Accessibility links

ЕХРО-2017 төңірегіндегі жанжалды "пиар-апат" деп атады


EXPO-2017 көрмесі аумағында. Астана, 22 маусым 2017 жыл.
EXPO-2017 көрмесі аумағында. Астана, 22 маусым 2017 жыл.

Батыс баспасөзі осы аптада ЕХРО-2017 көрмесін сынаған Foreign Policy журналы тілшісі мен көрме ұйымдастырушылары арасындағы дауды талқылады. Бұған қоса, мультимиллионер Джейкоб Ротшильдтің Қазақстанға қатысты әзілін де еске алған.

ДЖЕЙМС ПАЛМЕРДІҢ ПАСПОРТЫ

Ағылшын тілінде шығатын EurasiaNet сайтындағы "Қазақстан: ЕХРО сынға ілікті, ал ЕХРО жауабы сәтсіз шықты" (ағылшынша түпнұсқа тақырыбы - "Kazakhstan: EXPO Draws Critics, and EXPOs Misfires Back") атты мақаланың авторы Ақтан Рысалиев америкалық Foreign Policy журналы жариялаған мақала авторы Джеймс Палмер мен қазақстандық шенеуніктер арасындағы дау жайлы баяндаған. "Өз даму деңгейін әлемге паш етпек болған Қазақстанның салтанатты әрі қымбатқа түскен бұл талпынысы - Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесінің жұртшылықпен байланысы сәтсіз болды" деп жазады EurasiaNet.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 9 маусым 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 9 маусым 2017 жыл.

Астананың шамына тиген "Қазақстан ажал жұлдызына бес миллиард доллар жұмсады, бірақ ол тіпті лазермен атқылай алмайды" деген мақаласында Джеймс Палмер ұйымдастыруға қыруар ақша жұмсалғанына қарамастан, көрмеге келушілер қарасы аз деп жазып, ЕХРО көрмесін өткізу концепциясының өзіне шәк келтірген. Бұған қарымта ретінде "қарсы шабуылға көшкен Астанадағы наразы шенеуніктер" маусымның 19-ы күні "Джеймс Палмер көрме түгілі, Қазақстанға да келген жоқ" деп мәлімдеді. Ал Палмер іле-шала Twitter желісінде Қазақстан шекарасынан өткенін растайтын белгі соғылған төлқұжаты мен көрмеге алған билетінің фотосуретін жариялады. Ізінше Twitter желісінде ол көрмеге келушілерге "Менің жолымды қуушы бүкіл қазақстандықтар, қош келдіңіздер! Сіздер, тамаша елі және өкінішке қарай, едәуір топас билігі бар сүйкімді адамсыздар" деген үндеу жолдады.

ЕХРО-ға қатысты дау жайлы Азаттықтың видео-шолуы (орысша):

EurasiaNet сайты баға бергендей, "әлгі пиар-апатқа" қосымша ретінде интернетте қазақстандық қолданушылардың көпшілігі Foreign Policy сайтын аша алмадық деп жазған – сайт Қазақстан территориясында ашылмай қалды. "Әлгі оқиғаны сәтсіз реттеудің кесірінен енді Палмер қозғаған мәселелердің біріне, яғни маусымның 9-ында ашылған оқиғаға қатысты қоғамдық наразылыққа көбірек назар ауатын тәрізді" деп жазады Ақтан Рысалиев.

Бұдан кейін мақалада ЕХРО көрмесіне барған қазақстандықтардың Астанада халықаралық көрме өтетін айларда тауарлар мен қызмет түрлерінің көбінің бағасы қымбаттап кетті деген шағымдары жиілегені жайлы айтылған.

РОТШИЛЬДТІҢ ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ ӘЗІЛІ

Ұлыбританияның Financial Times газетінде "Инвесторлар ашық Қазақстанды мақтауға шақырған үндеуді құптады" деген мақалада сәуір айында Лондонда ұйымдастырған банкетте британ мультимиллионері Джейкоб Ротшильдтің "қазақстандық ұлттық әл-ауқат қорынан келген қонақтарына жұмсақ ескерту жасағаны" туралы жазған. "Самрұқ-Қазына" қоры өкілдері күні бойы ықтимал инвесторларға "мемлекет басқаруындағы құны 70 миллиард доллар болатын компаниялар сатылатын әрі ұзақ күткен жекешелендіру бағдарламасы туралы" айтумен болған. Оларға лорд Ротшильд "процесті басынан бастау керектігін" айтты, - деп жазады Financial Times.

Қашаған мұнай кенішіндегі жасанды аралдағы жұмысшылар. 11 қазан 2012 жыл.
Қашаған мұнай кенішіндегі жасанды аралдағы жұмысшылар. 11 қазан 2012 жыл.

"Қазақстанның өктемшіл президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен баяғыдан аралас-құраласы бар 81 жастағы банкир мұны қалжыңдап айтқан. Бірақ оның байсалды хабарламасы аудиторияны елеусіз қалдырмады. Қазақстан ең ірі мемлекеттік компанияларын жекешелендіретіні жайлы уәде еткеніне жеті жылға жуықтады – олардың бірі де әлі нарыққа жеткен жоқ" деп жазылған мақалада. Мақалада бұл іркілістің себептері ретінде "бюрократияны, администраторлардың заңды мүдделері мен селқостығын" атаған, бірақ бұл жолы қазақстандық шенеуніктер қаңтарда мәлімделген амбициялық реформалар жоспары іске асады деп уәде етеді.

"Жекешелендіру процесін бастау – елдің банк секторына тазарту жүргізу, салық режимін реформалау және коррупциямен күреспен қатар бір-біріне тәуелді әрі бас қатыруды қажет ететін реформалардың бір бөлігі ғана. Бұған қоса, бұл – шетелдік капиталды тарту үшін Астанада жаңа қаржы орталығы мен сауда биржасын құру, ауыл шаруашылығы және жерге қатысты заңдарды мұқият қайта қарау, Мәскеу басқарып отырған Еуразия экономикалық одағының сауда аймағымен де, Пекиннің аймақтық амбициялары үшін де сауда-саттық стратегиясын қайта безбендеу. Әр қадам алдыңғысының сәтті болуына тәуелді екені маңызды" деп жазады Financial Times.

ҚЫТАЙДЫҢ ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

Австралияның News.com.au сайтында "Жаңа әлемдік державаға күйреу қаупі төнуі мүмкін бе?" деген сұрақ қойған мақала шықты. Бұл сауалға: "Комментаторлардың басым көпшілігі олай болуы екіталай дейді" деген жауап айтылған, бірақ соған қоса 1950 жылдардың аяғындағы совет басшысы Никита Хрущевті мысалға келтіріп, Қытайды СССР-мен салыстырған.

Мақала авторы Пол Уилсон екі елдің кейбір ұқсас тұстарын, мысалы, шекара маңындағы этникалық азшылық топтар тұратын территорияларды "күшпен қосып алу", "миллиондаған қытайлық хансу отбасыларын күшпен көшіру" және Шыңжаң, Тибет және Тайвань тәрізді аймақтардағы шиеленісті жағдайды атайды. "Кезінде Қазақстан мен Өзбекстан сынды советтік республикалар өзін-өзі билеу құқығына сөзсіз ұмтыла бастағаны сияқты тибеттіктер мен ұйғырлар да дәл солай істемейді дегенге сену қиын ба? Ал "Ішкі Моңғолия" өзінің "сыртқы" ағайындарына" қосылғысы келсе ше?" деген сұрақ қойылған мақалада.

"Қытай күні ертең күйрей ме? Күйремеуі де мүмкін. Әлде келер 30 жылда ма? Мұны Михаил Горбачевтен сұраңдар" деп тұжырады австралиялық News.com.au сайтындағы мақала авторы.

Айтпақшы, Қытайдың Шыңжаң аймағында тұратын этникалық қазақтарды кемсіту проблемасын осы аптада Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Германияда тұратын қазақтардың өкілі Өмірхан Алтын аяқ асты қозғаған болатын. Ол Қытай билігін Шыңжаң қазақтарына Ішкі Қытай аймақтарында тұратын қазақтар мен этникалық қытайларға қарағандай қарауға шақырды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өмірхан Алтынға "Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырап жатқанын естіген жоқпын" деп жауап берді, бірақ бұл мәселені тексеріп, қажет болса, Қазақстан сыртқы істер министрлігі арқылы Пекиннің назарын аударуға уәде етті.

Дүниежүзі қазақтары құрылтайынан Азаттық видеорепортажы:

Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00

Азаттық бұған дейін биыл Қытайда Шыңжаң қазақтарын саяси сипаттағы айыптармен тұтқындап, соттаған оқиғалар болғаны жайлы хабарлаған. "Азат Азия" радиосының Қытай ішіндегі дереккөздері Қытай билігі бұған дейін мұсылман ұйғырларға жасағаны тәрізді биыл енді мұсылман қазақтардың да құқығын шектеп, қысым көрсете бастады деп хабарлаған.

XS
SM
MD
LG