Accessibility links

"Қазақ ұлтшылдығы", Ресейдің "ақпараттық өрті" һәм "элита мүддесін көздейтін автократия"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин Кремльдегі кездесуден соң болған баспасөз мәслихаты кезінде. 3 сәуір, 2019 жыл.

​​​​​​​"Қазақ ұлтшылдығы" – Ресей пропагандасы ойлап тапқан тақырып па? Ауғанстанда "Талибан" жеңісінен соң державалар Орталық Азия үшін таласты бастады ма? Қазақстан сияқты автократиялық елде еркін экономика қалыптастыру мүмкін бе? Бұл аптада халықаралық басылымдар осы сұрақтарға жауап іздеді.

"ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ АРҚЫЛЫ ҮРЕЙ ШАҚЫРУ"

"Қазақстан: Ресеймен көрші бөлудің ауыртпалығы". Осындай тақырыппен Eurasia Review жариялаған сараптамада Мәскеудің "қазақ ұлтшылдығын үрей шақыру мақсатында пайдаланып отырғаны" және "күштінің әлсізге кінә артқыш келетіні" туралы айтылады. Мұндағы күшті – Ресей, әлсіз дегені – Қазақстан.

Автор Ақас Тәжуітовтың айтуынша, Орталық Азия елдері Ауғанстанда билікті тәліптер басып алғанына алаңдап отырған тұста "Ресей "Первый канал", "Россия 24", "НТВ" сияқты мемлекеттік және Кремльмен тығыз байланысы бар пропаганда құралдарын пайдаланып, Қазақстанның ұлт құру саясатына қатысты ақпараттық соққылар сериясын жасады". Соның кесірінен Қазақстан "екі оттың ортасында қалғандай" "қиын жағдайға тап болды".

"Ондаған жыл ішінде Қазақстан алғаш рет Ресей ақпарат құралдарының кең ауқымды әрі қарқынды ақпараттық шабуылының нысанасына айналды. Екі елдің отыз жылға жуық қарым-қатынасында бұрын-соңды ешқашан мұндай болған емес. Елдің ең басты мемлекеттік телеарнасы, ең ықпалды ақпарат құралы саналатын, әрі көп ресейліктің басты ақпарат көзі делінетін "Первый канал" мен "Россия 24" бұрын ешқашан Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайды және Қазақстан билігінің саясатын бұлайша жүйелі әрі мақсатты түрде сынаған емес" дейді сарапшы.

Оның айтуынша, ақпарат құралдарының "шабуылын" Ресей үкіметінде шетелдегі орыстарға көмектесу үшін құрылған агенттік (Россотрудничество) басшысы Евгений Примаковтың 10 тамыздағы телеграм-арнасындағы жазбасы бастап берген. Ол "қазақ ұлтшылдарының әрекетін сынамай отыр" деп Қазақстан басшылығына айып таққан. Іле-шала телеарналарда осы сарындағы мәлімдеме жиілеп кетті.

Автордың айтуынша, бұл ақпараттық соғыс Ресейдің "ойлағанындай жүрді", яғни "күшті әлсізге кінә артып", дегенін орындатып жатыр.

Мәскеудің бұл саясатын автор "Ресейдің тірі қалуы Орталық Азиядан төнетін қауіптің бетін қайтара білуіне байланысты" деген көзқараспен ұштастырады.

"Ауғанстанда болып жатқан өзгерістер постсоветтік Орталық Азияны (Үлкен) Таяу Шығыс құрамына итермелеу процесіне түрткі болуы мүмкін екенін жақсы түсінеді" деген автор алда болуы мүмкін деген екі сценарийдің екеуі де Ресейдің қолайына жақпайды деген болжам айтады. Бірінші сценарий бойынша, Ауғанстандағы тұрақсыздық постсоветтік Орталық Азияға жайылуы ықтимал. Екінші сценарийге сәйкес, Орталық Азия Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан сияқты елдермен экономикалық қарым-қатынасты күшейтіп, араға құбыр мен жол салуы мүмкін. Соның арқасында аймақ Оңтүстік Азия мен Батыс Еуропа арасындағы көпірге айналып, Ресей бұл интеграциядан тыс қалады.

"Әрине, Мәскеуді толғандыратын жайт бар. Өзінің артқы ауласы санайтын Орталық Азия жаңа кезеңге көшіп жатыр. Аймақтың өзге төрт елін бақылауында ұстап отыруы үшін қажет плацдарм санайтын Қазақстанның өзі өңірдегі басқа елдердің қай-қайсымен салыстырғанда Батыспен анағұрлым тығыз байланыста. Елге салынатын тікелей инвестицияның үштен екісі Еуроодақ пен АҚШ үлесінде. Мәскеуге Орталық Азия алыбын орбитасында ұстап тұру қиындап барады" деп жазады автор.

"Осының барлығын ескерсек, Мәскеу Орта Азияны орбитасында ұстап тұруды емес, алдымен Қазақстанның солтүстік бөлігін тартып алып, Ресейді аймақтан оқшаулауды ойлап отырғандай. Бәрі осылай көрінеді. Әйтпесе неге Ресей ақпарат құралдары Қазақстандағы антиресейшіл ұлтшылдар туралы ақпараттық өртті тұтандырып, республикада 1986 жылғы оқиғалардан кейінгі сияқты ахуал қалыптастырады?" деп сауал тастайды Eurasia Review.

"ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЛТШЫЛДЫҚ" ЖӘНЕ "САЯСИ ДАҒДАРЫС ҚАУПІ"

Ал америкалық сарапшы Пол Гобл "қазақ ұлтшылдығы" – расымен бар проблема дейді. Ол тіпті Қазақстандағы ұлтшылдық мәселесі "үлкен саяси дағдарысқа соқтыруы мүмкін" деп болжайды. Jamestown Foundation сайтында жарық көрген жаңа мақаласында ол Қазақстанда мемлекеттік тіл мәртебесі бар қазақ тілінің мекемелерде қолданылуын тексеріп, видео түсірген Қуат Ахметовтің "Тіл майданы" қозғалысын "жағдайды ушықтыратын жайт" деп бағалайды.

Оның айтуынша, елден орыстардың "экономикалық себеппен" көшуі, радикал қазақ ұлтшылдығының бас көтеруі және Қуат Ахметовтің Грузияға көшіп, "саяси иммигрантқа" айналуы – саяси дағдарысқа соқтыратын көп фактордың бірі.

"Бұл факторлардың қосындысы жақын арада үлкен саяси дағдарысқа алып келуі мүмкін. Себебі Мәскеу болып жатқанның бәрін Қазақстанды "екінші Украинаға" я "екінші Грузияға" апарар жол деп санайды". Сарапшының айтуынша, Грузияға қоныс тепкен Ахметов сыртта отырып, "елдегі жақтастарын қоздыра беруге тырысады".

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖӘНЕ ОҒАН ТАЛАСҚАН "ШЕТ ДЕРЖАВАЛАР"

Америкалық ықпалды басылым National Interest Ауғанстандағы өзгерістерден кейін Батыс елдері Орталық Азия аймағына ерекше көңіл бөліп, оған ықпалын күшейтуге әрекет етуі керек деген ой айтады. Мақала авторы, сарапшы Барак Синер "Нашар ұйымдастырылып, нашар жүргізілген Ауғанстаннан әскер шығару операциясынан кейін Батыс Орталық Азияның маңызды сауда жолдары мен белсенді нарықтарды шет державаларға беріп қоймайтын аймақтық стратегия жасауы қажет" деп санайды.

"Ауғанстаннан шегінген АҚШ пен Еуропа тәліптерді ысырып, бүкіл аймаққа ықпал ету үшін Қазақстан және соңғы кездері [белсенді бола бастаған] Өзбекстан сияқты одақтастарды іздеп, Қытай мен Ресейдің Орталық Азияға ықпалын азайтуға тырысады".

Автордың жазуынша, "Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда әсери базасын сақтау арқылы Ресей Орталық Азиядағы қауіпсіздік мүддесін жақсы қорғап отыр, ал Қытай Таяу Шығыс, Орталық Азия және Еуропамен сауда қақпасы ретінде Ауғанстанды пайдаланғысы келеді. Сондай-ақ Қытай Қазақстанды "белдіктің" "айылбасы" деп атап, "Бір белдеу – бір жол" жобасымен Еуразия құрлығы арқылы "Pax Sinica" (Қытайға негізделген әлемдік жүйе – ред.) қалыптастыруға тырысады".

Державалардың Орталық Азияға ұмтылуын айта келе автор геосаясаттың белгілі теоретигі Халфорд Маккиндердің "хартленд" (жер кіндігі) концепциясын еске салады. Құрамына Орталық Азия да кіретін аса ауқымды аймақ – "хартлендті" "уысында ұстаған ел әлемді бақылайды" деген тұжырым бар.

"Орталық Азияның маңызын еске ала отырып, АҚШ бұл аймақтың және Қазақстанның қауіпсіздік және экономика салаларына инвестиция салуы керек" деп жазады автор.

