Accessibility links

Қазақстандағы ықтимал "ерте сайлау" және Орталық Азиядағы "Шенген аймағы"


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) EXPO-2017 көрмесі территориясында. 1 маусым 2017 жыл. Ресми сайттағы сурет.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) EXPO-2017 көрмесі территориясында. 1 маусым 2017 жыл. Ресми сайттағы сурет.

Батыс баспасөзі Қазақстанда мерзімінен бұрын сайлау өткізу мүмкіндігі, уран бағасын қалпына келтіру және Орталық Азиядағы "жаңа Шенген" аймағын құру жайлы жазған.

САЙЛАУ ЛЕБІ БАЙҚАЛА МА?

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org басылымы Қазақстандағы саяси жағдайдың өрбуіне тоқталып, мемлекет мерзімінен бұрын сайлауға дайындалса болады деген пікір айтады. Мақалада бұл жолғы сайлау "парламенттік пе, әлде президенттік пе?" деген сұрақ қойылады.

Жақында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аузынан шыққан бірқатар "популистік" мәлімдемелер мен үкіметтің іс-әрекетіне сүйенген сарапшылар "әлдененің лебі байқалады" деп жорамалдайды.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев қаңтардан бастап бюджеттік қызметкерлер жалақысы мен төменгі жалақы деңгейінің өсетініне сілтеме жасап, биліктің азық-түлік бағасын түсіруге тырысып жатқанын ескертеді.

"Әдетте мұндай шаралар парламенттік немесе президенттік сайлау алдында жасалады. Үкімет қазіргі билікке халықтың көзқарасы дұрыс болуы үшін осындай қадамға барады", - дейді Бейсебаев.

Сарапшылар мерзімінен бұрын сайлаудың "әбден мүмкін" екенін айтады. Бірақ олар тұрғындардың қандай сайлауға баруы мүмкін екенін нақты айта алмайды. Мәжіліс сайлауы 2021 жылға жоспарланған, ал Назарбаевтың президенттік өкілетінің мерзімі 2020 жылы бітеді.

"Қазақстандағы кез келген саяси пікірталаста міндетті түрде талқыланатын тақырып – Назарбаевтың билігі. 78 жастағы президент елді ширек ғасырдан астам басқарып отыр, ол әбден қартайды, сондықтан билік транзиті туралы пікірлер жиі айтылады", - деп жазады Eurasianet.org.

Басылымның жазуынша, қарашаның 22-сі күні Назарбаевтың "Ақжол" "оппозициялық" партиясының жетекшісі Азат Перуашевпен кездесуі кезінде сайлауға дайындық жүріп жатқаны байқалған.

Бұрынғы дипломат Бейсебаевтың айтуынша, "президент жасанды кандидаттарды қарап жатыр, олар алдыңғы сайлаудағы "сайқымазақтармен" салыстырғанда адам ұялмайтындай болуы керек".

Назарбаев: "Сайлауға түсуге конституциялық құқығым бар" (видео)

Авторлардың пікірінше, "Назарбаев пен оның биліктегі "Нұр Отан" партиясы сайлауда әркез жойқын жеңіске жетеді, себебі олардың қолында ықпал етудің барлық тетігі бар".

"Бір проблема – Назарбаевтың пайызы бітіп барады", - деп жазған Eurasianet.org сайты 1999 жылғы сайлауда ол 81 пайыз дауыс жинаса, 2005 жылы оны қолдағандар 91 пайызға жеткенін, ал 2011 жылы 95,5 пайыз болса, 2015 жылы Саддам Хусейн стилінде 97,8 пайызға жеткізгенін айтады. Сарапшылардың пікірінше, енді Назарбаев 97,8 пайыздан төмендей алмайды.

Алматылық "Стратегия" саяси зерттеулер орталығының дерегіне сай, президентті қолдау деңгейі 2005-2017 жылдар аралығында әркез тұрақты болған, 90 пайыз шамасында тұрған. Орталық директоры Гүлмира Илеуованың айтуынша, "қараша айындағы дерек қолдаудың 75 пайызға күрт түскенін" көрсетті.

Eurasianet.org ресурсына Илеуованың мәлімдеуінше, бұрын Қазақстанда президентті қолдау мен елдегі экономикалық үрдіс арасында байланыс байқалмаған.

Соған байланысты басқа сарапшылар Назарбаев билікті үлкен қызы Дариға Назарбаеваға бермек деп жорамалдайды. Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов билік транзиті "номиналды" болады дейді. Назарбаев қауіпсіздік кеңесі төрағасы болып, "елді де-факто" басқара береді. Бұл мекеме жақында кеңес берушіден "барлық мемлекеттік құрылымдардың басшылығын үйлестіруші" деңгейіне өтті. Назарбаев оны өмір бойы басқарушы құқығын иеленді.

Вашингтоннан шығатын Diplomat газеті де елдегі жағдайды сипаттай келе "Қазақстанның саяси сахнасында жаңа партиялар мен ескі жауларға орын аз" деген қорытынды жасайды.

"Келесі сайлау 2020 жылға жоспарланған, бірақ кейбір сарапшылар президенттік сайлау мерзімінен бұрын өтуі мүмкін екенін айтады. Билік соны ескеріп, сахнаны тазалап жатқан тәрізді", - деп жазады Diplomat.

Мақалада елден қашып кеткен бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовқа қараша айында сырттай шығарылған үкім туралы айтады, оны адам өлімін ұйымдастырды деп айыптап, өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Авторлар тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдаушыларды қудалау туралы да жазыпты, Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылған және елде тыйым салынған қозғалысты қолдаушылар ретінде Әсет Әбішев, Абловас Жұмаев пен оның әйелі Айгүл Ақбердиева істі болды.

"Басқа оппозициялық топтардың да иммунитеті жоқ", - деп жазған Diplomat Азаттықта жарияланған мақалаға сілтеме жасаған. Онда тіркелмеген "Алаш" халықтық әлеуметтік-демократиялық партиясы" жетекшісі Сырым Әбдірахмановтың желтоқсанның 1-і күні тұтқындалғаны айтылған.

"Қазақстанда мерзімінен бұрын президенттік сайлау болса да, болмаса да, Назарбаевтың маңынан тысқары жүргендердің билікке таласа қоюы екіталай. Жаңа партиялар мен ескі жауларды (режимнің) қолдаушылар биліктің қысымынан құтылмады", - делінген мақалада.

УРАН "ТАҒЫ ДА СӘНГЕ ЕНДІ"

Ұлыбританиялық Economist журналына жарияланған "Ядролық жанармай сатып алу тағы да сәнге енді" атты мақалада уранға хедж-қор салу өсімінің артқанын сипаттайды.

Желтоқсанның 3-і күні Нью-Йорктегі McIntyre Partnerships бұрын тек қаржылық инвестиция салса, енді уранға қаржы салатынын мәлімдеді. Оның негізін қалаушы Криса МкИнтайенің айтуынша, бұл әрекет ақталады – сәуірден бастап уран бағасы 41 пайызға өскен.

2011 жылы Жапонияның Фукусима қаласында АЭС апаты болған соң Жапония мен Германияда бірқатар атом электр станциялары жабылды, бүкіл әлемде жаңа станция құрылысы баяулады, ал уран бағасы жеті жылғы бағадан 60 пайызға төмен.

Economist жазуынша, 2035 жылға қарай әлемдік сұраныс 44 пайызға артады. Қытайда 19 ядролық реактор салынып жатыр, тағы 41 салу жоспарда бар. Үндістан алтауын салып жатыр, тағы 15 станция салуы мүмкін. Сауд Арабиясы екі жоба бойынша тендерді аяқтамақ, Египет, Иордания, Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктері бағдарламаны іске қосқаны туралы мәлімдеді.

АЭС-ке қажетті шикізат салынған контейнерлер.
АЭС-ке қажетті шикізат салынған контейнерлер.

"Бұның бәрі үшін жаңа шахта керек. Олар жұмыс істеп кетсе, ресурс бағасы 50-60 долларға өсуі керек", - деп санайды британдық Yellow Cake уран сату компаниясының президенті Андре Либенберг.

"Қазақстан тәрізді әлемдік көлемнің үштен екісін жабдықтайтын ірі экспорттаушылар үмітпен қарап отыр. Бағасына қарай уранға сұраныс өзгермеді. Оның қымбаттауынан жабдықтаушылар тек ұтады", - деп жазады Economist.

Бірнеше апта бұрын Қазақстандағы ірі уран өндіруші "ҚазАтомпром" компаниясы IPO-ге шықты. Халықаралық сарапшылар бұл сауданы "табысты" деп бағалады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯЛЫҚ ШЕНГЕН БЕ?

Америкалық Ozy.com онлайн журналында "Брекзитті ұмытыңдар: Орталық Азия өзінің Шенгеніне ұмтылды" деген мақала жарияланды. Онда аймақтағы жағдайды жеңілдету шаралары туралы айтады: "Ширек ғасыр бойы Орталық Азияның бес мемлекеті су, жер және этникалық шиеленістерден жапа шекті. Қазір олар бір-біріне жылышыраймен қарай бастады, енді жаңа жүйе енгізбек, бірнеше жылдан соң шенген аймағының өзіндік нұсқасы пайда болуы мүмкін" дейді автор.

Орталық Азия елдері президенттері (солдан оңға қарай): Сооронбай Жээнбеков (Қырғызстан), Эмомали Рахмон (Тәжікстан), Нұрсұлтан Назарбаев (Қазақстан) және Шавкат Мирзияев (Өзбекстан). Астана, шілде, 2018 жыл.
Орталық Азия елдері президенттері (солдан оңға қарай): Сооронбай Жээнбеков (Қырғызстан), Эмомали Рахмон (Тәжікстан), Нұрсұлтан Назарбаев (Қазақстан) және Шавкат Мирзияев (Өзбекстан). Астана, шілде, 2018 жыл.

Журнал наурызда Тәжікстан мен Өзбекстан арасындағы визалық режимнің жойылғанын, қыркүйектің ортасында Қазақстан мен Өзбекстанның өзара визаны мойындау туралы келісімге қол қойғанын айтады, енді болашақ туристер бір визамен екі елге де бара алады. Қазақстан Әзербайжан, Қырғызстан мен Түркияны жобаға қосылуға шақырды, оны Қазақстан сенатының депутаты Дариға Назарбаева "Жібек жолының визасы" деп атаған.

Тәжікстан мен Қырғызстан виза туралы аймақтық келісімге қол қоюға қызығушылық танытты, "тіпті Орталық Азиядағы ең жабық ел – Түркіменстанның өзі көршілермен жақындасуға бейім екенін байқатты", - деп жазады Ozy.com.

Аты-жөнін атамауды сұраған өзбек шенеунігінің айтуынша, Қазақстанмен жасалған келісім "процестің бастауы" ғана екен, әзірге көп сұраққа жауап алынбаған, соның ішінде Өзбекстанның Қазақстанмен визасыз режим жасасқан елдегі қонақтарына қарым-қатынасы қалай болары белгісіз.


"Болашақтың міндеті – өткеннен сабақ алу. Совет одағы кезінде 70 жыл бойы шекаралық бекет болмады, Орталық Азия тұрғындары өзара еркін жүре беретін. Ширек ғасырдан соң олар коммунистік биліктің авторитарлық билігінсіз орталық азиялық "шенгенге" оралғысы келеді", - деп жазады Ozy.com.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG