Accessibility links

Путиннің Бушпен әңгімесінде Қазақстан туралы да айтылады

АҚШ-тың сол кездегі президенті Джордж Буш және Ресей басшысы Владимир Путин. Братислава, 2001 жыл.
АҚШ-тың сол кездегі президенті Джордж Буш және Ресей басшысы Владимир Путин. Братислава, 2001 жыл.

2000-жылдары Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың сол кездегі президенті Джордж Бушпен әңгімеде Ресей "өз еркімен көп жерін бере салғанын" айтып, Украина мен Қазақстан, Кавказды да атаған.

"Ресейліктер мыңдаған шаршы шақырым жерді өз еркімен бере салды. Ғасырлар бойы Ресей жері болған Украинаны бере салды. Қазақстанды бере салды. Кавказды да. Елестету қиын, партия басшылары осындай шешім қабылдады" деген Путин Бушқа.

Путин мен Джордж Буштың жабық кездесулерінің, бейресми телефон арқылы сөйлесулерінің стенограммасын «Ақпарат еркіндігі заңы» аясында АҚШ ұлттық қауіпсіздік архиві жариялады. Ол 2001-2008 жылдар аралығында өткен үш кездесуді қамтиды. Осы кезеңнің басында екі ел арасында қарым-қатынас салыстырмалы түрде жоғары деңгейде болған, кейінірек екі ел арасы суыды.

Онда 2001 жылы Путин мен Буштың Словакия астанасы Братиславада өткен алғашқы кездесуінің стенограммасы да бар. Жоғарыда айтылған Украина мен Қазақстан аталатын цитата осы кездесу кезінде айтылған.

Сол кезде Путин Бушқа Украинаның НАТО-ға қосылуына Мәскеу жол бере алмайтынын айтып, Украинаны "жасанды мемлекет" деп атаған. Бұған қоса, НАТО-дағы одақтастары Ресейдің өзін НАТО-ға шақыруына болатынын меңзеген.

Буш Ресейдің Шешенстандағы әрекетін құптай алмайтынын, оның Солтүстік Корея мен Иранмен қатынасына қатысты қауіп ететінін айтқан және "НАТО-ның кеңеюі аймаққа тұрақтылық сыйлайды" деген. Америка президенті бірнеше рет "АҚШ Ресейдің мықты болғанын қалайды", "Ресей – Батыстың бір бөлшегі" деген.

"Сіз Батыс сияқты болуыңыз керек: заң үстемдігі, кәсіпкерлік, сөз еркіндігі" деді Буш. Ол Путиннен сөз бостандығын шектеуінің себебін сұраған. Путин қырғиқабақ соғыс кезінің өзінде АҚШ-ты жау деп санамағанын және Ресейдің НАТО-ға қосылып, АҚШ-тың одақтасына айналғанын елестете алғанын айтқан. Сөз еркіндігі туралы айтқан кезде Путин "мемлекет олигархтармен күресіп жатыр" деген.

Ал 2005 жылы Ақ үйдегі кездесу кезінде негізінен Солтүстік Корея мен Иранның ядролық бағдарламалары талқыланған және Путин мен Буштың пікірі бұл тұста негізінен бір жерден шыққан. Атап айтқанда, Путин Солтүстік Кореяны сынап, тіпті өз оққағарлары Пхеньянға барғаннан кейін ол жаққа барғысы келмей қалғанын жеткізген.

Путиннің сөзінше, Солтүстік Корея халқына өз өмірі туралы ойлана бастауы үшін уақыт пен шыдамдылық қажет. Путин кезінде өзі де компартия мүшесі болғанын және сол үшін "өлуге де дайын" болғанын айтып, бірақ ізінше пікірін өзгерткенін, бірақ оған көп уақыт кеткенін айтқан.

  • Путин бұған дейін "Ресей көрші елдерге жерді сыйға бергенін" айтқан еді. "Украина мемлекеті болмаған" деп мәлімдеп, белорус, орыс және украиналықтарды "бір халық" деп атаған Путин, "Ресейдің тарихи жері өтіп кеткен" елдердің қатарында Қазақстанды да атаған. Бір сөзінде ол "қазақтарда ешқашан мемлекет болмағанын" айтқан. Ресей парламентінің кейбір депутаттарының осы тақылеттес мәлімдемелері Қазақстан қоғамында наразылық туғызған.
XS
SM
MD
LG