Accessibility links

Автократтарға "кеңес беретін" Блэр және Қазақстан сотының "комедиясы"


Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэр және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Лондон, 21 қараша, 2006 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэр және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Лондон, 21 қараша, 2006 жыл.

Бұл аптада шетел басылымдары "автократ басшыларға" "реформалар бойынша кеңес беретін" Тони Блэр мен онымен бірге еріп барып, құқықтық қызмет көрсетінін әйелін еске түсірді. Бұған қоса басылымдар пандемия кезінде адам құқықтарының бұзылу жағдайын "комедияға", ал Covid-ке қарсы вакцина салу науқанын "тасбақаның жүрісіне" теңеді.

Ұлыбританияның бұрынғы премер-министрі Тони Блэрмен қоса, енді оның әйелі Чери Блэрдің заң фирмасы да Сербия үкіметіне қызмет ете бастады. Блэр ханым басқаратын Omnia Strategy фирмасы "тәуелсіз телеарнаға және интернет компаниясына қысым көрсетті" деп айыпталған Сербия үкіметін қорғамақ деп жазған британдық Teleegraph басылымы ерлі-зайыптылардың бұрын Қазақстан үкіметіне де "кеңес бергенін" еске түсіреді.

"Тони Блэрдің жаһандық өзгеріс институты" деп аталатын коммерциялық емес ұйым Сербия үкіметіне "модернизация реформаларын стратегиялық тұрғыда жүзеге асыру бойынша" алты жылдан бері кеңес беріп келеді.

Қазақстанды және оның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мадақтаған фильмнен скриншот. 2012 жыл.
Қазақстанды және оның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мадақтаған фильмнен скриншот. 2012 жыл.

Бұл елдің президенті Александр Вучич "автократ және қатаң популист ретінде танылған әрі ол соңғы кездері баспасөз еркіндігін шектеп, оппозицияға қысым көрсетіп отыр деген айыпқа қалды" деп жазған басылым "Шекарасыз репортерлар" ұйымы түзген баспасөз бостандығы рейтингінде Сербияның 67-орыннан 93-сатыға түскенін ескертеді.

Сербия Omnia Strategy қызметі үшін қанша төлейтіні белгісіз, бірақ "бұрын судья болып жарты ставкаға жұмыс істеген, адам құқықтарын қорғаушы заңгер ретінде танылған Блэр ханым қызметінің әр сағатына 1 мың фунт-стерлинг (шамамен 585 мың теңге) ақы алатыны белгілі" деп жазады Telegraph.

Бір қызығы, көп жағдайда экс-премьер Блэр "кеңес беретін" ел үкіметі оның әйелінің фирмасымен келісім-шартқа отырады. Соның бір мысалы ретінде басылым Қазақстанды атайды.

"Блэр мырза елдің автократ басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа кеңес беру жөнінде миллиондаған фунттық келісімге отырғаннан үш жыл өткен кейін", 2014 жылы оның әйелі басқаратын фирма да Қазақстанның әділет министрлігімен келісім-шарт жасасқан. Басылымның жазуынша, Блэр бейбіт тұрғындар "режимге қарсы шыққаны үшін атып өлтірілгеннен соң өз имиджін қалай сақтау жөнінде Назарбаев мырзаға кеңес беруге келген". Мұнда британ басылымы 2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасын меңзеп отырса керек. Еңбек шарттарын жақсартуды талап еткен мұнайшылар ереуілі полицияның күш қолдануына ұласып, ресми мәлімет бойынша 16 адам қаза тапқан.

Басылым 2014 жылғы тамыздағы санында Қазақстанның Чери Блэрге үш айлық "құқықтық қызметі" үшін 120 мың фунт (шамамен 70 млн теңге) төлеуге келіскенін жазған. Бұл кезде Тони Блэр Қазақстанның "автократ президенті" Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми кеңесшісі болған еді. Omnia Strategy "екіжақты инвестициялық келісімдерге" шолу жасағаны үшін осындай ақы алған. Қазақстанның әділет министрлігімен арадағы келісім бойынша, бұл ақша елдің салық төлеушілерінің есебінен өтелуі тиіс. Министрлік 3-4 айға созылатын "шолудың" екінші кезеңінде тағы 200-250 мың фунт төлеуге міндеттеме алған. Келісім-шартта Блэрдың фирмасы қызметінің үшінші кезеңі де болуы мүмкін делінген, ол үшін Қазақстан үкіметі британдық фирмаға тағы қосымша ақы төлеуі тиіс.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр мен оның жұбайы Чери Блэр. Лондон. Британия. 10 қараша, 2019 жыл.
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр мен оның жұбайы Чери Блэр. Лондон. Британия. 10 қараша, 2019 жыл.

Telegraph мәліметі бойынша, Блэр ханым қызметінің әр сағаты үшін 1150 фунт ақы алады, дегенмен "Қазақстанның әділет министрлігі Omnia фирмасын құқықтық шолу жүргізудің үшінші кезеңіне тартатын болса, қызмет құны 975 фунтқа арзандатылады".

"Азаматтық бостандықтар мен адам құқықтарын қорғаушы ретінде танылған" Блэр "адам құқықтарын бұзды деп айыпталған Назарбаев мырзамен жақын қарым-қатынасы үшін сынға ұшырады" деп жазды басылым.

Telegraph дерегі бойынша, Британия экс-премьерінің институты Гамбия үкіметіне "кеңес бере" бастаған соң, 2017 жылы Omnia Strategy онда да мұнай дауы бойынша үкіметке қолдау көрсетуге көшкен. Фирманың вебсайтында оның "халықаралық арбитраж бойынша Руандаға кеңес беретіні" жазылған. Тони Блэр институты Руанда үкіметіне де 2008 жылдан бері "стратегиялық кеңес" беріп келеді.

Блэр институтының вебсайтындағы ақпарат бойынша, Тони Блэр – бұл ұйымның жалғыз иесі әрі ол "өз қызметі үшін ешқандай ақша алмайды". Дегенмен, бірқатар басылымдар, соның ішінде Diplomat түрлі дереккөззге сүйеніп, Блэр Назарбаевқа кеңесшілігі үшін жылына 13 миллионнан 27 млн долларға дейін табыс тапқан болуы мүмкін деген болжам айтқан.

2016 жылғы қаңтарда Блэрдың "шет мемлекеттерге кеңесшілік қызмет көрсетуден түскен ақшасын басқаратын" Windrush Ventures компаниясының табысы еселеп өскені айтылған.

Бес жылдай Қазақстан президентінің кеңесшісі болған Тони Блэр 2016 жылдың күзінде қызметінен кетті. Ақпарат құралдарының жазуынша, сол аралықта Қазақстандағы жемқорлық деңгейі бұрынғыдан да артқан.

2016 жылғы қазандағы санында Telegraph Тони Блэр "Қазақстан президенті – диктатор Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болып жұмыс істегеніне өкінетінін" жазған.

Былтыр желтоқсанда ол Қазақстанның мемлекеттік телеарнасынан берілген Назарбаев туралы роликте сөз сөйлеп, экс-президент атына мадақ айтқан. Ол кезде Telegraph видеода Блэр айтпаған сөздерді "қосып жіберген" деп жазды.

ИЛЬЯШЕВ ІСІ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СОТТЫҢ "КОМЕДИЯСЫ"

"Қазақстан vs Әлнұр Ильяшев: өзгеше көзқарастағыларды ескі де жаңа әдістермен жазалау". Осы тақырыппен америкалық Diplomat басылымының сайтында жарық көрген материал саяси белсенді әрі блогердің басындағы жағдайды баяндай отырып, жалпы Қазақстандағы сөз және пікір бостандығы ахуалын бағалайды.

Азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев Алматы әкіміне қарсы арызы бойынша өткен сот процесінде. 24 желтоқсан, 2018 жыл.
Азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев Алматы әкіміне қарсы арызы бойынша өткен сот процесінде. 24 желтоқсан, 2018 жыл.

Ильяшев былтыр наурызда Facebook әлеуметтік желісінде коронавирус індетімен күрестегі дәрменсіздігі үшін биліктегі "Нұр Отан" партиясын сынап посттар жазған. Сәуір айында оған Қылмыстық кодекстің 274-бабы негізінде "Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағылып, қамауға алынған.

Жазда өткен сот процесінде Әлнұр Ильяшев айыпты деп танылып, оған бес жылға дейін қоғамдық-саяси іспен айналысуға тыйым салынған.

Мақала авторы Америка адвокаттар қауымдастығы адам құқықтары орталығының Ильяшев ісіне қатысты есебін талдаған. Жақында жарық көрген бұл есепте белсенді Ильяшевтің әділ сот төрелігіне жүгіну құқығы өрескел бұзылды деген тұжырым жасалады. Автордың айтуынша, Қазақстан сот жүйесіндегі "бұл олқылықтардың көбі бұрыннан бар, ал кейбіреуі пандемия жағдайында тіпті ушыға түскен".

"Сонымен бірге, пандемия [интернетке] қосылудағы қиындықтардың көмегімен жекелеген адамдарды [әділ сот төрелігі] құқығынан айырды" деп жазады басылым.

Автордың айтуынша, Ильяшев ісі "Қазақстандағы өзгеше көзқарастағыларға жасалып жатқан жалпы қысымның мысалы бола алады". Коронавирус індеті салдарынан төтенше жағдай жарияланған кезеңде "Қазақстандағы белсенділер мен журналистер түрлі қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылды"

"Қысым жасаудың басқа формаларының қатарында мақсатты түрдегі қаралау науқандарын атауға болады, бұл пікірталас пен өзгеше көзқарас айтуға мүмкіндік беретін онлайн кеңістіктің аясын тарылтты, ал пандемия мұндай қоғамдық кеңістікті шектеді".

