Accessibility links

Құрылтай сайлауға дауыс беріп жатқан сайлаушы. Алматы, 23 тамыз, 2026 жыл.
Құрылтай сайлауға дауыс беріп жатқан сайлаушы. Алматы, 23 тамыз, 2026 жыл.

live ОСК сайлаушылардың 72 пайыздан көбі дауыс бергенін хабарлады

10:10

Сайлауға түсіп жатқан жеті партия

Бұл жолы сайлауға түсіп жатқан жеті саяси партияның алтауы – "Ақ жол", "Ауыл", "Әділет", "Байтақ" жасылдар партиясы, Қазақстанның халық партиясы, Жалпұылттық социал-демократиялық партия мен "Республика" партиясы бұған дейін де парламент сайлауларына қатысқан. Ал "Әділет" партиясы биыл маусым айында тіркеліп, кейінгі ширек ғасыр елдегі басым саяси күш болып саналған Amanat (бұрынғы NurOtan) партиясын өзіне қосып алды.

Біріккен партияны Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы, көп жыл бойы президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен тығыз байланыста жұмыс істеген Айбек Дәдебай басқарады. Партия басшылығына үкімет, бизнес және мемлекеттік сектор өкілдері, соның ішінде президенттің жиені Дана Медеуова кіреді.

09:47

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы парламенттер: Жоғарғы Кеңестен Құрылтайға дейін

Қазақстан тәуелсіз ел болып жарияланғалы бергі осымен оныншы рет парламент сайлап жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы парламент 1994 жылы сайланды. Бір палаталы заң шығарушы мемлекеттік орган Жоғарғы Кеңес деп аталды және Конституция бойынша кең өкілеттіктерге ие болды. Бірақ бір жылдан кейін, Конституциялық Сот "парламент сайланған кезде сайлау заңы бұзылған" деген шешім шығарғаннан кейін, ол парламент таратылды.

1995 жылғы 30 тамызда қабылданған жаңа Конституция бойынша, елде Мәжіліс пен Сенаттан тұратын екі палаталы парламент құрылды. Ол 1996 жылы жұмысын бастады. Содан кейінгі 30 жылда Конституцияға парламентті құру қағидаттарына байланысты бірнеше рет өзгертулер енгізілді. Екі палаталы парламенттің сегіз шақырылымының үшеуі президент жарлығымен таратылды: ондай шешімді екі рет бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев және бір рет қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған. Қазақстанның екі палаталы парламентінің соңғы, сегізінші шақырылымы 2026 жылғы 30 маусымға дейін жұмыс істеп келді. Ал 1 шілдеде президент Тоқаевтың бастамасымен және оның қатысуымен жасалған жаңа Конституция күшіне еніп, бұрынғы парламент қызметін аяқтады.

Астанадағы №50 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушылар. 23 тамыз, 2026 жыл.
Астанадағы №50 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушылар. 23 тамыз, 2026 жыл.
09:33

ОСК мәліметінше, Құрылтай сайлауын бақылауға 42 мемлекеттен және 13 халықаралық ұйымнан барлығы 777 байқаушы тіркелген. Олардың қатарында ЕҚЫҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және ТМД парламентаралық ассамблеясының өкілдері, сондай-ақ 41 елден келетін 138 парламент депутаты бар.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) ұзақ мерзімді миссиясы өзінің аралық есебінде сайлау алдында Қазақстандағы саяси бәсекелестік, БАҚ еркіндігі және өзін-өзі цензуралау мәселелері барын айтқан.

"Партиялардың бәрі президент саясатын қолдайды, ал ДИАҚБ миссиясы сұхбаттасқан кейбіреулер шынайы оппозициялық партиялар мен тәуелсіз кандидаттардың болмауы саяси бәсеке мен плюрализмді шектейтінін атап өтті", - делінген ЕҚЫҰ/ДИАҚБ есебінде.

Ресми Астана бұған келіспейді. Сайлау алдындағы үндеуінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы сайлау науқаны "маңызды, ашық, бәсекелі" және "ел тарихындағы ең қызықты" науқан ретінде есте қалады деп мәлімдеді.

Қазақстанда бұған дейін өткен жалпыұлттық сайлаулар мен референдумдерге байқаушы ретінде қатысқан кейбір тәуелсіз ұйымдар биылғы саяси науқанды бақыламайтынын мәлімдеген. Сайлауалды кезеңде бірнеше белсенді қамауға алынған деген хабар тараған.

Кейбір сарапшы бұл саяси науқан шынайы бәсекесіз өтіп жатыр, балама пікір айтатын топтардың партия ретінде тіркелуіне рұқсат етпеді деп билікке сын айтады. Қазақстан билігі сайлауға түсетін тараптардың бәріне тең жағдай жасалған, құқықтары бірдей дейді.

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Құрылтай сайлауы алдында Қазақстанда журналистер "бұрын-соңды болмаған" қысымға кезігіп, қылмыстық қудалауға ұшырап, журналистикамен айналысу құқығынан айырылып жатыр деп мәлімдеген. CPJ "бұл репрессияға халықаралық бақылау керек" деп есептейді. Ал билік өкілдері сайлау алдында журналистерге қысым жасалып жатқан жоқ деп мәлімдеген.


09:19

1 шілдеде күші жойылған бұрынғы Конституция бойынша, екі палаталы парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс аралас жүйе бойынша сайланатын, яғни сайлауға партиялар да, тәуелсіз кандидаттар да қатысатын, ал жоғарғы палата – Сенат депутаттарын аймақтардағы өкілді органдардағы сайлаушылар таңдайтын, бұған қоса Сенаттың тағы 10 мүшесін президент тағайындайтын.

Ал жаңа Конституцияға сәйкес, енді бір мандатты сайлау округтері жоқ; Құрылтай депутаттары жалпыұлттық сайлау округтерінен сайланады. Партиялар парламентке кіру үшін 5 пайыздық межені еңсеруі шарт.

Астанадағы Қазақстан парламенті ғимараты (Азаттық архивіндегі фото)
Астанадағы Қазақстан парламенті ғимараты (Азаттық архивіндегі фото)



Тағы

XS
SM
MD
LG