"Құқықтық медиа орталық" қоғамдық қоры жаппай шағымдардан кейін YouTube-арнасы бұғатталып қалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Factcheck.kz жазды.
Қор мәліметінше, ұйымның бірқатар материалына, соның ішінде мемлекеттік ақпараттық тапсырыс туралы бейнероликке жаппай шағым түскеннен кейін YouTube-арнасы бұғатқа түскен. Медиа сарапшылар мұны ұйымның құқық қорғау қызметіне көрсетілген қысым деп атады.
Алғашқы шағымдар 21 ақпан күні кешке түскен. Қор өкілдерінің айтуынша, содан кейін ұйымның электрон поштасына шағымдар бірінен соң бірі келе бастаған. Қоғамдық қордың YouTube-арнасындағы 13 бейнематериал авторлық құқықты бұзды деген уәжбен бір мезетте шағымға іліккен деп жазды Factcheck.kz.
"Алғашқы ескерту мемлекеттік ақпараттық тапсырыс жөніндегі бейнероликке қатысты болды. Қысқа уақыт ішінде Najib Abdul Rahman Khalid есімді қолданушыдан барлығы 13 шағым түсті. Арыз иесі "дәлел" ретінде видеолар атауын араб тіліне аударып, қоса тіркеген, алайда шағымдарда түпнұсқа материалдарға сілтеме немесе автор екенін растайтын құжаттар болған жоқ", – деген қордың SMM-менеджері Алина Совемимо-Левченко Factcheck.kz порталына.
"Құқықтық медиа орталық" қоры бұл әрекетті өзінің құқық қорғау қызметімен байланыстырады. Шағымдардың жаппай және біркелкі жазылуы мақсатты түрде жасалған шабуыл сияқты әсер қалдырады дейді қор өкілдері.
"Біздің ойымызша, YouTube-арнамыздың бұғатталуы ұйымның құқық қорғау қызметімен тікелей байланысты және жалған аккаунт арқылы жасалған “ескерту” ретіндегі әрекет болуы мүмкін. Қазір арнаны қалпына келтіруге тырысып жатырмыз. Материалдардың түпнұсқа екенін дәлелдеу қиын емес: бізде қор қызметкерлерінің бастапқы бейнежазбалары бар, ал контенттің бір бөлігі сайттағы оқу материалдарына негізделген. Мәселе тек қалпына келтіру процесінің қанша уақыт алатынында. Біз бұғаттауға қатысты апелляция жолдап, қарсы хабарлама беруді жоспарлап отырмыз", – деді Алина Совемимо-Левченко.
Қор жетекшісі Гүлмира Біржанованың айтуынша, бұғатталған контенттер — білім беру мақсатындағы материалдар. Олардың қатарында журналистерге арналған авторлық құқықты бұзбау, референдумды жариялау тәртібі және медиа құқық мәселелері жөніндегі оқыту видеолары бар.
"Кейінгі уақытта контентке жаппай шағым түсіру арқылы арналар мен аккаунттарды уақытша бұғаттау немесе толық өшіру үрдісі алаңдатарлық сипат алды", – дейді Біржанова.
Ол бұған дейін "Республика" басылымы мен ҚазТАГ агенттігі сайттары бұғатталып, Vlast басылымы сайтына DDoS-шабуыл жасалғанын, сонымен бірге журналистер Вадим Борейко мен Асхат Ниязовтың аккаунттары жойылып кеткенін еске салды.
"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы былтыр мамыр айында жариялаған есебінде Қазақстанда қалған санаулы тәуелсіз БАҚ қатарында Vlast.kz онлайн-басылымын, "Уральская неделя" газетін, ҚазТАГ агенттігі мен Respublika порталын атап, елдің медиа кеңістігі іс жүзінде "режимнің насихат арнасына" айналғанын жазған. Ұйымның 2025 жылға арналған баспасөз еркіндігі рейтингінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің ішінде 141-орында тұр.
Былтыр желтоқсанның басында вице-премьер лауазымына қоса тағайындалған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елде сөз еркіндігіне қатысты ешқандай проблема жоқ деп бұрыннан айтып жүр.