Accessibility links

Қазақстандық бітімгерлер тобы БҰҰ миссиясы аясында Ливанға барды

Қазақстандық 11 әскери қызметші БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы аясында Ливанға барды. Қазақстанның қорғаныс министрлігі жариялаған фото.
Қазақстандық 11 әскери қызметші БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы аясында Ливанға барды. Қазақстанның қорғаныс министрлігі жариялаған фото.

Қазақстан қарулы күштерінің 11 әскери қызметшісі Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштері (UNIFIL) миссиясы құрамында бітімгерлік қызмет атқаруға Ливанға аттанды. Олар Ливанның оңтүстік бөлігінде Үндістан әскери контингенті құрамында қызмет атқаратын болады, деп хабарлады Қазақстанның қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстандық сарбаздарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мандатына сәйкес, атысты тоқтату режимін бақылау, шолғынға шығу, гуманитарлық операцияларды сүйемелдеу, БҰҰ нысандарын күзету және жергілікті билікпен өзара іс-қимыл жасау міндеті жүктеледі.

Министрлік қазақстандық әскери қызметшілер халықаралық стандарттарға сай дайындалып, халықаралық гуманитарлық құқық, күш қолдану қағидалары, бейбіт тұрғындармен жұмыс істеу және тілге байланысты даярлық, сондай-ақ, қазіргі заманғы бітімгерлік операцияларға арналған практикалық жаттығулардан өткен деп мәлімдеді.

Қазақстандық бітімгерлер бұған дейін де UNIFIL миссиясында үнді контингенті құрамында қызмет атқарған.

2015 жылы қабылданған "Бітімгерлік қызмет туралы" заңға сәйкес, әскери қызметкердің бітімгерлік операцияға қатысуы туралы шешім президенттен ұсыныс түскен соң парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланып, қабылданады. Бітімгерлік миссияға әскер жіберу туралы ұсынысты президент айтады. Үкімет әскердің құрамын, саны мен қызмет атқару мерзімін анықтайды. 2024 жылы Қазақстан парламенті Қазақстанның бітімгер әскерін Таяу Шығыс және Африкаға жіберуді мақұлдаған.

Кейінгі 16 жылда Қазақстанның 600-ден астам жауынгері БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысқан. 2024 жылы Қазақстанның 19 жауынгері БҰҰ-ның Ливан республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конгодағы және Орталық Африка республикасындағы бітімгерлік миссияларының құрамында қызмет етіп жүргені хабарланған еді.

Айдар
XS
SM
MD
LG