Accessibility links

Қазақстанда дін еркіндігі қалай өзгерді? АҚШ комиссиясының есебі


Қордай ауданы Масанчи ауылында тұратын дүнгендер мешітте намаз оқып жатыр. Жамбыл облысы, 12 ақпан 2020 жыл.
Қордай ауданы Масанчи ауылында тұратын дүнгендер мешітте намаз оқып жатыр. Жамбыл облысы, 12 ақпан 2020 жыл.

АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі жөніндегі комиссиясы (USCIRF) 2020 жылға арналған есебін жариялады. Барлығы 26 елді қамтыған құжатта Қазақстанның да аты аталады. Комиссия елде біршама оң өзгеріс болды, бірақ шектеулер әлі де көп деп Қазақстанды "арнайы бақылауды қажет ететін мемлекеттер" тізіміне қосып отыр.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІНИ ЕРКІНДІК АХУАЛЫ ҚАНДАЙ?

USCIRF-тің жазуынша, Қазақстандағы дін еркіндігінің шектелуі 2011 жылғы заңның қабылдануынан кейін күшейген.

"Дін туралы 2011 жылғы заңын қабылдағанға дейін Қазақстан Орталық Азиядағы постсоветтік мемлекеттер ішінде дін мен сенім еркіндігіне қатысты репрессияға мейлінше аз жүгінетін ел еді" дейді комиссия.

Осы заңның қабылдануы діни бірлестік тіркеуге қажет адамдар санын арттырып, тіркелмеген діни топтардың жоралғыларын тыйды не шектеп тастады деп отыр АҚШ комиссиясы. USCIRF сөзіне қарағанда, дін туралы заң күшіне енген соң "дәстүрлі емес" діни топтардың саны 48-ден 16-ға дейін азайған.

"Үкімет сарапшылары жабық процесс кезінде тіркеуден бас тарта алады, ал өтініш беруші апелляциялық шағым түсіре алмайды. Мысалы, саентологтар 2012 жылдан бастап дін мәртебесінен айырылды. Ал ахмади мұсылмандары атауындағы "мұсылман" сөзін алып тастамай ресми тіркеуден өте алмайды" делінген 2021 жылы 21 сәуірде жарияланған құжатта.

Қазақстанда діни бірлестік құру үшін қанша адам керек?

Қазақстанның "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" 2011 жылғы 11 қазандағы заңына сәйкес, діни бірлестіктер географиялық ауқымына қарай жергілікті, өңірлік және республикалық болып үшке бөлінеді.

Бір облыстың не республикалық маңызы бар қаланың аумағында құрылатын бірлестік жергілікті деп аталады. Оны құру үшін кемі 50 адам қажет.

Кемі екі облысты не республикалық маңызы бар қаланы қамтитын бірлестік өңірлік деп аталады. Оны құру үшін әрқайсысынан кемі 250 адам керек.

Бүкіл республика аумағында қызмет ететін бірлестікті тіркеу үшін кемі 5 мың адам қажет. Оның ішінде әр өңірде кемі 300 адам болуы шарт.

Ашық ақпаратқа қарағанда, қазір елде барлығы 18 конфессия тіркелген. Олардың қатарында ислам, протестантизм, православие, католицизм, Иегова куәгерлері, иудаизм, буддизм және бахаи бар. Осы конфессиялар аясында 3816 діни бірлестік тіркелген.

Қазақстан – зайырлы мемлекет, бірақ халқының басым бөлігі мұсылман саналады. 19 миллион халықтың 70 пайызын құрайтын қазақтар исламның ханафи мәзһабын ұстанады деп саналады. Бұдан бөлек, өзбек, қырғыз, түрік, күрд, әзербайжан секілді ұлттар да елдегі мұсылмандар үлесін арттырып отыр. Негізінен солтүстік аймақтарда тұратын славян халықтары православие дінін ұстанады.

Алматыдағы шіркеулердің бірі. 18 қаңтар 2021 жыл.
Алматыдағы шіркеулердің бірі. 18 қаңтар 2021 жыл.

2020 ЖЫЛЫ НЕ ӨЗГЕРДІ?