Америка адвокаттары қауымдастығының жазуынша, онлайн сот кезіндегі проблемалар "Ильяшев пен адвокаттарының шағым түсіріп, уәж келтіруіне, куәлерге сұрақ қоюына үнемі кедергі келтірген". Мәселен, Әлнұр Ильяшевтің посты қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтар мен ұйымдарға зиян келтіруі мүмкін деп санайтын басты куәгер Роза Ақбарова сот отырысына мобильді телефон арқылы қосылған, "сот оның бет-жүзін емес, тек құлағын ғана көрген".

"Айыпталушы жақ Ақбароваға сұрақ қойып жатқанда онымен байланыс өшіп, кейін ол телефонының қуаты таусылғанын, сондықтан байланыс үзілгенін айтқан, сөйтіп басты куәгерді тергеу ерте аяқталған. Сот сұрақ-жауапты ертесінде жалғастыруды шешкен, бірақ ол күні судья Ақбарованың ауырып қалғанын, сотқа қатыса алмайтынын айтқан. Сот әрі қарай өте берген".

Іс Ильяшевтің "үкіметті сынауына жол бермеу үшін" қозғалған деген тұжырым жасаған сарапшылар бұл іске "өте нашар" (“D”) деген баға қояды және Қазақстанның жоғарғы сотын оны қайта қарауға шақырады.

"Өмірде болмаған жайттарға негізделгенде және қазақстандықтардың құқықтары мен әділ сотқа жүгіну мүмкіндіктерін шектеудің жарқын мысалы болмағанда, Америка адвокаттар қауымдастығы адам құқықтары орталығының бұл есебін комедиялық әңгіме деуге келер еді" деп қорытады басылым.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ВАКЦИНАЦИЯ НАУҚАНЫ: "ТАСБАҚАНЫҢ ЖҮРІСІ"

Eurasianet сайты Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу науқанының өте баяу жүріп жатқанына назар аударды. Автордың айтуынша, осы күнге дейін 15 жастан асқандардың 0,25 пайызына ғана вакцинаның алғашқы дозасы егілген. "Бұл - үкімет болжағаннан әлдеқайда төмен көрсеткіш" деп жазады басылым. Қазақстан үкіметі ақпанның соңына дейін 100 мың адамға вакцина саламыз деп жоспарлаған.

"Спутник V"вакцинасының қорабын ұстап тұрған адам. Мишкольц, Венгрия. 9 наурыз, 2021 жыл.
"Спутник V"вакцинасының қорабын ұстап тұрған адам. Мишкольц, Венгрия. 9 наурыз, 2021 жыл.

Салыстыратын болсақ, АҚШ-та ересектердің бестен бірі екпенің бірінші дозасын, оннан бері екінші дозасын қабылдаған.

Автор Джоанна Лиллистің болжауынша, науқанға "вакцинаға қарсы конспирологиялық теория мен қоғамның иланбауы үлкен кедергі жасап отыр".

9 наурыздағы ресми дерек бойынша, Ресейдің "Спутник V" вакцинасын егу науқаны басталған 1 ақпаннан бері оның алғашқы дозасы 33 мыңдай адамға, ал екіншісі тек 16 мыңдай адамға салынған.

"Науқанды тездетпесе, үкімет медицина және құқық қорғау қызметкерлеріне, мұғалімдерге, студенттерге және созылмалы ауруы бар адамдарға, жыл ортасына дейін – 2 млн тұрғынға, жыл соңына дейін – 3-4 млн адамға екпе егу жоспарын орындай алмайды" деген автор мұның өзі "18,8 млн халқы бар Қазақстанда тобыр иммунитетін қалыптастыруға жетпейді" деп санайды.

Оның айтуынша, науқанның баяу жүруінің бір себебі – халықтың екпеге сенбеуі. Кей дәрігерлер екпенің жағымсыз әсерінен қорықса, енді бірі "вируспен ауырып кеткенбіз, бойымызда иммунитет бар" деп санайды.

"Екпеден бас тартатындардың кейбірі лицензия негізінде Қазақстанда да шығарылатын "Спутник V" вакцинасына күдік келтіреді" дейді Eurasianet.

Factcheck.kz және Masa.media басылымдары жүргізген зерттеуге қарағанда ел ішінде вакцинаның артынан әлдебір "қаскөйлікті" көретіндер де көп екен.

"Covid-19 індетімен күресте қоғам қауіпсіздігі туралы ақпарын халыққа дұрыс жеткізе алмаған үкіметтің дәрменсіздігі байқалған, бұл жолы оның сөзі тағы далаға кете ме деген қауіп бар" деп қорытады автор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG