Accessibility links

Қазақстаннан заңсыз әкелінетін бензин және Ресей "мүддесі"


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛ

Бұрын Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің экономикалық қылмыспен күрес жөніндегі бөлімін басқарған Максат Мамытканов Бішкектен Токмокқа дейінгі жол бойында Қазақстаннан контрабандалық жолмен жеткізілген жағар-жанармай сатылып жатыр деп хабарлады.

Максат Мамытканов.
Максат Мамытканов.

Оның айтуынша, көшеде сатылып жатқан және заңды жұмыс істеп тұрған жанармай бекеттері сататын бензин бағасындағы айырмашылық 10 сомға (14 центке жуық) дейін жетеді. Маматкановтың есебі бойынша, Қырғызстанда жылына миллиард литрден астам жанармай заңсыз сатылады. Әр литрге 4 сом салық салынатынын ескерсек, бюджет 5 миллиард сомнан (71 миллион долларға жуық) артық кірістен қағылады дейді ол.

"Жағар-жанармай контрабандасы бірінші мәселеге айналып отыр. Кеден қызметі заңсыз жолмен келетін бензинді тексере ме? Қазақстаннан келіп жатқан арзан бензиннің көлемі қанша және ол қандай жолмен әкелінеді? Оны қалай сатады? Осының кесірінен (бюджетке) қанша салық түспеді? Бұл сауалдардың барлығына жауап табу үшін зерттеу жүргізіп, құқықтық баға беру керек. Кейбіреулер Қазақстаннан түрлі жолмен арзан бензин әкеліп, қымбатқа сатып отыр" дейді Мамытканов.

Қырғызстан бір жылда 1,1 миллион тоннадан астам жағар-жанармай тұтынады. Қырғызстан экономика министрлігінің мәліметі бойынша, 2018 жылы заңсыз жанармай айналымы 25 пайызды құраған. Яғни Қырғызстандағы бензин немесе дизель отынының әр төртінші литрі елге контрабандалық жолмен енгізілген.

ШЕШІМІН ТАППАҒАН МӘСЕЛЕ

2018 жылы Қазақстан Қырғызстанға АИ-92 маркалы бензиннің 100 мың тоннасын экспорттық баж алымынсыз беру туралы ұсыныс жасаған. Қырғызстан парламенті депутаты Эльвира Сурабалдиева үкіметтен бұл мәселе бойынша неліктен әлі шешім қабылданбағанын сұрады.

"Былтыр күзде "ҚазМұнайГаз" (Қазақстанның ұлттық мұнай компаниясы - ред.) басшылығы Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанға 400 мың тонна жағар-жанармай экспорттау туралы жоспары барын хабарлады. Егер Қазақстаннан бензин әкелінетін болса бізде оның бағасы арзандар еді. Содан бері жарты жылдан астам уақыт өтті, бірақ мәселе әлі шешілген жоқ. Үкімет бұл мәселені шешуді неліктен созып отыр, неге дер кезінде шешпейді?" деп сауал қойды депутат Сурабалдиева.

Экономика министрі Олег Панкратов Қазақстаннан баж салығы салынбайтын жанармай жеткізу туралы екі тарап арасында келіссөз жүріп жатқанын айтып, келісім жобасы қол қоюға дайын деп хабарлады.

Панкратовтың сөзінше, келіссөз барысында жағар-жанармай беру туралы келісім жобасын бірлесіп әзірлеу туралы мәселе шешілген. Екі елдің премьер-министрлері Қазақстан жағы Қырғызстанға 100 мың тонна бензин береді деп уағдаласқан. Бұдан соң Қырғызстан мемлекеттік өнеркәсіп, энергетика және жер қойнауын пайдалану комитетіне тиісті келісім жобасын әзірлеп, қол қоюға ұсыну тапсырылған. Қазіргі кезде жоба пысықталып жатыр деп хабарланды.

Министр Панкратовтың бұл сөзінен кейін екі ай өтті, бірақ Қазақстанмен арадағы келісім әлі бекітілген жоқ. Оған не себеп болып отырғаны жайлы үкімет түсініктеме бермеді.

"ГЕОСАЯСИ МӘСЕЛЕГЕ ТІРЕЛЕДІ"

Қырғызстан парламенті депутаты Эльвира Сурабалдиева Қазақстанмен жанармай келісімінің жасалмауы контрабанда көлеміне әсер етіп отыр деп санайды.

Эльвира Сурабалдиева, Қырғызстан парламенті депутаты.
Эльвира Сурабалдиева, Қырғызстан парламенті депутаты.

"Кейін сұрастырып көрсем, бұл аса зор геосаяси мәселеге келіп тіреледі екен. Сөздің ашығын айтсақ, Ресейдің "Газпром" компаниясымен жасалған келісім шарттары бар екен. Егер біздің тарап келісімді бұзса және кепіл берген жағар-жанармайды алмай қалса, Қазақстан мен Ресейден бензин келмей қалуы мүмкін. Менің ойымша, екі тараппен тең келісім жасаған жөн. Өйткені Қазақстанның бензині Ресейдікіне қарағанда біршама арзан. Ал қазір бәрібір сол бензинді контрабандалық жолмен әкеліп жатыр. Бір айырмасы, одан салық түспейді" дейді депутат.

Максат Маматканов Қырғызстанда мемлекеттік бюджетті жылына 70 миллион доллардан аса қосымша кіріспен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар деп санайды. Оның сөзінше, бұл үшін жағар-жанармай нарығын ретке келтіріп, контрабандалық жолмен жеткізілген тауардан тиісті салық алса жеткілікті. Соңғы жылдары Қырғызстан жанармайды негізінен Ресейден ғана тасиды.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалынан аударылды.)


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG