Accessibility links

Әлем елдерінде коронавирусқа қарсы вакцина егу қалай жүріп жатыр?


Covid-19 коронавирусына қарсы Pfizer-BioNTech вакцинасы. Көрнекі сурет.
Covid-19 коронавирусына қарсы Pfizer-BioNTech вакцинасы. Көрнекі сурет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде коронавируске қарсы вакцина салдырғандар мен пандемия басталғалы бері вирус жұқтырған адам саны теңескенін хабарлады. АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің есебінше, әлемде Covid-19 вирусы 109 млн астам адамға жұққан.

КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ЕКПЕ ШАРАСЫ

Бірақ коронавирус жұқтырғандар мен оған қарсы вакцина салдырғандар көрсеткіші әлемнің әр елінде әртүрлі.

Тоғыз милионға жуық тұрғыны бар Израиль вакцина салдыру көрсеткіші бойынша алда тұр. Бұл елде ересек тұрғындардың жартысынан көбі кемінде бір рет вакцина салдырған. Израиль денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, вакцина салдырғандар арасында коронавирус жұқтырғандар үлесі 0,1 пайыз болған.

– Өткен аптада пандемияға қарсы вакцинаның тиімділігі байқалып отыр деп алғаш рет сеніммен айта алдық. Бұл ең алдымен жасы 60-тан асқандарға қатысты, – деді "Настоящее время" арнасына Израильдегі Вейцман институтының профессоры Эран Сегаль.

Израильдік әскери дәрігер коронавирусқа қарсы Pfizer-BioNTech вакцинасын салуға дайындалып отыр. Ришон-ле-Цион, Израиль, 28 желтоқсан 2020 жыл.
Израильдік әскери дәрігер коронавирусқа қарсы Pfizer-BioNTech вакцинасын салуға дайындалып отыр. Ришон-ле-Цион, Израиль, 28 желтоқсан 2020 жыл.

Тұрғындарға коронавирусқа қарсы вакцина салудан Израильден кейінгі екінші орында Біріккен Араб әмірліктері мен Ұлыбритания тұр. Ал вакцина салдырған адам саны бойынша ең көп көрсеткіш АҚШ пен Қытайда – 30 млн адамнан асады.

Бірақ қазір тарап жатқан коронавирустың жаңа түріне төтеп беруге қолда бар вакциналардың кейбірі әлсіз болып шықты деген ақпарат бар.

Мысалы, Оңтүстік Африка Республикасы осы елде анықталған коронавирус штамына қарсы швед және британ мамандары дайындап шығарған AstraZeneca препаратының тиімділігі төмен болғандықтан жаппай вакцина салу шарасын тоқтата тұратынын жариялады. Ұлыбритания билігі коронавирустың басқа штамдары да осы сияқты болуы мүмкін деп отыр.

Коронавирусты анықтайтын ПТР-тест тапсырып отырған адам. Ұлыбритания, 1 ақпан 2021 жыл.
Коронавирусты анықтайтын ПТР-тест тапсырып отырған адам. Ұлыбритания, 1 ақпан 2021 жыл.

– Оңтүстік Африка штамындағыдай өзгерістер Бристоль штамында да бар. Және бұл вирус солай өзгеруге бейім. Сондықтан басқа жерлерде де осындай өзгерістер байқалуы әбден мүмкін. Сол себепті қырағылық танытып, вакцинаны сынақтан өткізіп, қажет өлшемдер жасап отыруымыз керек, – деп мәлімдеді Ұлыбритания үкіметінің ғылыми кеңесшісі Пэтрик Вэлланс.

Еуропа одағында жағдай басқаша. Коронавирусқа қарсы вакциналарды кешігіп мақұлдағандықтан қазір Еуроодақ елдерінде вакцина егу көрсеткіші де төмен – әр жүз адамның төртеуі ғана кемінде бір рет салдырған.

Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен.
Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен.

– Біз қазір коронавируспен күресте өзіміз қалағандай нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз, себебі вакциналарды кеш мақұлдадық, ол факт. Вакциналарды жаппай шығарғалы жатыр, сондықтан өзіміз тапсырғанның барлығын дер кезінде аламыз ғой деген тым артық сенімде болыппыз, – деді

447 миллион адам тұратын Еуроодақ халыққа вакцина салдыру жылдамдығы жағынан Израиль, Ұлыбритания мен АҚШ-қа жете алмай келеді. Еурокомиссия басшысы жаздың соңына дейін тұрғындардың 70 пайызы вакцина екпесін алады деп уәде беріп отыр.

Өткен аптада Еуроодақ елдері арасынан бірінші болып Венгрия өз тұрғындарына ресейлік "Спутник-V" вакцинасын салуды бастаған. Еуроодақтың өзге елдері ресейлік вакцинаны қолдану мүмкіндігін қарастыратынын айтқанымен, әзірге "Спутник-V" вакцинасын мақұлдаған жоқ.

ҚАЗАҚСТАН "СПУТНИК V" ЕКПЕСІН ТАҢДАДЫ

Қазақстан ресейлік "Спутник V" вакцинасының Қарағандыда өндірілетін нұсқасын тіркегені туралы 15 ақпанда коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия хабарлады.

"Қарағанды фармацевтика кешені (ҚФК) коронавирус инфекциясына қарсы "Гам-КОВИД-Вак" ("Спутник V") дейтін вакцинаны Қазақстан аумағында тіркеу процедурасын аяқтады" делінген комиссия хабарламасында.

Қарағанды фармацевтика кешеніндегі өндіріс цехы. 9 ақпан 2021 жыл.
Қарағанды фармацевтика кешеніндегі өндіріс цехы. 9 ақпан 2021 жыл.

Ведомствоаралық комиссияның хабарлауынша, ҚФК Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі сараптамалық ұйымының вакцина қауіпсіздігі, сапасы және тиімділігі жөніндегі қорытындысын 13 ақпан күні алған.

"Осы қорытынды негізінде Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тіркеу куәлігін алу жөнінде өтініш жолданды" делінген хабарламада.

Осылайша, Қазақстан "Спутник V" екпесін қолдануды мақұлдаған 27-ел атанды. Қазірге дейін бұл екпені Ресейден өзге Беларусь, Аргентина, Сербия, Алжир, Парагвай, Түркіменстан, Венгрия, БАЭ, Иран секілді елдер мақұлдаған.

Қазақстан ресейлік вакцинаны ресми тіркеуден өткізбей тұрып-ақ сала бастаған. Жаппай вакцина егу 1 ақпанда басталған. Үкімет жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр. Ал сәуірден бастап қазақстандық QazCovid-In вакцинасы егілетіні, осы екпе 1-2 сынақ кезеңінде 96 пайыз тиімділік көрсеткені хабарланды. Қазір QazCovid-In сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр.

10 ақпанда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 13 301 адамға ресейлік "Спутник V" вакцинасы салынғанын мәлімдеген. Министрлік Қарағандыдағы фармацевтика кешеніне вакцина өндірісі үшін 15 миллиард теңгеден көп (36 миллион доллардан астам) қаржы бөлінетінін хабарлаған. Бұл – бюджеттен әртүрлі өндірушілердің вакцинасын сатып алуға қарастырылған қаржының үштен біріне тең.

Биліктің мәлімдеуінше, ҚФК ақпанның соңына дейін Қазақстан өңірлеріне "Спутник V" вакцинасының 90 мың дозасын жеткізбек.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 16 ақпандағы дерегінше, елде ПТР тестімен расталған коронавирус науқастарының жалпы саны 203 259 адамға жеткен. Оның 2652-сі коронавирус ауруынан көз жұмған. Бұл есепке коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмейді. Үкімет ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ ауру белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін былтырғы 1 тамыздан бастап жүргізіп келеді. Содан бері пневмонияның бұл түрімен ауырған 48 700 науқас тіркелген, оның 602-сі қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG