Accessibility links

"Тойымсыз элита", "үлкен ойын" және үкіметтің "популистік шарасы"


 Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімов. 31 шілде, 2015 жыл.
Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімов. 31 шілде, 2015 жыл.

Осы аптада шетел басылымдары экс-президент Назарбаевтың жақын туысы әрі серігі саналатын Ахметжан Есімовтің аса ықпалды қызметтен кетуінің астарына үңілді және зейнетақы шоттарындағы артық ақшаны тұрғын үй алуға жұмсау бағдарламасының алғашқы нәтижелерін сөз етті. Бұған қоса басылымдар Түркияның Орталық Азияға ұмтылуы Қытай мен Ресейге қалай әсер етіп жатқанын талдады.

ЕСІМОВ ОРНЫНАН КЕТСЕ ДЕ, "НАЗАРБАЕВ ДӘУІРІ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР"

Diplomat Қазақстандағы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімовтің орнынан кеткеніне назар аударды. Автордың жазуынша, елдің басты активтерін басқаратын қорды "Қазақстандағы билік элитасының ықпалды мүшесі" басқарып келген, ал оның қызметтен кетуі "қор үшін де, оның еншілес кәсіпорындары үшін де бетбұрыс кезеңі болатын түрі бар".

Самұрық-Қазына" қорының бұрынғы төрағасы (сол жақта) Ахметжан Есімов, премьер-министр Асқар Мамин (ортада) және қордың жаңа төрағасы Алмасадам Сәтқалиев. Премьер-министрдің вебсайтынан алынған сурет.
Самұрық-Қазына" қорының бұрынғы төрағасы (сол жақта) Ахметжан Есімов, премьер-министр Асқар Мамин (ортада) және қордың жаңа төрағасы Алмасадам Сәтқалиев. Премьер-министрдің вебсайтынан алынған сурет.

70 жастағы Есімовтің экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерді "орындайтын уақыты өтіп кеткен сияқты" деген автор оның "жаушылдықпен емес, достық көңіл-күймен" орнынан түсірілгенін айтады.

"...әрі қарай ол немен айналысары белгісіз. Қазақстандағы дәстүр бойынша, билікте ауыс-түйіс болғанда әлдебір басшы "басқа қызметке ауысуына байланысты" деген түсіндірмемен орнынан кететін. Бұл жолы олай болмады" деп жазады Diplomat.

Автордың жазуынша, Есімовтің тұсында сарапшылар "кері жекешелендіру" деп атаған науқан жүріп, "Самұрық-Қазына" "Қазмұнайгаз" Барлау Өндіру" компаниясының Лондондағы акцияларын қайта сатып алды, және Kcell, Tele2 сияқты телекоммуникация операторлары "іс жүзінде мемлекетке өтті". "Елорда - Нұр-Сұлтандағы жаңа ашылған "Астана қаржы орталығында" "Қазатомөнеркәсіп" акцияларының сенімсіз сатылымы да сарапшыларды "жекешелендіруге ұмтылыс бар" дегенге сендіре алмады" деп жазады автор.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры ғимаратының сыртқы көрінісі. Нұр-Сұлтан, Қазақстан. 28 қазан, 2019 жыл.
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры ғимаратының сыртқы көрінісі. Нұр-Сұлтан, Қазақстан. 28 қазан, 2019 жыл.

Оның үстіне, Есімов басқарған кезде "Самұрық-Қазына" жұмысын сынағандар да болды және олар қудалауға ұшырады. Мәселен, 2018 жылы мұнайдың қымбаттағанына қарамастан, "Самұрық-Қазына" жұмысы нашарлағаны парламент есебінде айтылған. "Холдингтің еншілес кәсіпорны туралы есеп жариялаған бір қаржы сарапшысы "жала жапқаны үшін" сотқа тартылды" деген автор экономист Мұрат Темірхановтың оқиғасын еске салады. Былтыр "Самұрық-Қазынаның" еншілес кәсіпорны "Тау-кен Самұрықтың" жұмысын сынап сараптама жазғаны үшін бұл мекеме оны сотқа берген. Темірханов болса "Тау-кен Самұрықтың" жұмысы тиімсіз екенін "ресми көздерден алынған ақпарат негізінде" дәлелдегенін айтады.

Бұған қоса, "Қазақстан үкіметіне және "Самұрық-Қазынаның" еншілес компаниясына қарсы сот істерінің кесірінен 63 миллиард доллар [активі бар] қорға қауіп төніп тұр. Молдовалық бизнесмен [Анатол Статиге] арбитраж шешімі бойынша айыппұл төлеу кешіккендіктен, біршеше юрисдиция аумағында [Самұрық-Қазынаның] миллиардтаған доллары бұғатталған кездер де болған" деп жазады автор.

Diplomat ұлттық әл-ауқат қорындағы "отбасылық байланыстарды" да атап өтеді. "Самұрық-Қазына" 350 миллион долларға жуық ақшаны Есімовтің бұрынғы күйеу баласы Ғалымжан Есеновке тиесілі болған "АТФ Банктегі" шоттарда сақтады. Ақшаны "АТФ банкте" сақтау шешімі қаражатты "А" деңгейіндегі банкте сақтауды талап ететін қор ережелеріне қайшы келеді, себебі ол кезде "АТФ" рейтингі "В" болған. Есенов 2020 жылғы қарашада "АТФ банкті" Назарбаевпен байланысы бар басқа бір банкке сатып жіберді" деп жазады басылым.

Есімовтің орнына келген Алмасадам Сәтқалиевті автор "1990 жылдардың ортасында мемлекеттік мұнай және газ компанияларының басшылығын қолына алған тойымсыз элитаның бір бөлігі ретінде көтерілген" адам деп суреттейді. Сәтқалиев 2000 жылдардың ортасынан бері "Самұрық-Қазынада" басшылық қызметтер атқарып келеді.

Ахметжан Есімов президенттіктен кетсе де биліктің қомақты бөлігін қолында ұстап отырған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын туысы саналады. Дегенмен автордың айтуынша, Есімовтің жоғары қызметтен кетуі Назарбаев билік тізгінін босатты дегенді білдірмейді. "Ел элитасында жаңару жүріп жатқаны анық, дегенмен экс-президент [Нұрсұлтан Назарбаев] пен оның ізбасары [президент Қасым-Жомарт Тоқаев] арасындағы жаңа тағайындауларға қатысты жария келісім Назарбаев дәуірі жалғасып жатқанын айғақтайды" деп қорытады автор.

ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙДІҢ "ҮЛКЕН ОЙЫНЫ" ЖӘНЕ "ТҮРКІ БІРЛІГІ"

Осы апта түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті онлайн режимде өтті, оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Түркия мемлекеттерінің басшылары қатысты. Осы оқиғаға байланысты сарапшылар Түркияның Орталық Азия елдеріне экономикалық-саяси, мәдени ықпалының артуы туралы жиі айта бастады. Мәселен түріктің Anadolu агенттігінің сараптамасында түркі елдеріні интеграциялайтын "бір ұлт – алты мемлекет" идеясын жүзеге асырудың алғашқы қадамдары жасалды деген ой айтылды.

Есесіне Мәскеу мен Пекин Анкараның Орталық Азияға ықпалын азайтудың жолдарын іздей бастады. Америкалық Jamestown қорының сараптамасында аймақ үшін бәсекеге түсіп жатқан Қытай мен Ресей арасындағы бұл геосаяси ойында нақты жеңімпаз жоқ деген қорытынды жасайды.

Ресей президенті Владимир Путин Қытай төрағасы Си Цзиньпинді қарсы алып тұр. Мәскеу, Ресей. 5 маусым, 2019 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Қытай төрағасы Си Цзиньпинді қарсы алып тұр. Мәскеу, Ресей. 5 маусым, 2019 жыл.

"Мәскеу мен Пекин мұхитқа шығар жолы жоқ бұл аймаққа Анкараның ықпалын азайтуға әрекет қылды, бірақ әрқайсысы аймақтағы өз позицияларын төмендетпеуге және Түркияны өз мақсатына пайдалану мүмкіндігін жіберіп алмауға (мәселен батысқа қарсы альянсты насихаттауға) тырысып бақты. Ал бұл комбинация қатысушылардың біреуі ойсырай жеңілетін ойын емес, сондықтан қалыптасқан дәстүрмен біреуді "жеңімпаз" деп жариялауға асықпау керек" деп жазады сарапшы Пол Гобл.

Автор "үлкен ойын" деп атаған бұл бәсекеде державалар "жұмсақ күш пен экономикалық прогресті" ұсыну арқылы көп нәрсеге қол жеткізуге тырысады. "Осылайша, қазір Орталық Азия елдерінің әрқайсысы осы сыртқы күштердің бірін екіншісіне қарсы қойып, сол арқылы өз тәуелсіздігін нығайта алып отыр".

Түрік сарапшысы да, америкалық ғалым да Таулы Қарабақ үшін соғыста Әзербайжанның жеңіске жетуі Орталық Азияға Түркияның ықпалын күшейтіп, мұндағы жағдайды "кешенді әрі салмақты" ете түсті деп санайды.

Чолпон-Атадағы Түркітілдес елдер ынтымақтастығы саммиті. Қырғызстан. 3 қыркүйек, 2018 жыл.
Чолпон-Атадағы Түркітілдес елдер ынтымақтастығы саммиті. Қырғызстан. 3 қыркүйек, 2018 жыл.

Түркия "Қытай мен Ресейге қарағанда ортақ тұсымыз көп" деп, Орталық Азияға мәдени, саяси және экономикалық ықпалын арттыруға мүдделі. Ал бұл қалған екі державаға ұнамайды. Ресей әскери-саяси күш ретіндегі үстемдігінен айырылғысы жоқ, есесіне Қытай да әскери саладағы ықпалын арттырып келеді. Орталық Азия аймағында да, жалпы әлемдік тұрғыда да Ресей, Қытай, Түркия үшеуінің өзара проблемалары бар. Демек, "Түркияның онда (Орталық Азияда – Ред.) ықпалы артқан сайын оның аймақ елдеріне және Қытай мен Ресейге әсері қандай болады деген үрей де күшейіп, ставка жоғырай бермек" деп жазады Jamestown сарапшысы.

"ИНФЛЯЦИЯНЫ КҮШЕЙТКЕН" "МАҚСАТСЫЗ МӘРТТІК"

Былтыр қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың зейнетақы қорындағы ақшасын тұрғын үй алуға және басқа мақсаттарға жұмсауына мүмкіндік берілетінін айтқан. Жыл басында үкімет зейнетақы қорындағы ақшасы шектік сомадан асатын азаматтар артық қаражатын алатын механизм әзірлеп, кей адамдар шотынан ақша ала бастады. Eurasianet тілшісі осы шараның әу бастағы мақсаты мен нәтижесіне көз жүгіртіп, мұны "кедейді суыққа тоңғызған" "популистік шара" деп бағалаған.

Жаңа салынған тұрғын үй. Петропавл, 9 ақпан 2021 жыл.
Жаңа салынған тұрғын үй. Петропавл, 9 ақпан 2021 жыл.

Былтыр Қазақстан коронавирус пандемиясынан қатты соққы алды, әсіресе экономика ауыр зардап шекті. Сол қиын кезде халыққа жолдау арнаған Тоқаев "пандемияның экономикалық әсерін азайтып", халықтың "инвестициялық қуатын" арттырғысы келген сыңайлы. Автордың айтуынша, президент жолдауында бұл шараны қарапайым адамдардың тұрмысын жақсартуға бағыттау керек деген.

Шараны жүзеге асырып жатқан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының есебі бойынша, шотындағы артық ақшаны көбіне Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалалардың және мұнайға бай Маңғыстау, Атырау тәрізді өңірлердің тұрғындары алған. Қорға берген өтініші кері қайтқандардың көбіне "зейнетақы шотындағы қаражат көлемі тиісті шамаға жетпеген" деген жауап келген.

"Орта таптың инвестициядан хабары бар өкілдері аяқ астынан келген табысты жылжымайтын мүлікке инвестиция салуға жұмсады, бұл жылжымайтын мүлік нарығын қыздырып жіберді. Ал тақыр кедейлердің алар ақшасы мардымсыз, сондықтан олар мемлекеттің мақсатсыз мәрттігінен пайда болған инфляцияның тұсауында қалды" деп жазады Eurasianet.

Қазақстандағы ресми дерекке сүйенген автор биылғы қаңтар-ақпанда тұрғын үй бағасының 13 пайызға қымбаттағанын айтады. Оның үстіне бұл шара пәтер жалдау құнын да өсіріп жіберген.

Тоқаев тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне жол бермеуге шақырған, бірақ мұның нәтижесі болмағанға ұқсайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG