Ресей президенті Владимир Путин жеке тұлғаларға Ресейден Еуразия экономика одағы елдеріне (Армения, Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстан), сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжанға бір миллион рубльден (11 800 доллар) асатын қолма-қол ақша алып шығуға тыйым салды. Мұндай шектеу Путин 29 қыркүйекте шығарған жарлықта жазылған. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге Ресейден әлгі аталған елдерге рубль экспорттауға тыйым салынады.
Бұған дейін жеке тұлғаларға өзімен бірге алып шығатын қолма-қол ақшаға қойылған шектеу 100 000 АҚШ долларына (шамамен 8,5 миллион рубль) тең еді.
Бір миллион рубльден асатын сомадағы ақшаны әлгі елдерге тек халықаралық әуежайлар арқылы алып шығуға болады, бірақ ол үшін банк құжаттарының көшірмелері немесе шоттан ақша алынғанын растайтын басқа құжаттар болуы шарт.
2022 жылдың наурыз айынан бастап Ресейден шетелге шыққанда әр адамға 10 мың АҚШ долларынан асатын көлемдегі шетел валютасын алып шығуға шектеу қойылған. Ал Путиннің жарлығында көрсетілмеген елдерге қолма-қол ақшаны, егер декларацияда көлемі атап жазылған болса, бір миллионнан асса да алып шығуға болады деп жазады Азаттықтың Орыс қызметі.