған.

Аймақ үкіметі өнер адамдарын қорғауға уәде беріп келеді. Гүл Наздың қазасы Пешавар сияқты салыстырмалы түрде қауіпсіз саналатын қалалардың өзінде өнерпаздарға қатер көп екенін аңғартты. Жергілікті телеарнада істейтін, әрі Хайбер-Пахтунхва аймағының мәдениет департаменті қызметкері Аршад Хусейн:

"Үкімет әртістердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ешқандай шара қолданбайды. Әртістерге тіпті ақша да төленбейді" дейді.

Хусейннің өзін де 2008 жылы қарулы адамдар ұрлап әкетіп, бірнеше күн қамауда ұстап, өнер жолындағы кәсібін тастауды талап еткен.

(Шаббир Жан мен Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).
XS
SM
MD
LG