Accessibility links

Бір жарым жылдан соң қайталанған көлік кептелісі


Қырғыз жүк көліктері Қазақстанға кіре алмай тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:06 0:00

Қырғыз жүк көліктері Қазақстанға кіре алмай тұр. (Азаттықтың Қырғыз қызметінің видеосы.)

Қырғызстанның "Ақ тілек автожол" (Қазақстан жағынан - Жамбыл облысындағы "Қарасу") бақылау өткізу бекетінде соңғы күндері кедендегі тексеріске байланысты екі жүзден астам жүк көлігі бөгеліп тұр. Қазақстан қаржы министрлігі кеден бекетінде қалыптасқан жағдайды "жүк тасымалдаушылардың тексеруден өтуге құлықсыздығы мен кейбірінде тауар құжатының болмауымен" түсіндіреді. Қырғызстан экономика министрлігі кедендегі тексеріс ЕАЭО туралы келісімге қайшы және ел экономикасына залал келтіруі мүмкін деп санайды. Соңғы бір жарым жылда қырғыз-қазақ шекарасында мұндай жағдай екінші рет қайталанып отыр.

Наурыздың соңынан бері көршілес екі елдің арасындағы шекарада жүк көліктері бөгеліп, ұзын-сонар кезек пайда болды. Қырғызстан жағының мәлімдеуінше, бұған Қазақстан кеденшілерінің бюрократиялық іс-шараны күшейтуі себеп болған. Ал Қазақстан тарабы кептелісті қырғызстандық жүк тасымалдаушылардың кеден тексерісінен өтуге құлықсыздығымен түсіндіреді.

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ТАУАРЛАРДЫ ТЕКСЕРУ

Қазақстан билігі соңғы бір-екі жылдан бері "тауар контрабандасы", атап айтқанда, Қытайда өндірілген тауарлардың шекарадан заңсыз өтетіні туралы айтып келеді. 2017 жылы сол кездегі Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев "Қытайдан тауарларды заңсыз әкелу Еуразия экономикалық одағына орасан залал келтіреді" деп мәлімдеген.

Қазір Алматыда Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы арқылы контрабандалық жүк өткізу ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. Айып тағылған 12 адамның арасында 2018 жылы ақпанда Қазақстанда ұсталған Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулу мен тағы екі қырғызстандық бар.

Дамирбек Асылбекуулуна "трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, басшылық еткен" және "экономикалық контрабандамен айналысқан" деген айыптар тағылды. Басқа 11 адамға да "экономикалық контрабанда" және "трансұлттық ұйымдасқан топ құру" баптары бойынша айыптар тағылған. Тергеу қорытындысында осы топтың Қытай тауарларын Қырғызстаннан Қазақстан мен Ресейге заңсыз тасымалдаумен айналысқаны айтылған. Сәуірдің 3-і күні сот отырысында прокурорлар айыпталушылардың іс-әрекетінен Қазақстан экономикасына 99 миллион теңгеден аса залал келгенін айтып, судьядан Дамирбек Асылбекуулун 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Прокурор қырғызстандық экс-депутатты 13 жылға соттауды сұрады:

Прокурор қырғызстандық экс-депутатты 13 жылға соттауды сұрады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:23 0:00

Осы аптаның басында Қазақстан қаржы министрлігі шекарада "тыйым салынған тауарларды анықтау" мақсатында тексеріс жүргізіліп жатқаны жайлы баспасөз мәлімдемесін таратты. Министрлік ақпаратында наурыздың 27-сінен бастап кемінде тоғыз үлкен жүк көлігіне (қытай және түрік тауарларын таситын) тиелген тауардың "құжаттарында қате дерек көрсетілгені" анықталғаны, тағы қырық жүк көлігі құжаттарын ретке келтіру үшін өз еркімен Қырғызстанға оралғаны айтылған.

Қазақстан қаржы министрлігінің хабарлауынша, шекарадан өтетін қырғыз тауарларына "визуалды тексеріс жасалған, әзірге заң бұзушылық байқалмаған". Ал Қырғызстан қаржы министрлігі шекарадан өтетін жүкті тексеруді күшейту Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) нормаларына қайшы деп мәлімдеді.

Бішкек Қазақстан қаржы министрлігіне сілтеме жасап, қазақ жағы қырғыз жүк тасымалдаушыларда мынадай құжаттардың бар-жоғын тексеріп жатқанын хабарлады: CMR (халықаралық тауар-көлік құжаты), ТТН (тауар-көлік құжаты), инвойс немесе шот-фактура, көлік құралының техникалық паспорты және шекарадан өту туралы талон.

Қырғызстан экономика министрлігі мұндай шараны Еуразия экономикалық одағы нормаларына қайшы келетін жасырын кедендік бақылау және ЕАЭО туралы шарттың 25-бабын бұзу деп санайды. Ол бапта "одаққа мүше барлық мемлекеттер арқылы тауардың барлық түрін кеден декларациясы немесе мемлекеттік бақылаусыз тегін өткізуге" болатыны жазылған.

Қырғызстаннан Қазақстанға өтіп келе жатқан жүк көлігі. (Көрнекі сурет.)
Қырғызстаннан Қазақстанға өтіп келе жатқан жүк көлігі. (Көрнекі сурет.)

Министрлік Қырғызстан үкіметіне Еуразия экономикалық комиссиясының алқа отырысын шақырып, шекарада қалыптасқан жағдайға байланысты кеңесуді ұсынды.

ЖАҒДАЙ ТАҒЫ ҚАЙТАЛАНДЫ

Бұған дейін 2017 жылы қазанда Қырғызстаннан Қазақстан аумағына жүк өткізу кезінде қиындықтар пайда болған еді. Қазақстан жағы оны "контрабандамен күресті күшейту шарасы" деп түсіндірген. Сол кезде де Қазақстанға кіре алмай бөгелген жүк көліктері ұзын-сонар кезекте бірнеше тәулік бойы қаңтарылып тұрды. Қазақстанның тексерісті күшейтуі шекарадан өткен адамдарды әуре-сарсаңға салып, жұрттың наразылығын тудырған еді.

Қазақстан аумағына кіруге кезекте тұрған жүк көліктері. Қырғызстан, 19 қазан 2017 жыл.
Қазақстан аумағына кіруге кезекте тұрған жүк көліктері. Қырғызстан, 19 қазан 2017 жыл.

Бішкек шекарадағы жағдайдың саяси астары бар деп мәлімдеген болатын. Шекарадағы бақылау күшейтілмес бұрын сол кезде Қырғызстан президенті болған Алмазбек Атамбаев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап мәлімдеме жасаған еді. Оған сол кезде Назарбаевтың Қырғызстан президенті сайлауына қатысып жатқан президенттікке кандидаттардың бірі қырғыз саясаткері Омурбек Бабановпен кездесуі себеп болды.

Атамбаев Назарбаевты Қырғызстанның "ішкі ісіне араласты" және өзіне қолайлы кандидатты "күштеп таңғысы келді" деп айыптады.

Қырғызстанда 2017 жылы қазанда өткен сайлауда жеңіске жеткен елдің қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков Назарбаевпен келіссөз өткізген соң Қырғызстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы, соның ішінде шекарадағы жағдай қалпына келді. 2017 жылы желтоқсанда тараптар "жол картасына" қол қойды, жүк көліктері шекарадан әдеттегі тәртіппен өте бастады.

Фотогалерея: Қазақ-қырғыз шекарасындағы кезек

Қырғызстан қаржы министрлігінің сауда саясаты басқарма басшысы Аскат Беков Азаттықтың Қырғыз қызметіне қазіргі кезде үкімет шекарадағы проблеманы шешу жайлы Қазақстанмен келіссөз жүргізіп жатыр деп хабарлады.

- Онда тұрған жүк көліктерінің 90 пайыздан астамы транзитпен жүк апара жатқан. Қазақстанның "жүргізушілер өздері қорқып, шекарадан өтпей тұр" деген мәлімдемесі дұрыс емес. Ол жерде көліктен бүкіл тауарды түсіріп тексереді. Бір жүк көлігін тексеруге бір сағат уақыт кетеді, сондықтан бөгеледі. ЕАЭО келісімі бойынша ондай тексеріс жасалмауы керек. Ол жерде мобильді топ жұмыс істеуге тиіс, олар Қазақстанға енген автокөліктерді ішінара тексеруі керек, - деді Беков.

Қазақстан жағынан бұл мәселеге байланысты қаржы министрлігінің баспасөз мәлімдемесінен өзге ақпарат түспеді. Қазақстан СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың Азаттыққа айтуынша, мекеме әзірге қырғыз тарабының "Қазақстан ЕАЭО нормаларын бұзып жатыр" деген мәлімдемесіне комментарий бере алмайды.

– Қырғызстан жағынан бізге ресми түрде ештеңе түскен жоқ, - деді Смадияров телефон арқылы.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты.

Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында төрт халықаралық және төрт екіжақты өткізу бекеті бар. Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің мәліметі бойынша, күн сайын шекарадан 30 мыңға жуық адам өтеді.

Ең ірісі – Бішкекке жақын орналасқан "Ақ жол" бекеті. Одан күн сайын, орта есеппен 12 мың адам және 500-600 көлік өтеді. Мемлекеттік бақылау-өткізу қызметінің мәліметі бойынша, туристік маусым кезінде екі жақтан өтетін адам саны күніне 70 мыңға дейін жетеді.


  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG