Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) 2026 жылы Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі 4,4 пайыз өседі деп болжап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы бес елдің ішіндегі төртінші көрсеткіш. Еуразия экономикалық комиссиясының (ЕЭК) соңғы дерегі де елде өнеркәсіптің өсу қарқыны былтырғыға қарағанда едәуір баяулағанын көрсетеді.
Көршілер алда
ХВҚ-ның қазан айында жарияланған World Economic Outlook есебіне сәйкес, өңірде ең жоғары өсім Қырғызстанда болмақ. Елде ішкі жалпы өнім 9 пайыздай өсуі мүмкін. Одан кейін Өзбекстан (7,8%) мен Тәжікстан (7,3%) тұр. Қазақстаннан кейін Түркіменстан аталған, ондағы ЖІӨ өсімі 2,4 пайыз болады деген болжам бар.
Халықаралық валюта қорытының 2025 жылғы есебі бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5 пайыз өсіп, Орталық Азияда Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан кейінгі төртінші орын болған.
Дегенмен, Қазақстанның көрсеткіші әлемдік орташа деңгейден жоғары. ХВҚ жаһандық экономика 2026 жылы 3,1 пайыз, 2027 жылы 3,4 пайыз өседі деп болжайды. ХВҚ шілдедегі болжамын сәл өзгертіп, әлемде ЖІӨ өсімі болжанғаннан 0,1 пайыздық пункте жоғары болады деп ұйғарды.
Салыстыру үшін қарасақ, болжам бойынша, Ресейде ЖІӨ 0,9 пайыз, Украинада – 1 пайыз, Қытайда – 4,5 пайыз, Үндістанда – 7 пайыз өседі. Есесіне Таяу Шығыстағы мұнай шикізатына бай елдердің жалпы ішкі өнім көрсеткіші қатты құлдырайды деп болжанған. 2026 жылдың нәтижесі бойынша, Сауд Арабиясында ЖІӨ көлемі -3,3 пайызға, Қатарда -15,6, Біріккен Араб Әмірліктерінде -3,9, Иранда -7,6, Иракта -16, Кувейтте -16,7 пайызға азаймақ.
Әлемдік рейтингте мұнай секторы қарқынды дамып жатқан Гайана ерекшеленеді: оның экономикасы 22,3 пайыз өседі деп болжанған. Тайваньда 10,7 пайыз, Оңтүстік Суданда 10,5 пайыз өсім болмақ. 9 пайыз көрсеткішпен Қырғызстан да әлемдегі ең жылдам өсіп келе жатқан экономикалар қатарына кіреді.
Өнеркәсіп баяулады
ЕЭК дерегінше, 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында Қазақстанда өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайыз өскен. Бұл – Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) елдері арасындағы үшінші нәтиже. Алдыңғы орындарда Қырғызстан (8,8%) мен Армения (7,4%) тұр. Беларусьте өсім небәрі 0,2 пайыз болды, ал Ресейде өндіріс көлемі былтырғы деңгейде қалды.
Жалпы ЕАЭО бойынша сегіз айда өнеркәсіп тек 0,3 пайыз өскен. Комиссия мұны одақтағы өнеркәсіп өндірісінің негізгі бөлігі тиесілі Ресейдегі тоқыраумен байланыстырады. Өңдеу өнеркәсібі одақ бойынша 0,8 пайыз өскен.
Алайда үздік үштікке кіргенімен, Қазақстан өнеркәсібінің қарқыны біраз бәсеңдеген. 2025 жылдың қаңтар–тамызында өсім 7,6 пайыз болған еді, яғни бір жылда қарқын екі жарым еседей төмендеген. Қырғызстанда да динамика нашарлай бастаған: қаңтар–ақпанда 15,5 пайыз болған өсім тамызға қарай 8,8 пайызға, ал тоғыз айдың қорытындысы бойынша 7 пайызға дейін түскен.
Қазақстанның вице-премьері, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 13 қазанда биыл экономика бірқатар тежеуші факторлар жағдайында дамып жатқанын айтқан. Мұнай өндірісі қысқарып, мұнай секторы ЖІӨ өсіміне кері әсер еткен. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында өндіріс 8,3% азайған.
Дегенмен экономиканы шиікзаттық емес секторлармен дамытуда жақсы нәтиже берді дейді Жұманғарин.
"Экономикалық өсімді шикізаттық емес сектор қолдады, ол болжам бойынша 5,4%-ға өсті. Салалардан құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері мен сауда ең жоғары қарқынмен өсті. Бұл салалардың ЖІӨ өсіміне қосқан үлесі 75%-дан асады", – деді Серік Жұманғарин.
Инфляция бәсеңдеді, бірақ...
ХВҚ Қазақстанда инфляция жоғары күйде қалады деп болжайды. Қордың болжамы бойынша, 2026 жылы бағаның орташа жылдық өсімі шамамен 10,3 пайыз болады. Яғни экономика 4,4 пайыз өскен күннің өзінде халықтың нақты табысына қысым айтарлықтай сақталады.
Ал Қазақстан Ұлттық банкі инфляция тұрақты түрде төмендеп келеді дейді. Мекеме мәліметі бойынша, 2026 жылы қыркүйекте жылдық инфляция 9,3%-ға дейін төмендеді. Инфляция осымен қатарынан 12-ай баяулап отыр, бұған салыстырмалы түрде қатаң ақша-несие саясаты мен теңге бағамының қолайлы динамикасы ықпал етті дейді қаржы реттеуші орган. Соған сәйкес, өткен аптада Қазақстан ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25%-дан 15,75%-ға дейін азайтты.
Жалпы ХВҚ әлем экономикасы 2026 жылы тұрақтылығын сақтап отыр деп есептейді. Бірақ геосаяси қақтығыстар, сауда шиеленісі, бюджет проблемалары және жасанды интеллектіге салынып жатқан инвестициялардың әсеріне қатысты белгісіздік салдарынан тәуекел жоғары дейді мамандар.