"НАШАР" САЯСАТПЕН "ЖАҚСЫ" ЭКОНОМИКА ҚҰРУҒА БОЛА МА?

Бұрынғы Совет одағының кей елдерінде саяси жүйе тым нашар болғанына қарамастан, олар рейтингтерде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Мұндай сәйкессіздік әсіресе Қазақстан, Өзбекстан сияқты автократ елдерден байқалады. Бұл саяси жүйені демократияландырмай-ақ бәсекеге қабілетті экономика құруға болады деген жаңсақ түсінік қалыптастырды. Бірақ бұл мүмкін емес. Америкалық сарапшы Симон Коммандер Diplomat басылымындағы мақаласында осындай тұжырым жасайды.

Автордың айтуынша, бизнес жүргізудің қолайлылығы бойынша әлем елдерін бағалайтын Дүниежүзілік банктің Doing Business сияқты рейтингтері объективті жағдайды көрсетпейді, кейде тіпті олар ірі шенеуніктердің араласуымен әдейі бұрмаланады.

СССР құлаған соң тәуелсіздік алған елдердің кей көрсеткіштері жақсы болғанымен, "демократиялық дәстүр жоқ болғандықтан әрі совет экономикасы мұраға қалғандықтан", олардың көбі автократияға айналды.

"Барлығында дерлік совет заманымен байланысты бар тұлғалармен не институттармен жапсарласқан автократия түзілді. Қазір Совет одағынан шыққан елдердің үштен екісі автократияға жатады, уақыт өткен сайын олар көбейіп, ұлғайып барады" деп жазады автор.

Әр елдің өз ерекшелігі болғанымен, ұқсас тұстары да бар. Мәселен, "биліктің корреляттар, отбасы және жақын топпен бірге жеке тұлғалар айналасында құрылуы, кейбірінде тіпті династия компоненті бар". "Мұның жарқын мысалдары – Әлиевтер отбасы [басқаратын] Әзербайжан мен бірінші президент Назарбаев пен оның отбасы [басқаратын] Қазақстан".

Сарапшының айтуынша, дәл осы ерекшеліктеріне байланысты бұл режимдер сабақтастық және "өміршең ойыншыларды кіргізу тұрғысынан" осал келеді, соның кесірінен оларда "саяси тепе-теңдік те нашар".

Мұндай режимдердің тағы бір ортақ тұсы – "экономикалық автократия". Оларда ірі мемлекеттік компаниялар "жекешелендіру арқылы сатып алынған жекеменшік компаниялармен бірлесе жұмыс істейді".

"Бұл компаниялар билікпен байланысын, соның ішінде мемлекеттік сектордағы компаниялармен арадағы келісім-шарттарды пайдалана отырып дамиды. Әдетте бизнес-топ ретінде құрылған бұл жекеменшік холдингтер ықпалды, шағын элитаның мүддесін көздейді. Бұл элита құрамына негізінен автократтың отбасы және әріптестері мен басқа да сенімді адамдары кіреді. Автократ алдымен активтер мен ресурстарды бөлетін, кейін бұл элиталық мүдделер арасындағы бәсекені шектеп, жойқын бәсеке мүмкіндіктерін шектейтін арбитр рөлін атқарады" деп жазады сарапшы.

Сондықтан "нашар" саясат жағдайында "жақсы" экономика қалыптастыру қиын деп қорытады автор. Оның себебі тек "сенім пробемасы" мен "іске асыру мүмкіндігінде" ғана емес.

"Мұндай режимдер табиғатынан билікті қалауынша әрі пайдакүнемдік мақсатта қолдануға негізделеді. Сондықтан нарыққа қолайлы институттар мен ережелерді енгізу өте қиын, расын айтсақ, оны ретімен қолдану өте ауыр" дейді автор.

Мұндай елдерде шетелдік инвесторлармен арада жиі дау туындайтын себебі де содан.

Сондықтан автократ үкіметтер не билікпен тығыз байланысты партиялар басқарудың ең озық үлгісін әкелу, ашық та әділ ереже енгізу саясатын қолдамайды.

"Болжай алмау әрі [билікті] шектен тыс пайдалануға мүмкіндік беру – автократиялық саяси экономияның басты ерекшеліктері. Бұдан соң "жақсы" экономика "нашар" саясаттың орнын толтырады деген үміттің өзі қиял болып көрінеді, әрине. Ең жаманы – соңғысы біріншісінің кеңістігін тарылтады әрі одан түсетін пайданы анағұрлым азайтады" деп қорытады Коммандер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG