Accessibility links

Манхэттендегі процесс: БТА банк Әблязовтің күйеу баласын айыптайды


Мұхтар Әблязовтің қызы Мәдина Әблязова және оның күйеуі Ілияс Храпунов Әблязовтың экстрадициясына қатысты іс қаралған сот ғимаратының алдында тұр. Франция, 1 тамыз 2013 жыл
Мұхтар Әблязовтің қызы Мәдина Әблязова және оның күйеуі Ілияс Храпунов Әблязовтың экстрадициясына қатысты іс қаралған сот ғимаратының алдында тұр. Франция, 1 тамыз 2013 жыл

Осы аптада Батыс басылымдары қазақстандық БТА банктің оның бұрынғы басшысы, Ақорданың оппоненті Мұхтар Әблязовтің үстінен түсірген шағымына қатысты жаңалықтарды талдаған. Bloomberg-тің хабарлауынша, Әблязовтің күйеу баласы миллиондаған долларлық келісім жайлы деректер жазылған "электронды поштадағы хаттарды жойды" деген күдікке ілінген.

АЙЫП ПЕН КҮДІК

Америкалық Bloomberg агенттігі осы аптада қазақстандық БТА банк пен бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов арасындағы даулы іске қатысты жаңалықтарды қамтып талдаған. Сот Манхэттендегі Нью-Йорк федералдық сотында өтіп жатыр.

Ұзақ жылға созылған дауда шағым түсіруші жақ - қазақстандық БТА банкі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов пен оның туыстарын "миллиардтаған қаржыны жымқырды" деп айыптайды.

Өткен сейсенбіде банк өкілдері Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы, Мұхтар Әблязовтің күйеу баласы Ілияс Храпунов "Америка сотында ақша жымқырды деген күдікке іліну қаупі туындаған соң іскерлік хаттарды жасыру үшін шифрленген электронды хаттарға қолданатын жүздеген тіркеу жазбасын пайдаланған, сонымен бірге дәлелдерді сақтауды талап ететін сот ұйғарымын орындамаған" деп мәлімдеді.

БТА банктің мәлімдеуінше, Ілияс Храпунов АҚШ-тағы жылжымайтын мүлікке қатысты жасалған, құны бірнеше миллиондаған доллар болатын келісім құжаттарын сотқа бермеу үшін электронды хаттарды жойған.

Банк өкілдерінің айтуынша, бұған қоса Мәдина Әблязоваға үйленген Ілияс Храпунов (Храпуновтар отбасы Швейцарияда тұрады) іс бойынша негізгі куәгердің қайда екенін жасырған. Бірақ ақырында оның Калифорнияда екені анықталып, сұрақ-жауап алынған.

"Бұл - Виктор Храпунов қала әкімі болған кезде Алматыдан 300 миллион доллар ұрлаған, ал оның серіктесі – Мұхтар Әблязов банктен 4 миллиард долларды жымқырған деген тұжырым негізінде құралған даулы істегі соңғы өзгеріс. Банк бұл үштікті Еуропа мен АҚШ-тағы жылжымайтын мүлік жобаларын пайдаланғаны үшін айыптайды, соның ішінде 440 миллион доллардың ізін жасыру үшін Trump SoHo-дағы үш нысанды да қолданған" деп жазды Bloomberg.

Францияда тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов. Париж, қараша айы 2017 жыл
Францияда тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов. Париж, қараша айы 2017 жыл

Әрі қарай мақалада автор БТА банктің Қазақстандағы ірі банктердің бірі болғанын, 2009 жылы 12 миллиард доллар қарызға батып, дефолт жариялағанын жазған. Банк Әблязовті "миллиардтаған ақшаны ұрлады" деп айыптайды, ал 2009 жылдан бері шетелде тұратын Мұхтар Әблязов өзіне қарсы айыптың саяси астары бар дейді.

Мақалада АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың бизнестегі серіктесі және бұрынғы кеңесшісі Феликс Сатердің есімі аталады. Айыптау тарабының дерегінше, Ілияс Храпунов Сатердің көмегімен Манхэттендегі сән-салтанатты 46 қабатты Trump SoHo ғимаратынан үш нысан сатып алған.

Банк құжаттарына сәйкес, Сатер 2013 жылы Ілиясқа Алматы қаласы әкімдігінің Храпуновтарға қарсы шағым түсіретінін айтқан. Сотқа шағым 2014 жылы Лон-Анжелесте түсірілген.

Храпуновтардың қорғаушысы Эндрю Соломон Ілияс Храпуновтың бизнес мәселелерін талқылау үшін шифрланған хабарламаларды қолдануға құқығы бар екенін айтты. Соломонның айтуынша, БТА банктің көптеген шағымын сот қабылдамаған. Адвокаттың пікірінше, банк іске қатысты куәгерлерге ақша төлеуі мүмкін, ал бұл заң бұзушылық саналады.

Бұған дейін Ілияс Храпунов отбасының инвестициясын заңды түрде басқарғанын мәлімдеп, заңсыз жолмен келген табысты жасыруға қатысы бар екенін терістеген. Сот процесі барысында Трамп ұйымына еш айып тағылмады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Виктор Храпуновты Шығыс Қазақстан облысының әкімі боп тұрған кезде арнайы орденмен марапаттап тұр. Астана, 12 желтоқсан 2005 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Виктор Храпуновты Шығыс Қазақстан облысының әкімі боп тұрған кезде арнайы орденмен марапаттап тұр. Астана, 12 желтоқсан 2005 жыл

Ал БТА банктің пікірінше, жойылған хаттарда іске қатысты негізгі сұрақтардың бірі - "Неліктен жауапкер жағы Манхэттен орталығындағы Flatotel жобасындағы Chetrit Group тобының үлесін нарықтағы бағадан төмен сатты?" деген мәселенің жауабы табылуы мүмкін еді.

БТА банктің мәлімдеуінше, Әблязов пен Храпунов сотқа қажетті құжаттарды беруден қашып, талай жылдан бері дауды созып келеді. Сонымен бірге банк Храпуновтарды іс бойынша негізгі куәгер – Геннадий Петелиннің қайда болғанын жасырды деп айыптайды. Сот құжаттары бойынша, қорғау тарабы АҚШ-тағы қаржының Петелинге тиесілі екенін көптен бері айтып келген (Петелиннің ұлы Ілияс Храпуновтың қарындасына үйленген).

Петелин осы іс бойынша "өте маңызды куәгер" саналады, "алайда жауап берушілер оның қайда екенін білмейміз деп айтты" деп жазды Bloomberg. Ал банк болса "Храпуновтар Петелиннің Калифорнияда тұратынын әркез білген" деп санайды.

ҚАЗАҚТАРДЫҢ ШЫҢЖАҢНАН ОРАЛУЫ

Британдық Guardian газеті осы аптада Associated Press агенттігінің мақаласын жариялады, онда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің "Қытай екі мың этникалық қазақтың қытай төлқұжатынан бас тартып, Қазақстанға келуіне рұқсат беретіні" жайлы мәлімдемесі басылған.

"18 миллион тұрғыны бар Орталық Азия елі – Қазақстанда көршісінің ұйғыр, қазақ және өзге де аз ұлт өкілдерін лагерьде ұстап отырғаны өзекті мәселе. Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі, сондықтан Қазақстандағы мемлекетке тәуелді басылымдар ол жайында айтудан қашқақтайды. Алайда белсенділердің айтуынша, мамыр айында Associated Press пен өзге де халықаралық БАҚ "лагерьлер" туралы жазғаннан бері қысым күшейген, шара қабылдамаса болмайды" деп жазды Guardian.

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі электронды хатында қазақстандық БАҚ-тың желтоқсан айында "Қытай 2000-нан астам этникалық қазақты қайтаруға келісті" деген хабарламасын растады.

"Қазақ дипломаттары Қытайды сынаудан қашқақтағанымен, Шыңжаңдағы азаматтарын босатуға тырысады. Қараша айында сыртқы істер министрлігі өкілдері Қытайда Қазақстанның 29 азаматы ұсталғанын айтты, оның 15-і босатылып, Қазақстанға қайтуға рұқсат алды" делінген мақалада.

Видео: "Мұнда жайлы әрі жақсы". 12 ел дипломатының Шыңжаңға сапары

"Атажұрт" бірлестігінің жетекшісі Серікжан Біләш Қытайда ұсталған қазақтардың отбасы туралы баяндаған кезде қазір Қазақстан үкіметінің позициясында аздаған ілгерілеу бар екенін айтады. Оның айтуынша, жазда Қазақстан шенеуніктері одан жұмысын тоқтатуды талап еткен, қазір ондай ескерту жасамайды.

Өткен айда оны телеарнадағы ток-шоуға шақырды. Біләштің пікірінше, бұл Шыңжаңдағы қазақтардың ауыр жағдайы туралы әңгімені тыңдауға бейім азаматтардың көбейгенін көрсетеді.

Соңғы айларда Қытайдан Қазақстанға көшіп келген қазақтар Шыңжаңдағы туыстарын "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлерінен" босатып жатқаны туралы жаңалық естіп жатыр. Guardian-ның жазуынша, олардың қуанышы әбігерлікке айналған, себебі Шыңжаңда бостандыққа шыққанына қарамастан олардың көбінің жағдайы "белгісіз", Қазақстанға келе алмайды.

Ақпарат бойынша, негізінен Қазақстан азаматтығын алғандар мен Қазақстанда туыстары бар азаматтарға Шыңжаңнан кетуге рұқсат беріледі. Билік тыйым салғандықтан 2017 жылдан бері Қытайдан кете алмаған Гулия есімді 23 жастағы қазақстандық төлқұжаты бар әйел қазақстандық дипломат хабарласып, "жақын уақытта Шыңжаңнан кетіп, Қазақстандағы отбасына қосыла алатынын айтқанда" қуаныштан жылаған.

НЬЮ-ЙОРК МЕТРОСЫНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӘЙЕЛ 10 МЫҢ ДОЛЛАРЫН ҚАЛАЙ ҰМЫТЫП КЕТКЕН?

Бірнеше америкалық телеарна Нью-Йорк метросында болған ерекше оқиға туралы хабарлады – қазақстандық әйелге платформада ұмытып кеткен 10 мың доллары бар сөмкесі қайтарылған.

Америкалық Cbslocal.com телеарнасының сайтында жарияланған мақалада қазақстандық Айя Төлемағамбетова мен Нью-Йорк тұрғыны Ричард Таверннің кездесуі туралы видеоролик те бар.

Америкалық pix11.com телеарнасы оқиғаны толығырақ баяндаған. Жоғалған сөмкесінің табылғанын естіген Төлемағамбетова Ричард Таверннің атынан балалар қайырымдылық қорына мың доллар көлемінде ақша аударған және ер адамға адалдық символы ретінде "Алтын жауынгер" мүсінін сыйлаған.

Fox телеарнасы да "метрода жоғалған 10 мың доллары бар сөмкені тапқан ер адамға әйел рақмет айтты" атты хабарында осы оқиғаға тоқталған. Онда Айя Төлемағамбетова аудармашы арқылы ақшаны балаларына жаңа жылдық сыйлық алу үшін жұмсамақ болғанын жеткізген. Ол Қазақстанға ұшпақ болған екен, ал онда қолма-қол емес төлемді барлық жерде қабылдай бермейді деген.

Ашық дереккөздерден алынған ақпарат бойынша, Айя Төлемағамбетова АҚШ-та 2010 жылдан бері тұрады, жеке консалтингтік компанияның басшылығында жұмыс істейді. Қазақстан консулдығымен бірге Нью-Йоркте концерттер мен шоу-бағдарламалар өткізуді ұйымдастыруға қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG