Accessibility links

Қызғаныш қозғау салған реформа


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев

Батыс баспасөзі Өзбекстанда жүргізіліп жатқан реформалар, Қазақстанның дін қызметі туралы заң жобасы және Олимпиада ойындарының құны туралы жазған.

ӨЗБЕКСТАННЫҢ "АШЫҚТЫҒЫ"

Ұлыбританиялық Financial Times газеті "Бір кездегі репрессиялық Өзбекстан Каримовтен кейінгі ашықтық [дәуіріне] аяқ басты" деген мақаласында Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзияевтің саясатын мақтап, "Freedom House ұйымы саяси құқық, азаматтық еркіндік жағынан Солтүстік Кореяға теңестірген ел қысымды босаңсыта бастағанын білдіретін белгілер байқалады" деп жазған.

"13 жыл бойы премьер-министр қызметін атқарған Шавкат Мирзияев те ескі жүйенің бір бөлігі болды, бірақ [23 жыл бойы Өзбекстанның құпия полиция бастығы болған Рустам] Иноятовты қызметінен алуы елді "ашық ету" процесін бастауға бағытталған ең батыл қадам болды" деп жазған Financial Times. Мақала авторының жазуынша, "мыңдаған адам әлі түрмеде қалғанымен", 18 жоғары лауазымды саяси тұтқын түрмеден босаған; 16 мыңға жуық адамды "экстремизмге бейімдер" есебінен шығарған; "азаматтар тікелей шағымдана алатын виртуалды қабылдау бөлмесі" іске қосылды; бұған қоса, өзбек валютасын айырбастауға салынған шектеуді алып тастаған.

Бірақ "Мирзияев мырзаның өзгерістері әзірше саяси емес, көбінесе экономикалық сипатта болып отыр, сондықтан оның саяси саланы либералдандыруға қатысты ұстанымы әлі де айқын емес" деп жазған Financial Times. Бұған қоса, мақала авторы егер Мирзияев реформаларды тереңдетуді жалғастырса, "бұл авторитарлы басшыларының көбі қартайған аймаққа олар о дүниелік болғаннан кейін саяси өзгерістер басталуы мүмкін екенін көрсете алады".

Financial Times пікірінше, Мирзияевті бұл реформаларды жүргізуге итермелеп отырған себептердің ішінде "елдің өз ішінде және шетелде радикалдану қатерін азайту үшін әл-ауқатты арттыру" және "экономикасы сәл ілгері, бірақ президент Нұрсұлтан Назарбаев совет заманынан бері басқарып отырған Қазақстанға деген қызғаныш" бар. "Дүниежүзілік банк дерегінше, халқының саны 18 миллионнан аспайтынына қарамастан, репрессиялық авторитаризмі босаңдау әрі экономикасы біршама либералды нарық сипатындағы Қазақстан 25 жылдың ішінде, яғни 2016 жылға дейін 152 миллиард доллар тікелей инвестиция тартқан, ал Өзбекстан 9,6 миллиард доллар ғана тартқан" делінген мақалада. Каримов қайтыс болған тұста Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі халықтың жан басына шаққанда, алты мың доллардан сәл ғана көп болған, ал Қазақстанда шамамен 25 мың долларды құраған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев

"Шетелдік дипломаттар [Мирзияев] Өзбекстанды Батыс демократиясына ұқсайтын әлдебір жолмен дамытуды емес, сәл либералдау экономикасы әлі де қатаң саяси бақылаумен ұштасатынқазақстандық модельді имитациялау деп топшылайды. […] Былтыр демократиядан алшақтау тенденциясы анық байқалған елдегі және әлемдегі "түнек уақытты" ескерсек, өзбектердің көбі үшін бұл тіпті қошеметтеуге болатын прогреске айналар еді" деп жазған Financial Times.

ДАУЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ

Ағылшын тілінде шығатын EurasiaNet жаңалықтар сайты "Қазақстан әсіре радикалды исламға қарсы кампанияны іске қосып жатыр" деген мақаласында Қазақстанда былтырдан бері қаралып жатқан дін қызметі туралы заң жобасына қатысты комментарий жазған.

Қазақстанның дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев (алдыңғы қатарда, сол жақта). Астана, 29 қаңтар 2018 жыл
Қазақстанның дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев (алдыңғы қатарда, сол жақта). Астана, 29 қаңтар 2018 жыл

"Жобаның ең даулы тұстарының ішінде адамдардың қоғамдық орындарда бет-аузын тұмшалаған киім киюіне тыйым салу. Бұл ниқаб пен әйелдер көйлегінің осы тәрізді түрлері екені анық . Өткен айда парламентте заң жобасын таныстырғаннан кейін журналистердің алдында сөз сөйлеген дін істері министрі Нұрлан Ермекбаев заң талаптары қолданылатын саланы тіпті көбейтіп көрсеткен" деп жазған EurasiaNet.Бұдан бөлек, сайт министрдің деструктивті діни ағым белгілері қатарына "төзімсіздікті уағыздау, бет-аузын тұмшалайтын киім кию, өзгеше сипаттағы сақал, балағы кесілген шалбар жатады. Бірақ бұл белгілер жеке-жеке емес, олардың жиынтығы ғана жатады" деген сөзін келтірген.

Бұған қоса, заң жобасында шетелде діни білім алу ережелерін де күшейту қарастырылған, бірақ қазір оқу іздеп Таяу Шығысқа аттанатын қазақстандық жастар көбейіп барады. "Ресми тұлғалар олардың көбі шетелде - отбасыларынан жырақта, жат ортада жүріп радикалдану құрбанына айналады" деп жазған сайт.

Бірақ "кей сарапшылар жоғарыдан түскен қысым наразылық көңіл-күйді басудың орнына, керісінше, қоздырып, кері әсерге ұласуы мүмкін деген жұртың арасында көп тараған пікірді ұстанады" делінген мақалада.

ОЛИМПИАДА ӨТКІЗУГЕ ЫНТАЛЫ ҚАЛАЛАР АЗАЙЫП БАРАДЫ

Батыстың бірнеше басылымы Кореяда өтіп жатқан қысқы Олимпиадаға қатысты комментарилерінде Сочи олимпиадасынан кейінгі жанжалдан соң спорт ойындарын өткізгісі келетін қаланы табу қиындап барады деп жазған. Кей шолушылар тіпті Олимпиада ойындарын тұрақты бір орында өткізуді ұсынады.

Америкалық New York Times газетінде "2026 жылғы қысқы Олимпиада өткізу үшін қала табылмай жатыр" деген мақала шықты.

Халықаралық Олимпиада комитетінің 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы Пекинде өткізу туралы шешімі жарияланған сәттегі Қытайдың ресми делегациясы мүшелерінің қуанышы. Куала-Лумпур, 31 шілде 2015 жыл
Халықаралық Олимпиада комитетінің 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы Пекинде өткізу туралы шешімі жарияланған сәттегі Қытайдың ресми делегациясы мүшелерінің қуанышы. Куала-Лумпур, 31 шілде 2015 жыл

"Олимпиада өткізуге үміткер қала үнемі оңай табылатын. Бірақ қазір олай емес - әсіресе қысқы ойындар өтізетін қала табу қиын. Бірнеше жыл бұрын ХОК 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге кандидаттар іздегенде Еуропаның алты қаласы ниетінен айнып, өтініштерін қайтарып алған. Қалалар қыруар қаржы жұмсаудан, саяси толқулардан немесе қоғамдық қолдау болмайтынын көрсеткен референдум нәтижелерінен қорыққан. Бұл жағдай ХОК таңдауына екі нұсқа ғана қалдырған - екеуі де қысқы спорт жарыстарын өткізу тәжірибесі жоқ қалаларын ұсынған авторитарлы үкіметтер – Қазақстандағы Алматы және Қытайдағы Пекин. Пекин сәл басымдықпен жеңген, бірақ бұл Швейцарияның Лозанна қаласында орналасқан ХОК-тің штаб- пәтерін алаңдауына ұласқан болатын".

Forbes сайты "Сочи сабақтары: Оңтүстік Корея [Олимпиада] шығындарын мұншалықты қалай азайта алды" деген мақаласында Сочи олимпиадасын өткізуге жұмсалған шығындарды қазір Пхёнчханда өтіп жатқан ойындармен салыстыраталдаған. "2014 жылы құны 50 миллиард долларға түскен Сочи қысқы Олимпиадасы тарихтағы ең қымбат олимпиадаға айналды. Бұл жолы Оңтүстік Корея бағаны 12,9 миллиардтан асырған жоқ, бірақ шығын бәрібір өтінішінде көрсеткен бюджеттен асып тұр. Бірақ Оңтүстік Кореядағы олимпиаданың төрт жыл бұрын Ресейде өткізілген олимпиададан мұншалықты арзанға түсу сыры неде?".

2022 жылғы қысқы Олимпиаданы Пекинде өткізу туралы шешім жарияланғаннан кейін Алматының орталық алаңынан тарқап жатқан адамдар. 31 шілде 2015 жыл
2022 жылғы қысқы Олимпиаданы Пекинде өткізу туралы шешім жарияланғаннан кейін Алматының орталық алаңынан тарқап жатқан адамдар. 31 шілде 2015 жыл

Мақала авторының сөзінше, мұны себебі "Олимпиадалардың бәрінің шығыны әуелгі жоспарланған бюджеттен асып кеткенінде" және "коррупцияда".

Ал ұлыбританиялық Telegraph газеті Пекиннен кейін қысқы Олимпиада өткізе алатын қалалардың бірі ретінде Алматыны атаған. Өтініш беруге болатын ең соңғы күн - 2018 жылғы 31 наурыз деп белгіленген.

XS
SM
MD
LG