АҚШ комиссиясы Қазақстанда дін бостандығы ахуалы алдыңғы жылдармен салыстырғанда жақсарғанын айтады. Құжатқа қарағанда, былтыр комиссия Қазақстан үкіметімен екі рет дөңгелек үстел өткізіп, онда үкімет өкілдері Қазақстандағы дін туралы заңнамаларды өзгертудің алдағы екі жылға арналған жол картасын ұсынған.

"Қазақстанда даулы заң (2011 жылғы заң – ред.) 2020 жылы да күшінде болды, бірақ алдағы жылда елеулі реформалар іске асуы мүмкін. Ол реформаларға тіркеу процесін жеңілдету, тіркеуге қажет құрылтайшы мүшелердің санын азайту, діни шараларға ресми рұқсатты алып тастау, діни құжаттарды сараптамадан өткізуді жою және тіркеуден бас тартқан жағдайда апелляцияға жүгіну тәртібін енгізу жатады" дейді комиссия.

USCIRF сөзінше, егер осы реформалар іске асса, Қазақстанның діни бостандықты шектеуі едәуір азаюы ықтимал.

Комиссия діни құқықбұзушылық бойынша әкімшілік қудалау істерінің азайғанын айтады. Құжатқа қарағанда, істер саны 2017 жылдан бері тұрақты азайған. Сол жылы 284 іс қозғалса, 2018 жылы 171, 2019 жылы 160, 2020 жылы 131 әкімшілік іс қозғалған.

ШЕШІМІН ТАППАҒАН МӘСЕЛЕЛЕР

АҚШ комиссиясының жазуынша, Қазақстанда 2020 жылы діни себептер жөніндегі әкімшілік істер саны азайғанымен, діни азшылық топтар мемлекеттік органдардың қауіп төндіруі бәсеңсімегенін баяндаған. Билік органдарының тергеуге шақырып қорқытуы, жүйелі түрде ұстап әкетуі, аңдуы тоқтамаған.

Сонымен қатар үкіметтің "экстремизм" сөзіне кең ауқымды анықтама беріп, сол арқылы саяси қарсыластарын қудалап отырғаны айтылады.

Комиссияның сөзінше, былтыр ақпанда Қордайда болған қазақ-дүнген қақтығысының астарында діни фактор да бар.

"Дін туралы ресми саясат қазақ ұлтын исламның ханафи мәзһабымен байланыстырып, "шетелдік" исламды экстремизмге теңеу арқылы қақтығысқа үлес қосты. Осылайша үкімет дүнген секілді діни және этностық азшылықтарға теріс көзқарас қалыптастырған-ды" делінген құжатта.

USCIRF ҰСЫНЫСЫ ҚАНДАЙ?

Қазақстандағы діни ахуалды саралаған USCIRF АҚШ үкіметіне мынадай ұсыныстар айтады:

  • Қазақстанды АҚШ мемлекеттік департаментінің "арнайы бақылауды қажет ететін мемлекеттер тізіміне" қосу;
  • Дін еркіндігі жөніндегі АҚШ-Қазақстан жұмыс тобы аясындағы әріптестікті жалғастырып, қазақ үкіметін дін заңнамасын реформалап, діни бірлестікті тіркеуді жеңілдетуге және діни себеппен қудалауды доғаруға шақыру;
  • АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) Қазақстандағы миссиясы арқылы жергілікті құқық қорғау органдары мен лауазымды тұлғаларға дін бостандығы жөнінде тренинг өткізу.

РНАЙЫ БАҚЫЛАУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН МЕМЛЕКЕТТЕР ТІЗІМІ" ДЕГЕН НЕ?

АҚШ-тың 1998 жылғы "Халықаралық дін еркіндігі туралы" заңының негізінде құрылған USCIRF әлем елдеріндегі діни ахуалды саралап, шектеулер ауқымы белгілі бір межеден асатын елдерге көңіл бөледі. Былтырға арналған есебінде дін бостандығы мейлінше шектеліп отыр деген 26 ел қамтылған. Бұл елдер шектеулер ауқымы мен сипатына қарай екіге бөлінген. Дін бостандығын өрескел бұзып отыр дегендері "ерекше алаң тудыратын елдер" тізіміне, шектеулер ауқымы салыстырмалы түрде төмен, бірақ қадағалауды қажет ететіндері "арнайы бақылауды қажет ететін мемлекеттер" тізіміне кірген.

2020 жылдың есебінде "ерекше алаң тудыратын елдерге" Мьянма, Қытай, Эритрея, Үндістан, Иран, Нигерия, Солтүстік Корея, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Тәжікстан, Түркіменстан, Вьетнам жатқызылған.

Шыңжаң өлкесі Қашғар провинцисындағы мешіт. Қытай, 4 маусым 2019 жыл. 2017 жылдан бері Қытай билігінің Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым көрсетіп жатқаны айтылып келеді. Кейінгі уақытта биліктің мешіттерді қирата бастағаны туралы ақпар тарап отыр.
Шыңжаң өлкесі Қашғар провинцисындағы мешіт. Қытай, 4 маусым 2019 жыл. 2017 жылдан бері Қытай билігінің Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым көрсетіп жатқаны айтылып келеді. Кейінгі уақытта биліктің мешіттерді қирата бастағаны туралы ақпар тарап отыр.

Ал "арнайы бақылауды қажет ететіндер" қатарына Қазақстанмен бірге Ауғанстан, Алжир, Әзербайжан, Куба, Египет, Индонезия, Ирак, Малайзия, Никарагуа, Түркия және Өзбекстан қосылған.

ҚЫТАЙДАҒЫ ЖАҒДАЙ

АҚШ комиссиясының есебінде 2020 жылы Қытайдағы діни еркіндік ахуалы одан әрі нашарлағаны айтылады.

Баяндамашылар Австралия стратегиялық саясат институтының (ASPI) былтырғы есебін еске салып, Шыңжаңда тұратын ұйғыр және қазақ секілді мұсылман ұлттарды діни сенімі үшін қудалауы күшейгенін айтады.

Австралиялық институт былтыр 24 қыркүйекте зерттеу қорытындысын жариялап, мұсылмандарды ұстайтын лагерьлердің 40 пайызға артқанын мәлімдеген. Институт Қытай өлкесінен 380 лагерьді анықтап, оның 61-і 2019 жылы, 14-і 2020 жылы салынғанын айтты.

"Қамаудан шыққандар азаптау, зорлау, ұрықсыздандыру және өзге де қорлықтар көргенін айтқан. Сарапшылар Қытай өкіметінің Шыңжаңдағы әрекеті халықаралық заң тұрғысынан геноцидке пара-пар болуы мүмкін деп отыр" делінген дін еркіндігі жөніндегі құжатта.

Есепте сондай-ақ Тибет буддистерінің де Қытай өкіметінен қысым көріп отырғаны, мұның бәрі "дінді қытайландыру" дейтін науқас аясында жүріп жатқаны айтылады.

Осы жайттарды айта келе USCIRF АҚШ үкіметіне ұқсас ұстанымдағы елдерге жүгініп, Қытайды жауапқа тартуға, Шыңжаңдағы саясатты геноцидке жатар-жатпасын анықтайтын сараптама жасауға шақыруды ұсынып отыр.

Комиссия сондай-ақ 2022 жылы Пекинде өтетін Қысқы олимпиада ойындарын да назарға алуды ұсынды. Егер Қытай діни еркіндікті бұзуды жалғастыра берсе, АҚШ лауазымды тұлғалары спорт жарысына бармауы тиіс дейді комиссия.

Бұдан бөлек, құжатта дін еркіндігін өрескел бұзып отырған елдерге "Ғаламдық Магнитский заңын" белсенді түрде қолдану ұсынылып отыр.

КОМИССИЯ ШЕШІМІНІҢ САЛМАҒЫ ҚАНДАЙ?

АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі жөніндегі комиссиясы – АҚШ үкіметінің тәуелсіз консультациялық органы және ол өз ұсыныстарын АҚШ президентіне, мемлекеттік хатшысына және конгресіне тапсырады. Вашингтон шешімдері мен бағдарламаларын осы секілді есептерге сүйеніп жасайды.

Осыған ұқсас есепті USCIRF комиссиясынан бөлек АҚШ мемлекеттік департаменті де жүргізеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG