Қазақстанда тарихи атамекеніне оралған қазақтар ресми түрде қандас мәртебесіне ие болу үшін я осы елде тұрақты тұруға рұқсат беретін ықтиярхат алғысы келген шетелдіктер ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша қазақ тілінен онлайн тест тапсыруы шарт. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 14 қыркүйекте тестілеу талаптарын түсіндірді.
Көші-қон әлеуетін бағалау кезеңдерінің бірі саналатын бұл тест екі бөлімнен – тыңдау және оқудан тұрады. Бір сағат он минутта 60 сұраққа жауап берілуі керек. Тіл сынағын сәтті тапсыру үшін үміткер әр бөлімнен кемінде 70 пайыз алуы қажет. Министрлік бұл сұрақтар сынақ тапсыратын адамнан тілді терең білуін талап ету үшін емес, күнделікті жағдайда қазақ тілінде сөйлесіп, мәтіндерді түсіне алатын деңгейін тексеруге арналған дейді.
Егер үміткер қажетті шамада балл жинай алмаса, алдыңғы әрекетінен кейін 30 күнтізбелік күн ішінде тағы екі рет қайта тест тапсыруына мұрсат беріледі. Әрбір жаңа талпыныс үшін бөлек ақы алынады. Министрлік тест "қиын емес" екенін айтып отыр.
Аталған тест Қазақстанда биыл ақпан айында шетелдіктерге ықтиярхат беру және тарихи отанына оралған қазақтарға қандас мәртебесін беру тәртібін өзгерткен пилоттық жобаға енгізілген еді. Тілді біліміне қоса миграциялық әлеуетті бағалау кезінде үміткердің білімі, жұмыс тәжірибесі және отбасы құрамы да ескеріледі.