Accessibility links

Польшаға қашқан «Жаңаөзен куәгерінің» әңгімесі


Жаңаөзендік көлік жүргізушісін тексеріп жатқан арнайы жасақ. 19 желтоқсан 2011 жыл. Елена Костюченко түсірген сурет
Жаңаөзендік көлік жүргізушісін тексеріп жатқан арнайы жасақ. 19 желтоқсан 2011 жыл. Елена Костюченко түсірген сурет
«Польшаның Згерж қаласындағы босқындар лагерінде тұрып жатырмын» деген тағы бір Қазақстан азаматы Азаттық радиосына телефон арқылы шағын сұхбат берді.

Өзінің Жаңаөзен оқиғасынан кейін Қазақстаннан қашып шыққанын хабарлаған Қазақстан азаматы қауіпсіздік мәселесіне байланысты аты-жөнін атамауымызды өтінді. 27 жастағы атыраулық азаматтың айтуынша, ол өткен жылы желтоқсан айында Жаңаөзен қаласына жұмыс іздеп барған. Оның сөзінше, Жаңаөзендегі атыстан кейін қамауға алынып, бірақ кейін абақтыдан «пара беріп шыққан».

Бұл азамат желтоқсанның 27-сінде Қазақстаннан қашып шығып, қаңтардың 5-інде Польшаға Ресей мен Беларусь арқылы жеткенін айтады.

- Польшаға бару жоспарым жоқ еді. Әйтеуір Қазақстаннан қалай болса да алыс кетуге талпындым. Поезбен Ресейге, одан кейін Беларуське жеттім. Сөйтіп ақыр аяғында осы жерден саяси баспана сұрадым. Польша билік орындары маған бір айдан кейін жауап беретін болды. Мені қабылдай ма, жоқ па – білмеймін, - деді ол.

Польшадағы қазақ босқынының айтуына қарағанда, екі айдан кейін оған Атыраудан қашып шыққан жүкті әйелі мен екі баласы қосылыпты.

- Жұбайым осында келіп босанды. Қыз туды. Сөйтіп үш баланың әкесі болып отырмын, - деді ол.

ЖҰМЫС ІЗДЕУ

Қазақстан азаматының айтуынша, ол желтоқсан айында Жаңаөзен қаласына жұмыс іздеп барған.

- Мен Жаңаөзен қаласында жұмысқа кірейін деп, билет сатып алдым. Сөйтіп желтоқсанның 10-ында Жаңаөзенге бардым. Өзім Қарабатан, Қашағандағы бірқатар мұнай компанияларында құбыр монтаждаушы, қадағалаушы болып жұмыс істегенмін. Ағам жұмысқа орналастыруға көмектесемін деген соң Жаңаөзенге аттандым. Мені қызметке алуға уәде еткен адам жұмыс сапарымен басқа қалаға кетіп қалыпты. Соны күтіп, Жаңаөзен қаласында жүрген едім, - деді ол.
Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыздар. Көрнекі сурет. 16 ақпан 2012 жыл.
Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыздар. Көрнекі сурет. 16 ақпан 2012 жыл.

Азаттық радиосымен хабарласқан бұл азамат 2011 жылдың мамыр айында Қазақстанның батыс аймақтарында басталған мұнайшылардың ереуіліне қосылғанын, бірақ ол нақты Жаңаөзендегі мұнайшылардың ереуіліне қатыспағанын айтты.

- Жаңаөзенде мұнайшылардың ереуілі бірнеше ай бойы жалғасып жатқанын білесіз. Желтоқсанның 16-сы күні мен әдеттегідей алаңнан өтіп, «Астана» деп аталатын екі қабатты шайханаға түскі тамақ ішуге барып едім. Сол кезде толқулар басталып кетті. Басында біздер түсінбей қалдық, - деді сұхбаттасымыз.

Қазақ босқыны Жаңаөзендегі алаңда атыс басталып кеткен соң өзін маска киген ОМОН қызметкерлері тұтқындап, ГУВД-ға алып барғанын айтады.

«АҒАМ ІЗ-ТҮЗСІЗ ЖОҒАЛЫП КЕТТІ»

- Сол жерден бізді дереу ұстап алып, неге екенін айтпай, «бас көтерме» деп, аяқ киімдерімізді шешкізіп, үстімізге мұздай су төгіп алып кетті. Бәрімізді бажылдатып гаражға апарып тықты. Сол жерде көп адам болды, әйелдер де бар. Адамдарды ұрып-соғып жатты. Тіпті жараланған ағамды да тарсылдатып ұрып жатты. Кейін бізді ГУВД-ның подвалына тықты. Неге бұлай болғанын әзірге дейін өзім түсіне алмай отырмын, - дейді ол.

Польшадағы «босқындар лагерінде тұрып жатырмын» деген азамат Жаңаөзен оқиғасы кезінде ағасының белі мен аяғына оқ тигенін айтады. «Сол ағам із-түссіз жоғалып кетті» деді ол.

- Жеңгем мені қамаудан ертесі күні, яғни желтоқсанның 17-сінде түстен кейін 3 мың АҚШ доллары көлемінде пара беріп шығарып алды. Сол күні мен таксишілермен келісіп, әрең дегенде, Ақтауға қашып кеттім. Жолдардың бәрін жауып тастаған еді, - деп еске алады ол азамат.
Полиция оқ атқан кезде жараланған жаңаөзендік. 16 желтоқсан 2011 жыл.
Полиция оқ атқан кезде жараланған жаңаөзендік. 16 желтоқсан 2011 жыл.

Польшадағы қазақ босқыны өзінің «саясатқа араласпайтынын», бірақ қорқып қалғандықтан болашақта Қазақстанға оралу ниеті жоқтығын айтты.

- Босқын мәртебесін берсе, мен осы жерде қаламын. Әке-шешем де елге қайтпа деп жатыр. Жаңаөзен оқиғасынан кейін қорқып қалғанбыз. Тіпті ұйықтай алмай қалдық. Балаларымыз да үркіп қалған. Бір балам осында біраз уақыт сөйлей алмай жүрді, - деді ол.

Маусымның 18-інде Азаттық радиосына хабарласқан Дина Бабишева есімді қазақстандықтың сөзінше Польшадағы босқындар лагерінде 10-15 қазақ отбасы тұрып жатыр. Олардың арасында жаңаөзендік босқындар да бар. Згерждегі босқындар лагерінің әкімшілігі Азаттық радиосына қазақ азаматтары туралы мәлімет беруден бас тартты.

Ал БҰҰ-ның босқындар ісі басқармасының аймақтық үйлестірушісі Сабер Азам «жаңаөзендік босқындар» жайында ештеңе естімегенін айтты.

Ресми мәліметтерге қарағанда, 2011 жылғы желтоқсанның 16-сында болған Жаңаөзен оқиғасы кезінде 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған.
XS
SM
MD
LG