Accessibility links

Қырғызстанда мал басы көбейгенімен ет және ет өнімдерін экспортқа шығару әлі күнге дейін үлкен мәселеге айналып отыр.

Қырғызстандағы қой саны 20 жылдың ішінде алғаш рет 2016 жылы 6 миллионнан асқан болатын. Бүкіл ел аумағында болашағы зор сала ретінде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше мән берілген. Сол себепті урбанизация ғасырында ел тұрғындарының үштен екісі ауылдық жерде тұрып, негізінен мал шаруашылығымен айналысып жатыр. Соған қарамастан, Қырғызстан әлі күнге дейін ет экспортын жолға қоя алмай келеді. Ол ол ма, 2016 жылы сырттан әкелінетін ет көлемі экспорттан 37 есе көп болған.

Қырғызстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 2016 жылы елден 623 мың доллардың еті мен ет өнімдері экспортқа шығарылса, импорт көлемі 22,4 миллион долларды құраған. Салыстыру үшін айтар болсақ, бір жылда шетелге 8,2 миллион доллардың электр шамы сатылған.

Араб елдері "халал" стандартына сәйкес келмегені үшін қырғыз етін алудан бас тартты, ал Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі талаптарының бірі болса да, әлі күнге дейін шекарадан ветеринарлық бақылау алған жоқ.

ҚЫРҒЫЗСТАННАН КЕЛГЕН КҮМӘНДІ ЕТ

Қырғызстандық ет өндіруші және өңдеушілерді біріктіретін "Қырғыз ет" қауымдастығының президенті Ырысбек Абдрасуловтың айтуынша, кәсіпорындар мен жеке шаруашылықтарды қоса алғанда елде жылына 212 мың тоннаға жуық ет өндіріледі. 2016 жылы бір мың тоннадан сәл асатын ет экспортқа шығарылған. Абдрасуловтың сөзінше, басты мәселе – инфрақұрылымның жоқтығына тіреледі.

- Совет одағы кезінде болған ірі ет комбинаттарының барлығы қиратылды. Қазіргі қасапханалар мен ет өңдеу цехтары халықаралық ISO, HACCP стандарттарына сай келмейді. Екінші мәселе – ет сапасын сертификаттаудың жайы. Бізде сертификаттары мойындалатын зертханалар жоқ. Оның үстіне, Қырғызстанда институттық дәрежеде даму жоқ, фермерлер жеке-дара жұмыс істейді. Инфрақұрылым, брендинг, қаптау және маркалау қалыптаспаған, – дейді кәсіпкер.

Мал айдап келе жатқан қырғыз жастары. Туу-Ашу, Қырғызстан, 17 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Мал айдап келе жатқан қырғыз жастары. Туу-Ашу, Қырғызстан, 17 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Абдрасулов ет экспортының азаюына бірнеше себеп барын айтады. Соның ішінде заңсыз мал саудасына да тоқтам болмай отыр. Өндіріс қосымша құн қосылмастан дамып жатыр, бұл өнімді өңдеуге, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік бермейді. Бір кездері қырғыз етінің ең ірі тұтынушысы болған араб елдері 2016 жылдан бастап Қырғызстаннан ет алуды тоқтатқан. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктері 2012 жылы Қырғызстаннан 4,3 миллион долларға ет және ет өнімдерін сатып алған еді.

Қырғызстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Азаттыққа берген дерегінше, Біріккен Араб Әмірліктерінің Климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрлігі "халал" стандартына сай болмағандықтан Қырғызстаннан ірі қара мен ұсақ малды және олардың өнімдерін импорттауға тыйым салған.

"БАӘ-ге ет сату үшін қасапханалар мен "Халал" сертификатын беретін мекемелер мойындалуы керек. Бұл үшін БАӘ-ге өнімдерін өткізгісі келетіндер ел аумағынан тыс орналасқан қасапханаларды мойындау қызметіне өтініш айту керек, олар арнайы техникалық топты жіберіп, қасапхананы тексереді. Ал "Халал" сертификатын беретін мекемелерді мойындауы үшін БАӘ-нің стандарттау мекемесінің келісімі керек", – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер.

"AgroWorld Kazakhstan" ауылшаруашылық көрмесіне қойылған "Халал" белгісі бар ет өнімдері. Алматы, 2 қараша 2010 жыл
"AgroWorld Kazakhstan" ауылшаруашылық көрмесіне қойылған "Халал" белгісі бар ет өнімдері. Алматы, 2 қараша 2010 жыл

Қырғызстанда "Халал" сертификатын беретін екі мекеме бар: бірі – мемлекеттік, екіншісі – "Халал-индустрияны даму орталығы" деп аталатын жекеменшік мекеме.

- "Халал" стандарты көп талаптарды орындауды қажет етеді. Сойылатын мал буаз болмауы керек, мал соятын қасапшы кәмелеттік жасқа толған, ақыл-есі дұрыс, әрі бұл кәсіпті меңгерген адам болуы тиіс. Сою және тасымалдау жағынан да біраз санитарлық талаптар бар, - дейді "Халал-индустрияны дамыту орталығы" директорының орынбасары Ермұхаммад Мықтыбек.

Оның айтуынша, қазір жартылай дайын өнім өндірушілерге сертификаттар беріліп жатыр, олар тауарларын аз-аздап экспортқа шығарып отыр.

БҮКІЛ ЕЛГЕ – 5 ЭКСПОРТТАУШЫ

Ет және ет өнімдерін Еуразия экономикалық одағы елдеріне экспорттау көлемі де көңіл көншітпейді. Қырғызстан өз өнімдерін кедергісіз сатамыз деген үмітпен 2015 жылы бұл одақтың құрамына кірген.

Арада үш жыл өтсе де Қазақстанмен шекарадағы ветеринарлық бақылау әлі бар. ЕАЭО елдеріне Қырғызстаннан әзірше бес-ақ мекеме ет сата алады, тек осы ұйымдар ғана экономикалық одақтың бірыңғай тізіміне кірген.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекеті
Қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекеті

- 2018 жылдың басындағы мәлімет бойынша, ЕАЭО елдеріне Қырғызстаннан 43 мекеме өнім экспорттай алады, солардың бесеуі – ет экспорттаушы. Бір жылдан астам уақыт бұрын күшіне енген техникалық регламент бойынша мекемелер ISO, HACCP стандарттарына сай келуі керек, - дейді Ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мемлекеттік инспециясының директоры Қалыс Жұмақанов.

Әлгі бес мекеменің арасында "Тойбосс" брендімен шұжық өнімдерін шығаратын "Адыл Азык" компаниясы бар.

- Біз тек бір апта бұрын ғана Қазақстанға өнім шығара бастадық. Қырғызстанда азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына сай келетін зауыт өте аз. Біз халықаралық үлгідегі сертификатты былтырғы жылдың соңында ғана алдық. Бұл үшін жаңадан зауыт салуға тура келді, - дейді компания маркетологы Асхат Әбдірахманов.

"ЕШ КЕДЕРГІ ЖОҚ"

Дегенмен, басқа елдерге ет экспортталып жатыр дейді Ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мемлекеттік инспекциясының директоры Қалыс Жұмақанов.

- Мәселен, Қырғызстан Иранға аптасына 20-40 тонна қой етін жөнелтеді. Үшінші елдерге өнім экспорттауда ешқандай ветеринарлық, санитарлық мәселе жоқ. Біз сертификат бере аламыз. Бішкек пен Оштағы екі зертхана ұлттық мәртебеге ие, олар толық жабдықталып, халықаралық аккредитациядан өткен. Эпизоотикалық жағдай бірқалыпты. Соңғы 2-3 жылда елде мемлекетаралық эпидемия тіркелген жоқ, - дейді Ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мемлекеттік инспециясының директоры Қалыс Жұмақанов.

Ош қаласы базарындағы ет сататын бөлім
Ош қаласы базарындағы ет сататын бөлім

Оның айтуынша, еттің жетіспеушілігі ет экспорттау ісінде басты мәселеге айналып отыр.

- Ет көп болуы керек. Мәселен, Иран көктемде қой етін алғысы келеді, ал бізде бұл уақытта өнім болмайды. Қойды күзде сояды. Араб елдеріне қатысты ветеринарлық бақылау жоқ. Фермерлердің өздері экспорттауды қаламаса, оларды мәжбүрлеуіміз керек пе? – дейді Жұмақанов.

Қырғыз Ұлттық статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2016 жылы Қырғызстанда 1,5 миллион бас ірі қара, 6 миллион қой-ешкі, 467 мың жылқы, 51 мың шошқа және 5,6 миллион үй құсы болған.

Елдің жалпы ішкі өнімінің 15 пайызға жуығы ауыл шаруашылығының үлесіне тиеді.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалынан аударылды)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG