Accessibility links

Путин ресейлік "тасадағы флот" кемелерін ұстаудың қарымтасы болатынын айтып сес көрсетті

Ресей президенті Владимир Путин
Ресей президенті Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу Еуропа одағы елдері мен басқа мемлекеттердің ресейлік сауда кемелерін ұстауына солардан "айна-қатесіз" жауап қатуға мәжбүр болады деп мәлімдеді. Мұны ол 12 тамызда Сахалин аралында Тынық мұхиты флотының әскери қызметшілерімен кездескенде айтты.

Путин Ресейдің Батыс санкцияларын айналып өту үшін пайдаланатын "тасадағы флотына" жататын кемелердің ұсталуын "қарақшылық" деп атады. Ол Мәскеудің қарымта қадамы ресейлік кемелер ұсталған теңіз аймақтарымен шектелмей, "кез келген жерде", соның ішінде Тынық мұхиты флотының жауапкершілік аймағында жүзеге асуы мүмкін екенін айтқанына The Moscow Times басылымы назар аударған.

Тынық мұхиты флотының қолбасшысы Виктор Лиина Ресей әскері президент қойған міндетті орындауға дайын деп мәлімдеген.

"Агентство" басылымының жазуынша, Путин бұған дейін де, шілденің аяғында ресейлік кемелердің ұсталуын қарақшылыққа теңеп сөйлеп, "халықаралық теңіз құқығы аясында мұқият", бірақ "батыл" әрекет етуге шақырған. Содан бергі өткен уақыт ішінде ресейлік теңізшілер шетелдік сауда кемелерін ұстағаны жайлы хабар болған жоқ. Бірақ Ресей Украина порттарына шабуылды үдеткен, қорғаныс министрлігі күнделікті есебінде Қара теңізде зақымдалған я суға батырылған кемелер туралы хабарлайды. Негізінен үшінші бір елдің туын іліп жүк тасып жүрген кемелер жайлы айтылады.

12 тамызда Ресей сыртқы істер министрлігі Еуропа одағын IRINI миссиясы – Еуропа одағы 2020 жылғы 1 сәуірде Жерорта теңізінің орталық бөлігінде Ливияға қару-жарақ жеткізуге, Ливиядан мұнайды заңсыз экспорттауға жол бермеу мақсатында бастаған әскери-теңіз операциясы коммерциялық жүк тасымалдаушыларды "қорқыту және теңізде еркін жүзуге кедергі келтіруге" пайдаланып отыр деп айыптап, мұндай әрекеттер Еуропа одағының өзіне "үлкен қауіп" төндіруі мүмкін деп мәлімдеді.

Өткен аптада Еуроодақ өзінің IRINI әскери-теңіз миссиясы кемелеріне Жерорта теңізіндегі шетелдік танкерлерді тоқтатуға рұқсат еткені жайлы хабар тараған. Бұл жерде үшінші бір елдің туын іліп алып, мұнай және басқа да жүктерді тасымалдайтын, Брюссель Ресейдің "тасадағы флотына" жатқызған кемелер жайлы сөз болып отыр. Олардың бір бөлігі Батыстың санкция тізіміне енгізілген. Еуропа елдері бұл кемелерді Ресейдің Батыс салған шектеулерді айналып өту құралы деп есептейді.

Reuters дерегінше, 2026 жылдың басынан бері Еуропада Ресейдің "тасадағы флотына" жатқызылған кемінде тоғыз кеме ұсталған. Олардың төртеуі Франция аумағында немесе француз билігінің бақылауындағы аймақта тоқтатылған.

Әдетте кеме иесіне айыппұл салып, кеменің өзін қоя беретін. Алайда Еуроодақта ұсталған кеменің жүгін тәркілеуге мүмкіндік беретін құқықтық тетіктер де бар. Ал Украина ресейлік "тасадағы флоттың" кемелерін заңды әскери нысана деп қарастыратынын мәлімдеген.

Айдар
XS
SM
MD
LG