Accessibility links

Мұнай бағасының арзандауы Қазақстанға жайсыз тиді


Қашаған мұнай жобасының Каспий теңізіндегі D жасанды аралы. 21 тамыз 2013 жыл.
Қашаған мұнай жобасының Каспий теңізіндегі D жасанды аралы. 21 тамыз 2013 жыл.

Батыс басылымдары ОПЕК ұйымына мүше және мүше емес мұнай өндірушілердің шикізат экспорты көлемін шекті деңгейден асырмау туралы келісіміне қосылған Қазақстанның әлемдік нарықта мұнай бағасының арзандауынан тығырыққа тап болғаны туралы жазады.

АРЗАН БАҒАЛЫ АЩЫ МҰНАЙ

«Әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан «Каспий құбыр консорциумы» (КҚК) жеңіл маркалы мұнай «басып қалған» Еуропадағы клиенттердің арасынан жанталасып сатып алушы іздеп жатыр, ал ондағылар бағасы арзандаған ащы мұнайдың өзін алуға құлықсыз» деп жазады Reuters.

Халықаралық келісім бойынша, Астана тәулігіне 1,7 миллион баррельден артық мұнай өндірмеуге міндеттеме алған. Бірақ, Қазақстандағы әуелгі жоспарлы мерзімінен бес жылға кешігіп, былтыр ғана мұнай өндіре бастаған Қашаған кеніші инвесторлардың салған миллиардтаған долларын қайтару үшін шикізатты неғұрлым көбірек сатуы керек.

Осылайша екі оттың ортасында тұрған Қазақстан Қашағандағы өндірісті көбейтіп, басқа кеніштердегі жұмысын бәсеңдетуге мәжбүр. Алайда, құбырға мұнайдың көп құйылуы оның бағасын да арзандатып жатыр.

Каспий жағалауындағы мұнай өңдеу зауыты. Ақтау, 24 маусым 2016 жыл.
Каспий жағалауындағы мұнай өңдеу зауыты. Ақтау, 24 маусым 2016 жыл.

2013 жылы КҚК сататын жеңіл мұнай бағасы Brent маркалы мұнай шикізатынан 0,15 долларға арзан болса, биыл ол 1,23 долларға дейін жеңілдікпен сатылып жатыр.

«Қашағанды тағы кейінге шегергеннен арзандаған КҚК қоспасын сата берген тиімді. Акционерлер жобаның жұмыс істеп тұрғанын қалайды», - дейді Reuters агенттігіне сұхбатында трейдерлердің бірі.

КҚК құбырымен Қазақстанның басқа бөліктерінде және Ресейде өндірілген шикізат Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізіледі. Күніне 700 мың баррель мұнай тасымалдап келген құбыр Қашаған іске қосылғалы 900 мың баррельге дейін өнім жөнелтіп жатыр. «Биыл бұл көрсеткіш тіпті 1,3 миллион баррельге дейін артуы мүмкін. Сондықтан қазір әсіресе Жерорта теңізіндегі нарықта шикі мұнай шамадан тыс көбейіп барады. Бұл оның бағасын одан сайын құлдырата ма деген қауіп бар» дейді сарапшылар.

Қашағанның қадірін қашырып тұрған тағы бір мәселе – ондағы өндіріліп жатқан мұнайдың сапасы. Ресейдің Urals қоспасына қарағанда КҚК мұнайының құрамында ащы газдар тобына кіретін меркаптан көп. Жерорта теңізі аймағындағы мұнай өңдеу зауыттарының кейбірінде КҚК құбырымен келетін CPC Blend маркалы мұнайды өңдеуге шек қойылған, оны тек арнайы антикоррозиялық жабыны бар құралдар ғана тазалай алады. Сондықтан CPC Blend мұнайын сатып алуға құлшынатындар аз деп жазады Reuters.

НАРЫҚТАҒЫ 600 МИЛЛИОН БАРРЕЛЬ

Ал мұнай бағасының қатты қымбаттайтын түрі көрінбейді. Тіпті бұрындары мұнай нарығына бірден әсер ететін түрлі саяси дүрбелеңдер де бұл жолы шикізат құнына өзгеріс әкеле қоймады. Сауд Арабиясы мен Катардың арасындағы текетірес те, Иран астанасындағы террорлық шабуылдар да, Күрдістанның тәуелсіздік алуға ұмтылуы да нарықты селт еткізген жоқ. «Осыдан бірер жыл бұрын Таяу Шығыстағы кез келген тербелістің өзі мұнай нарығында аласапыран тудырып, алыпсатарлар бағаны аспандатып жіберетін. Араб әлеміндегі дүбірлі оқиғаларға қарамастан, осы апта мұнай 4 пайызға арзандады. Жылдар бойы нарыққа көп мөлшерде шикізат шығарылғандықтан, оның бағасы қымбаттамай отыр» деп жазады Bloomberg агенттігі.

Кейбір есептеулер бойынша, әлем нарығында 600 миллион баррель артық мұнай бар екен. Бұл – бүкіл Ливияның екі жыл бойғы өндірісінің орнын жаба алатын үлкен қор.

Қазақстандағы мұнай және газ өңдейтін зауыт. (Көрнекі сурет.)
Қазақстандағы мұнай және газ өңдейтін зауыт. (Көрнекі сурет.)

«Шикізат қоры көп болып тұрған қазіргі кезеңде нарыққа жай қауіп-қатер емес, өндірістің нақты тоқтауы ғана әсер ете алады» дейді Лондондағы Energy Aspects компаниясының сарапшысы Амрита Сен.

Шектен тыс мұнай қорымен қоса ОПЕК елдерінің күніне 2,1 миллион баррель мұнай өндіретін қуаты бар, бұл – төрт жылдың ішіндегі ең үлкен көрсеткіш. Оның үстіне биыл ғана өндірісті қысқарту келісіміне қосылған ОПЕК-ке мүше емес Қазақстан, Ресей тәрізді елдердің де өндірісті арттыру мүмкіндіктері бар.

Мұнай бағасына әсер ететін тағы бір фактор – АҚШ-тың тақтатастан өндірілетін мұнай көлемін жылдам арттыру мүмкіндігі. Бұрындары мұнай кеніштерінің нарыққа бейімделуі үшін ұзақ уақыт керек болса, қазір Техас, Оклахома сияқты аймақтарда өндіріс көлемін бірнеше аптаның ішінде-ақ арттыруға болады.

Мұнайды қымбаттатуға жол бермейтін осындай бірнеше фактор болғандықтан, инвесторлар қазір қысқа мерзімдік өндіріс пен сұранысқа ғана баса назар аударып отыр.

Оның үстіне, Таяу Шығыстағы оқиғалардың ешқайсысы әзірге мұнай өндірісіне бәлендей кедергі келтіре қоймайтын тәрізді. Сауд Арабиясы мен Катар арасындағы дипломатиялық жанжал мұнай тасымалына әсер етуі мүмкін. Бірақ Катар сұйылтылған газ экспорты жөнінен әлемде алдыңғы орынды алғанымен, оның сыртқа сататын мұнайының көлемі мардымсыз ғана.

Ал Тегеранда болған террорлық шабуылдар Иранның мұнай кеніштерінен алыс қашықтықта болды, оны мойнына алған «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының мұнай өндірісін тоқтатарлық қауқары бары байқалмайды.

МӘЖБҮРЛІ ПРАГМАТИЗМ

Мұнай бағасының арзандауы Каспий маңындағы елдердің амбициясын бәсеңдетіп, оларды прагматикалық қадамдарға баруға мәжбүрлеп жатыр. Мұнай нарығындағы өзгерістер мен геосаяси ахуалдың Каспийдің мәртебесі мәселесіне әсерін талдаған АҚШ-тың Stratfor жекеменшік барлау агенттігі дауды шешудің жаңа мүмкіндіктері пайда болып жатқанын айтады.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов "Шығыс-Батыс" газ құбырын іске қосып тұр. Белек ауылы, Түркіменстан, 23 желтоқсан 2015 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов "Шығыс-Батыс" газ құбырын іске қосып тұр. Белек ауылы, Түркіменстан, 23 желтоқсан 2015 жыл.

Каспиймен шектесетін елдердің көбі Ресейдің оған көл мәртебесін беру ұстанымын қолдайды. Тек Түркіменстан бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязовтың тұсында теңіздің солтүстігі мен оңтүстігін доға түрінде бөлу жайлы Ресейдің ұсынысына келіспей, тік сызықпен бөлуді сұрап келген. Соңғы жылдары мұнайдан түсетін табыс екі есеге азайып кеткендіктен бұл істе прагматик бола бастаған Түркіменстан жақында райынан қайтты.

Постсоветтік елдер бір жақ болса, Иран бір жақ болып, Каспийді теңдей бес бөлікке бөлуді талап етіп келген. Америкалық зерттеушілердің айтуынша, соңғы кездері Тегеран да біраз иліге бастаған. Иран жақында Түркіменстанның теңіздегі және оның жағалауындағы кеніштерді игеруіне техникалық, қаржылық көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Қаржыдан тапшылық көріп отырған Ашғабат бұған қуана келісті. Оның үстіне, Иран мемлекеттік мұнай компаниясы Әзербайжанның Шах-Дениз газ кенішін игеретін компания акцияларының 10 пайызына иелік етеді. «Тегерандағы басшылары Иранның бұл шығындары демаркация сызығы үшін болатын адам шығындарынан әлдеқайда аз екенін түсінуі тиіс» деп жазады Stratfor.

XS
SM
MD
LG